//

Ұлтшылдық және идеология: Қоғамдық құрылым мен саясаттағы рөлі

389 рет қаралды
photo: Reason.com

Виктор Франклдің “Өмірден мән іздеген жан” (Man’s Search for Meaning) кітабында, қателеспесем, мынандай мәтін кездеседі: “Әркім өзі сенген идеология мен құндылықтар үшін өмір сүріп, сол үшін жан бере алады. Адам тек өзінің өміріне мән беріп қана қоймай, сол мән үшін күресуі тиіс.” 

Идеология – бұл адамзат санасын отарлаушы күш немесе адамзатты ұлы жаңалықтар ашуға итермелейтін таусылмас қуат көзі. Мейлі, қалай десек те, идеология бір тұлғаның шексіз сенімін, бір қоғамның, бір ұлттың, бір мемлекеттің, тіпті жаһандық өркениеттің дамуы мен құлдырауын қалыптастырушы негіз деп атасақ, қателеспеген болар едік.

Гитлердің Ұлы арийлік нәсіл идеясын фашистік диктатура жүйесінің ұстанымы ретінде қалыптастырып, неміс халқын өздерінің “жоғары ұлт “  мәртебесіне ие халық екеніне сендіре алуын, дүниежүзілік қанды соғыстың басталу себептерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Неміс халқы бұл идеологияға сенді, сенім артты, және бұл идеология үшін өздерінің жанын құрбан етті .

Өткен ғасырдың ортасында әлемдік идеологиялық және саяси күрес алаңына айналған Корей халқының ауыр тағдыры 1950-1953 жылдар аралығындағы 3 миллион адамның қаза болуына алып келді.  Әлі күнге дейін бір ұлт екі идеологияда өмір сүріп келеді: бір өркениет, бір мәдениет, бір тарих, бір тағдыр. Дәп қазір соғыс өрті тұтана қалса болды, бірін-бірі түтіп жеуге даяр, бітіспес һәм аяспас қас дұшпанға айналып шыға келетіні ақиқат.

Қызыл империя мұрагерлері мен Қызыл айдаһар билігі қолдау көрсететін жабық тоталитарлық коммунизм жүйесіндегі Солтүстік Корея мен әлемдік полиция рөліндегі Құрама Штаттар бастаған батыс елдері қолдайтын капиталистік, нарықтық экономикаға негізделген Оңтүстік Корея мемлекеті жаңа жаһандық дәуірдегі мүдделер қақтығысында да, өз одақтастары тарапынан табылып жатқаны айдан анық. Бұған дәлел ретінде Украина жеріндегі соғыс даласында қаза болған мыңдаған Солтүстік Корея сарбаздары мен оларға қарсы тарапта Украина халқына экономикалық көмектен бөлек әскери қару-жарақ пен халықаралық аренада саяси қолдау көрсетіп жатқан Оңтүстік Кореяны атап өтуге болады.

Алпауыт державалар арасындағы идеологиялық қақтығыс күллі адамзат баласының рухани, мәдени, экономикалық дамуын регреске ұшыратса да, олар бұл мүдделі соғысты ешқашан тоқтатуға құлықты емес. Гитлерді фашист ретінде жек көретін гуманистік бетперде таққан, тырнақша ішіндегі бейбітшілікті сүйетін Державалар өздері соның жолын ұстанып, “Біз ұлы халықпыз, әлемге әділдік орнататын – мына біз. Әлем жұрты біздің айтқанымызбен жүруі керек. Әлем жұртшылығына көмектесу тек қана біздің қолымыздан келеді. Әлем халқын құтқаратын тек біз ғана. Әлемдегі ең дұрыс жол – біздікі” деген менмендік, нәсілшілдік, империалистік, ұлтшылдық, діншілдік, диктатуралық, фашистік ұстанымдардан осы күнгі біз білетін, біз білмейтін, көрнекі де немесе көмескі, ашық немесе жасырын. Қысқасы, көлеңкелі ұйымдар мен мүдде үшін біріккен одақтастардың жасаған қитұрқы әрекеттері әлем өркениеті мен мәдениетін тұралатып жібергені дәлелдеусіз шындық … 

