Көлсай
Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамыту индексінде Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 ел арасынан 52-орынды иеленді. Бұған дейінгі индексте біздің ел 66-орынға орналасқан. Бұл туризм саласының дамығанының, елге келетін меймандардың көбейгенінің көрсеткіші. Оны ресми деректер де растап отыр.
Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігінің telegram арнасында жарияланған «Қазақстандағы туризм саласы: динамика, инвестиция және Neo Nomad Visa» атты жазбада 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік турист келгені айтылды. Олардың 10,4 миллионы елімізде бір күннен көп уақыт өткізген. Сол жазбада шетелдік меймандардың елімізде жоқ дегенде 4 күн болғаны да сөз болды. Сол келген өзге азаматтардың еліміздегі орташа шығыны – 1 500 АҚШ доллар. Ал былтыр елде болған шетелдік туристердің Қазақстанда жұмсаған жалпы шығыны 1,2 триллион теңгеден асты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуға тиіс екенін мәлімдеді. Сол себепті әр өңіріндің көрікті жерлерінің туристік тартымдылығын арттыру үшін жеке инвесторларды тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажеттігін тапсырды.
Қазірдің өзінде ол тапсырма біртіндеп орындалып келеді. Былтыр негізгі капиталға салған инвестиция көлемі 947,5 млрд теңге құрады. 2019-2024 жылдары 550 млрд теңгеге 605 жоба жүзеге асырылды. Өткен жылы 87 инвестициялық жоба сәтті аяқталды.
Туризм саласын дамыту мақсатында 2025-2029 жылдары
* Щучье-Бурабай курорттық өңірі
* Маңғыстау курорттық өңірі
* Алматы тау кластері сияқты үш негізгі туристік аймақты дамыту жоспарланған.
2024-2027 жылдары қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгеден асатын 181 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Сонымен қатар туризм саласында еңбек ететін адамдар санын 800 мыңға дейін арттыру мақсаты қойылды. Соңғы жылдары ішкі туризм де ілгері басты. Құзыретті министрлік ішкі туристер санын 11 миллион адамға жеткізуге құлықты. Сондай-ақ барлық қонақ үйді «eQonaq» ақпараттық жүйесіне енгізбекші. Ал негізгі жоспар дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамыту индексінде Қазақстанды 50-ші орынға дейін көтеру.
Жоспар әрине тамаша. Бірақ оның орындалуы қалай болады? Туризмді экономикасының негізгі қаржы көзіне айналдыра алған немесе осы бағыттағы жұмысты біріздендіре білген елдер бізден қай жағынан алда?
Келген қонақ ұмытылмастай әсер алып кететуі мен оған көрсетілетін қандай қызмет түрлері бізге қажет екенін саяхатшы, әлемнің біраз елінде болған Елдар Аюповтан сұрап білдік. Соңғы бір-екі жыл ішінде 8-9 елді аралап шыққан Елдар турист көп баратын елдер қонақ күту жағынан шетел әлдеқайда алда екенін жасырмады.
– Көп адам үшін жабық ел саналатын Иранның өзі турист қарсылау, оның бабын табу жағынан бізден алда. Иранға Әзірбайжан арқылы бардым. Екі ел арасындағы жаяу адамдар өтетін арнайы шекара бекетінен өткен кезде мені ирандық шекарашылар сұрақ астына алды. Олар ағылшын тілінде сұрап, мен олардың тілін түсінбегендіктен аздаған қиыншылық болды. Бірақ мен олардың емес, олар менің ыңғайыма жығылып, арнайы аудармашы тапты. Стандартты сұрақтарын қойды да кедергісіз кіргізді, – дейді Елдар.
Өз саяхатын видеоға түсіріп, оны арнайы хостиңде жариялайтын Елдар мешітте видеоға түсіру, азаматтардан сұхбат алу үшін арнайы рұқсат керектігін білмеген.
– Мешітті түсіріп жүргенімде полиция қызметкері келіп, материалды жойғызды да мұндай түсірілімдер жасау үшін арнайы рұқсат қағазы керек болатынын ескертті. Полицей ешқандай дөрекілік немесе құқымды бұзатындай әрекет танытқан жоқ, – деді саяхатшы.
Елдар біздің елдің жолдары сын көтермейтінін атап өтті.
– Иранда болғанда қалааралық жолдары қатты таң қалдырды. Табриз деген қаладан Әбердил деген қалаға барған кезде жол ортасына арнайы кедергі қойылған. Қарсы келетін көліктер бір бірімен беттеспейтіндей етіп жасалған. Ол қауіпсіз. Ал біздегі жолдардың көбі екі жолақты әрі жыл сайын көліктер көп соғысады. Ол да туристердің бізге келуіне өзіндік кедергісін тудырады. Өйткені саяхаттап келген адам өзін көшеде де, жолда да қауіпсіз сезінуі керек, – деген ойын да жасырмады Елдар.
Саяхатшы ішкі істер қызметкерлері де елге келген қонақтардың ығына жығылып, меймандардың елден жақсы әсер етіп кетуіне мүдделі болуы керек деген ойда. Сол жағынан тәртіп сақшылары, әсіресе жол полиция қызметкерлері арасында нақты түсінік жұмысы жүргізілуі керек екендігін айтты.
– Грузияда болған кезде екі қала арасында барар жолды таппай шатысып қалдық. Сол кезде полиция қызметкерлерінен көмек сұрағанымызда бізді көліктеріне отырғызып, біраз жерге дейін өздері жеткізіп тастады. Инвестиция құйғаны өз алдына ол кеткен ақша ақталуына үшін қарапайым тұрғындар да, құқық қорғаушылар да өз септігін тигізуі керек. Елге келген қонақ бізге қайта келетіндей, өзге таныстарына қазақ еліне барыңыздар деп айтатындай әсерде кетуіне ықпал еткеніміз жөн, – дейді Елдар Аюпов.
Саяхатшының мұндай ой түюіне солтүстік көршіміздің Санкт-Петербург қаласына барғандағы саяхаты түрткі болған. Қала керемет, көрікті жері көп, әсіресе біраздың арманы болған «Тур по крышам» атты ерекше саяхат түрі болғанымен ол жақтың тұрғындары туристерге жылы қабақ таныта қоймапты. Сондықтан ол енді Петерборға бармаймын деген шешімге келген.
Ерекшелік пен жеңілдік қажет-ақ
Эйфел мұнарасын көру үшін Парижге, Стоунхенджді көру үшін Ұлыбританияның Солсбери қаласына, пирамидаларды көру үшін Мысыр астанасы Қайырға, Ұлы Қытай қорғанын көргісі келгендер Қытайға барады. Түрлі деректерге сенсек, Стоунхенджді көру үшін Солсбериге жылына 1,5 милилон турист келеді екен, Эйфель мұнарасын тамашалау үшін Парижге 7 миллион адам барады. Мысырдағы пирамиданы көру үшін 8-10 миллион турист Қайыр қаласына сапарлайды. Ал Қытайдағы қорғанға 10 миллиондай адам барады.
Саяхатшы Елдар Грузияға оның табиғаты үшін қайта барғысы келетінін айтады. Оны Кахети аймағындағы Степанцминд атты шағын ауыл таң қалдырған.
– Теңіз деңгейінен 5033 метр биіктіктегі таза ауа, сан түрлі пейзаж мені ол жаққа тартады да тұрады. Аймақтағы ең танымал жерлердің бірі – Қазбек тауы мен қасиетті Троицк шіркеуі. Бұл шіркеу Грузиядағы ең көп суретке түсірілген орындардың бірі және аймақтың символы екен. Мені сонымен баурап алды. Шағын ауыл болса да келген қонағын құшақ жая қарсы алады. Қай жерге тоқтаймын. Ол жердегі қонақ үйлер менің талабыма сәйкес келе ме? Деген қорқыныш та болмайды. Өйткені барлығы әлемдік деңгейде жасалған. Ең бастысы адамдардың қонаққа деген көзқарасы түзу, – дейді саяхатшы.
Сонымен қатар Боржоми қаласына барып, әлемге әйгілі су шығып жатқан жерден бір су ішу де көпке арман.
Елдар елге келген кезде тағы қай жерге барар едің деп сұраған достары мен таныстарына Грузиядағы Степанцминд қаласына барыңдар деген кеңес береді. Өзі де тағы баруды жоспарлап отыр.
Міне турист тартудың оған дағдай жасаудың қандай әсер беретіні осыдан-ақ көруге болады. Оның үстіне Степанцминд қаласына бару да ешқандай қиындық туғызбайды екен. Қаласаң таксимен, қаламасаң автобуспен жетіп алуыңа болады. Ешқандай кідіріс, автобус жүрмей қалады деген жоқ.
Осы күні көршілес өзбек елі турист тарту жағынан бізден әлдеқайда алға шығып кеткенін де атап өтті. Айтуынша, олай болуының бір себебі туристерге виза жеңілдетілген жолмен береді. Ал қазақ елінен барған азаматтар визасыз кіре алады. Ал Түркия мен Мысырдың артықшығы «inclusive». Сондай-ақ визасыз режим.
Саяхатшы соңғы жыдары елімізде туризм саласы жаймен дамып жатқанын да айтты. Әсіресе, Түркістан мен Алматы қалалары қыдырып барған азмататрға көп дүния ұсына алады. Осыдан 9-10 жыл бұрынғы Түркістан мен қазіргі Түркістан айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады. Десе де кей өңірлердегі қонақ үй тапшылығы, қалааралық автобустардың жоқтығы, такси қызметінің қымбатшылығы мен жолдардың қауіптілігі саяхатаушыларға онша жақсы әсер қалдыра қоймайтынына налиды.
Елге келгендер қай бағытты таңдайды?
Қазақстанға келген меймандар негізінен Алматы қаласын таңдайды. Осы күні оңтүстік астана еліміздің негізгі туристік орталығына айналды. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың 9 айында қалаға келген туристер саны 14%-ға артып, 1,7 миллион адамға жеткен. Оның ішінде шетелдік туристер саны – 507,5 мың, ал ішкі туристер саны 1,2 миллион адамға жеткен.
Туристер легінің өсуі негізгі капиталға салынған инвестицияның артуымен де қатар жүреді. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 110,9 млрд теңге. Ал шетелдік туристердің шығындары ішкі қонақтардың шығынынан 8,7 есеге көп. Бұл шетелдік меймандардың қала экономикасы едәуір өсім әкелетінін көрсетеді. Министрлік есебінде Алматыға негізінен Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия және АҚШ елдерінен турист көп келетіні жазылды.
Осы күні оңтүстік астананың туристік әлеуеті халықаралық аренада табысты насихатталып келеді. «CNN Travel» Алматыны әлемдегі ең үздік туристік бағыттардың бірі ретінде атаса, «New York Times» қаланы «баруға тұрарлық 52 орынның» қатарына енгізді. Сондай-ақ «Conde Nast Traveller» Italia «Шымбұлақты» қысқы спортпен айналысуға мүмкіндік беретін үздік орындар қатарына қосты.
Шарын Шатқалы
Шымбұлақ дегеннен шығады Алматыға келген туристер арасында аталған тау-шаңғы курортына деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Шымбұлаққа Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Таяу Шығыс елдерінің азаматтары қаптайды. Былтыр «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына 1,5 миллион адам келген. Бұл Қазақстандағы курорттық және тау-шаңғы туризміне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Түркістан облысы мен көне шаһардың туристік әлеуеті де жаман емес. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан облысына 235 мың турист келген. Қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарында көрсетілген қызмет көлемі 5,3 миллиард теңгеге жеткен. Саяхатшы Елдар да соңғы жылдардағы Түркістан қаласы бұрынғыдай емес, қыдырып барған жандар үшін тартымды бола түскенін атап өтті. Олай болуының да орны бар. Өйткені былтыр облыстағы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 81,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 45,6%-ға көп. 2025 жылы өңірде 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, бұл шамамен 1 130 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысыда ішкі туризмнің маңызды бағыттарының бірі. Өңір тарихи-мәдени мұрасы, табиғи ландшафттарымен туристердің қызығушылығын арттыруда.
Одан бөлек Бурабай мен Шығыстағы Қатон-Қарағай, Маңғыстау жағындағы Бозжыра сияқты орындардың танымал бола түскенін көз көріп жүр.
Ел президенті де Туризм саласын дамытуға қатысты нақты тапсырмалар беріп, оның орындалуына туризмнің экономиканың қозғаушы күші болғанын қалайтынын әрдайым айтып отырады. Жуырда өткен Ұлттық құрылтай кеңесінде президент:
«Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді», – деді.
Жасыратыны жоқ туризм ел қазынасын толтырудың тиімді жолдарының бірі. Жоғарыда өзге елдердің тәжірибесін көрген саяхатшының пікірінен де елдің оң имиджін қалыптастыруға туризмнің үлкен ықпалы тиетінін де көрдік. Сондықтан бұл саланың дамуына тек жауапты тұлғалар ғана емес, барша ел мүдделі болғаны абзал.
Түгелбай Бисен
Фото авторы: Динара Насыр
Парақшамызға жазылыңыз