Алматы қаласыдағы «ÓzgeEpic» креатив хабында «Ауыл мектебі» фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл көрме ауылдық білім ошақтарының тыныс-тіршілігі мен заманауи білім беру үдерісіндегі жетістіктерін бір мектеп мысалында айқын көрсетеді.
Фотокөрме «ÓzgeEpic» креатив хабының бастамасы және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының (furo.kz) қолдауымен ұйымдастырылды.
«Ауыл мектебі» фотокөрмесі шалғай ауыл мектебінің өмірі мен өзгерістерін, білім ошақтарының жаңа технологияларды меңгеруін, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылысын, сондай-ақ елді мекеннің дамуына әсері мен жергілікті тұрғындардың күнделікті өмірін айшықтайды.
Көрменің салтанатты ашылуында алғашқы болып мінберге көтерілген жоба кураторы Тоғжан Құрманжанқызы сөз сөйлеп, былай деді:
– Құрметті достар, қадірлі әріптестер! Біз «ÓzgeEpic» креатив хабы Білім беру саласын тұрақты дамыту қорына осындай бірегей көрме ұйымдастыру туралы ұсынысымызды білдірген едік. Қоғам өмірін ізгілендіруге бағытталған кез келген жоба өнер туындысына айналып, өнер арқылы көпшілікті ойландыруы қажет деп санаймыз. Сондықтан да Білім беру саласын тұрақты дамыту шалғайдағы білім беру мекемелерінің интеллектуалдық әлеуетін таныту үшін әзірленген. Сол үшін де Білім беру саласын тұрақты дамыту қорына «Ауыл мектебі» фотокөрмесінің концептісін ұсынған едік. Біздің жобамыз шалғайдағы білім беру мекемелерінің зияткерлік әлеуетін таныту үшін жасалып отыр. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған фотокөрмені өткізу үшін еліміздегі ауыл мектептері арасынан Жамбыл облысы Жуалы ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейі таңдалған болатын, – деді.
Тоғжан Құрманжанқызы Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының өкілдерімен бірлесе отырып, мәдениет пен өнердің қала мен ауылға тең дәрежеде қолжетімді болуына назар аударғанын атап өтті. Ол ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жоюға ұмтылатындарын және бүгінгі көрме осы мақсаттың нәтижесі екенін айтты. Сонымен қатар ол алдағы уақытта еліміздің әр ауыл мектебі мен әр шәкірті әлеуетті болатынына үмітпен қарайтынын жеткізді.
Айта кетейік, «ÓzgeEpic» креатив хабы 2019 жылы құрылып, қазіргі уақытта Алматы, Түркістан, Астана қалаларында мәдениет пен өнердің түрлі саласында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді.
«Мектеп оқушыларының арманының бәрі өз елімен байланысты: Біз таныған ең үлкен құндылық»
– Бүгінгі көрмедегі басты нысан – Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №15 тірек мектебі. Бұл тірек мектебінің қаладағы мектептерден еш айырмашылығы жоқ. Шалғай жерде орналасқан, өркениеттен алыс осы мектепке барлық оқушы бірдей білім алғысы келеді. Себебі ол мектепте жаңа технология, ғаламтор, әлеммен байланыс бар. Біз осындай мектепті таптық. Қазірде бұл типті 200 мектеп Қазақстанның түкпір-түкпірінде бар. Бұл №15 тірек мектеп оқушылары ана тілімен қатар, ағылшын тілінде де еркін сөйлейді. Бұл мектептің оқушылары ғалым болғысы келеді. Жоба аясында біз таныған ең үлкен құндылық – ауылдағы мектеп оқушыларының арманы тікелей ауылмен, елімен байланысты. Олар білім алып, шетелге шығып, сол жерде қалуды көздемейді. Әр оқушы өзінің елінің дамуына үлес қосқысы келеді. Қала оқушылары мен ауыл оқушыларының арасында ешқандай айырмашылық, алшақтық болмауы керек. Бұл жоба осыны үндейді. Адам өзін ауыл мектебінде білім алдым деген тар түсінік қалыптаспауы керек. Бір отанның оқушыларының бәрі тең болуы керек. Барлық бала білімді тең дәрежеде алуы керек. Оқулық пен сабаққа қажетті техникалық құралдар оқуышыларға теңдей қолжетімді болуға тиіс. Бұл жоба, көрме осыны насихаттайды. Фотографтың жасаған экспедияциясы ауылдағы балалардың тыныс-тіршілігін тануға негізделді. Жалпы жұмыс бастан-аяқ 1 ай уақытты алды. Иә, бала саны, мектеп саны көп. Бірақ, біз құндылықтың бәрі бәріне бірдей болуы керек деп ойлаймыз», – деді жоба кураторы Тоғжан Құрманжанқызы.
Көрме аясында келесі сөз кезегі Білім саласын тұрақты дамыту қорының басшысы Ернар Сейтахметке берілді.
«Кезіндегі Қатоңқарағайдан басталған жоба ел көлеміндегі идеяға айналды» немесе «НЗМ стандарты бойынша материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған тірек мектептері»
– Неліктен «тірек мектеп» деп ойлануларыңыз мүмкін. Қазақстанда, өздеріңіз білетіндей, ауылдық және қалалық мектепте білім алатын балалардың арасында білім бойынша алшақтық бар. Халықаралық PISA зерттеуі бойынша айырмашылық 2-3 жылға дейін барады. Бұл дұрыс емес тенденция. Ондай болмауы керек. Бала әлеуметтік-тұрмыстық, денсаулық жағдайының жетіспеушілігіне қарамастан, білімді барлық бала сияқты тең дәрежеде ала алатындай болуы керек. Бала білім алуға тиіс, оған сай жағдай да жасалуы қажет. 2019 жылы «Aitas KZ» компаниясының негізін қалаушы, Бас директоры Серік Толықбаев ШҚО-дағы Қатоңқарағай ауылынан адамдардың жаппай көшіп жатқанына қынжылады және оның көшу себебін іздейді. Зерттеуі бойынша ауылдан қалалық аймаққа көшу медицина, жұмыссыздық деген сияқты бірнеше фактормен байланысты болды. Ал басты себеп білім деңгейінің төмендігі болғанын анықтаған. Ата-ана қалада үйі болсын, болмасын баласының болашақта білімді азамат болып шығуы үшін қалаға көшеді. Осы мәселе Серік Толықбаевты қатты толғандырады.
Осылайша Тірек мектептер жобасы дүниеге келеді. 2022 жылға дейін 5 тірек мектебі болды. «ÓzgeEpic» креатив хабы да, Тірек мектебі жобасы да 2019 жылы қаланды. Бұл жыл Қазақстан үшін жақсы жыл болған сияқты. Сол бес Тірек мектебінің 3-еуі Қатоңқарағай ауданында орналасқан. 2019 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Ноғатайқызымен кездестік. Ол кісі егер де біз шынымен де мектепті жоғары технологиялармен қамтамасыз ететін болсақ, онда НЗМ өз атынан тегін негізде мұғалімдерді оқытуға дайын екенін айтты. Бұл жоба ерекшелігінің бірі – мектептің мұғалімдері НЗМ-ға барып, тәжірибеден өту мүмкіндігінің болуы. Еліміздің барлық өңірінде іске асып жатқан ілкімді жобаға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорынан бөлек «AITAS» холдингі, Назарбаев зияткерлік мектептері айтарлықтай зор үлес қосып жатқанын айта кеткен ләзім, – дейді ол.
Биыл сол Қатаңқорағай ауылындағы тірек мектебінің түлегі Назарбаев Университетіне оқуға түсті. Бұл – аудан тарихында болмаған оқиға.
– Сөйтіп 2022 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры келіп, жобамызды көріп, танысқан еді. Қор өкілдері бұл жобаны ел көлемінде масштабтау қажеттілігін айтты. Білім саласын тұрақты дамыту қоры 2022 жылдан бері елімізде ауыл мектептерін қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. 2022 жылы 17 облыстағы 17 мектеппен жұмыс істедік. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына өңірден екі мектеп қосылып, оқушылардың игілігіне берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауының нәтижесінде 250 миллион теңге бөлініп, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. 2022 жылғы 17 Тірек мектеп саны былтыр 135-ке дейін жетті. Енді 2025 жылдың аяғына дейін 200 мектепке дейін жеткіземіз деген ниет бар, – деп жобаның тарихымен, бүгінгі көрмеде көрсетілген мектептің ішкі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Ернар Сейтахмет баланың негізгі білімі қалыптасатын жер ретінде мектепті атап өтті.
– Баланың негізгі білімі қалыптасын жер – мектеп. Біреуіміз колледжге, университетке бармауымыз мүмкін. Бірақ орта білімді бала жоғары деңгейде алуы керек. Сонда ғана біз еліміздің экономикасын дамытатын құрастыра алатын адам капиталын қалыптастырамыз, – дейді ол.
Әрбір картинаның артында бір адамның тарихы жасырылғанын көрдік. Осы көрмені тамашалауға келген көрерменге фотосуретшілер Әйгерім Бегімбет пен Сәбина Әбдімәлік таныстырды.
Әйгерім Бегімбет:
– Сіздерге экспедиция аясында есімде қалған кітапханашы апай туралы айтып берейік. Еркегүл Ілиясова апай 10 жылдан бері кітапханашы болып жұмыс істейді. Жалпы еңбек өтілі – 30 жыл. Апай 10 жыл бұрын кітапханашы болып келген кезде, мектепте кітап қоры өте аз болған. Содан кейін бұл кісі балалар кітап оқысын деп аудандық және Қайрат деген ауылдың кітапханасынан өз атына кітаптар жаздыртып алып, мектептегі оқушыларға кітап тасыған. Сөйтіп балаларды оқытқан. Әрине, қазіргі таңда кітапхана қоры кеңейді. Қазір мектеп кітапханасында 41 000-нан астам кітап қоры бар. Оның 3000-ы әдеби басылым. Біз барғанда отандық әдебиеттің енді басылып жатқан үлгісін көріп, қуандым. Апайдың маған қуана бөліскен жаңалығы – өзі басқа ауылдан кітап тасып, оқытқан балалары мектепке амандасуға, хал сұрасып келгенде өзімен бірге әдеби кітаптарды алып келеді екен. Еркегүл апайға ең құнды тарту – оқушыларының кітапханаға сыйға тартқан кітаптар болып тұр, – деді фотосуретші.
Сәбина Әбдімәлік:
– Ауылда осындай жаһандық заманға сай жабдықталған мектептің барын білмедім. Оны осы экспедиция барысында білдім. Өзім шағын ауылдағы мектепте оқыдым. Мектебімде технологиялық құрал-жабдықтар болғанымен, онымен бізге қолдануға рұқсат етілмейтін еді (күліп). Ал қазір қала тұрмақ, ауылдағы мектептегі оқушылардың осындай керемет жағдайға жетіп отырғанына өте қуанышты болдым, – дей келе ұжымға, келген қонақтарға алғысын айтты.
Мінбер тілшісі фотосуретшілерге арнайы сұрақ қойып, суреттердің идеясы туралы сұрап-білді. Осы орайда фотосуретші Әйгерім Бегімбетті сөзге тарттық.
– Біз басында ауылдағы мектепке барамыз дегенде ауыл мектебінің осындай жоғары деңгейде болатынынан хабарымыз болған жоқ. Өзім ауылда туып-өстім, ауылдағы мектепте оқыдым. Ауыл мектебінің табалдырығын аттай сала, Сәбина екеуіміз аң-таң болып, таңқалғанымыз бар. Интерактивті тақтаға оқушылар тұрмақ, өзіміз жазғымыз келіп, сұранғанымыз бар. Осындай жылы атмосферадағы, жоғары деңгейдегі ауылдық мектепті бірінші рет көруіміз еді. «Қазақстан халқына» қорының барын, қордың Қазақстандағы жүздеген мектепті жабдықтағанын білгеніміз жоқ. Мұны «ÓzgeEpic» креатив хабы ұйымдастырған экспедиция барысында білдік. Мектеп Назарбаев зияткерлік мектебі деңгейінде жабдықталған: жаңа технологиялық жабдықтар, зертхана жасайтын лабараториялар, әр түрлі үйірме. Ұлдарға және қыздарға арналған шеберханалар қажетті құрал-саймандармен жабдықталған. Міне, бұл ауылда орналасқан тірек мектебінде жасалынған жағдай кей қалалардағы мектепте қолға алынбаған. Телестудияны алып қарайық. Мектепте журналистика саласына қызыққан оқушылар үшін студия да жұмыс істейді. Студия қажетті құрылғылармен жабдықталған. MektepTV арнасынан мектептегі соңғы жаңалықтар мен кабинеттердегі өзгерістер туралы көруге де болады. Мектеп оқушылары осындай телестудияның көмегімен өз бағдарламаларын жүргізіп, қазірден мамандық иесі болып қалыптасып шығуға қадамдар жасап жатыр, – деді Әйгерім.
Фотоға түсіруде кездескен қиындықтар туралы сұрадық.
– Фотоэкспедиция 2 аптаға жуық уақытты алды. Фотоға түсірер алдында біз 1 күнді жай ғана бақылауға арнадық. Суретке түсірмедік. Мектепте енгізілген пән сабақтары, мұғалімдер, оқушылар және мектептің ауанымен таныстық. Тек екінші күннен бастап фотоға түсіре бастадық, – деді Әйгерім Бегімбет.
Ал Сәбина Әбдімәлік:
– Негізінде еркін шығармашыл бағыттағы тақырып болған соң да аса қиындық тудырмады. Екінші күні фотоға түсірмес бұрын координатор бізге шатаспай, кезек-кезегімен аралауға жеңіл болатындай етіп кесте құрап берді. Біз өзіміз балалық шақта көрмеген технологияларды қарап, мәз-мейрам болдық, – деп үн қатты.
Жоба кураторы Тоғжан Құрманжанқызы шығармашылық топпен бірнеше ай бойы жобаны жүзеге асырған.
– Бүгін біз «Ауыл мектебі» фотокөрмесінің салтанатты ашылуына куә болып, ауылдағы білім ошақтарының ерекше әлеміне терең бойладық. Бұл жаңашылдық білім беру мен мәдениетке деген көзқарасты өзгертуге арналған маңызды қадам деп есептейміз. Көрмеде ұсынылған суреттер арқылы біз ауыл мектептерінің мүмкіндіктері мен болашағына деген сенімділік танытып, олардың қазіргі уақытта жаңа технологияларды игеріп, заман талабына сай болуға ұмтылысын байқадық. Бұл жобаның мақсаты – ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою, білім мен мәдениеттің тең қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Көрменің ашылуы біздің мәдениет пен білім саласындағы бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесі. Бұл бастама Қазақстанның әр аймағында өз жалғасын тауып, ауыл мектептерінің зияткерлік әлеуетін танытуға және жастардың болашаққа деген сенімін арттыруға септігін тигізетініне сенімдіміз. Осы орайда, еліміздегі әр ауыл мектебінің әлеуеті мен мүмкіндіктері шексіз екенін тағы бір рет айта отырып, болашаққа үмітпен қараймыз. Баршаңызға рақмет! – деді жоба кураторы Тоғжан Құрманжанқызы.
«Ауыл мектебі» – ауылдың рухы мен зияткер жастардың болмысын айшықтайтын бірегей жоба. Фотокөрме Алматы қаласындағы кеңістігімізде алдағы 20 күн бойы қала тұрғындарына ұсынылады.
Бағдат Сұлтанқызы
Парақшамызға жазылыңыз