Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Самсы ауылының тұрғындары үшін ауыз су – жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе. 2018 жылы жаңа су жүйесіне 549 миллион теңге бөлінгенімен, арада алты жыл өтсе де, ауылдың біраз бөлігі су көзінен тарығып отыр. Әкімдік табалдырығын тоздырған тұрғындар жауап күткенімен, шешім әлі де жоқ. Бұл мәселе неге шешілмей жатыр? Қаржы жетіспеушілігі ме, әлде жауапсыздық па?
2018 жылы ауылдағы ауызсу жүйесін жаңғырту үшін 549 миллион 321 мың теңге бөлініп, құбырлар тартылған. Бірақ бүгінгі таңда 63 абонент су жүйесінен ажыратылған.
2022 жылы 17 мамырда Жамбыл ауданы әкімдігі қаулысымен нысан «Майбұлақ су» пайдаланушы ұйымының балансына берілді. 2022-2023 жылдары су құбыры желісін қайта қалпына келтіруге бюджеттен тағы да 8 миллион 942 мың теңге бөлінген. Десе де 2024 жылдың басынан су құбырлары жарылуы 160 рет тіркелген. Бұл мәліметтерді Самсы ауылының әкімшілігінде қызмет істейтін, алайда аты-жөнін атамауымызды өтінген маман беріп отыр.
Ауызсу жүйесіне миллиондап қаржы бөлінгенімен, неге Самсы ауылы әлі күнге дейін су тапшылығын көріп отыр? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін “Мінбер” тілшісі ауыл тұрғындарының, әкімдік өкілдерінің пікірін тыңдап көрді. Ауыл тұрғындары судың жоқтығына шағымданса, билік мәселенің шешіліп жатқанын айтады. Ал құжаттарға сүйенсек, қаржы игерілгенімен, жүйедегі ақаулар әлі де бар. Сонда мәселе қайда?
2018 жылы басталған әңгіме…
2018 жылы 9 шілдеде Жамбыл ауданы әкімдігінің №323 шешімімен Самсы ауылындағы ауызсу жүйесін жаңғырту жұмысы бекітілген. Бұл жұмыс ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асты. Нәтижесінде «Сұңқар» ЖШС мердігер ретінде таңдалды. Тапсырыс беруші – Жамбыл ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі атынан Ержан Дүйсебекұлы Жүртшиев, ал мердігер компания «Сұңқар» ЖШС директоры Виктор Ертазаұлы Бөлекбаев келісімшартқа қол қойған.
Құрылыс-монтаж жұмысы 2019 жылдың 21 қазанында аяқталып, су жүйесі пайдалануға берілді. Алайда бұл жүйеде түрлі ақау мен су тапшылығы мәселесі туындай бастады. Пайдалану кезеңінде «Сұңқар» ЖШС мердігері кепілдік міндеттемесіне байланысты жойған су құбыры желілерінде құқықбұзушылықтар болды. Әкімшіліктің айтуынша тиісті адамдар заң алдында жауап берді.
2022 жылы 17 мамырда Жамбыл ауданы әкімінің қаулысымен нысан «Майбұлақ» ПВХ МКК пайдаланушы ұйымының балансына берілді. Бүгінгі күні 662 бірлік су құбыры желісінің түйіспесі жөнделген. Бірақ су жүйесіндегі ақаулар ретке келтірілмей, құбырлардың жиі жарылуы тұрғындардың ауызсуға қолжетімділігін әлі де шектеуде.
Ауыл тұрғындарының наразылығы
Самсы ауылының тұрғындары 2020 жылдан бері ауызсу тапшылығына қатысты шағымданып келеді. Ауыл белсенділері жыл сайын ауыл, аудан, облыс әкімдігіне өз наразылықтарын білдіріп, мәселені шешуді талап еткен. Алайда билік өкілдері әр жолы тек құрғақ уәдемен шектелген.
Осы мәселе бойынша ауыл тұрғыны, белсенді Қасиет ханыммен сұхбаттастық.
– 2020 жылы мен отбасыммен бірге Самсы ауылына көшіп келдім. Сол кезде ауылда су жүйесін жүргізу жұмысы жүріп жатқан еді. Бірақ арада көп уақыт өтпей-ақ, су тапшылығы мәселесі туындай бастады. Алғашында бұл мәселе ауылдың WhatsApp тобында талқыланып, тұрғындар наразылықтарын білдірді. Кейін, бір шешімге келіп, ауыл әкімдігіне бардық. Алайда әкімдік бұл мәселені шеше алмайтынын түсіндік. Осыдан кейін БАҚ өкілдерін шақыруды жөн көрдік. Теледидардан сюжет шыққаннан соң, Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері келді. 2023 жылы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қабылдауында болдық.
Алғашында билік өкілдері мәселе шешілетінін айтып, уәде берді. Бірақ осы уақытқа дейін ештеңе өзгерген жоқ. Мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеп, мәселені кейінге шегеріп келеді. Ауыл әкімдігі тұрғындарға моральдық тұрғыдан қысым көрсетеді, – деп жауап берді.
Су тапшылығы өзгеріссіз қалғандықтан ауыл тұрғындары 2024 жылы тағы да жиналып, БАҚ өкілдерін шақырған.
– Жиналысқа аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) бөлімінің басшылары қатысқан. Олар 2025 жылдың 1 наурызына дейін сметалық құжаттарды дайындап, облыстан қаржы сұрауға уәде берді. Жоба бойынша, ауылды екіге бөліп, қосымша су қоймасын салу қарастырылып отыр. Алайда ауылды екі бөлек су қоймасымен қамтамасыз ету қажеттілігі 2020 жылдан бері айтылып келеді. Енді билік 2025 жылы осы жоспарды жүзеге асыруға бел буған сияқты, – дейді Қасиет ханым.
«Бұл мәселеге Жамбыл аудандық әкімдік пе, әлде жауапты мердігер кінәлі ме?» – деген сұрағымызға ауыл тұрғыны:
– Маған мәселенің қай тараптың кінәсінен туындағаны аса маңызды емес. Әр адам өз жұмысына жауап беруі керек. Ең бастысы, халыққа су үздіксіз, сапалы түрде жеткізілуі тиіс, – деп жауап берді.
Үздіксіз берілген уәделер
Ауыл тұрғындары жылдар бойы өз мәселелерін тиісті мекемелерге жеткізіп, түрлі органға шағымданып келеді. Олар тек ауыл әкімдігіне емес, аудандық әкімшілікке де жүгініп, БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, проблемаларын қоғам назарына ұсынуға тырысқан.

Тұрғындар аудан әкімінен бірнеше рет уәде алған, бірақ олардың қаншалықты орындалғанын бақылау маңызды. Төменде әкімшілік тарапынан берілген уәделерді жылдарға бөліп қарастырайық:
2021 жыл:
Ауыл тұрғындары облыс әкімі Амандық Баталовтың орынбасарымен кездескен. Кездесу барысында әкім орынбасары:
– Бүгіннен бастап барлық жаңа жабдықтарды орнату жұмысы басталады. Біз бұл мәселеге жауапты мердігер компанияға жүгіндік және олардың талаптарын ескеріп жұмыс істейміз. Мен бұл мәселені 100% қолдаймын. Біз бұл туралы бас мердігермен және бас жобалаушымен талқыладық, бірқатар шешімдер қабылданды, енді сол бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бүгін екі жұмыс бригадасы осы жерге жіберіледі, ең кеш дегенде таңертең жұмыс басталады. Қазіргі уақытта судың ағынын реттейтін жапқыштарды (задвижки) қай жерге қою керектігі тексеріліп жатыр. Қажетті жерлерге жабдықтар орнатылады. Бұл мәселе облыс әкімдігінің тікелей бақылауында. Мен кеше де осында болдым, бүгін тағы келдім. Біз жағдайды қадағалап отырамыз. Сонымен қатар, осы жобаның орындалуына жауапты нақты адам тағайындалды. Ол осы жерде тұрақты жұмыс істеп, жағдайды бақылап отырады. Барлық жұмыс жоспар бойынша жүргізіледі, – деп мәлімдеген.
2022 жыл:
Ауыл тұрғындары 24.kz телеарнасын шақырып, су мәселесі туралы репортаж түсірген. Сол кездегі ауыл әкімі Ержан Құсайынұлы:
– Жұмыс толық аяқталғанға дейін суды өшіру қажет болады, бірақ нақты қашан бітетінін ешкім айта алмайды. Қазіргі кемшіліктер түзетіліп, жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, – деп мәлімдеген.
2024 жыл:
Арада төрт жыл өтсе де, мәселе шешілмегенін байқаған ауыл тұрғындары тағы да БАҚ өкілдеріне жүгінген. Жамбыл ауданының ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайсар Әпсейітов:
– Аудан бойынша бұл мәселе қайта қаралып жатыр. Қазіргі уақытта су мұнарасын орнату үшін сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, ескі сорғыларды тазалап, жаңа сорғы орнату жоспарлануда, – деп түсініктеме берген.
Қыруар қаржы жұмсалғанына қарамастан, ауылда су жоқ
Қыруар қаржы жұмсалғанына қарамастан, ауылда су жоқ. Мұның негізгі себебі – сапасыз жасалған жұмыс. Бұл туралы нақты ақпарат алу үшін ауылдың су жүйесіне жауапты сантехник Нұрболат мырзамен сөйлестік.
– Самсы ауылындағы су жүйесінің басты мәселелерінің бірі – құбырлардың жиі жарылуы. Мұның негізгі себебі – сапасыз пластмасса құбырлардың қолданылуы. Қазіргі уақытта ауылда диаметрі 160 мм, 110 мм және 180 мм құбырлар бар. Су қоры жеткілікті болғанымен, 100%-дың тек 80%-ына ғана жетіп тұр, – дейді ол.
Тағы да қаржы: 147 миллион теңге көлемінде болжамды шығын жоспары
Әкімдіктегілерге: «Су мәселесіне қашан нүкте қойылады?» деген сауал қойдық. Ондағы аты-жөнін атамауымызды өтінген маман 2025 жылы ақпандағы Жамбыл ауданы әкімдігінің жиналысында айтылған сөздерді жеткізді.
– 147 миллион теңгеге смета сұранысы берілді. Жоспар бойынша 3 шақырым құбыр ауыстырылады, әр көшеге задвижка орнатылады. Сонымен қатар қосымша жаңа ұңғыма қазылып, ескі скважина қайта жөнделіп, іске қосылады,- деген Жамбыл ауданы ТКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) бөлімінің басшысы.
Жамбыл ауданы әкімдігінің бұл уәдесі өткен жылдардағыдай тек «сөз» күйінде қалмайды деп үміттенейік. Ауыл тұрғындары үшін ең бастысы – ауызсу мәселесінің түбегейлі шешілуі.
Балнұр Жақсылық,
SDU UNIVERSITY, “Журналистика” мектебінің І курс студенті
Парақшамызға жазылыңыз