//

Трамп пен Зеленскийдің кездесуі әлемдік саясатқа қалай әсер етуі мүмкін?

117 рет қаралды
AI generated photo

Бүгінгі күннің ақпарат алаңындағы басты тақырып – Ақ үйдің Шығыс Славяндар арасындағы соғысты тоқтатуға шындап пейілденгені және соның айғағы іспетті Сауд Арабиясында АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздердің алғашқы отырысының сәтті аяқталуымен ерекшеленді.

Украина елшілерімен АҚШ тарапы да “келіссөздер бойынша алға жылжу бар” деген оң пікір білдірісті. Қос тараптың ортақ мәлімдемесі Украина халқын қолдайтын көп мемлекеттің көңіліне үміт сыйлап, сеңнің шеті бұзылды, АҚШ пен Украина арасындағы түсінбеушілік бұлты сейіліп, Кәрі құрлық елдері мен Ақ үй арасындағы дүрдараздық ағайыншылыққа ұласады деп шын қуанса, Еуропа жұрты да мойындарынан ауыр бір жүк түскендей уһ деп терең бір тыныстады.

Ал бұл жаңалыққа Солтүстіктегі көршіміз бұның соңы қалай болар екен деген сыңайда Мұхиттың арғы жағындағы Дональд Трамп тізігіндеген үкіметке күдікпен де, үмітпен де қарайлап, аңыс аңдаса, Шығыстағы көршіміз Қытай да  мәселенің аңысын аңдымақ.  Осыдан сәл бұрын АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресеймен ортақ мәмілеге келе бастаған күннен-ақ, Қытай тарапы мен Еуропа елдері арасында геосаяси қайшылық жоқ, байланысымызды жақсартуға дайынбыз деген мәлімдемелерді қарша боратумен қоймай, қызды қыздымен Ақ үйге қарата “Соғыстың қандай түрі болса да соңына дейін шыдаймыз, келсең кел” деп айбар шеккен еді. Ізінше асығыс айтылған бұл үндеу геосаяси ойында оңдырмасын сезді ме, әлде АҚШ пен әлі де болса бұрынғы достық қарым-қатынасын қалыпқа келтіреміз деп үміттенді ме, СІМ ресми өкілі Лин Жян “АҚШ Қытайды өзіне ұқсас гегемониялық держава деп қарастыруды доғаруы керек” деп мәлімдеумен қатар, соғыстың қандай түрі болса да – мейлі тарифтік соғыс немесе сауда соғысы болсын, мейлі қырғиқабақ соғыс немесе қоян қолтық соғыс болсын – керек емес, соғыста ешкім жеңіске жетпейді деп сөзінің соңын сиырқұйымшаққа айналдырып жаймашуақтаған.

Мейлі қалай десек те, Ақ үйдің әлем саясатындағы салмағы ауыр басты ойыншы екенінде дауымыз жоқ. Ендеше, осы алып державаны тізгіндеген Дональд Трамп үкіметінің дүниені дүрбелеңге салған мәлімдемелері қатар, геосаяси шешімдері, көршілерімен һәм одақтастарына бірде ішін, бірде сыртын берген құбылмалы жұмбақ саясаты көп жұрттың көңілін алаң елең еткізіп қойғаны да өтірік емес. Қош делік, бүгінгі АҚШ-Украина келіссөздері бойынша Мәскеу билігі Украина үкіметінің Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын талап еткен соғысты тоқтату шарты мен елде жаңа президент сайлауын өткізіп, про-ресейлік үкіметтің билікке келгенін қалайтын және Украинаның НАТО-ға қосылуына түбегейлі тыйым салатын заңнамасын қабылдауын сұраған шарттарын да сөз етері ақиқат.
Ашық – жабық келіссөздер алаңының оң және теріс нәтижесі күні ертең-ақ әлем елдерінің геосаяси шешімдеріне айрықша ықпал етуі бек мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, төрткіл дүние АҚШ, Украина, Ресей елдерінің арасындағы соғысты тоқтату іс-қимылдарын түгелі төрт көзбен бақылауда десек, артық айтпаған болармыз. Осы орайда, біз сәл кідіріс жасап, Дональд Трамптың бұған дейінгі мәлімдемелері мен АҚШ үкіметінің мүдделік саясатының сабақтастығын сарапқа салып, талдау жасап көрсек.

