//

Қазақ футболында тағы бір дау туа ма?

182 рет қаралды

Фото: gov.kz

Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясына (ҚФФ) жүргізілген тексерудің жай-жапсарын жария етті.  Ел футболы федерациясы мен бірқатар футбол клубында жүргізілген тексеру нәтижесінде 3 миллиард теңгені құрайтын заң бұзушылықтар анықталған. Ондай келеңсіздік негізінен қаражаттың орынсыз жұмсалуымен байланысты.

Gov.kz сайтында жарияланған ақпаратта негізгі бұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде  қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бар. Атап айтқанда, федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 миллион теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлегені айтылған. Сонымен қатар федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін 350 миллион теңгеден астам қаржыға төлемдер жасалған. 2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы қазіргі таңда тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған.

Одан бөлек 135 миллион теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы да күмән тудырады. Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмегені де ақпаратта анық жазылып тұр.

«Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы тексерулерде келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар бұзушылық анықталған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы басталған. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін Қаржы мониториңі агенттігіне берілді.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар