Мемлекеттік тілді дамыту институты «Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тіл» атты жиын өткізді.
Жиында қатысушыларға «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі: деңгейлері мен сатылары» атты жинақ таныстырылды. 11 бөлімнен құралған жинақта мектепке дейінгі және бастауыш мектептегі, орта мектептер мен колледждердегі және жоғарғы оқу орындарында, тіл үйрету курстарында мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқытудың мәселелері мен ондағы қиындықтар, шешу жолдары туралы айтқан ғалымдар мен практик мамандардың материалдары жинақталған.
Жиынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Тыныштық Ермекова кіріспе сөзімен ашты. Әрі қарай Салтанат Жантасова «Мектеп жасына дейінгі балаларға мемлекеттік тілді оқыту тәжірибесі» атты баяндамасын жасаса, Мархабат Жошыбаева «Бастауыш сыныпта оқушы ойын толық әрі сауатты жеткізе алуына жағдай жасау» жөнінде сөз сөйледі. Әрі қарай Бижомарт Қапалбек «Қазақ тілін орта мектепте оқытудың жай-күйі» тақырыбында сөз қозғады.
«Қазақ тілін пән ретінде оқытудың қазақ мектептеріне бөлінген сағат саны орыс мектептеріндегіден аз:
- Қазақ мектептеріндегі қазақ тіліне бір жылға 1 048 сағат бөлінген.
- Орыс мектептеріндегі қазақ тіліне бір жылға 1 256 сағат бөлінген.
– Қазақ тілі пәні оқушыларға өзге пәндер сияқты ішінара керек білімді емес, тек тегіс керек білімді үйретеді. Өйткені сөйлемейтін физик, жазбайтын химик болмайды. Олар ғана емес, айналадағы барлық адам сөйлейді, жазады. Тіл саясаты үш тағанға сүйеніп жүргізіледі: 1) тіл саясатының құқықтық негізі болуы керек; 2) тіл саясаты қоғамға насихатталауы керек; 3) оның қаржылай қолдауы болу керек. Бұлардың бәрі бізде бар, бірақ жүйесіз. Қазір әдістемешілер қазақ тілі пәнін оқытуда шет тілі ретінде оқыту, ана тілі ретінде оқыту, екінші тіл ретінде оқыту және т.б. деп әбден жұлмалап тастады. Негізінен қазақ тілі бір мемлекеттің мемлекеттік тілі болатындықтан, оны оқытудың біртұтас жүйесі болуы керек. Қазақ тілі пәні сол екі дағдының әдеби тіл нормасына сай болуын үйретеді. Орыс мектептеріндегі әдебиет пәні қазақ тілімен кіріктіріліп, бір пән ретінде оқытылады. Ал қазақ мектебінде әзірше бұл пән бөлек-бөлек оқытылып жүр. Бұл – дұрыс. Әдебиет пәнінің мақсаты – оқушы бойына ұлттық құндылықты сіңіріп, эстетикалық тәрбие беріп, ұлттың болашағын тәрбиелеу болса, қазақ тілінің мақсаты – сауатты сөйлеп, жазуға үйрету, – дейді Б.Қапалбек.
№97 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Серікқызы «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде ұлттық құндылыққа негізделген мәтіндермен жұмыстың маңызы» тақырыбын тарқатса, Алматы экономикалық-құқықтық және педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Айбек Тұрғанбетұлы «Колледждерде қазақ тілін оқытудың әдістері мен мазмұны» атты баяндама жасады. Алматы автомобиль және сән индустриясы колледжінің қазақ тілі пәні оқытушысы Толқын Закеновна «Техникалық арнаулы орта білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқытудағы қайшылықтар» атты орта білім беру ұйымдарындағы қайшылықтарды айшықтады. Колледж студенттеріне мемлекеттік тілді оқытудағы қиындықтарға тоқталып, қазіргі кезде белең алған проблемаларды көрсетті. Бір оқытушының бірнеше пәннен дәріс беруі, тиесілі сағат жүктемесімен толық қамтылмауы, жалақының аздығы, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу пәнінің сағат саны қысқаруы, өзге де мәселелерге тоқталды. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры (доцент) ф.ғ.к. Күлзинат Мейрамбайқызы «Жоғары оқу орындарында тіл мамандарын дайындайтын білім беру бағдарламаларын сараптаудан туындайтын мәселелер жайында» сөз етті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, социолингвист-ғалым Аман Мәделханұлы «ЖОО-ның тілдік және тілдік емес мамандықтардағы қазақ тілін оқыту» жайында баяндама жасаса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Жанна Жалайыровна көпшілікке «Мемлекеттік тілді бағалаудың қазіргі жағдайынан» хабардар етті. Ал Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері Бекзат Ғабитқызы «Ересектерді оқытудағы жүйесіздік» атты тақырыпта баяндама жасады. Тілді үйретуде белгілі бір жүйе болуы керек. Жер-жердегі тіл орталықтарының басты мақсаты мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету, соларға арнап оқу-әдістемелік құралдар шығару болғандықтан, барлығы білгенін ортаға салып, ақылдасып, республикалық орталықтан бекітіліп ұсынылған бағдарлама бойынша жұмыс жасағаны әлдеқайда тиімді болар еді дейді. Осылайша баяндамашылар мемлекеттік тілді оқытудағы мектепке дейінгі балалар мен ересектер арасындағы әр сатыны қамти отырып, мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі жайлы ақпарат берді.
Жиында тұсауы кесілген жинақ қатысушыларға тегін таратылды. Мемлекеттік тілді дамыту институты осы бағыттағы зерттеулерін, мемлекеттік тілді оқытудың жүйесін жалғастырып, алда ұжымдық монография шығаруды жоспарлап отыр.
Бекзат Ғабитқызы
Фотоға түсірген: Аяла Біржанқызы
Парақшамызға жазылыңыз