Қирандыға айналған Шам өркениеті, шығыс пен батыс арасындағы ықпал күресінің нәтижесі – Украинадағы соғыс, Ауған топырағында қалыптасқан радикалды, әйелдер мен қыздардың құқығы адам айтқысыз деңгейде аяққа тапталған әділетсіз қоғам, Қызыл Империя, Қызыл айдаһар мен Құрама Штаттар арасындағы мүдделік келісімінің аясында тарих сахнасынан жоғалған 1 жыл, 6 ай, 25 күн өмір сүрген Шығыс Түркістан үкіметі және онда саяси қуғын-сүргінге түскен ұлт қаимақтары мен қырғынға ұшыраған халық зиялылары, берекесі кеткен Ливан жері мен соғыстың оты толастамаған Палестина елі, кедейліктің кебін киіп өмір сүріп жатқан ауыз сумен тыныштыққа зәру Африка құрлығындағы кейбір мемлекеттер, айта берсек, тарихта бұрын-соңды орын алған немесе қазіргі таңда орын алып жатқан мемлекетаралық қақтығыстардың, қанды соғыстардың тасасында күштілер арасындағы мүдделік қайшылықтар тұратыны – ақиқат.

Қош делік, бұл тарихи тізбектің бұзылмас заңдылығы деп қабылдасақ, яғни экологиялық азықтық тізбегі іспетті әлем доңғалағы бұзылмас өз жолымен жүріп жатқанын ескерсек, кезі келгенде әр халық өз теңдігін алатынына, әлемдік шахмат тақтасының қайта өзгереріне сеніміміз кәміл. Әне сол кезде ешкімнің қабағына жалтақтап күн кешпейтіндей Тұран топырағы да түбі бір түгенделері хақ!

Атақты физик ғалым Альберт Эйнштейн: “Ұлтшылдық — балалық шақтың ауруы. Бұл адамзаттың қызылшасы”, — деп тұжырымдаса, Уинстон Черчилль “Ұлтшылдық — бұл адамдарды біріктіретін күш. Бірақ ол оларды бөлетін де күш болуы мүмкін”, — деген өзгеше пікір білдіреді. Әр дәуірдің қалыптасқан құндылығы өз ұлтшылдығының формасын жасап шығарады. Бұл сол кезеңдегі халық психологиясымен де тығыз байланысты. Бейбітшілік сақталған қоғамда өмір сүріп жатқан халық пен туған жері соғыс алаңына айналған халықтар арасындағы ұлтшылдық сипаты мүлдем өзгеше. Яғни, ұлтшылдық өзгеріске ұшырайды немесе ұлтшылдық өзінің негізгі мағынасы мен мазмұнын өзгертеді.

Халықаралық аренадағы ұлтшылдықтың түрлері

1.Азаматтық ұлтшылдық – бұл мемлекеттегі кез келген жеке тұлғаның ұлтына, этникалық шығу тегіне, нәсіліне, жынысына, тіліне, тарихы мен мәдениетіне қарамастан Ата заң алдындағы тең құқылы азаматтық игіліктер мен азаматтық құқықтарының сақталуы. Яғни, азаматтық ұлтшылдықтың артықшылығы, бұдан бұрын сен қай мемлекеттің мүддесі үшін қызмет атқарсаң да, дәл қазір осы елдің заңды азаматы саналған күннен бастап, осы халықтың болашағы мен әлеуеттілігі үшін еңбек ету, мемлекет алдындағы, заң алдындағы өзің өмір сүріп жатқан қоғам алдындағы сенің азаматтық парызың мен ұждан алдындағы атқарар борышың болып саналмақ.

Азаматтық ұлтшылдықты ұстаным ететін мемлекеттерде бір ұлттың тарихына, дініне, тіліне, мәдениетіне немесе бір нәсілдің ерекшелігіне артықшылық берілмейді. Халық саны аз немесе халық саны көп ұлт пен ұлыстың заң алдында өз мәдениетін өндіруге тең дәрежеде құқығы бар, тек ол заңға қайшы келмеуі және мемлекетке зардабын тигізбеуі тиіс. Қазіргі таңда азаматтық ұлтшылдық қоғамының көрінісі ретінде “американдық құндылықтар” үшін халқының басым бөлігі әр түрлі этникалық топтардан болса да, ортақ идеологияға ұйысқан АҚШ мемлекетін мысалға келтіруге болады. Дейтұрғанмен, мемлекеттік билік институттары әлі де болса ұзақ ғасырлық қалыптасқан нәсілшілдік психологиясын, әсіресе афроамерикалықтар мен басқа да азшылық нәсілдерге қатысты жергілікті халықтың өте мөте ақ нәсілді жұртшылықтың теріс көзқарасы мен жат пиғылын өзгерте алмай келеді және бұл көзқарас мигранттар мен иммигранттарға да қатысты.

