2025 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция 9,4%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, тұтыну бағаларының айлық индексі 1,5%-ға жетті. Оның ішінде ақылы қызметтер 2,1%-ға, азық-түлік тауарлары 1,5%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1%-ға қымбаттаған.
Коммуналдық қызметтер тарифтері қалай өзгерді?
Суық судың бағасы 29,2%-ға қымбаттады. Орталық жылыту тарифі 6,2%-ға өсті. Ыстық судың құны 5,3%-ға көтерілсе, домофон қызметінің бағасы 4,7%-ға артты. Ал электр энергиясының тарифі 1,8%-ға қымбаттады.
Басқа қызмет түрлері бойынша да баға өсімі байқалды. Оның ішінде монша қызметтері 2,1%-ға, алғашқы дәрігерлік қабылдау бағасы 1,9%-ға көтерілді. Ал шаштараз бен сұлулық салондарының қызмет құны 1,3%-ға артты.
Азық-түлік бағасындағы өзгерістер
Кейбір өнімдердің бағасы айтарлықтай қымбаттады. Қияр 12,7%-ға, қырыққабат 12,3%-ға, қызанақ 6,1%-ға, қызылша 5,1%-ға, лимон 4,9%-ға қымбаттады. Сонымен қатар, сиыр еті 3,7%-ға, сарымсақ 3,2%-ға, картоп пен жүзім 3,1%-ға, күнбағыс майы 3%-ға, алма 2,7%-ға, ал қой еті 2,3%-ға өсті.
Дегенмен, кейбір өнімдердің бағасы төмендегені байқалды. Апельсин 2,2%-ға, күріш 1,4%-ға, жұмыртқа 1,2%-ға, ал қарақұмық жармасы 1%-ға арзандады.
Басқа тауарлардың да бағасы өсті. Атап айтқанда, тұрмыстық техника 2,5%-ға, автокөліктер 1,3%-ға, құрылыс материалдары 1,1%-ға қымбаттады. Киім-кешек пен аяқ киім бағасы 1%-ға көтерілді. Сондай-ақ, газ баллондарының бағасы айтарлықтай өсіп, 10,5%-ға қымбаттады.
Өңірлер бойынша инфляция деңгейі әртүрлі болды. Ең жоғары айлық инфляция Астанада тіркеліп, 2,9%-ды құрады. Ал ең төменгі көрсеткіш Қызылорда және Абай облыстарында байқалып, 0,7% болды.
Азық-түлік бағасы ең көп Шымкентте өсіп, 3%-ға қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында тіркеліп, 2,5%-ға көтерілді. Ал ақылы қызметтер Астанада айтарлықтай қымбаттап, 4%-ға өсті.
2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда, жылдық инфляция бірқатар салаларда айтарлықтай өсімді көрсетті. Ақылы қызметтер 14,1%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 8,7%-ға, ал азық-түлік өнімдері 6,5%-ға қымбаттады.
Коммуналдық қызметтер ішінде суық су (70,7%), электр энергиясы (21%) және орталық жылыту (18,2%) тарифтері едәуір көтерілді. Сонымен қатар, теміржол жолаушылар тасымалы (20%), ұялы байланыс (19,5%) және медициналық қызметтер (18,4%) қымбаттады.
Техникалық құрылғылар бағасы да өсті, мәселен ноутбуктер (67,2%), газ плиталары (55,4%) және планшеттер (46,8%) қымбаттаған.
Дәрі-дәрмектер арасында Корвалол (33,2%) мен Канефрон (26,9%) бағасы өскен.
Азық-түлік бағасында картоп (62,1%), пияз (27,3%) және қырыққабат (20,2%) ең көп қымбаттады. Ал қарақұмық (20,4%), сәбіз (6,6%) және жұмыртқа (5,3%) арзандады.
Байқаумызша, бұл тенденция Қазақстан экономикасының алдағы айларда да инфляциялық қысымға тап болу ықтималдығын көрсетеді. Құзырлы органдардың қабылдайтын шаралары баға тұрақтылығына қаншалықты әсер ететінін уақыт көрсетеді.
Амина Темірханова
Парақшамызға жазылыңыз