//

Жалғас ЕРТАЙ, фрилансер: Қазақстан билігі өз мемлекеттік тілін өзі кемсітумен жүйелі түрде айналысады

360 рет қаралды
фото: Человек и закон

«Prdrive.kz» атты PR саласының дамуына бағытталған Instagram парақшада «Мәжіліс Парламентінің медиа-тобына SMM-маманы (негізінен орыс тілінде сөйлейтін) қажет» деген ашық вакансия енгізілген. Онда «Тек қана орыс тілінде сауатты жазатын, қазақ тілін білу де құпталады» делінген.

Бұл хабарландыру фейсбуктің қазақтілді сегментінде әжептәуір талқыланып, кәдімгідей наразылық науқаны басталып та кетеді. Алайда көп ұзамай белсенділердің бірі, журналист Асылхан Мамашұлы өз жазбасын өшіріп тастады.

Фрилансер, блогер Жалғас Ертай 25 ақпан күні Facebook-тегі жеке парақшасында түскі сағат 13:00 уақытына қарай жариялаған постында Қазақстан билігі өз мемлекеттік тілін өзі кемсітумен жүйелі түрде айналысады деп жазған.

«Мәжіліске smm-маманы болып тұру үшін «исключительно» орысша жақсы жазуы керек екен, ал қазақшаны білсе де, білмесе де мейлі дейді. Бұл бассыздыққа біреу жауап беруі керек сияқты», – деген ол.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетілген.

Асылхан Мамашұлы өз жазбасында депутаттардың әрекетін қатты сынға алып, қоғамға наразылығын білдірді. Ол парламент депутаттарының әрекеттерін айыптап, Астанадағы басты алаңда кешірім сұрауға тиіс деп мәлімдеді. Мамашұлы мәжіліс депутаттарының орыс тілінде таза жазатын SMM маманына сұраныс жасағанын заң тұрғысынан қылмыстық іс деп бағалады. Оның айтуынша, бұл әрекеттер кемсіту, ұлт араздығын туғызу, мемлекеттік тілді қорлау және жарнама тәртібін бұзу сияқты баптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

«Қамақтағы қай депутатқа тамақ апарғыңыз келеді? Қадірлі астаналық фб достар! Араларыңызда сәл қолы бостау біреу бар болса өтініш айтайын деп едім. Астананың бас алаңында парламент депутаттары бірі қалмай бастары жерге жеткенше иіліп, кешірім сұрап тұр ма, жоқ па соны көріп келе салсаңыздар жақсы болар еді. Өзімнің мүмкіндігім болмай тұр. Менің ойымша, қазір Астананың бас алаңына мәжіліс төрағасы Қошанов пен кішкентай мырзатайлар бастаған 98 депутат шығып, бастары жерге жеткенше еңкейіп, халықтан кешірім сұрап тұрған болуға тиіс. Олардың алдында бір топ адам кешірсек пе, жоқ па деп ойланып тұрған болса керек. Өйткені парламент мәжілісі былай деп жер әлемге жар салыпты. – Уа, халқым,- депті. Бізге орыс тілінде таза жазатын SMM маманы керек, қазақша мәу десе де бола береді,- депті.  Жай ғана дей салмай, жалпақ әлемге хабарландыру жазған ғой. Қазақшаң екінші, бәлкім төртінші кезектегі мәселе деген. Түкірген.  Мұндай хабарлама заң тұрғысынан алғанда кемі 4 бап бойынша қылмыстық іске тартылады: 1) бір ұлтты кемсіту, қорлау; 2) ұлт араздығын туғызу; 3) мемлекеттік тілді қорлау; 4) жарнама тәртібін бұзу. Егер осы хабарландыруды Абзал Достияр сияқты белсенді жарияласа, бұл уақытта қамақта Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқып жатар еді. Бұл сорақылыққа жауап беретін мемлекеттік орган – мәжіліс».

Әлеуметтік желіде жазба жариялаған Мамашұлы, депутаттардың заң алдында жауап беруі қажет екенін және олар өз еркімен 15 тәулікке қамалуы керек деп санайды. Сонымен қатар, депутаттарға кешірім сұрау мүмкіндігін де ұсынды.

Сондықтан мәжіліс депутаттары жаппай 15 тәулікке қамауға алынуға, не үлкен айыппұл төлеуге тиіс. Ол ақпаратты біз жазбадық, сварщик жазған деген әңгіме жүрмейді.
Депутаттар заң бойынша қамауға алынбайды деудің керегі жоқ. Егер мен депутат болсам өз еркіммен барып, 15 тәулікке қамалып шығар едім. Біздің депутаттар да сөйтеді деп ойлаймын. Бәрі намысты жігіттер ғой. Я болмаса жаппай кешірім сұрап, видео жарияласын. Бәлкім кешіріп қалармыз. Өркениетті, мәдениетті елдерде солай емес пе? Сіздер қалай ойлайсыздар?
15 тәулікке қамалған қай депутатқа сорпа апарғыңыз келеді? Өз басым «Аманаттың»депутаттарына апаратын шығармын. Етсіз», – деді ол Instagram әлеуметтік парақшасында.

 

 
 
 
 
 
View this post on Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by Асылхан Мамашұлы (@asylkhan.mamashuly)

Белсенділердің бірі фейсбук парақшасындағы бұл жазбаны өшіруге Парламент Мәжілісінен хабарласып, “қарапайым қазақ балалары күйіп кеткелі тұр, түсініңіз, қателігімізді жөндейміз” деген соң жазбаны ел көзінен жасырып қойғанын айтады. 

«Prdrive.kz» Instagram парақшасындағы аталған хабарландыру да сол бетте алынып үлгерген. 

Тәуелсіздіктің 34 жылдығында, мемлекеттік тіл статусына ие болғанының 36 жылдығында мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін екінші сорттың дәрежесінде қалып отырғандығы қынжылтады. Қашан тілімізді төрге оздырады екенбіз. 

Бағдат Сұлтанқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар