//

Баян ХАСАНОВА, «Alqa publishing» баспасының бас редакторы: Келін – әулеттің қызметшісі емес, туыстық атау ғана

761 рет қаралды

Қазіргі таңда әйел құқығы мен гендерлік теңсіздік мәселесі қоғамда айшықты орын алып отырған өзекті тақырыптардың бірі. Біз бұл мәселеге тереңірек үңілу үшін, баспагер, «Alqa publishing» баспасының бас редакторы, әйел құқығын қорғаушы Баян Хасановадан сұқбат алып, пікірлерін тыңдадық. Сұқбаттан әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздікті жою, қоғамдық стереотиптермен күресу мен феминизмнің адамзаттық құндылықтары туралы тың ойлармен таныса аласыз.

– Қазақ қоғамындағы гендерлік стереотиптер (қасаң қағидалар) деп нені айтар едіңіз?

– Алдымен гендер мен жыныс деген дүниені ажыратып алу керек. Жыныс дегеніміз – ер адам мен әйел адамды бір-бірінен ажырататын билологиялық қасиеттер, ал гендер «ер адам мен әйелдің қоғамдағы рөлін айқындайтын әлеуметтік құрылым», былайша айтқанда, адамның әлеуметтік рөлі.

Стереотиптің ең бастысы осы екеуін ажырата алмаудан шығады. Мысалы, көптеген қоғамда әйелге белгілі бір рөлді таңып тастаған. Олар, мәселен, үй шаруасы, бала тәрибесі дегендей. Бұл патриархал қоғамның оң жамбасына келетін ереже. Тіпті мектеп оқушыларының өзі әйел адам мен ер адамның мамандық таңдауына қатысты белгілі бір стереотиптердің құрбаны. Олар әйел адамға және ер адамға арналған белгілі бір мамандықтар түрі бар деп ойын шектеп өседі. Жас бала өмірге келгенде санасында ешқандай шектеу болмайды ғой. Абай айтпақшы, «адам өмірге білсем, көрсем деп келеді». Бірақ біздің қоғам бала бақшадан бастап олардың жынысына ерекше көңіл бөледі. Ұл балалар мен қыз балаларды бейсаналы түрде өзгеше тәрбиелейді.

Болашақта екеуінің де АДАМ болатынына емес, қыз баланың басты рөлі «әйел болу» екеніне ерекше екпін қояды. Кейде ұл балаға бір әрекетті рұқсат етіп, қыз балаға астын сызып тұрып, «сен қызсың, саған болмайды» деп тыйым салады. Мен оның физиологиялық ерекшелігіне қатысты айтып отырған жоқпын, дүниені танып білсем деген талабына қатысты айтамын. Содан келіп, қыз балалардың санасында бізге белгілі бір мамандықты меңгеруге болмайды екен дегендей стереотип қалыптасады. Бұлар біздің аналарымызға сіңірген және бізге бейсаналы түрде берілген. Өйткені біз анамыздың, әпкелеріміздің әрекетін, таңдауын тәрбие моделі деп білеміз.

Одан кейін, әйел құқы десек, өре түрегеледі. Қоғамдағы түрлі, мәселен, әйелдерге жасалған дискриминация, зорлық-зомбылық туралы статистикаға жүгінбей, жағдайды өзінің айналасындағы бес-алты үймен өлшеп, «сізге кім қысым көрсетіп жатыр?» деген уәжді алға тартады. Кешірерсіз, ер адамдар «бөріктінің намысы бір» дейді ғой. Олар болса, біз неге әпке-жеңгелеріміз, сіңлілеріміз зорлықтың құрбаны болып жатса, өзіміздің төрт құбыламыз тең екен деп, алаңсыз отыруымыз керек?

Жалпы біреуді нәсіліне, түріне, жынысына қарай кемсіту – адамгершілікке жат. Сол себепті феминизмнің астарында гуманизм жатыр деп жиі айтамыз. Феминизм – адамзаттық құндылық. Әлемнің дамыған елдері гендерлік теңдік орнату үшін түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, туындаған мәселені қоғамдық дискурсқа айналдырып жатыр. Сол зерттеулерге сүйенсек, әсіресе посткеңестік және бодан болған елдерде әйел құқы ерекше тапталады.

Өзіміздің қоғамнан қарапайым мысал алып көрейік. Бізде әйел адам құрметке ие болу үшін үлкен еңбек сіңіруге тиіс. Ол алдымен келін болып қызмет етеді, оның төзімі мен мінезі сынға түседі. Одан соң бірнеше баланы дүниеге әкеліп, оны тәрбиелеп өсіреді. Балалары өсіп-жетіліп, қатарға қосылғаннан кейін ғана оның отбасындағы статусы өсіп, отанасы рөлін ие болып, құрметі артады. Ал оған дейін әйел адамның жеке тұлғалық болмысы, білімі, ақылы, адамгершілігі ешқандай рөл ойнамайды.

Әдетте ұл баланы табыс әкелуші рөліне дайындап, «сен бастық боласың, президент боласың, директор боласың» деп құлағына құямыз. Қыз баласына осылай армандауды үйрететін ата-ана некен-саяқ. Қазір ажырасу статистикасы өте жоғары. Ол ер балаға отбасында табыс табудан басқа да жауапкершілік барын түсіндірмегеннен деп білемін. Көп ер адам бала тәрбиесін әйелге жүктеп тастаған. Үй шаруасына тегі араласпайды. Өйткені олар да стереотиптің құрбаны. Патриархал қоғамның үстемдік құруына атсалысқан біздің ана-әжелеріміз ұлдарының көкейіне жалған намыстың дәнін сеуіп өсірген. Содан олар өз отбасының, өз үйінің шаруасын істеуге арланады. «Кемпірі жоқ шал жетім» деп неге айтамыз? Өйткені ер адам тірлікке араласпағандықтан ештеңеге қырсыз болады. Сол стереотиптің салдарын жасы келгенде осылай тартып жатады.

Стереотиптер біздің өмірімізді қиындатып, отбасы институтының дамуына кедергі келтіріп жатыр. Феминизм біздің ұлттық құндылықтарға қайшы, отбасын бұзатын фактор деушілерге мынаны айтқым келеді: қазіргі заманда отбасының бұзылуына бірден-бір себеп – феминизм емес, ескі, құндылығы жойылған таптаурын көзқарастар, кеңес кезеңі санамызға сіңірген стереотиптер.

– Әйелдердің әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі және қызметтегі ер мен әйел үлесінің арасалмағында неге айырмашылық үлкен?

– Өйткені әйел адам отбасы құрғаннан кейін өмірінің көп бөлігін баланы көтеруге, бағып-қағуға, өзге де тәрбиесімен айналысуға арнайды. Бұл уақытта ер адам алаңсыз мансап қуады. Әйел адам орта есеппен 3 бала дүниеге әкеледі деп алайық. Әрбір баланы өмірге әкеліп, қанатын қатайтып, бала бақша жасына жеткенге дейін бағып-қағуға 4 жыл уақыт кетеді. Әйел адамның орта есеппен 12 жыл өмірі бала бағумен өтеді. Сіздің алдыңызға жұмыс сұрап екі адам келді делік. Бір уақытта диплом алған ер адам мен әйел адам. Ер адамның 12 жылдық жұмыс тәжірибесі бар, әйел адам мүлде тәжірибесіз. Жұмыс беруші ретінде қайсына басымдық бересіз?

Статистикаға сүйенсек, қазақ қоғамында ЖОО оқитын қыз балалардың үлес салмағы ер балаларға қарағанда көп. Демек жоғары білімді әйелдер ер адамдарға қарағанда басым деген сөз. Алайда олардың көбі отбасын құрғаннан кейін өзін мүлде ұмытып, отбасына беріледі. Мансап қуа алмайды. Ол әйелдің қабілеті нашар, ер адамнан кем талантты деген сөз емес. Потенциал тұрғысынан алсақ, екеуінің шама-шарқы бірдей. Бірақ әйелдің өзін-өзі дамытып, мансап қуып, белгілі бір саланың кәсіби маманы болуға әлеуметтік рөлі мүмкіндік бермейді.

Кейбірі баланы да туып, қызметті де қатар алып жүремін деп, титықтап кетеді. Өйткені өмір соған мәжбүрлейді. Елімізде базалық қажеттіліктері толық шешілмеген отбасы көп. Бір адамның жалақысы бүкіл отбасын асырауға жетпегендіктен, әйелдер әрі бала тууға, әрі жұмыс істеп ақша табуға мәжбүр. Бұл үлкен әлеуметтік проблема. Біз қоғам болып, балалы әйелдің жағдайын жасауды қолға алмасақ, тағы да отбасы институты зардап шегеді. Ол үшін ер адамдарға отбасы құндылығын, өзі сияқты 8 сағат жұмыс істейтін әйеліне үй тірлігіне қолғабыс ету керегін дәріптеу керек шығар, білмеймін. Сонда бәлкім қызметте, билікте әйел адамдар мен ер адамдардың үлес салмағы теңесер. Сонда бәлкім әйелге тұлға деп қарайтын қоғам қалыптасар. Әрине, егер патриархал қоғамға әйелдердің мансап қумай, тек отбасы тірлігімен айналысқаны, оны еңбек күші ретінде пайдалану қолайлы болса, мұндай ілгерілу ешқашан болмайды.

Статистикаға жүгінсек, әлем бойынша ғылыми, техникалық, инженерлік және математика (STEM) мамандықтарында әйел адамның үлес салмағы әлі күнге өте аз. Ол біздің қоғамда ғана емес, дамыған елдердің өзінде осылай. АҚШ-та қыз балаларды STEM мамандықтарына дайындауға қатысты түрлі бағдарламалар қолға алынған. Қазірдің өзінде 2024 жылғы дерекке сүйенсек, осы мамандықтарды меңгеріп шыққан әйелдердің үлес салмағы он жыл бұрынғымен салыстырғанда 8-10 пайызға артқан. Мұның бәрі гендерлік теңдік мәселесі әлемдік деңгейде дискурсқа айналғанның арқасы. Өзге елдің қыз баласы техникалық мамандықты меңгеріп жатса, біздің қазақ қыздарына ол қол емес деп неге айтуымыз керек? Неге біз қыз балалардың арманын шектейміз?

– «Әйел ерден бір саты төмен» деген түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты дұрыс және зайырлы қоғамға сай түсінік деп ойлайсыз?

– «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді ғой. Сол сияқты, кейбір мақалдарды, қашан шыққаны белгісіз, бір кездері патриархал қоғам елді басқарудың құралы ретінде таратып жіберген болуы мүмкін. Зерттесек, адамды жынысына қарай кемсітетін мақал-мәтел, түсініктер бізде ғана емес, бүкіл елде бар. Сол үшін қазақ қоғамы ғана осындай деп диагноз қоюға болмайды.

Шынына келсек, ертеде бізде бәрі керісінше болған. Ол үшін жай ғана төл фольклорымызға үңілсек жетіп жатыр. Патшаның қызын мұрагер сайлайтыны, оған үйлену үшін жас жігіттердің күш сынасатыны ежелгі ертегілерде бар ғой. Арыға бармай, «Қыз Жібектің» өзін алайық. Батырлар жырында қыздарды қалай суреттейді? «Қамбар батыр» жырындағы Назымның келбеті қандай? Бұл біздің халықтың қыз баласын қалай қастерлегенін көрсетеді. Әйел ерінің ақылшысы, кеңесшісі болған. Бұл түсінік қалай және қашан өзгеріп кеткені тарих білетіндердің бәріне аян. Ал енді зайырлы қоғамда ерлі-зайыптылар септесіп, сыйласып, бір-бірінің таңдауын құрметтеп өмір сүрмесе болмайтын халге жеттік. Заман талабы сондай. Құндылықтары ұқсамайтын адамдар құрған отбасы көпке бармайды.

Жалпы адамнан адамды кем немесе артық көру қалай өзі? Өз басым біреудің орнын белгілеу, біреуді кемсіту, статусына, табатын табысына қарай құрметтеу дегенді түсінбеймін. Ал егер әйел адам өзін сол орында (ерінің төменгі жағында) жайлы сезінсе, оның таңдауына құрметпен қараймын.

– Келін болу институтын қазақ қоғамы қалай түсінеді? Үйдің келінін бағалай алып жүрміз бе?

– Халық урбанизация үдерісінің бел ортасында. Қалаларда моно-отбасы көптеп пайда болды. Жастардың көпшілігі отбасын құрған соң күн көру үшін әулеттен бөлек кетіп, қалаға қоныстанып, тіршілік жасап жатыр. Сондықтан қазір қалалық келіндер бұрынғы біздің жеңгелеріміз сияқты бүкіл әулетке қызмет етпейді. Оның ішінде мен де бармын. Бұл енді табиғи процесс. Қалада тұрғандықтан, өз басым ел жаққа 1-2 жылда бір рет барамын. Сол кезде үлкендердің батасын алып қалуға, әжелеріміздің әңгімесін тыңдап қалуға, оларға қызмет етіп, шайын құйып, тамағын әзірлеп беруге тырысамын. Мен мұны біреуге келін болып, қызмет ету деп емес, жақындарыма қамқорлық, үлкендерге ізет деп білемін. Абысын-ажынмен әзілдесіп, аналарымыз бен әпкелеріміздің қас-қабағына қарап, той-томалақтарда жүгіріп жүріп қызмет етудің өз қызығы бар.

Дегенмен жоғарыда айтып кеткенімдей, келінді «статусы» өскенше отбасы мүшесі ретінде қабылдамау, шыққан тегіне қарай бағалау, білместігін бетіне басу, қит етсе жазғыру сияқты адамгершілікке жат әрекеттер жиі кездеседі. Жалпы, жақсылық та, жамандық та бумеранг сияқты ғой. Айналып барып келесі буынға беріледі. Сондықтан ұрпағыңызға ізгілік қалдырғыңыз келе ме, қатыгездік қалдырғыңыз келе ме, ол сіздің таңдауыңыз. Егер сіз үлкен буыннан үстемдік көрсеңіз, оны келесі буынға, өз келініңізге жалғайсыз. Ол өз балаларына сізден көргенін береді. Сынап-мінеу, кемсіту, жазғыру сияқты жағымсыз мінез-құлық сөйтіп үздіксіз жалғаса береді. Кейде бейсаналы түрде. Ал сіз ізгілік таратушы боламын деп шешсеңіз, мәселенің астарына үңіліп, қаталдықтың қайдан шыққанын түсініп, сол жерден шорт кесесіз де, келесі буынға көргеніңізді емес, түйгеніңізді бересіз. Кез келген қарым-қатынас адамгершілікке, сыйластыққа құрылса ғана, өмір ізгілене түседі.

Біреудің әлі оң мен солын танып білмеген баласы сіздің ұлыңызды сүйіп, сеніп, үмітін үкілеп, ары қарайғы бүкіл ғұмырын сіздермен бірге өткіземін, осы әулеттің ұрпағын өрбітемін деп, арманның жетегінде келеді. Оның аяулы арманына қалай қиянат жасауға болады?

Келін болу – меңгеретін өнер емес. Келін – әулеттің қызметшісі емес, туыстық атау ғана. Заман бізге осыны ұқтырар деп үміттенемін.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Менің қазағымның ханымдары

Менің қазағымның ханымдары! Оңтүстік азияның күңдеріндей етегін сүйретіп именшіктемеген… Таяу шығыстың әйелдеріндей келбетін жасырып төменшіктемеген… Батыс