Алматыда «ETHNO POPUP STORE» фестивалі өтті

56 рет қаралды
Фото: Жадыра Әділбекқызы

Бүгін Алматы қаласында орналасқан «saduarenaalmaty» да «ETHNO POPUP STORE» фестивалі өтті.

Бұл шара қазақи, отандық брендтерді дәріптеп, қолөнершілерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Биыл аталған шараға 130 қолөнерші қатысып, халыққа өнімдерін ұсынды.

«ETHNO POPUP STORE» фестивальінің ұйымдастырушысы – музыкалық «SEN» студиясының негізін қалаушы, әнші, актриса Динара Сұлтан.
Оның айтуынша, бұл шара қазақ халқының көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты болғандықтан, «ETHNO POP
UP STORE» (этно көшпелі дүкені) деп аталған.

– 2022 жылдан бастап биыл алтыншы рет осы фестивальді өткізіп жатырмыз. Соңғы екі жылда фестивальді жылына екі рет ұйымдастыратын болдық. Уақыт өте келе біз үлкен масштабқа қарай өсудеміз. Алматыда ғана емес, Қазақстан бойынша танылып, өзге елдерден де қонақтар келсе екен деп армандаймыз. Өткен жылы шарамызға 70 қолөнерші қатысқан еді. Ал биыл 130 қолөнер шеберін қабылдадық. Олардың арасында Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келгендер де бар. Біз келген қонақтарға да, өнімдерін сатушы шеберлерге де барынша жайлы жағдай жасауға тырыстық, – дейді Динара Сұлтан.

 

Фестивальге кіріп келген кезден-ақ, бізді ішкі көрініс бірден баурап алды. Ұлттық нақыштағы өнімдерді көргенде, көңілге ерекше сенім мен рух ұялады. Тура бір сән мен рухтың үйлескен ортасы дерсің. Солардың ішінде ерекше көзге түскен «ÖZIÑE» отандық бренді. Сатушыдан бренд туралы сұрап едік, барлығын ашық баяндап берді:

– Бұл бренд нарықта – 5 жыл. Біз мұндай ауқымды жәрмеңкеге биыл екінші рет қатысып жатырмыз. «ÖZIÑE» бренді – бұл мәдени мұрамызға деген құрмет пен ата-баба білімін бағалау. Біз өзіміздің қолдан салынған ою-өрнекті принттерімізді жасадық. Ол үшін ұлттық оюларды зерттеп, олардың мағынасын түсініп, киімге қолдануға болатын үш негізгі оюды таңдадық:

Арқар мүйізі – даналық пен жоғарғы күшті қабылдау.

Қаз мойын – сұлулық пен сәттілікті тарту.

Ит құйрық – қорғаныс пен достық белгісі.

Біз «ÖZIÑE» киімін киген әр адамның ерекше, күшті және батыл сезінгенін қалаймыз. Ол қай жерде жүрсе де, біздің киіміміз оған туған жерінің жылуын сездіріп, өзіне деген сенімділік сыйлауы, – дейді бренд өкілі Динара Жами.

«Қаз мойын» бомбері

Отандық өнімді киіп көруді өтініп едік, бірден келісе кетті. Қосымша, киіп көрген көк түсті этно нақыштағы бомбердің бағасын да сұрап алдық:

Мәселен бұл «қаз мойын» бомбері. Бағасы 73.000 теңге. Ол қолмен тігілетін және қолдан ою-өрнек салынатын ерекше өнім. Бір бомберді дайындау бірнеше кезеңнен тұрады. Шамамен 6 күн ішінде дайын болады.

Фестивальге келушілер арасында тұрақты қатысушылар да бар. Солардың бірі – дизайнер, шара қонағы Ақерке Тамен.

– Мен мұндай шараға жыл сайын қатысамын. Бұл – Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған төртінші фестиваль, оған дейін Ақтау, Астана, Шымкент қалаларындағы іс-шараларға да бардым. Енді Атырау мен Ақтөбеге жол тартқалы отырмын. Негізі мен де дизайнермін. Біз көбіне ұлттық киімдер тігеміз, бірақ күнделікті өмірге арналған заманауи киімдерді де ұсынамыз. Әрбір киімге ұлттық нақышты қосып, үйлестіруге тырысамыз. Біздің бастымақсатымызқазақтың ұлттық киіммәдениетін дамыту, – дейді ол.

Фестивальде ұлттық нақыштағы түрлі өнім ұсынылды. Солардың бірі – «Orken» компаниясының пазлдары.

Гүлдала пазлы. «Orken» компаниясы

– Мен «Orken» компаниясының пазлдарын ұсынамын. Бұл пазлдар ұлттық мәдениетімізді бейнелейтін ерекше суреттерден тұрады. Мысалы, мынау – «Гүлдала» пазлы. Біздің коллекциядағы жалғыз киіз үй пішінінде жиналатын пазл. Қалғандары стандартты A3 форматында құрастырылады. Пазлдың ішінде ерекше бөлшектер бар. Мысалы, Қазақстанның картасы, шаңырақ, домбыра, батырлар және музыкалық аспаптар бейнеленген. Бұл пазлды 7 жастан бастап балалар да, ересектер де жинай алады. Орташа құрастыру уақыты – 4-5 сағат, – дейдіТомирис.

Сондай-ақ, ауызашар уақытында аренадағы барлық адамға ерекше қаптамадағы тегін құрма таратылды.

Еске сала кетейік, фестиваль бүгін кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта бұл шараны Қазақстанның басқа қалаларында да өткізу жоспарланып отыр.

Жадыра Әділбекқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар