Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатының екінші жарыс күні қазақ палуандары үшін сәтсіз басталды.
Алдымен 60 келідегі Қабдыл Бақытжан, артынша 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет және 72 келі тартатын Әділхан Сатаев іріктеу бәсекелерінде жеңілді.
Олардан соң 97 келідегі Ильяс Гучигов жарыс жолынан шығып қалды.
Тек 82 келіде белдескен Омар Сатаев намысты қолдан бермеді.
Алдымен Оңтүстік Корея, Жапон палуанын алып ұрған Омар финалға алқынбай жетті.
Бірақ ақтық сында қазақ палуанының жолы болмай Мұхаммад Агис Нагусиге жол берді.
Бәсекеден соң спорт арнаға сұхбат берген Омар өзінің ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты сәтті дегенімен, күміске көңілі толмайтынын айтты.
Осымен грек-рим күресі шеберлері Азия чемпионатын аяқтады. Палуандар қоржынға екі күміс, екі қола салды.
Енді жарысты еркін күрес шеберлері мен бұрымды палуандар жалғастырады.
Түгелбай Бисен
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыт
дирекциясының баспасөз қызметі
Парақшамызға жазылыңыз