Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты: тарихи жетістік

46 рет қаралды

Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Сербияның Ниш қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетті.

Жарысқа тәжірибелі боксшылар мен жастар буынан енді ауысқан жастардан құралған командамен барған құрама үш алтын, екі күміс, бір қола медаль жеңіп алды.
Бұл қазақ әйелдер боксындағы ерекше оқиға десе де болады. Бұған дейін біздің боксшы қыздар 2016 жылы елордада өткен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен еді. Ол біріншілікте біздің қыздар 4 алтын, 2 қола медаль жеңіп алған-ды. Турнир барысында жерлестеріміз 35 жекпе-жек өткізіп, оның 26-сында жеңіске жетті.

Қорытындысында ең жеңіл салмақтағы Назым Қызайбай (48 кг) алтын жүлде иеленді. Тәжірибелі боксшы Париж олимпиадасынан бері шаршы алаңға шықпады. Кей жанкүйерлер 6 айға созылған үзіліс назымға кері әсер етпей ме деген қорқынышын да жасырмады. Десе де Назым бабында екен. Бұған дейін 2014 және 2016 жылдары әлем біріншілігінде топ жарған Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық боксшы атанды.

Фото: t.me/sportilinet

Назымның жетістігі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарын аударды. Президент Назымды әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтады.

– Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербиядағы әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін, – деді Президент.

Алуа Балқыбекова (50 кг) 2022 жылы Түркиядағы әлем чемпионатында күміс, 2023 жылы Үндістанда қола жүлдегер атанған Алуа Сербияға тек алтын үшін бара жатқаны байқалды. Ол жекпе-жектері барысында да өзін алтыннан басқа медаль қанағаттардырмайтынын көрсетті. Финалда қытайлық боксшыны ойнап жүріп жеңген Алуа әлем чемпионатының барлық жүлде жиынтығын иеленген боксшы.

 Аида Әбікеева (63 кг) – Аида да шебер боксшы екенін дәлелдеді. Финалда бейне бір жаттығуда жүргендей ойнап берген Аида былтыр Азия біріншілігінде үздік атанса, биыл әлемдік деңгейдегі алғашқы алтын медалін иеленді.

  Виктория Графеева (60 кг) – финалға дейін сенімді өнер көрсетіп, ақтық сында ғана қарсыласына есе жіберді. Әлем чемпионатына алғашқы рет қатысқан Вика болашағы жарқын спортшы екенін дәлелдей алды.

 Елдана Тәліпова (+81 кг) – ауыр салмақтағы еліміздің ең үздік боксшылардың бірі екенін дәлелдеп, күміс жүлдеге ие болды.

 Наталья Богданова (70 кг) Наталья жартылай финалда жеңіліс тапқанымен, әлемдік деңгейдегі үздік үштіктің қатарынан көрінді. Ол да үлкен жетістік.

Қазақстан әйелдер құрамасы бұл әлем чемпионатында өз тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің бірін көрсетті. Жалпыкомандалық есепте біздің қыздар екінші орын иеленді. Ал көш басына 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде алған ресейлік спортшылар жайғасты. Біздің қыздар 3 алтын, 2 күміс, 1 қола жеңіп алса, 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медалі бар Түркия құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

– Көңіл күй жақсы. Жарыс басталған күннен аяғына дейін қолдау танытқан жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Назым үш дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл бапкерлер мен боксшылардың ғана емес құрамаға енген дәрігер, массажист жалпы команданың ортақ жеңісі. Біздің тілеуімізді тіле, жанкүйерлік еткен барша отандасымызға алғысымыз шексіз,– жарыстан соң отандық БАҚ өкілдеріне сұзбат берген құрама бас бапкері Елдос Сайдалин.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар