Қазақстанда азаматтық құқықтар мен бостандықтар саласындағы мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппады. Сөз бостандығы, еркін пікір білдіру мен пикет өткізу сонымен қатар тәуелсіз журналистерді қорғауға қойылған шектеулер қоғамда өз өзектілігін жоғалтпады.
Бұған дәлел Qaznews.kz сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті қолдау мақсатында пикетке шыққан 10 қоғам белсендісі. Олардың 8-і айыппұл арқаласа, 2-еуі 15 тәулікке қамалды. Сол белсенділердің бірі пикетке алғаш шыққан журналист Руслан Бикетовтан сұхбатты “Мінбер” оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
⁃ Сіз Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті алғаш қолдаушылардың бірі болдыңыз. Темірланды жеке таныдыңыз ба, әлде азаматтық белсенділігіңізді көрсеткіңіз келді ме?
⁃ Мен Темірланды жеке танымаймын, бірақ оның жобасын (Qaznews24) жақсы білемін. Өзінің сатирасы мен юморында қоғамда жиі көтерілетін өзекті мәселелерді қозғағандықтан, көптеген қазақстандықтардың көңілінен шықты. Әрине, ол ең алдымен — ҚР азаматы, содан кейін менің әріптесім — журналист. Сондықтан менің пикетім тек оның журналистік қызметімен ғана емес, сондай-ақ оның азаматтық құқығымен де байланысты болды.
⁃ Сіздің сот процесіңіз онлайн режимде және 5 минутқа созылды. Осыған байланысты, соттың сізге өзін қорғауға мүмкіндік бермегені туралы күмәндар бар. Соттың қалай өткені жайлы толығырақ айта аласыз ба?
⁃ Қазір тергеу соттары пандемиядан кейін онлайн форматта өтіп жатыр. Соның салдарынан, сотқа дайындалуға уақыт жетіспеді. Менің сот отырысым шамамен 5 минутқа ғана созылды. Сот ашық өтті, себебі мен БАҚ өкілдері және қоғам белсенділерінің процеске қатысуына рұқсат беру туралы өтініш жасадым. Нәтижесінде екі адам қосылды, ал қалғандары үлгермеген сияқты. Себебі өте жылдам болды, тіпті адвокатыммен өзімді қалай қорғайтынымызды талқылауға да уақытым болмады. Әрине, мұндай соттар белгілі бір дәрежеде жазалау органы ретінде әрекет етеді. Маған айыпталушы ретінде сотқа дайындалуға мүмкіндік бермеді.
⁃ Жалпы сот қалай өтті?
⁃ Сот.. Қалай айтсам екен… Әдеттегідей өтті, яғни қоғам белсенділері мен журналистерге қатысты соттар сияқты. Менің пікіріме көңіл бөлгендер аз болды. Тіпті, менің ойымша, оны ешкім тыңдағысы да келмеді. Судьяның өзі де біраз ашулы болды. Ол бұл процесті мүмкіндігінше тез аяқтауымызды талап етті. Қоғам белсенділерін қосқан кезде қатты ашуланып, бәрі тым ұзақ жүріп жатыр деп наразылық білдірді.
⁃ Изолятордағы 15 тәулікте уақытты қалай өткіздіңіз?
⁃ Шынымды айтсам, камераластарыммен жолым болды. Өйткені олар шынымен ерекше, таңғажайып адамдар еді. Олардың үшеуі — бұрын сотталғандар. Біреуі екі кісі өлтіргені үшін 20 жыл қатаң режимде отырып шыққан. Әрине, маған қылмыстық әлем өте қызықты болды. Журналист ретінде мен осы 15 күн бойы жұмыс істедім. Мен изолятор туралы, ондағы жағдай жайлы деректер жинадым. Қазір осы тақырыпта материалдар дайындап жатырмын. Кітап оқыдым, көп әңгімелестік, көп күлдік. Меніңше, қамауда болған кезде бәрінің жағдайы бірдей. Сондықтан камерада бәріміз бір-бірімізге жақын болдық.
⁃ Бұл уақыт сізге қалай әсер етті? Қандай ойлар мазалады?
