Фото: Ш. Әйтенованың жеке архивінен
Елдегі күн тәртібінде өзектілігі күн өткен сайын артпаса, кемімей тұрған тақырыптардың бірі Қосымша құн салығының ставкасы бойынша енгізілетін өзгерістер. Теңгенің тұрақсыз бағамы да көңіл алаңдататын мәселелердің бірі. Оның Ресей рубліне тәуелділігі де қандай екені халықтың басым көпшілігіне түсініксіз. Үкімет болса ай сайын Ұлттық қордан қанша қаржы алғаны немесе келесі ай қанша қаржы алуды жоспарлағаны туралы хабарлап отыр. Оның үстіне Қазақстан сырт елдерге қарыз және оны биыл төлей бастайды деген хабар онсыз да алаң көңілге күмән ұялатады. Қоғамда белсенді талқыланып жатқан осындай өзекті мәселелер төңірегіндегі сауалдарымызды қаржы аналитигі, “Zertteu Research Institute” Қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Әйтеноваға қойдық.
БИЗНЕС КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА БҰРЫЛУЫ МҮМКІН
– Қазір теңгенің бағасы құбылып тұр. Біресе құнсызданады, біресе нығаяды. Жақын арада теңгенің долларға шаққандағы құны 560-600-ге жетуі мүмкін деген болжам бар. Сіздің болжамыңыз?
– Қазір теңгенің бағамы мұнай құнының өзгеруі, Ұлттық банктің валюталық интервенциялары және геосаяси ахуал сияқты сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен тұрақсыз болып тұр. Елдің төлем балансына қысым күшейетін болса теңгенің бағамы доллар үшін 560-600 теңге шамасына жетеді деген болжам жақын арада болуы әбден мүмкін, Алайда мұның көпшілігі Ұлттық банктің әрекеттеріне, инфляцияның деңгейіне және елдің ішіндегі валютаға деген сұранысқа тәуелді.
– Теңгенің құнсыздануы тұрғындардың сатып алу қабілетіне қалай ықпал етеді? Орта тап пен аз қамтылған топтар үшін бұл қандай салдарға әкелуі мүмкін? Халықтың әл ауқатына қаншалықты ықпал етуі мүмкін?
– Теңгенің құнсыздануы импорт тауарлары бағасының өсуіне, оның ішінде азық-түлік, дері-дәрмек, техника және автокөлік бағасының өсуіне әкеледі. Орта тап үшін бұл жинақтың төмендеуі мен күнделікті қажеттіліктерге деген шығынның өсіміне әкеледі. Тұрғындардың аз қамтылған тобы үшін құнсыздану ерекше қауіпті, өйткені бұл базалық азық-түлік пен коммуналдық қызметтер құнының ұлғаюына әкеледі және сәйкесінше өмір сүру деңгейін төмендетеді.
– Соңғы уақытта болып жатқан айыппұл мөлшерінің көбеюі, қосымша құн салығын өсіру сияқты өзгерістер қоғамды алаңдатып отыр. Бұл тенденция халықтың әлеуметтік жағдайына қалай әсер етуі мүмкін? Үкімет қосымша құн салығын өсіруді ұсынды, Президент бұл ұсынысты қолдады. Бұл ненің белгісі? Экономикамыз соншалықты тұралады дей аламыз ба? Әлде басқа саясат бар ма?
– Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша тікелей салықтарға қарағанда жанама салықтар жалпы кедейліктің өсуіне әкеледі (кедейліктің 3,7 пайыздық тармаққа өсуі). Қосылған құн салығы кедейлікті шамамен 3,5 пайыздық тармаққа арттырады. Медициналық сақтандыру және әлеуметтік салық сияқты басқа салықтар кедейлікке аз әсер етеді. Жеке табыс салығы мен мүлік салығы кедейлікке өте шектеулі әсер етеді.
Қосымша құн салығын көтеру (ҚҚС) мәселесі – бұл тек фискальды шара ғана емес, Қазақстандағы салық саясатының жалпы реакциялық табиғатын көрсетеді. Проблемаларды алдын ала болжау және олардың алдын алудың орнына мемлекет кризистер және сыртқы стимулдарға жауап ретінде әрекет етеді. Бұл қоғамның теріс әсерін туғызатын асығыс шешімдерге әкеледі.
ҚҚС-ты өсірудің өзін нашар саясат деп айта алмаймын. Көптеген елдердің бюджетінде осы салық түрі маңызды рөлге ие және оның ұлғаюы ресурстарды қайта бөлудің тиімді құралы бола алады. Маңыздысы қандай контексте жүргізіледі, оны жүзеге асыру тетіктері және параллель қабылданатын шаралар қандай болады. ҚҚС қазірдің өзінде салық түсімдерінің 26% кіргізіп отыр, яғни кез-келген өзгерту нақты есептеулер мен оның салдары қандай болатыны туралы түсінікті талап етеді. Қазақстанда экономика квазинарықтық, бұл мұндай реформыаларды күрделендіреді: бизнес көлеңкелі экономика арқылы бейімделеді, ал азаматтар салық жүктемесін әділетсіз деп қабылдайды.
– Қазақстанның Ресейге экономикалық тәуелділігі туралы не айтасыз ? Бұл біздің экономикалық саясатымызға қандай қауіптер әкелуі мүмкін?
– Қазақстанның Ресейге экономикалық тәуелділігі энергетика секторы, сауда және көлік бағыттары арқылы көрінеді. Негізгі қатерлер: Ресейге қарсы санкциялық шектеулер Қазақстанға жанама әсер етуі мүмкін. Рубль қысымы – егер рубль құнсызданса, бұл теңгенің бағамына әсер етуі мүмкін. Сауда байланыстары – Қазақстан тауарлардың басым көпшілігін Ресейден әкеледі және Ресейдегі рубль бағамының күрт ауытқулары мен экономикадағы кризистер Қазақстан экономикасына әсер етуі әбден мүмкін.
– Теңгенің рубльге байланысы туралы көп пікір бар. Бұл тәуелділік теңгенің тұрақтылығына қалай әсер етеді?
– Теңге рубльге ресми түрде байланып тұрған жоқ, бірақ екі ел арасындағы экономикалық өзара байланысы оның бағамына ықпал етеді. Егер рубль әлсіресе, бұл теңгеге қысым жасайды, себебі Қазақстанның сауда үлесінің едәуір бөлігі Ресеймен байланысты. Нәтижесінде бұл бағамдағы ауытқулар мен ақша-несие саясаты болжамдылығының төмендеуіне әкеледі.
– Қаңтар айында Ұлттық қордан 850 млн АҚШ долларына валюта сатылған.
– Ұлттық қордан валютаны сату теңгені тұрақтандыруға және бюджет шығыстарын жабуға көмектеседі. Ұлттық қордан валютаны сатудың біркелкі болмауы теңгенің айырбастау бағамының құбылмалылығын күшейтеді және нарық пен халықтың ұлттық валютаға деген сеніміне теріс әсер етеді.
СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДЫҢ ІШІНДЕ МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРГЕН ҚАРЫЗ КӨЛЕМІ – 14 МИЛЛИАРД ҚАНА
– Қазақстан Республикасының сыртқы борышының көлемі 2024 жылдың басынан бастап жылда 2,3 млрд. АҚШ долларына (бұдан әрі – доллар) ұлғайып, 2024 жылғы 1 қазанда 165,8 млрд. долларды құрады. Биыл Қазақстан сыртқы қарыздарын төлеуді бастайды. Бұл мемлекеттік бюджетке қалай әсер етеді? Қазақстанның сыртқы қарыздары қаншалықты қауіп тудырады? Біз оны қайтару үшін қандай ресурстарды пайдаланамыз?
– Сыртқы қарызға қатысты, біріншіден, сыртқы қарыз және сыртқы мемлекеттік қарыз дегеніміз екі түрлі көрсеткіш. 165,8 млрд доллар жалпы сыртқы қарыздың ішіндегі сыртқы мемлекеттік қарызды құрайтыны тек 14 млрд доллар ғана. Бұл мемлекеттік міндеттемелер тек 14 млрд доллар дегенді білдіреді, ал қалған сумма – бұл жеке сектордың қарызы.
2025 жылға бюджеттің шығысы бөлігінде мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге 2,5 трлн теңге қаржы қарастырылған, бұл барлық бюджеттің шығысынан 10%-ы құрайды. Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарызы тұрақты деңгейде қалуына қарамастан оның әрі қарай өсуі бюджет тапшылығына жүктемені күшейтуі мүмкін. Сондықтан қарыздың қазіргі уақыттағы деңгейі айтарлықтай тәуекелдер тудырмаса да қарыз алуды ұлғайту болашақта қаржы міндеттемелерінің өсуіне жол бермеу үшін салмақты, теңдестірілген тәсілдерді талап етеді.
– Елдің қарыз алу саясаты қаншалықты тиімді? Қазақстан болашақта экономикалық тәуелсіздігін нығайта ала ма?
– Соңғы жылдары Қазақстан қарыз алуды ұлғайтып жатыр, бұл қарыз тәуелділігін арттыратын қатер. Экономикалық тәуелсіздікті сақтап қалу үшін: бюджеттің мұнайға тәуелділігін төмендету және шикізаттық емес секторды дамыту қажет. Ұлттық қордан трансфертті азайту және неғұрлым теңдестірілген бюджетті қамтамасыз ету абзал. Несие алудың орнына экономиканы ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған инвестиция тартқан жөн.
САЛЫҚТЫ КӨТЕРУ – БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІН ҰЛҒАЙТУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАН ҚҰРАЛЫ
– Салықты не себептен өсіру қажет болды? Мәселені шешудің басқа жолы болмады ма?
– Мемлекет бюджет тапшылығы алдында тұрды, оны бірнеше жолмен еңсеруге болатын еді. Мысалы, мемлекеттік қарызды өсіру – бірақ оған қызмет көрсету қазірдің өзінде бюджет шығысының едәуір көлемін алып отыр. Мемлекет шығыстарын қысқарту секілді жол бар – бірақ ол саяси ерік-жігерді талап етеді және әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін.
Ұлттық қордан қаржы алуды жалғастыра беру керек пе? Ұлттық қор сарқыла келді, қордан үнемі қаржы ала беру елдегі қаржы тұрақтылығының ұзақ мерзімді болуына қауіп төндіреді. Сондықтан салықты көтеру – бюджет кірістерін ұлғайтудың жалғыз қалған құралы. ҚҚС ставкасын көтеру бірегей не радикал шешім емес, бұл құралды өзге елдер де кеңінен қолданған. ЕО-тың көптеген елдері бюджет тапшылығының және мемлекеттік қарыздың мөлшерін қысқарту мақсатында ҚҚС-ты 2008-2010 жылдардағы кризиске фискальді жауап ретінде көтерген. Алайда мәселе көтерудің өзінде емес, қашан және қалай жүзеге асырылуында болып тұр.
Экономикалық аргумент – қоғамдық қарсылықтың жалғыз ғана себебі емес. Азаматтар мемлекеттік қаржы жүйесіне сенбейді, сол себептен де кез келген салық өсіру саяси сезімтал болады. Сыбайлас жемқорлықтың 80% мемлекеттік сатып алулармен байланысты деген пікір бар. Халық қосымша салықтар елдің дамуына емес, тиімсіз шығындарға жұмсалып, әркімнің қалтасында кетеді деп күмәнданады. Қазақстанда «жалпы ресурс» мәселесі басым (common pool problem) – салық төлеушілер бюджетті олардың пайдасына бөлінбейтін ресурс деп қарайды. Агенттік проблема бар (principal-agent problem): азаматтар бюджетке билік ететін шенеуніктерді тиімді бақылай алмайтын «принципалдар». Осы факторлардың барлығы мемлекеттік қаржының ашықтығында елеулі өзгерістер енгізбейтін салық реформаларын қолдауға қоғамның не себептен дайын емес екенін түсіндіреді.
– Салық реформасы қалай жүргізілуі қажет? Қазақстандықтардың билікке, экономикалық реформаларға деген сенімі қандай деңгейде?
– Салық саясатын табыс деңгейімен және инфляциямен байланыстыру қажет-экономикалық реалияларды ескерместен салықты өсіру мүмкін емес. ҚҚС өзгертудің салдарын нақты бейнелей отырып, модельдеу қажет. Біз бір салықтың нүктелік өсуі туралы емес, кешенді салық реформасы туралы айтып отырмыз. Халық сенім артуы үшін мемлекеттік сатып алулар саласын реформалау және бюджет шығыстарының ашықтығы қажет. ҚҚС өсіру – стратегиялық шешім емес, ол бүгінгі күнгі бюджет қиындықтарына реакция. Сенімнің деңгейі төмен, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары кезде бұл тек азаматтардың наразылығын күшейте түседі. Салықтарды аяқасты көтерудің орнына, проблемаларды стратегиялық тұрғыдан болжап, оларды алдын-ала шешу қажет. Сонда салық жүйесі болжамды болады, ал қоғам өзгерістерге дайын болады.
– Сұхбат үшін алғысымызды білдіреміз!
Парақшамызға жазылыңыз