///

Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздық: «Қазлифт» компаниясының күмәнді мәмілелері

411 рет қаралды
Фото: ЖИ

Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу саласында заң бұзушылық анықталды. Қоғам белсендісі Бауыржан Закидің зерттеуіне сәйкес, goszakup.gov.kz порталындағы мәліметтер бойынша, 2024 жылдың 28 қарашасында Облыстық кардиология орталығы мен «Қазақстандық лифт компаниясы Қазлифт» ЖШС-і арасында 70,6 миллион теңгеге №283 келісімшарт жасалған. Аталған келісімшарт бойынша төрт жүк лифтісі (көтергіштігі 630 кг) сатып алынуы тиіс болған.

Жасалған шарттың техникалық сипаттамасына сәйкес, лифтілер:

  • 12 желтоқсанға дейін жеткізілуі керек;
  • Жаңа, 2024 жылғы өндірістен шыққан болуы тиіс;
  • Толық комплектацияда келуі қажет;
  • Ескі лифтілерді алып тастап, жаңасын орнату міндеттелген;
  • 6 қабатты ғимаратқа арналған.

Алайда, Облыстық кардиология орталығының ғимараты бар болғаны 3 қабатты. Демек, 6 қабатқа арналған лифтіні сатып алудың ешбір қажеттілігі болмаған. Сонымен қатар, техникалық сипаттамада заңсыз түрде болашақта алынатын лифтінің «LGS» маркалы «HD» моделі және өндіруші компания ретінде «Қазақстандық лифт компаниясы Қазлифт» ЖШС-і көрсетілген.

Фото: @zaki_consulting

Шарт мерзімінде орындалмады

Шартқа сәйкес, 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін лифт орнатылып, толық пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ 2025 жылдың 3 наурызындағы жағдай бойынша ғимаратта жаңа лифтілер орнатылмаған. Лифт жабдықтары сыртында ағылшын және қытай тілдерінде AVIALIFT Alibi-L3 деген жазу бар. Бұл атауды іздегенде, avialift.ru сайты шығып, лифтінің орыс-қытай бірлескен өндірісі екені анықталды.

Лифтінің интернеттегі бағасы 8 460 000 теңге болса, келісімшартта көрсетілген баға 17 662 400 теңге. Яғни, сатып алынған тауардың бағасы екі есеге (208%) артық көрсетілген.

Фото: @zaki_consulting

Қаржылық заңсыздықтар

Шарттың орындалмауына байланысты 2024 жылдың 28 қарашасы мен 31 желтоқсаны аралығындағы 33 күн үшін компания 2,3 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс еді. Бірақ, Кардиология орталығы төлем жасаған кезде бұл соманы өндіріп алмаған.

Оған қоса, «Қазақстандық лифт компаниясы Қазлифт» ЖШС-і 2018 жылы тіркелген, ал 2024 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында отандық тауар өндіруші ретінде тіркелген. Алайда, компания мемлекеттік сатып алу порталында жалпы сомасы 736,7 миллион теңгені құрайтын 26 келісімшарт жасаған. Қазіргі таңда тек 5 келісімшарт (164 млн теңге) орындалған, ал қалған 21 шарт күмәнді, яғни тексеру қажет.

Құқықтық шаралар

Қоғам белсендісі Бауыржан Заки аталған заңсыздықтарға байланысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне (Антикор) ресми хат жолдап, Облыстық кардиология орталығының директоры Арман Байдеуов пен «Қазақстандық лифт компаниясы Қазлифт» ЖШС-нің басшысы Тимур Нұрмағамбетовті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады.

Сонымен қатар, Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Мақсат Оразбаев 2024 жылғы 23 қыркүйекте осы компаниямен ауруханалық жаңа лифтіні сатып алу және орнату туралы шарт жасасқан. Шарт бойынша екі лифтінің жалпы құны – 37 296 000 теңге, әрқайсысы 18,6 млн теңге. Аурухана басшылығы заңға сәйкес әрекет етіп, «Қазлифт» ЖШС-нің тауарды келісімшарттағы мерзім – 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін жеткізбегені үшін сотқа жүгінді. 2025 жылғы 13 ақпанда соттың шешімімен «Қазлифт» жосықсыз қатысушы деп танылды.

Заң не дейді?

Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) немесе 361-бабы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша саралануы мүмкін.

Бұл оқиға мемлекеттік сатып алу саласындағы жүйелі мәселелерді айқын көрсетеді. Бюджет қаражатының ашықтығы мен тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін мұндай заңсыздықтарға жол бермеу маңызды. Жауапты органдар бұл істі жан-жақты тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы келісімшарттардың орындалуын қатаң бақылау қажет.

Дереккөз: Қоғам белсендісі, заңгер Бауыржан Закидің зерттеуі

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар