Көкшетауда жаңа жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, құрылыс 2024 жылдың жазында басталып, бүгінде дайындық жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша станция 2028 жылы пайдалануға беріледі.
Құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Әкімнің айтуынша, наурыз-сәуір айларында қар толық ерігеннен кейін, алғашқы дайындық кезеңі басталады. Бұл кезеңде:
- Жерді жоспарлау және құрылыс алаңын әзірлеу;
- Қызметкерлерге арналған тұрғын және өндірістік нысандар салу;
- Инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары атқарылады.
“Қазірдің өзінде Көкшетау ЖЭО-ны басқаратын коммуналдық кәсіпорын – “КокшеТЭЦ” (КөкшеЖЭО) құрылды. Құрылыс 36 ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда”, – деді Ахметжанов.
ЖЭО қашан іске қосылады?
Көкшетауда ғана емес, Қазақстанның тағы екі қаласында – Семей мен Өскеменде де ресейлік инвестиция есебінен жаңа ЖЭО салынуда. Үш станцияның бәрін 2028 жылы толық пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кетейік, Көкшетаудағы жаңа ЖЭО қаладағы жылу тапшылығын шешіп, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Құрылыс барысы алдағы уақытта да жергілікті биліктің бақылауында болады.