Жеке есепшоттағы ақша аударымы қандай жағдайда тексеріледі?

123 рет қаралды

Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты жаңа ереже енгізді. Бұл өзгеріс жеке тұлғалардың банк шоттарына жиі аударым жасалған жағдайда, оның кәсіпкерлік қызметпен айналысатынын анықтау мақсатында жүзеге асып отыр. Жеке тұлғалар туыстарына және достарына бұрынғыдай ақша аудара алады, шектеу тек кәсіпкерлік қызмет белгілері байқалған жағдайда ғана қолданылады.

Егер жеке тұлғаның жеке банк шотына үш ай ішінде әртүрлі адамдардан 100-ден аса аударым түссе немесе сол кезеңде шотқа 1 020 000 теңгеден көп қаражат аударылса, банк бұл ақпаратты салық органдарына беруге міндетті. Бұл сома ең төменгі жалақының 12 есесіне тең болғандықтан, мемлекет оны кәсіпкерлік табыс деп қарастыруы мүмкін.

Заң бойынша барлық аударым бақылауға алынбайды. Бұл талап негізінен кәсіпкер ретінде тіркелмей, тұрақты табыс тауып жүрген адамдарға қатысты. Егер жеке тұлға кәсіпкерлік қызметпен айналыспаса, бірақ жоғарыда аталған шектен асатын аударымдар алып отырса, салық органдары тексеріс жүргізуі мүмкін. Жеке мақсатта жасалатын мобильді аударымдарға ешқандай шектеу жоқ. Азаматтар бұрынғыдай өздерінің туыстары мен достарына ақша аудара алады.

Кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

Қазақстанның заңнамасына сәйкес, кәсіпкерлер клиенттерге төлем жасаудың бірнеше нұсқасын ұсынуы керек. Тұтынушының банк картасымен, QR‑код арқылы және қолма‑қол ақшамен төлеуге мүмкіндігі бар. Егер кәсіпкер банк картасы арқылы төлем қабылдаудан бас тартса, ол заң бұзушылық болып саналады. Мұндай кәсіпкерлерге алдымен ескерту жасалады, қайталанған жағдайда 147 680 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Егер азамат(ша) жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген болса және заңды түрде салық төлеп отырса, бұл өзгерістер оған тікелей әсер етпейді. Бұл ереже көлеңкелі кәсіпкерлікті анықтауға және салықтан жалтарудың алдын алуға бағытталған.

Такси жүргізушілері қалай әрекет етуі керек?

Такси жүргізушілері мен жеке тасмалдаушылар кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Оны «Egov Mobile», «e‑Salyq Business» немесе «Kaspi», « Halyk», «BankCenterCredit» секілді банктердің мобильді қосымшалары арқылы жасауға болады. Тіркелгеннен кейін олар мобильді қосымша арқылы кәсіпкерлік банк шотын ашып, қолма‑қол ақшасыз төлемді қабылдай алады.

Қаржы министрлігінің бұл шешімі Ұлттық банк қарауына жіберілді. Бұған дейін 2024 жылы декларация тапсырған кәсіпкерлердің мобильді аударымдары тексеріліп, салықтан жалтарғандардың анықталғаны хабарланған еді.

Жадыра Әділбекқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар