///

Сәния Ерзат: «Театрда армандаған ролдерімнің 90 пайызын орындап шыққан екенмін»

201 рет қаралды

Сәния Ерзат, театр және кино актрисасы

1982 жылы Қытай Халық Республикасының ШҰАР елді мекенінде дүниеге келген Сәния Ерзат білімін Қазақстанның беделді өнер академиясында жетілдіріп, 2006 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 17 жыл бойы өнер көрсеткен. Театрда бірқатар аңызға айналған қазақ әйелінің бейнесін сомдаған актриса өзінің арманын АҚШ-тағы ірі университеттердің бірінде білім алып, әлем сахнасында қазақ мәдениетін танытуда еңбек етіп келеді. 

«Өнерім — менің өмірім» деп атап өткен Сәния ханым, өзінің өмір жолында тек өнер мен білімге деген шексіз махаббатын ғана емес, шеберлігін шыңдау үшін жасаған талпыныстары мен күрестерін де бөліседі. Армандаған рөлдеріне қол жеткізіп, көптеген тарихи тұлғаны сахнада және экранда жандандырып шыққан актрисаның ойы мен армандары әлемдік өнерде терең із қалдыруға бағытталған.

– 2002-2006 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма және кино» актері мамандығы бойынша білім алдыңыз. 2006 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса болып еңбек еттіңіз. Қандай өнер тарландарының тәлімін алдыңыз? Қай ұстазыңыз жүрегіңіздің төрінен орын алды?

– Мен 1982 жылғы 7 қазанда ҚХР, ШҰАР елдімекенінде дүниеге келгем. Анам қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, әкем тасжол мекемесінің жұмысшысы еді. Мен 5 жаста болғанда, әкем қайтыс болды. Содан кейін көбінде ата-әжемнің қолында өстім. Орта мектеп бітірісімен 2001 жылы Қазақстанға келдім, 1 жыл шетелден келген Қазақ балаларын оқытатын дайындық курсында оқыдым, 2002-2006 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында профессор Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың шеберханасында театр және кино актері мамандығы бойынша білім алдым, ұстаздарым Нұрқанат ағамызға, сахна тілі шебері Мұрат Әбзелбаев, екінші жетекшіміз Тасболат Есжанұлы ағаларымызға және академияда сол кезде сабақ берген барлық мұғалімге алғысым шексіз.

2006 жылы оқу бітірісімен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына актриса болып жұмысқа тұрдым. 2006 жылғы жаз айынан 2023 жылғы қаңтарға дейін 17 жыл бойы тұрақты түрде сол театрда жұмыс істедім. Театрдағы жұмысыммен қатар отандық киноларға да түсіп, бой көрсетіп жүрдім. Театрда алғаш ойнаған рөлім  – «Желтоқсан Желі» қойылымындағы Ақмарал бейнесі. Спектакльдің режиссёрі – Мұрат аға Ахманов. Бұл қойылым театр сахнасында 15 жыл бойы сахналанды. Театрға алғаш кіргеннен бастап Қазақстанның халық әртісі Лидия Каденова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаева сияқты апайларымызбен бір сахнада әріптес болып, өнер көрсеттік. Әсіресе, олардың сахнадағы кәсібилігі мен өнерге деген көзқарастары маған көп нәрсе үйретті.

Еңбек жолыңызға қарап отырсақ, аты аңызға айналған қазақ әйелдерінің рөлін сомдап шыққан екенсіз. Мәселен, «Ақан сері Ақтоқтыда» – Ақтоқтының, «Құстар фестивалінде» – Бұлбұлдың, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу»  спектаклінде – Алманың, «Келіндер көтерілісінде» – Нигораның, сахнада он бес жыл жүріп келе жатқан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналған «Желтоқсан желі» спектаклінде – Ақмарал деген қыздың рөлінде болдыңыз. Басты рөлді алып шығу үшін қандай өзгерістер жасауға тура келді? Өзіңізді, бәлкім, белгілі бір нәрседен шектеген боларсыз?

 – Атақты театр режиссері, педагогы Жанат Хаджиев ағамыздың «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде – Ақтоқтының, «Қозы көрпеш Баян сұлу» қойылымында Баянның, «Күшік күйеуде» – Алманың, «Жақсы кісіде» Ұлжанның, «Телғара» спектаклінде Қамқа бейнелерінде болдым. Әлбетте рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ аталған қойылымның бәрінде басты рөлдерді сомдаған екенмін. Халық алдына шығатын болған соң, сырт сұлу сымбатыма да үнемі жіті қарайтынмын. Өзімді көп той-тамалақтан шектеуге тура келетін.

Атақты театр режиссері марқұм Жанат ағамыз өз әкемдей болып кетті. Менің театрда актриса ретінде қалыптасуыма зор ықпал еткен сол кісі. Сонымен қатар осы қойылымдарда марқұм актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылгелді ағамыз үнемі менің әкемнің рөлінде ойнайтын. Ол мені үнемі «қара қызым» деп еркелетіп жүруші еді… Қазіргі қазақ сахнасының ақсақалы, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин ағамызбен де көптеген қойылымда бірге өнер көрсету жазды. Ол кісілер шынымен де театр өнерінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар ғой. Мен Сағызбай ағамды маэстро деп атаймын. Аға-апайларымнан алған тәлімім, үйренгенім мол.

«Келіндер көтерілісінде» – Нигора, «Құстар фестивалінде» – Бұлбұл,  «Жұмақтағы Жасында» – бардағы қыз, «Адасқан Жұлдызда» – келіншек, «Қара Шекпенде» – Қосүрей, «Адамзатта» – Әуке деген сияқты көптеген бейнені алып шыққан екенмін. Арасында театрдың үлкен концерттерінде Құрманғазы оркестрімен ән орындап жүретінмін. Отандық киноларға келсек, «Алдар Көсе», «Қара Шаңырақ», «Армандастар», «Көріпкел», «Айнымас Айғаным», «Абай», «Күлаш» телехикаяларында ойнадым. «Рух» фильмі көптеген кинофестивальге қатысып, жоғары бағасын алып жүр. Осы орайда бірге жұмыс жасаған барлық кинорежиссерге алғыс айтқым келеді.

– Арманыңыз – Америкадағы бір үлкен университеттен білім алу екен (NYFA немесе  Калифорния университеті). Арманыңызға апарар қадамдарды қалай орындап жатырсыз? Ағылшын тілі деңгейіңіз көтеріліп жатқан болар. Тілдік орта сонда ғой.

– Өзіме қойған талабым – оқу, білім алу, тәжірибе жинау. Әсіресе, адамтану, қоғамтану актерлік мамандығымның терең толықсуына болашақта зор пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Әрине, қиындықсыз еш нәрсе болмайды. Америка қымбатшылық жайлаған мемлекет, мұнда дайын тұрған дүние жоқ. Өмірдің бәрін нөлден қайта бастауға тура келді. АҚШ-қа келгелі бері жолдасым екеуіміз түрлі жұмысты атқарып көрдік. Ол «мен актермін» деп шіренген жоқ. Екі білегін сыбанып, жұмысқа кірісті. Қара жұмысты да жасап көрді. Өмірімізде болып жатқан күнделікті өзгерістер мен қиындықтар бізді тіптен шыңдай түскенін сезінеміз. Hollywood film industry-ға кіру – жолдасым екеуіміздің ортақ арманымыз. Әрине, ол өте қиын жолмен, маңдай термен келетін шың.

Кинода екі рет биші, педагог, Қазақтанның халық әртісі Шара Жиенқұлова апамыздың рөлін сомдадым. Сол кісінің «Өмірім – менің өнерім» деген кітабын оқып әйел адамына өнер мен өмірді қатар алып жүруінің қаншалықты қиын екенін түсіндім. Осы бір ауыз сөз өнерге деген махаббатымды одан әрі бекіте түсті. 40 жасыма дейін театрда армандаған рөлдерімнің 90 пайызын орындап шыққан екенмін.

– «Grand Pride Winner International Music Festival – 2023» байқауында  ақын Б.Беделханның «Рух жыры» поэмасынан үзінді оқыған екенсіз. Шаңқобызда ойнадыңыз. Бұл Нью-Йорктегі болған қойылымға келген халық тағы қандай өнеріңізді тамашалады? Қазақ мәдениеті мен өнеріне қызығушылық танытқан азаматтар да болған шығар?

– 2021 жылы алғаш New York-ке Ағылшын тілін оқуға екі жарым айға келдім, тіл үйреніп елге оралған соң, әлі де тілді жетесіне жеткізіп оқу керегін түсіндім. Сонымен отбасымызбен Америкаға он жылдық виза алып, ат басын бұрып келдік. Осында келгелі ағылшын тілінің 4 деңгейін аяқтадым. Балалар мектепте оқып жатыр, өзіміз арасында жұмыс істеп, білім алып, шығармашылықпен айналысып New York-тің қайнаған қарбалас өміріне де үйренісіп қалдық. 2023 жылы өткен New York Tower International Music Festival байқауында орындаған менің компазициям әлемде болып жатқан соғыстан зардап шеккен адамдарға арналды. Нәтижесінде бұл байқауда Гран-при иелендім.

– Ал көктемде өткен Broadway-дегі жеке театрлар арасындағы фестивальдің нәтижесі Жаңа жылдың алдында шыққан екен. Сіз музыкалық қойылым бойынша «Үздік орындаушы» атанған екенсіз. Осы байқауда өзіңізді қай қырыңыздан таныттыңыз?

– Иә «Үздік орындаушы» атандым және осындағы Бағдат ағамыз басқаратын Kazakh American диаспорасының медалімен марапатталдым. Бізді құшақ жая қарсы алған New York-те тұратын қазақтарға алғысымыз шексіз.

– Ұлттық өнерімізді насихаттайтын өзіңіз негізін қалаған авторлық өнер орталығында балаларды нақты қандай дәстүрлі ән өнеріне баулисыз? Балалар не үйреніп шығады (дауыс қою, сахна тілі, сахналық қозғалыс, актерлік шеберлік, үлкен мақсат қоюға септесу т.б)? Білім берудегі әдіс-тәсіліңіз туралы баяндап беріңізші.  

– Ұлттық өнерді насихаттау мақсатында балалардың не үйренетіні жөнінде сұрақтың туындауы өте орынды. Отанын іздеп, өз тілінде таза сөйлеуге ұмтылған қазақ балалары қазақша өлеңдер оқып, үйренеді. Осы тұста біз балалардың дауыс ырғағына және деммен жұмыс істеуіне айрықша мән береміз. Қазақ әндерін нақышына келтіріп, әнді дұрыс орындауға үйретеміз. Сонымен қатар балаларды пластикалық жаттығулар мен ұлттық би өнеріне бағыттаймыз. Бұл жаттығулар балалардың сахнада еркін сезініп, би қимылдарын шебер орындауға дағдылануына көмектеседі.

Менің театр және кино саласында 17 жылдық тәжірибем бар болғандықтан, орталығымызда актерлік өнерді де дамытуға көңіл бөлеміз. Бұл сабақтар арқылы балалар сахна тілін түсініп, көрермен алдындағы мәдениеттілік, жауапкершілік пен шеберліктің мәнін ашады. Әрбір баланың алдында үлкен мақсаттар мен арман қою арқылы, уақытты тиімді пайдалануды үйретеміз. Балалар өздерінің салт-дәстүрлерін ұмытпай, дәстүрлі ән-күйлер мен ана тіліне деген қызығушылықтарын арттырады. Осы үдеріс балалардың шығармашылық қабілетін ашады, ал болашақта бұл кәсіби деңгейде үлкен өнерге қадам басуға мүмкіндік береді.

Білім беру үдерісінде мен әр баланың жеке қабілетін ескеріп, жұмыс істеймін. Әдіс-тәсілім баланың еркіндігін қолдауға, шығармашылық мүмкіндігін дамытуға бағытталған. Сондай-ақ дауыстың дұрыс құрылымы мен өнердің мәнін түсіндіре отырып, балалардың ән айту мен би билеу шеберлігін жетілдіруге тырысамыз. Мектебіміздің оқушыларының арасында қазіргі уақытта бірнеше дарынды бала домбыра ұлттық аспабында ойнап, көрерменнің ықыласына бөленіп жүр. Бұл балалар тек ұлттық өнерімізді ғана емес, оны сақтау мен дамыту жолын да ұстанып келеді.

Менің мақсатым – әрбір баланың бойындағы дарынды ашып, оны кәсіби деңгейде дамыту. Сабақтар әр апта сайын сейсенбі және жұма күндері кешкі сағат 17:00 мен 19:00 аралығында өтеді. Біз 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Сабақтар Бруклиндегі Xin’s Dance Studio залында өтеді (Avenue O West, 7-қиылысы).

Шетелде болсам да, әр қазақтың жүрегі өзінің атамекенін іздейтіні рас. Шетелде жүргеніммен, қазақ ұлттық өнерін насихаттап, балаларымызды осы өнерге тәрбиелеуге бар күшімді салып келемін.

– 2024 жыл мен үшін күрделі кезеңдер мен ізденіске толы жыл болды» деп едіңіз. Шетелге оқуға немесе жұмысқа шығатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Ерекше тәжірибеңіз бен қиындықтарды жеңу жолдары туралы айтып берсеңіз.

– Өз еліңде жүріп жұмыс істеп, напақа табуға болады. Бірақ желдің өтінде, қиындық пен жоқшылықтың дәмін сезе жүріп, елді сағынып, аңсап жүріп қызмет ету әркімнің таңдауы бола бермес. Мұнда қазақ балаларына Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу өте маңызды. Өйткені олар елден жырақта жүрген соң, ана тілінен ажырап қалуы мүмкін. Ал ана тілінде ойлайтын бала қай жерде болсын, өз еліне қызмет етіп, шапағатын тигізуге тырысады. Ұлтқа қызмет ету дегенді мен осылай түсінемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұқбаттасқан

Бағдат Сұлтанқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Менің қазағымның ханымдары

Менің қазағымның ханымдары! Оңтүстік азияның күңдеріндей етегін сүйретіп именшіктемеген… Таяу шығыстың әйелдеріндей келбетін жасырып төменшіктемеген… Батыс