Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты сот отырысы кейінге шегерілді. Сот отырысы 21 ақпанда өтеді. Бұл туралы “Азаттық Азияға” заңгер Жанар Балғабаева хабарлаған. Аталған іс бойынша сот отырысы 14 ақпанға белгіленгені бұрын хабарланған болатын.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Human Rights Watch (HRW) Қазақстан үкіметінен Темірлан Еңсебекке қатысты айыптарды алып, оны түрмеден босатуды талап еткен болатын.
Құқық қорғаушылар бұл қылмыстық қудалауды шектен тыс деп санайды. Олардың айтуынша, блогердің жариялаған жазбаларында зорлық-зомбылыққа немесе кемсітушілікке шақыру болмаған. Қылмыстық кодекстің 174-бабын («араздықты қоздыру») сөз бостандығын шектеу үшін пайдаланып отыр. Human Rights Watch бұл Еңсебектің бірінші рет қудалануы еместігін еске салды: 2021 жылы оған жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, кейін іс жабылған болатын.
“Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, тек билік тарапынан қылмыстық құқықты асыра пайдалану бар. Қазақстан үкіметі Еңсебекке қатысты негізсіз және шектен тыс қылмыстық “арандатушылық” айыпты тез арада жоюы және оны сотқа дейін қамаудан босатуы қажет”, – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн.
Human Rights Watch Қазақстан үкіметін сөз бостандығын қорғауға және блогерге қарсы қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп мәлімдеді. Ұйым оны қудалауды Қазақстандағы “азаматтық қоғамды басып-жаншудың бір бөлігі” деп атады.
Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мэри Стразерс Қазақстан билігін Еңсебекті қамаудан босатуға және оған тағылған айыпты алып тастауға үндеді.
“Бұл – Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі “алауыздық қоздыру” деген бұлыңғыр және ауқымы кең анықтамаға сүйенген және азаматтық қоғамды неғұрлым басып-жаншудың бір бөлігі саналатын саяси астары бар қудалау. Сөз еркіндігі – қылмыс емес, билік өзгеше ой-пікір мен сын айтушылардың үнін басуға қолданылатын қылмыстық заң мен “алауыздық қоздыру” деген айыпты теріс пайдалануды тоқтатуы керек”, – деді Стразерс.
“САТИРА – ҚЫЛМЫС ЕМЕС”
19 қаңтарда Алматыда қамаудағы белсенді Темірлан Еңсебекті қолдап, жалғыз адамдық пикетке шыққан журналист Руслан Бикетов 15 тәулікке қамалды. Оған “бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды” деген айып тағылған. Ол жұрт көп өтетін жерде – мемлекеттік опера және балет театрының алдындағы көшеде жалғыз өзі пикет өткізуді ұйғарған. Қолына Еңсебекті босатуды талап еткен жазуы бар плакат ұстап барған Русланның наразылық акциясы бес минутқа да жетпеген. Полиция қызметкерлері оны алып кетіп, Алмалы аудандық полиция басқармасына апарды. Сол жерде әкімшілік сот Руслан Бикетовті бейбіт жиындар өткізу тәртібін бұзғаны үшін айыпты деп танып, әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Келесі күні журналист, белсенді Әсем Жәпішева жалғыз адам пикетіне шықты. Ол да Абай атындағы опера және балет театрының қасына барып, қолына “Сатира қылмыс емес” деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Пикетке шыққан соң бірнеше минут өтпей жатып оны да алып кетті, кейін 15 күндік әкімшілік қамауға алды.
Кейін әлгі жерде Еңсебекті қолдау акциялары күнде өтетін болды. Билік өкілдері пикетке шыққандарды ұстап әкетіп жатты, бірақ одан кейін ешкімді қамаған жоқ. Көбіне ірі көлемде: 370 доллардан 530 долларға дейінгі мөлшерде айыппұл салды. Мысалы, 21 қаңтарда опера және балет театрының алдына Еңсебекті қолдап, плакат ұстап шыққан Ақмарал Жәкібаеваны айыппұл салып жазалады.
Ал Алматы полициясы пикеттерге байланысты берген түсіндірмесінде “заң бұзған адамға қолдау білдірген бірнеше азамат әдейі заңсыз пикетке шықты” деп мәлімдеген болатын.
Қазақстанның солтүстік-батысындағы Қостанай қаласында жергілікті белсенді Сергей Зинченко Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының алдына шығып, перформанс өткізді. Осы жерде өткізуіне себеп: сол кезде театрда 20-ғасырда совет өкіметі Қазақстан аумағында ашып, саяси тұтқындарды қамап ұстаған “АЛЖИР” лагері туралы спектакль қойылып жатқан.
Белсендінің қолында плакат болған жоқ, ол “Сатира қылмыс емес!” деген жазуы бар күртесін көрсетіп, мұның митинг емес, перформанс екенін айтты деп жазды жергілікті “Наша газета” басылымы. Полиция белсендіні ұстап, кейін оған 370 долларға тең айыппұл салды.
Ақтөбеде жергілікті белсенді, көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар Мұсағали Дауылов Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың алдына шығып, “Маған күлкілі емес” деген плакат ұстап перформанс өткізді. Полиция қызметкерлері оған жолаған жоқ. Дауылов аязды күні 40 минутқа жуық уақыт тұрып, қатты тоңғаннан кейін перформансты доғарған. Ол – Еңсебекті қолдап көшеге шыққандардан акцияны өз қалауымен аяқтаған жалғыз адам.
ТЕМІРЛАН ЕҢСЕБЕККЕ ҚАТЫСТЫ СОТ ІСІ
QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған “ұлтаралық алауыздық қоздырды” деген айып тағылып отыр. Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған.
Белгілі заңгер Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына “Йоу, орыстар” деген ән түрткі болған. Еңсебек бұл әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Әнде балағат сөздер бар.
Ол 174-бап “Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру” бойынша айыпталып отыр. Темірлан Еңсебек 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда “Йоу, орыстар” әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты оны айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
Блогер Антон Бударов осы әнге байланысты Еңсебектің үстінен арыз жазғанын хабарлады.
Дегенмен адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары Бударовтың арызынан емес – қылмыстық қудалау органының рапортынан басталған.
БҰҒАН ДЕЙІН..
2021 жылы мамырда да Темірлан Еңсебек тергеліп, үйіне тінту жүргізілген. Ол кезде “көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс болған. Еңсебек іс бойынша “қорғауға құқығы бар куәгер” атанған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Іс сатиралық пабликте жарияланған мәселе желіде өте қызу талқыланғаннан кейін ашылған. Мысалы, бір постта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа “Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды” деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық “жаңалық” болған. Пабликтың профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқтығы, “оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық” екені ескертілген.
Қылмыстық қудалаудан кейін көп ұзамай Темірлан Еңсебек Amnesty International ұйымыны «Хаттар марафоны» акциясының қатысушысына айналды және белсенді Apple компаниясынан смартфоны тыңшылық мақсатта пайдаланылатын Pegasus құралы арқылы тыңдалған болуы мүмкіндігі жөнінде хабарлама алған қазақстандықтардың бірі болған.
2022 жылы қыркүйекте Темірлан Еңсебек өзіне ашылған қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлаған.
Парақшамызға жазылыңыз