⁃ Ойлар ма? Ең басты ой, бәлкім, қарапайым естілетін шығар, бірақ қамауда отырып, нағыз еркіндік адамның өз басында екенін түсінесің. Физикалық тұрғыда менің бостандығымды шектесе де, менің ойларым мен қиялымды ешкім тұсаулай алмайды. Сондықтан мен өз ұстанымымда қала беремін. Өйткені менің жолым — шындық, әділдік және демократия туралы.
⁃ Айтпақшы сіз сөз арасында материал дайындап жатқаныңызды айттыңыз. Біз оны қай жерде жариялайтыныңызды білгіміз келеді.
⁃ Әзірге бұл материалдар сериясы қай басылымда шығатынын нақты айта алмаймын. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал нақты шешім қабылданғанда, анығын айта аламын. Қазір үш басылым менің материалымды жариялауға үміткер болып отыр.
⁃ Журналист ретінде Қазақстандағы пикеттер мен азаматтық белсенділік туралы не ойлайсыз?
⁃ Әрине, халықаралық құқыққа сәйкес, пикеттерге рұқсат етілген және олар үшін ешқандай арнайы рұқсат немесе хабарлама қажет емес. Бірақ Қазақстандағы заң бұл тұрғыда өте қатаң, ол антидемократиялық және адам құқықтарына қайшы деп ойлаймын. Пикеттерде ешқандай қауіп жоқ, өйткені олар митинг емес. Адамдар көп жиналатын кезде, белгілі бір қауіпсіздік шараларын сақтау үшін жергілікті құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Ал мені ұстауға арнайы жасақтардың келгенін көргенде, тіпті күлкілі көрінді.
Мен жалғыз өзім бұл елде революция жасай алмаймын ғой. Менің ойымша, жыл өткен сайын біздің елде әлеуметтік қоғам күшейіп келеді. Жыл сайын көбірек адам қоғамдық мәселелер туралы ашық сөйлей бастады, өз ойын білдіруден қорықпайды. Бұл жақсы үрдіс деп ойлаймын. Одан бөлек, біздің бір-бірімізді қолдауымыз да өте маңызды. Мен изоляторда 15 тәулік отырған кезде, маған еліміздің түкпір-түкпірінен ондаған түрлі хаттар келді. Сондай-ақ әртүрлі сәлемдемелер жеткізілді. Олардың көбін мен тіпті танымаймын. Бірақ дәл осындай сәттерде біздің қоғамның қалай бірігетінін көріп, таңғалдым.
⁃ Сіздің ойыңызша Қазақстанда пикет мәдениеті қалай дамуы мүмкін?
⁃ Меніңше, жыл өткен сайын азаматтардың өз құқықтарын түсіну деңгейі артып келеді. Қазірдің өзінде көп адам пикеттің заңды әрі демократиялық құрал екенін түсіне бастады. Егер қоғамда қолдау күшейіп, адамдар өз пікірін ашық білдіруден қорықпаса, пикет мәдениеті де дами түседі. Сондай-ақ билік тарапынан қысым азайып, заңдар халықаралық нормаларға сәйкестендірілсе, азаматтық белсенділік жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Қазірдің өзінде адамдар өз құқықтарын қорғауға ұмтылып жатыр, бұл – оң өзгерістің белгісі.
Пикеттер туралы айтатын болсақ, ең алдымен, адамдардың көшеге шыққаны үшін 15 тәулікке қамауға алатын заңды қайта қарау қажет деп ойлаймын. Бұл заң әділетсіз және азаматтардың бостандығын шектейді. Екіншіден, пикеттер белгілі бір маңызды мәселелерге байланысты болуы керек деп санаймын. Адамдар жай ғана, нақты себебі болмаса, көшеге шыға бермеуі тиіс. Бірақ егер шынайы проблема болса және оны бейбіт түрде көтеру қажет болса, пикет – өз көзқарасыңды білдірудің заңды әрі демократиялық жолы.
Балнұр Жақсылық,
Жұлдыз Бекмахан,
Нұржайна Артықбаева,
Жаннұр Болат,
Лаура Маркарждарова
SDU University “Журналистика” мектебі
Парақшамызға жазылыңыз
[…] қолдап, жалғыз адамдық пикетке шыққан журналист Руслан Бикетов 15 тәулікке қамалды. Оған “бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды” […]