17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде жер опырылып, жеті жұмысшы жер астында қалып қойды.
Фото: ЖИ
Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару жұмысын дереу бастап, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, медицина қызметкерлері мен психологтар апат орнына жіберілді. Алайда кабельдердің үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс орнату мүмкін болмады.
Бүгін құтқарушылар үйінді астынан жеті кеншінің денесін тапты. Олар жер бетіне шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, апатқа табиғи газдың жарылысы себеп болған. Оқиғаның нақты себептерін анықтау және зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылды.
«Қазақмыс» қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек көрсетеді
«Қазақмыс» корпорациясы қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсететінін мәлімдеді.
Компанияның ұжымдық келісімшартында көзделгендей, апат салдарынан қаза болған кеншілердің жақындарына қаржылай және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда:
- Материалдық көмек: Қайтыс болған жұмысшылардың отбасыларына олардың орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері төленеді.
- Жерлеу рәсіміне көмек: 2 миллион теңгеден астам қаражат беріледі.
- Асыраушысынан айырылған отбасыларға қолдау: жыл сайынғы төлем, балалардың оқу ақысын төлеу, сондай-ақ қаза тапқан кеншілердің несие және қарызын өтеу қарастырылған.
- Қосымша көмек: отбасы мүшелерінің өтініші бойынша өзге де көмек түрі көрсетіледі.
«Қазақмыс» кеніштеріндегі қауіпсіздік мәселесі және қабылданған шаралар
Бұл оқиға «Қазақмыс» корпорациясының кеніштерінде соңғы уақытта болған бірнеше қайғылы жағдайдың бірі болып отыр. 2025 жылдың 21 қаңтарында Шығыс Жезқазған кенішінің «Анненск» шахтасында 1985 жылы туған 5-разрядты ұнтақтаушы қаза тапқан болатын. Сол сияқты 2023 жылдың 5 қарашасында Қарағанды облысындағы Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында 1984 жылы туған тау-кен шебері жұмысты орындау кезінде ауыр жарақат алып, қайтыс болды.
«Қазақмыс» корпорациясы өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылдап жатыр.
2025 жылдың басында компания жұмыскерлердің жалақысын 8,5%-ға индекстеп, орташа жалақыны 822 000 теңгеге дейін көтерді.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында санаторлық-курорттық емдеуге материалдық көмек пен өтемақы мөлшерін ұлғайту, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қосымша жеңілдіктер енгізу және ерікті медициналық сақтандыруды кеңейту сияқты бастамаларды қолға алды.
Алайда осы шараларға қарамастан, кеніштердегі апаттар жұмысшылардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Сондықтан «Қазақмыс» корпорациясы мен тиісті мемлекеттік органдар өндірістік қауіпсіздік стандарттарын күшейту және болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет.
Әмина Темірханова
Парақшамызға жазылыңыз