Біртұтас Ұлт идеологиясына біріккен және азаматтық ұлтшылдықты маңызды орынға қоятын бірқатар елдерді мысалға келтіруге болады, айталық: Канада, Франция, Сингапур, Швейцария т.б.  

Ұлттық ұстанымның астарында мемлекеттік және геосаяси мүдде айрықша рөл атқарады. Атап айтсақ, жер көлемі бойынша әлемдегі екінші орынды иеленетін, халық саны бойынша 40 миллионға жетер-жетпес көп этникалық және көп мәдениетті Канада үкіметі үшін мемлекеттің қауіпсіздік кепілі ретінде азаматтық ұлтшылдық маңызды орынға ие . Өйткені халық санының өсуі иммигранттар мен мигранттар ағынына тәуелді болғандықтан, Канададағы әртүрлі этникалық және мәдени топтарды біріктіре отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өз кезегінде территориялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де азаматтық ұлтшылдық идеологиясын берік ұстанады. Оған себеп, Канада мемлекетін АҚШ-тың 51 штаты ретінде қарастыру сынды даулы тақырыпты жиі көтеретін Дональд Трамп пен оның бастаған саяси командасының әртүрлі пропагандалық мәлімдемелері мен қатар ұстанған саяси позициясы еді. Өкінішке орай, бүгінде көп мемлекеттерде ксенофобия қарқынды етек алуда. Бұл жағдай алдағы уақытта ішкі этникалық наразылықтан бөлек, сыртқы халықаралық елдер арасындағы геосаяси шиеленістің туындауына себеп болуы ықтимал.

2.Этникалық ұлтшылдық  

Этникалық шығу тегіне байланысты дін, тіл, тарих, дәстүр сынды ортақ мәдени құндылықтар этникалық құрылымдардың маңызды бөлігі. Өмір сүріп жатқан территорияда көп санды этникалық ұлтшылдар қоғамда “Біз” және “олар” деген түсінік қалыптастыруға бейім. Яғни, біртұтас ұлт идеологиясының басымдылығына қарсылық білдіреді.  

Этникалық Ұлтшылдық – ұлттық мәдениеттің жандануына, жаһандық мәдени ассимиляцияға ұшырау сынды ұлттық құндылықтардың жоғалуының алдын алады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, тілдің, дәстүрдің, тарихтың, өнердің дамуына үлкен рөл атқарады. Мысалы: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының негізгі себебі тек қана Қазақ КСР-нің басшысы Дінмұхамед Қонаевты орыс ұлтының өкілі Геннадий Колбинмен алмастыруына ғана байланысты орын алған жоқ.

Ақиқатында, КСРО-да қарқынды етек алған саяси тұрғыдан алғанда, одақтас республика негізінде Қазақстанның өзін-өзі басқару құқығының шектелуі, жоғары лауазымды қызметтерге жергілікті қазақ ұлтының өкілдерінен гөрі орыс ұлтынан көбірек тағайындалуы, қазақ тілінің қоғамдық қолданыста, мемлекеттік мекемелер мен білім беру институттарында, түрлі салаларда қолданыс аясының тарылуымен қатар қазақ ұлты мен тілінің кемсітілуі, жергілікті халық ретінде мәдени және саяси ықпалының жоғалуы, орыс ұлтының саяси, мәдени үстемдігінен бөлек тілдік басымдыққа ие болуы, қазақ тіліне сұраныстың азайып, орыс тілді мамандардың жұмысқа орналасу мүмкіндігінің жоғары болуы, орыс тілінде білім беретін жоғары оқу орындары мен мектептердің көптеп ашылып, қазақ тілді мектептердің жаппай жабылуы сынды этникалық теңсіздіктердің нәтижесінде қазақ халқының ұлттық наразылығының туындауына алып келді.

Яғни, КСРО басқару жүйесі қалыптастырған бір партиялы диктатуралық саяси жүйе мен орыс этникалық ұлтышылдығының көрінісі қоғамдық психологияда “Біз” және “Олар” бөлінушілігі қазақ елін этникалық бірлікке ұйыстырумен қатар Желтоқсан оқиғасының туындауының бірден-бір себебі болды. Бұл өз кезегінде Орталық Азиядағы өзге мемлекеттердің этникалық, ұлттық намысының оянуына түрткі болып, ақыр соңында түркітілдес халықтардың тәуелсіз ел болуының даңғыл сүрлеуін салды. Біз этникалық ұлтшылдық өз мәнін жоғалтқан жағдайда этникалық теңсіздіктер орын алып, қоғамда үлкен бөлінушіліктер мен саяси  тұрақсыздықтың туындайтындығын, бұл жағдай әсіресе көп ұлтты мемлекеттердің тәуелсіздігіне бірден-бір әсер етуші фактор ретінде қарастырылатынын, сондықтан Қазақ елі азаматтық ұлтшылдық концепциясын қолданумен қатар, этникалық тепе-теңдікті сақтай отырып, ұлттық даму саясатын жандандырып, сонымен қоса Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына үлкен қолдау көрсетудің ұлттық маңызы мен саяси мәнін айқын бағамдауымызға болады.

Этникалық араздықтың ең үлкен трагедиясы ретінде Руанда геноцидін айтуға болады. 1994 жылы сәуірден шілдеге дейінгі созылған Хутулардың Тутсилерге қарсы жасаған жаппай қырғыны 100 күн ішінде 800 мыңнан 1 миллионға дейінгі қарапайым халықтың қаза болуына әкелді. Руанда қоғамы негізінен Хуту және Тутси этникалық топтарынан тұрады. Бір тілде сөйлеп, бір елде өмір сүретін бұл екі халықтың айырмашылығы тарихи тұрғыдан Тутсилер мал шаруашылығымен, ал Хутулар егіншілікпен айналысқан. Бұл әлеуметтік-экономикалық статусты қалыптастырған. Сонымен қатар, колониялық кезеңде бельгиялық колонизаторлар “бөліп басқар” саясатын қолданып, Тутсилерді мемлекеттік қызметке орналастыру, білім алуын қамтамасыз ету сынды бірқатар артықшылықтар жасау арқылы Тутсилердің қоғамдағы позициясын нығайтқан. Отарлаушы тарап әрқашан  Хутулар мен Тутсилердің біртұтас ұлт болып бірігуіне кедергі келтіріп отырған.Өздерін екінші сортты халық ретінде сезінген Хутулар Тутсилердің билігіне қарсы көтеріліске шығып, билікті өз қолдарына алған. 1962 жылы 1 шілдеде Руанда тәуелсіз мемлекет болып жарияланды.

Бірақ, тәуелсіздік жылдарынан бері Руандада өмір сүретін этникалық екі топ – Хуту мен Тутси арасындағы билік және қоғамдағы статус үшін талас-тартыс пен қақтығыс бірде-бір рет толастаған жоқ. Бұның салдары 1994 жылы орын алған Руанда геноцидіне алып келді. 1994 жылға қарай Руанда халқы 3 этникалық топтан тұратын 7 миллионнан астам адамды құраса: Хуту (халықтың шамамен 85%), Тутси (14%) және Тва (1%). Айналасы 100 күннің ішінде халық саны 20%-ға азайған, геноцидті ұйымдастырушылар асқан қатігездік көрсетіп, жас балаларымен жүкті әйелдерге де, жасы жеткен қарияларға да қол жұмсаған. Этникалық ұлтшылдықтың сипаты экстремалды ұлтшылдыққа өзгеріп, елдегі билік үшін тартыстың ақыр соңы аймақтық соғысқа, нақтырақ айтсақ, 5 миллион адамның жанын жалмаған Ұлы Африка соғысының басталуына түрткі болды..

Қытай үкіметінің «қытай ұлтының ұлы бірігуі» идеологиясы хань “汉族” ұлтының мәдениеті мен құндылықтарын барлық этникалық ұлттарға теліумен ерекшеленеді. Бұл ханьшылдық идеологиясы этникалық ұлтшылдықтың көрінісі ретінде елдегі өзге этникалық топтарға қарата ассимиляциялауға бағытталған саясаттар мен мәдениетаралық қақтығыстарды туындатып келеді. Бұның салдары Қытай елінде өмір сүретін өзге ұлттардың діни еркіндігін шектеу, оларды қытайландыру үдерісін күшейту арқылы аралас некені қолдау, тілдерін және дәстүрлерін сақтау мүмкіндігін төмендету саясатына жол ашты.Бірақ бұның ақыры халықаралық наразылықтан бөлек этникалық азшылықтардың тәуелсіздік идеологиясын күн өткен сайын жандандыра түсуде.

Ресейдегі орыс ұлтшылдығы мен орыстандыру саясаты Кавказдағы этникалық шиеленістердің орын алуына алып келсе, бауырлас Түркия елінде күрд халқының тәуелсіздік талап етуі, Өзбекстандағы Қарақалпақстан саяси қозғалыстары, және әлем елдері бойынша этникалық араздықтар күн өткен сайын үдеп келеді. Тұран даласының бір пұшпағында өмір сүріп жатқан тағдыры тамырлас Моңғол жұртымен болашақта Бай өлкедегі бауырлас қазақ ағайындардың мәселесі бойынша Қазақ елі келелі диалогтар орнатуы да бек мүмкін. Бұл енді болашақтың еншісінде.

3. Экстремалды ұлтшылдық.  

Бұл ұлтшылдықтың шектен шыққан радикалды, агрессивті түрі болып табылады. Экстремалды ұлтшылдықтың ұстанымы – өз үстемдігіңді орнату үшін, өзге ұлттарды кемсітуге немесе оларға қарата зорлық-зомбылық пен қарулы қақтығыстар, тіпті этникалық тазалау сияқты экстремистік бұзғыншылықтарға жол беріледі. Бұның айқын мысалы ретінде екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі герман үкіметінің ұстанған саясатын атауға болады. Арий нәсілінің үстемдігін орнату жолындағы этникалық тазалау қаншама миллиондаған жазықсыз халықтың ажал құшуына алып келгені тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазулы. Тарих парақтарын ақтарсақ, экстремалдық ұлтшылдықтың көптеген мысалдарын тілімізге тиек етуге болады, бірақ бүгінгі күннің көзімен қарайтын болсақ, дамыған өркениет билігіндегі 21 ғасырда да бұл проблема түп-тамырымен жойылып кеткен жоқ.

АҚШ бастаған батыс елдері мен Еуропа жұртшылығында соңғы жылдары аса қарқынды түрде қалыптасып келе жатқан ксенофобия, миграцияға қарсылық, сырттан келуші басқа этникалық топтарға, әсіресе мұсылмандарға қарата қорқыныш сезімінің күн өткен сайын артуы, сол елдердегі ашық және жасырын экстремалды ұлтшылдық ұйымдарының көптеп құрылуына алып келуде. Бұған себеп 2011 жылғы қыркүйек оқиғасы мен әлемнің түкпір-түкпірінде ашық түрде халифаттық идеологияны насихаттап, әртүрлі елдер мен қалаларда теракт ұйымдастыратын лаңкестік топтар мен радикалды діни жамағаттардың іс-қимылдары еді. Бұл құбылыс күн өткен сайын тереңдеп бара жатқаны ақиқат. Асыра діншілдік пен экстремалды ұлтшылдықтың бір ұқсастығы – өз идеологияңның үстемдігін орнату үшін өзіңді немесе өзіңе қарсылас болатын кез келген құндылықты құрбандыққа шалып, көзін құртып жіберуден тайынбайтындығында.

4. Діни Ұлтшылдық  

Ұлтты біріктіретін басты фактор дін ретінде қарастырылады. Діни ұлтшылдық – ұлттың мәдениетінің, өмір сүру салтының, мемлекеттік заңдарының және басқа да маңызды аспектілерінің дінге сәйкес болуын талап етеді. Діни ұлтшылдықтың мысалы ретінде индуистік ұлтшылдық қозғалысын атап өтуге болады. Бұл қозғалыс Үндістанның ұлттық бірлігін индуизм дініне негіздеп сақтауды көздейді. Израиль мемлекеті өзінің ұлттық бірлігін еврей дініне негіздеген. Израильде еврейлердің діни құндылықтары ұлттық саясат пен қоғамның әртүрлі салаларында маңызды рөл атқарады. Иранда шииттік ислам негізіндегі Ислам Республикасының саяси жүйесі қалыптасқан. Бұл елдегі ұлттық мәдениеттің ислам дінімен анықталуы арқылы ерекшелінеді. Сауд Арабиясы — шариғат заңы негізінде басқарылатын мемлекет. Бұл елде ислам діні мен мемлекеттік институттар тығыз байланысты, және ұлттың бірлігі ислам дініне негізделген.

Ауғанстандағы Талибан қозғалысы шариғат үкіміндегі исламдық басқаруды жүзеге асырады. Талибанның саясаты елдегі барлық азаматтардың исламдық заңдар мен дәстүрлерге бағынуын қатаң түрде талап етеді. Діни ұлтшылдықтың бұл түрі қоғамда исламның үстемдігі мен оның саяси құрылымдағы маңызды рөлін сақтауға бағытталған. Діни ұлтшылдық әлемнің көптеген мемлекеттерінде жанама түрде идеологияның бір бөлігі ретінде жүріп отырады. Егер діни ұлтшылдық радикалды сипат алса, бұл қоғамға өте үлкен зардап әкеледі.Айталық: әлеуметтік және діни бөлінушілік қарқынды орын алып, діни азшылықтардың құқықтары бұзылуы, олардың қоғамдық өмірден шеттетілу жағдайы, тіпті зорлық-зомбылық көру ықтималдығы артуы мүмкін. 

Халықаралық қатынастардың шиеленісуі: яғни, діни ұлтшылдық басқа елдермен немесе аймақтармен дипломатиялық қарым-қатынастардың нашарлауына әкеліп, халықаралық деңгейде қақтығыстар мен экономикалық санкцияларға себеп болуы нәтижесінде мемлекеттің экономикалық құлдырауына ұшырау қаупін туындатады. 

Мемлекеттік бірліктің бұзылуы: әсіре діни ұлтшылдық елде түрлі этникалық және діни топтар арасындағы мемлекеттік бірлікті бұзылуына әкеледі, өйткені мемлекеттің бірлігін тек бір дінге сенушілермен шектегенде, өзге діни топтар мен этникалық ұлттардың өздерін бейтарап немесе сыртқы күш ретінде сезінуіне тура келеді.

Гендерлік теңсіздік: Кейбір әсіре діни ұлтшылдық идеологияларында өмір сүретін мемлекеттердегі әйелдердің рөлі мен құқықтары шектеледі. Және сол елдерде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, жұмыс орындарында теңсіздік және білім алудағы шектеулер жиі орын алу үстінде.

5.Территориялық ұлтшылдық  

Бұл халықтың туған жеріне немесе азаматтық қабылдаған мемлекеттің аумақтық тұтастығы үшін атқаратын қызметі мен отаншылдық һәм адалдық сезімі. Территориялық ұлтшылдықтың өзі қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты; тәуелсіз мемлекеттердің территориялық ұлтшылдығы немесе тәуелсіз емес аймақтағы территориялық ұлтшылдығы болып бөлінеді. Тәуелсіз мемлекеттердің барлығы дерлік бүтін, бөлінбес географиялық аймақты қорғайды; бүкіл мемлекет өзінің аумақтық қауіпсіздігін тәуелсіздіктің маңызды бір бөлігі ретінде қарастырады. Әгараки, қандай да бір өзге мемлекеттер тарапынан шекаралық даулар мен жанжалдар туындаған жағдайда, қолда бар барлық ресурстарды пайдаланып, қарсы күрес жүргізеді .

Бүгінгі күннің мысалымен қарастыратын болсақ, 2014 жылы Ресей Қырымды өзіне қосып алады, бірақ Украина Қырымды өзінің бөлінбес бөлігі ретінде санайды. Бұл жағдай халықаралық геосаяси мүдделік қақтығыстан бөлек, Ресейдің территориялық ұлтшылдық көзқарасымен де байланысты, өйткені Ресей Қырым жерін тарихи тұрғыдан өзіне тиесілі аймақ ретінде дәлел келтіреді. Ақиқатында, бұл Украина үшін территориялық және тәуелсіздігіне жасалған үлкен қиянат ретінде бағаланады.

Сол сияқты, Қытай Тайваньды өзінің территориялық аумағы ретінде қарастырса, Тайвань өз мемлекеттілігі мен егемендігін қорғауға тырысады, өйткені екі тарап та өзінің ұлттық бірегейлігін және аумақтық тұтастығын сақтауға мүдделі. Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ аймағы үшін болған соғыс, Түркиядағы күрдтердің ұлттық автономия немесе тәуелсіздік алуды талап етуі, Қытайдың Шыңжаң аймағы мен Тибет үстіртінде өмір сүретін этникалық халықтардың тарихи тұрғыдан нақты дәлел келтіріп , территориялық тәуелсіздік талап етуі — бұның барлығы дерлік этникалық ұлтшылдықпен қатар туып-өскен тарихи жерге байланысты территориялық ұлтшылдық болып саналады.

Территориялық ұлтшылдық халықтың ең сезімтал тұсы болып табылады, сондықтан да шекаралық және жерге қатысты дау-дамай орын алған жағдайда халықтың жаппай толқуы туындайтыны да сондықтан. Бұны жақсы пайдалана білетін сыртқы күштер мен кейбір ішкі арандатушылар тарихи тұрғыдағы территориялық жерді соғыс немесе зорлықты күшпен қайтарып алуға көбірек ұран тастайды. Этникалық, азаматтық ұлтшылдықтан гөрі экстремалды ұлтшылдықты халыққа көбірек насихаттайды және халықаралық, мемлекеттік заңнамаларды аяққа таптауға даяр тұрады.

Қош делік, қоғамдағы қанды қырғын мен саяси қақтығыстың көлеңкелі тұсында әрқашан да радикалды ұлтшылдық пен асыра діншілдіктің және әлемдік идеологиялар мен мүдделер қайшылығының шоғы маздап тұрады. Бұл шоқтың отын үрлеп, көрігін қыздыру арқылы өз бас пайдасын немесе белгілі мүдделі тараптың тапсырмасын орындаушы арандатушылар мен кейбір зиянды зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ ұраншыл тобыр белсенділері де жетіп артылады.Қазақ елі жаһандық саясатта алпауыттар арасындағы мүдделер қақтығысында бір тараптың қолшоқпары болып кетпес үшін, ішкі тұрақтылыққа ауадай мұқтаж. Этникалық жанжалдар мен діни қайшылықтар, әсіре діни ұлтшылдық бізге ешқашан жақсылық әкелмейді. Территориялық тұтастығымыз бен тәуелсіздігімізді бекем ұстап тұру үшін Біртұтас Азаматтық Ұлтшылдық концепциясын қолдана отырып, мәдениетіміз бен тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, сонымен қатар, билік институттары мен ғылым-білім саласында азаматтық, этникалық, территориялық ұлтшылдықты өз шекарасында қолданатын зиялы ұлтшыл һәм отаншыл азаматтарға ел үшін қызмет атқаруға көбірек мүмкіндік берсек, Мәңгілік Ел идеологиясы қалай болмасын жүзеге асары ақиқат.

        Ертұран Жұмақанұлы

Пайдаланылған дереккөз:

https://www.brainyquote.com/

https://news.un.org/ru/story/2019/04/1352631

https://kaz.nur.kz/world/1971672-kunine-10-mynga-zuyq-adam-qyrylgan-ruandadagy-tutsi-xalqyna-qarsy-genocid-zaily-ne-bilemiz-f

https://helpfulprofessor.com/author/chris-drew-phd/

https://abai.kz/post/37854

https://qazaqadebieti.kz/32667/ltshyl

Хасан Оралтай «Елім-айлап өткен өмір» ,«Білім» баспасы, 2005 жылы Алматы.қ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар