Суретті ЖИ генерациялаған
Соңғы кездері заң шығарушы билік өкілдерінің кәмелетке толмағандар үшін әлеуметтік желіні шектеу жайлы ұсыныстары жиілеп кетті. Көбі әлеуметтік желілердің бала психикасына кері әсер ететінін, тіпті суицидқа апаратынын да айтып, түрлі шектеу енгізуге шақырған.
Мысалы, депутат Жарқынбек Амантай мәжіліс отырысында жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді «бақылаусыз» пайдалануы олардың болашағына кері әсерін тигізетінін айтып, бұл мәселені заңмен реттеу керегін айтты. Ол әлеуметтік желі мен онлайн ойындарды ойнау бойынша жас шектеуін енгізу, кәмелетке толмағандарға гаджет қолдану уақытын белгілеуді және ата-аналарға балаларының желіде өткізетін уақытын, іс-әрекетін қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынды.
Бұған дейін күзде Сенат депутаты Геннадий Шиповских TikTok желісін 13 жасқа толмаған балалар үшін шектеуді ұсынса, кейін ақпан айында Жанарбек Әшімжан «балалардың әліпбиі–әлеуметтік желі, «емізігі» –TikTok, бесік жыры–Instagram болды» деп назданған болатын.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстандағы 6 мен 15 жас аралығындағы балалардың 92%-ы интернет қолданушысы. Орталық Азияда жасөспірімдердің әлеуметтік желі мен видео ойындарға тәуелділігі 7%-дан 11%-ға артқан. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы бұл балалардың психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатының төмендеуіне себеп болады деп есептейді.
Фото: almondsolutions.com
Қазақстаннан өзге елдер қандай шара қолданған?
Қазақстаннан басқа бірнеше Орталық Азия елінде TikTok п латформасы бұғатталған. Олардың себептері әр түрлі. Соңғылардың бірі болып Қырғызстан 2024 жылы көктемде «балалардың денсаулығына зиян келтіру» туралы заңды сақтамағаны үшін шектеу қойды. Көбіне билік өкілдері, ата-аналар TikTok-та «әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүр мен салтқа қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын» контент TikTok сынды желілерде емін-еркін жүреді дейді.
Желіге шектеулер балаларды қорғай ала ма?
Психолог Дина Байдилдаева FactCheck.kz-ке берген сұхбатында әлеуметтік желіні бұғаттау мәселені толық шешпейтінін, «әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің баланың ішкі қиындықтарға деген сигналы» болуы мүмкін екенін айтып, әлеуметтік желіні бұғаттау шешім емес деді.
«Гражданская инициатива интернет-политики» қоғамдық қорының басшысы Татту Мамбеталиева Қырғызстандағы TikTok-тың бұғатталуын «ата-аналардың өз жауапкершілігін үкіметке артуы, ата-аналар балаларының не қарайтынын өздері қадағалауы қажет» деп бағалады 24.kg сайтына берген сұхбатында.
Желіге шектеу енгізу тиімсіз болса, қосымшалар балаларды қалай қорғайды?
ByreDance компаниясы иелік ететін TikTok қосымшасында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі функция бар. Мысалы, желіге тіркелу үшін бала кем дегенде 13-те болуы керек, онымен қоса оның аккаунты әдеттен жабық болады, тікелей эфирге шығу мүмкіндігі жоқ, қаржы транзакцияларын жасауға мүмкіндік жоқ және т. б. шектеу бар.
Фото: fulfillbot.com
Оған қоса платформа 2024 жылы TikTok онлайн қауіпсіздік бойынша Praesidio Safeguarding агенттігімен бірлесе «Жаһандық жастар кеңесінің» ашылғанын хабарлады. Кеңесте 13 пен 18 жас арасындағы АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Индонезия, Ирландия, Кения сияқты елдерден 15 жасөспірім бар. Terence мақсаты – қолданбаны балалардың қауіпсіздігін сақтайтын орта құру.
Қазақстанда жасөспірімдің көбі тіркелген тағы бір желі Instagram да TikTok-қа ілесе жасөспірімдерді желіде қорғау шараларын жасап жатыр.
Бұл шаралар балаларды қорғай ала ма? Жағдай қалай?
«Технологияны технологиямен шектеу керек»
Математика мұғалімі, мектепте IT ісі бойынша меңгеруші Дәуіт Сұраған телефонның 13-мүше болып кеткенін, баланың да, ересектің соған тәуелді екенін айтты.
– Қытайдың өздерінің бөлек әлеуметтік желілері бар. Ол жерде рекомендациясын арнайы балалардың дамуы үшін жасап қояды-мыс. Біздің елімізде де солай жасайтын альтернативті қосымша болса, – деп мәселенің тек альтернативті жол арқылы шешіле алатынын айтты.
Ол «технологияны технологиямен шектеу керек» деген позицияны ұстану жөн дейді. Балалардың әрқашан өз жасын жасырып, тіркелуге рұқсат етілген жасты тіркеуге болатынын айтты.
2022 жылы Ұлыбританияда 1,6 миллион баланың өз жасына (тіркелуіге рұқсат етілген жасқа жетпей) жетпей, әлеуметтік желіде аккаунт ашқаны белгілі болды.
Альтерниваға келер болсақ, TikTok-қа иелік ететін ByteDance Қытай нарығына Douyin қолданбасын шығарған. Ол желіде 2021 жылдан бастап 14-ке толмаған тіркелушілер күніне 40 минуттан артық отыра алмайды. Сонымен қатар желі жасөспірімдерге ғылыми видеолардан бастап музей көрмелері көрсетіп, ынталандырмақ ойы бар.
Қазақстан билігінің алда қандай шара қолданары белгісіз. Бірақ билік өкілдерінің жиілеп кеткен сөзіне қарағанда әлдебір өзгерістің болуы мүмкін.
Нұралы Орақбай,
SDU журналистика мектебінің І курс студенті
Парақшамызға жазылыңыз