 Трамп тілге тиек еткен Гренландия мен Панама каналының геосаяси һәм экономикалық маңызы қандай?

 Гренландия минералдық ресурстарға өте бай автономиялы аймақ, оның ішінде жоғары технологиялық өнеркәсібіне қажетті өте үлкен шикізат қоры бар. Шығыстағы көршіміз бен әлемнің алпауыт державалары осы ресурстарға қатты қызығушылық танытуда, өйткені сирек кездесетін жер металдары, әсіресе литий, кобальт, никель, молибден және иттербий сияқты элементтер жоғары технологиялық өнеркәсіп үшін айрықша маңызды шикізат көзі.

Бұл металдар электр батареялары мен электрокөліктерінде, мобильді телефондарда, компьютерлерде және басқа да электрондық құрылғылар өндірісінде кеңінен қолданылады. Гренландияның бұл минералдық ресурстарының Қытай үшін де маңызы зор, себебі Қытай жоғары технологиялық өнеркәсібін дамытуда және жасыл экономикаға көшу сатысында осы металдарға қатты тәуелді. Электр көліктері мен қайта жаңартылатын энергия көздеріне арналған батареялар өндірісінің өсуі, сондай-ақ ұялы телефондар мен басқа да электронды құрылғыларға сұраныстың артуы — күн өткен сайын осы металдарға қажеттілікті арттыру үстінде. Қытай өз экономикасын дамыту және әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін Гренландияның табиғи ресурстарын игеруге мүдделі болып табылады, сондықтан Қытай бұл аймаққа инвестиция салып, өзінің шикізаттық және ғылыми-өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Қытайдың Гренландиядағы табиғи ресурстарға аңсары ауған сайын, АҚШ та бұл аймақтағы экономикалық һәм саяси  ықпалын сақтауға барынша тырысады.

Өйткені: Гренландияның сирек кездесетін табиғи минералды ресурстарынан бөлек, АҚШ Солтүстік Мұзды мұхиттағы ықпалын арттыру және Арктикадағы өз позициясын нығайту үшін де Гренландияның маңызы өте зор. Дания мен Қытай арасындағы “Бір жол, бір белдеу” (BRI) жобасы аясында толыққанды ірі жобалар жүзеге асырылмаса да, экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытуға арналған бірнеше келісімдер жасалған. Сонымен қоса, Дания мемлекеті өте-мөте Гренландия жері арқылы Қытай Арктика аймағындағы геосаяси және экономикалық ықпалдастығын арттырғысы келеді.

2018 жылы Қытай “Арктикалық стратегиясын” жариялап, Арктикадағы Экономикалық дамуға өз  мүдделілігін білдірді. Бұл стратегия Қытайдың аймақтағы табиғи ресурстар мен географиялық аумақты пайдалану ниетін көрсетеді. Қытай осы аймақтағы Геосаяси һәм экономикалық ықпалын арттыру мақсатында түрлі ғылыми-зерттеу және экологиялық жобалар мен экономикалық келіссөздерді өз мүддесіне пайдалануда.

Оған себеп:

1) Қытай үшін Арктика жаңа халықаралық сауда жолдарын ашуға мүмкіндік береді. “Бір жол, бір белдеу” (Belt and Road Initiative) жобасы аясында Қытай Солтүстік Мұзды мұхиттағы жаңа теңіз жолдарын пайдалану мүмкіндігін қарастыруда. Мұндай сауда жолдары Қытай мен Еуропа арасындағы теңіз жолы сауда қатынасын жандандыруға және транзиттік шығынды төмендетуге мүмкіндік береді.

2) Қытайдың сыртқы сауда экспорты мен ішкі нарыққа қажетті импорт көлемін арттыру үшін Арктиканың теңіз жолдары өте тиімді, және олар АҚШ ықпалындағы дәстүрлі Суэц каналы мен Малакка бұғазына қарағанда қауіпсіз.

3) Қытай Арктикадағы әскери қуатын арттырып, әскери теңіз флотының бір бөлігін осы аймаққа бағыттауды жоспарлайды. Сонымен қатар, Қытай Арктикадағы теңіз әскери күштері жаттығуларына қатысу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл Қытайдың жаһандық ықпалын арттыру пиғылын көрсетеді. Бірақ, Қытай «арктикалық мемлекет» ретінде саналмайтындықтан, бұл бағытта Ресейге тәуелді.

4) Жоғарыда атап өткеніміздей, Солтүстік теңіз жолы: Қытай мен Ресей бірге осы маңызды сауда жолының дамуына және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша күш салуда. Қытайлық компаниялар Ресейдің Солтүстік теңіз жолы арқылы ресурстардың тасымалдануы мен қатар жаңа инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына қаржылық қолдау көрсету үстінде. Үйткені, Қытайдың экономикалық қызығушылығы Солтүстік теңіз жолы арқылы бірқатар сауда маршруттарын қысқарту, сондай-ақ минералды ресурстарға қол жеткізу.

5) Қытай үкіметі Арктикадағы геосаяси, экономикалық және әскери қуатын арттыру үшін Ресеймен ынтымақтастық орнату арқылы бұл аймаққа қатысты өзінің мүдделерін қорғап, екі елдің стратегиялық қатынастарын нығайтуда. Қытай мен Ресейдің бірлесе жұмыс атқаруы Арктика аймағында жаңа геосаяси күштердің пайда болуына әкелуі мүмкін. Әрине, бұл АҚШ үшін өте тиімсіз саяси үрдіс…

Гренландия Солтүстік Мұзды мұхиттың жағасында орналасқан және Арктиканың ең үлкен аралы. Оның географиялық орналасуы Арктикалық аймақтың қорғанысы мен сауда жолдары үшін аса маңызды. Сондықтан да, державалар арасындағы мүдделік келіссөздер алаңында Гренландия тақырыбы міндетті түрде талқыланары хақ.

Панама каналы — Атлант және Тынық мұхитын байланыстыратын әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірі. Оның географиялық орналасуы мен халықаралық саудадағы рөлі көптеген елдердің экономикалық және геосаяси мүдделеріне айрықша әсер етеді.

АҚШ Латын Америкасындағы геосаяси ықпалын сақтау үшін Панама каналын өз бақылауында ұстауды көздейді. Өйткені Панама каналы Латын Америкасының Орталық Америка бөлігінде орналасқан. АҚШ тарихи тұрғыда әлі де Латын Америкасындағы басты геосаяси ойыншы. Панама каналы арқылы АҚШ бұл аймақтағы маңызды сауда және әскери операцияларды еш кедергісіз жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, Панама каналы Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасы аясында Қытайдың экспорттық тауарларын Латын Америкасына және АҚШ-қа тасымалдау мен қатар экономикалық ықпал жасау үшін инфрақұрылымдық жобаларды дамыту да  айрықша маңызға ие. АҚШ Қытайдың осы жобаларға қатысуын қатаң бақылап, канал арқылы Қытай экономикасына өз үстемдігін күшейтуді көздейді.

Панама каналы Ресейдің Жерорта теңізі, Тынық мұхиты және Атлантика аралығындағы әскери қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, Ресей мұнай мен газ тасымалына, Арктика мен Азия арасындағы экономикалық байланыстарды арттыру, сондай-ақ АҚШ-пен қарым-қатынастардағы стратегиялық жағдайды нығайту мақсатында Панама каналының қызметіне жүгінеді. Соған орай, АҚШ бұл канал арқылы Ресейдің әлемдік нарықтардағы қатысуын бақылап, өз артықшылықтарын сақтап қалуға тырысады. АҚШ үшін Панама каналы Ресейге әсер ету құралы, өйткені Ресейдің Латын Америкасындағы ықпалы мен әскери базаларына қарсы әрекет ету үшін бұл маңызды платформа. Ресейдің Латын Америкасындағы әскери базалары көбінесе АҚШ-тың аймақтағы геосаяси ықпалына қарсы әрекет етеді. Ресей Венесуэла, Никарагуа және Куба сияқты елдермен әскери және саяси ынтымақтастықты тереңдету арқылы өз позициясын нығайтуға тырысады.

Қорыта айтқанда: Панама каналы әлемдік сауда мен геосаясатта маңызды рөл атқарады. Бұл каналдың геосаяси, экономикалық, әскери және қауіпсіздік маңызы өте жоғары. АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа елдері арасындағы мүдделлік одақтастық пен геосаяси шиеленісте Панама каналында қай тараптың ықпалы басым болса, сол тараптың ұпайы қарсы жақтан бір сатыға жоғары деп баға беруімізге болады.

 Украинадағы сирек кездесетін металдар мен минералдардың маңызы неде ?

 2017 жылы Қытай мен Украина арасында «Бір жол, бір белдеу» жобасы бойынша ресми келісімшарт жасалды. Украина Қытай тарапынан бұл жобаның аясында жоғары сапалы инфрақұрылымды дамытуға, әсіресе транспорттық және логистикалық жүйелерді жақсартуға көмек көрсетуге мүмкіндік алды. Ал Украина әлемдегі маңызды минералды ресурстарға бай мемлекеттердің бірі. Әлем бойынша Украина сирек кездесетін металдар мен минералдардың қоры тұрғысынан ең үздік 30 елдің қатарына кіреді. Оның ішінде Еуропадағы ең ірі өндірушілердің қатарында болып табылады.

Қытай әлемдегі сирек кездесетін металдар мен минералдардың ең ірі өндірушісі және өңдеушісі. Қытай бұл металдарды өзінің жоғары технологиялық өндірісіне, әсіресе электр көліктері, аккумуляторлар, жаңартылатын энергия көздері мен электроникаға пайдаланады. Украинада литий, вольфрам және редкоземельді металдар сияқты ресурстардың болуы Қытайдың осы саладағы монополиясына бәсекелестік тудыра алады.

АҚШ үшін сирек кездесетін металдар айрықша маңызды, себебі олар Американың қорғаныс, ғарыштық зерттеулер мен жоғары технологиялық индустриясы үшін өте қажет. Америкалық компаниялар Украинадағы литий және вольфрам кендерін зерттеп, осы ресурстарға инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруда. Енді сіздерге ақпарат алаңындағы мына жаңалықты қосымша материал ретінде ұсынғымыз келеді: “Украина сирек кездесетін металлдарды игеру бойынша АҚШ-пен келісімге келмесе, АҚШ Украина үшін Starlink байланыс жүйесін өшіруі мүмкін. Бұл туралы келіссөздер барысында екі мәрте айтылған. Ал идеяны ұсынушы Илон Маск саналады және ол шешімді біржақты негізде қабылдай алатынын айтуда.”

Марсты отарлағысы келетін Илон Масктың саяси сахнадан бой көтеруі, әуел бастан Ресей-Украина қақтығысындағы геосаяси шиеленіс алаңынан табылуымен қатар, Дональд Трамптың саяси командасына жұмыс атқаруы, соңғы кездегі саяси белсенділігінің не себепті екендігін енді түсінуге болады деген ойдамыз.

Қош делік: сонымен, Украина өзінің сирек кездесетін металдар мен минералдар қоры арқылы Қытай мен АҚШ арасындағы техникалық бәсекеде маңызды рөл атқара алады. АҚШ Украинаға қандай келісім-шарт ұсынып отырғаны және бұл саяси ойын алаңында Ресейдің позициясы қандай болмақ? Бұған қарата Қытайдың жауабы немесе Еуроодақ келіссөз алаңында бой көтеруі мүмкін бе? Бұл алдағы уақыттың еншісінде белгілі болары анық.

Украина НАТО-ға мүшелікке қабылдана ма? 

 НАТО — Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы (North Atlantic Treaty Organization) халықаралық әскери-саяси ұйым. Ол әлемдегі ең ірі әскери альянстардың бірі. 1949 жылы 4 сәуірде 12 мемлекет қол қойған Солтүстік Атлантикалық келісімшарты негізінде құрылған. Қырғи-қабақ соғысы уақытында альянс мүшелерін Кеңес Одағынан келетін қауптен қорғану мақсатында жұмыс атқарған. НАТО ұйымының басты принципі — ұжымдық қорғаныс, яғни бір мемлекетке жасалған шабуыл бүкіл альянсқа қарсы шабуыл болып есептеледі. Бұл принцип НАТО-ның барлық мүшелерін өзара қорғауды қамтамасыз етеді. Егер бір мемлекетке агрессия жасалса, басқа барлық мүшелер әскери көмек көрсетуге міндетті. Бүгінгі таңда НАТО Ресейдің және Қытайдың әлемдік геосаяси және экономикалық ықпалына қарсы халықаралық блокты қалыптастыруда.

Ресей — НАТО-ның ең үлкен қарсыласы. Ресей үшін НАТО-ның Шығысқа кеңеюі, яғни НАТО-ның құрамына Украина мен басқа да Шығыс Еуропа елдерінің қосылуы, оның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді және бұл оның аймақтық геосаяси ықпалын шектейді. Украина НАТО құрамына қосылған жағдайда, альянстың әскери инфрақұрылымы, әсіресе әскери базалар, жүйелер мен құрылымдар, Ресей шекарасына жақындауы мүмкін. Сонымен қатар, НАТО-ның құрамындағы елдер өз территорияларына әр түрлі әскери құрылымдарды орналастыра алады, соның ішінде қысқа және орта қашықтыққа ұшатын ракеталар. Бұл Ресейдің ядролық күштеріне қатысты тікелей әсер ету қабілетіне ие.

Украина Ресей үшін Еуропаға мұнай-газ тасымалы бойынша маңызды транзиттік ел болып саналады. Украина НАТО мүшесі болған жағдайда, Украина аумағы арқылы өтетін энергетикалық тасымалдарға қатысты күрделі мәселелер туындауы мүмкін. Сонымен қатар, Ресейдің посткеңестік елдердегі геосаяси ықпалы әлсіреуі ықтимал, оның ішінде бұрынғы Кеңес Одағының аймақтарындағы саяси және экономикалық үстемдігінен айырылуы да ғажап емес. Шығыс Еуропадағы геосаяси тұрақтылық бұзылып, нәтижесінде НАТО мен Ресей арасындағы шиеленіс жаңа деңгейге көтерілуі қаупі туындайды. Сондықтан Мәскеу билігі Украинаның НАТО-ға қосылуына түбегейлі қарсы. Бір сөзбен атап айтар болсақ: Украина Ресейдің батыс шекарасындағы буферлік аймақ рөлін атқарады.

 Ақ үйді алаңдатқан Төрттік одақ

 Ресей мен Украина арасындағы соғыста Ресейдің халықаралық оқшаулануы Қытай үшін Ресеймен стратегиялық серіктестігін күшейтуге жол ашты. Қытай мен Ресей арасында экономикалық, энергетикалық және әскери ынтымақтастық тереңдеді. Сонымен қатар, Қытай нарығына Ресейдің мұнай-газын әлдеқайда арзан тарифпен алу мүмкіндігі туындады. Ресей мен Қытай арасындағы энергетикалық байланыстар күшейіп қана қоймастан, бұл Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таптырмас орай болды. Ресейдің әскери және саяси ресурстары Украинада шоғырланғандықтан, Қытай Орталық Азия мен басқа да аймақтарда өзінің ықпалын күшейте алды. Бұл Қытайға аймақтық лидер ретінде өзін көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, халықаралық аренада Қытай, Ресей, Солтүстік Корея және Иран бірлестігі көрініс бере бастады. Бұл төрт елдің ынтымақтастығы болашақта батыс елдеріне бірқатар геосаяси қауіптер туындатуы бек мүмкін.

1) Ядролық қару: Ресей, Солтүстік Корея және Иранның жоғары дамыған ядролық қару бағдарламалары бар. Қытай да өзінің ядролық арсеналын барынша күшейту үстінде . Бұл елдер арасындағы ықтимал келісімдер немесе әскери ынтымақтастық халықаралық қауіпсіздікке қауіп-қатер  төндіруі мүмкін, өйткені олар бірлесіп ядролық және дәстүрлі қару-жарақ өндіру саласында ынтымақтастық орнатса, әлемдегі геосаяси тепе-теңдік әлсіреп, бұның соңы әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа ұласуы ықтимал. Солтүстік Корея мен Иранның әскери және ядролық технологияларды Ресей мен Қытайдан алу мүмкіндігі олардың әскери қуатын арттыра алады. Қытай мен Ресейдің тәжірибесі мен ресурстары бұл елдерге жаңа қару-жарақ технологияларын дамытуға мүмкіндік береді .

2) Гибридтік соғыстар мен кибершабуылдар :

Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея бірігіп, гибридтік соғыстарды, яғни ақпараттық, кибер және басқа да экономикалық шабуылдарды жүзеге асыра алады. Бұл Батыс елдері мен басқа да демократиялық елдердің ішкі тұрақтылығын бұзуға бағытталған арандатулар болуы да мүмкін. Кибершабуылдар: Ресей мен Иранның кибершабуылдар тәжірибесін, сондай-ақ Солтүстік Корея мен Қытайдың киберкеңістіктегі қабілеттерін біріктіру, бұл әлемнің ақпараттық қауіпсіздігіне үлкен қатер.

3) Батысқа қарсы экономикалық блок:

Егер бұл елдер экономикалық санкцияларға қарсы бірлесе әрекет етсе, олар Батыс елдерінің қаржы жүйесіне қарсы белгілі бір контршаралар қолдануы мүмкін. Ресей мен Қытай арасындағы сауда келісімдері мен энергетикалық байланыстың тереңдеуі, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Кореяның қатысуы, бұл елдер арасындағы сауда арналарын нығайта алады. Бұл процеске Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы (ҰҚШҰ), БрICS (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) ұйымдары белсене тартылары анық.

4) АҚШ долларынан бас тарту: Қытай мен Ресейдің және халықаралық аренада оны қолдайтын мемлекеттер арасында доллардан бас тарту және басқа валюта жүйелерін құру жөніндегі ұмтылыстары осы елдер арасындағы байланыстың тереңдеуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл әлемдік қаржы жүйесін қайта құрылымдауға, АҚШ долларына тәуелділікті азайтуға әкелуі ықтимал . Сондықтан да, АҚШ бұл төрт елдің одақтық бірлігін ешқашан болдырмауға тырысары ақиқат.

Қазіргі таңда АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс экономикалық және геосаяси ықпалдастыққа негізделеді. Қытай әлемдік супердержава болуға ұмтылады, бұл АҚШ-тың ғаламдық лидерлігіне қатер төндіреді. Қытайдың әлемдік технологиялық көшбасшылыққа ұмтылысы, соның ішінде 5G технологияларында алға басуы, барған сайын АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленісті арттырып келеді. Сонымен қатар, Қытай Тайваньды өзінің құрамдас бөлігі ретінде санайды, бірақ АҚШ Тайваньға экономикалық және әскери қолдау көрсетіп келеді. Оңтүстік Қытай теңізіндегі территориялық даулар да Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленісті одан әрі ушықтыру үстінде. Қытайдың бұл аймақта әскери ықпалын кеңейтуі АҚШ-тың геосаяси мүдделеріне қарсы келеді.

АҚШ Израильді өзінің маңызды стратегиялық серіктесі әрі геосаяси одақтасы ретінде қарастырады. АҚШ Израильге әскери көмек көрсетуде басты донор. Израиль мен АҚШ арасында сауда мен инвестициялар үлкен көлемде жүреді. АҚШ Израильдің басты сауда серіктесі, әсіресе жоғары технологиялар, әскери жабдықтар және фармацевтика салаларында маңызы зор. Израиль әлемдегі ең ірі инновациялық хабтарының бірі болғандықтан, АҚШ-тың көптеген ірі компаниялары Израильде зерттеу және дамыту жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бүгінгі күні Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс аймақтағы басты геосаяси мәселе. Иран Израильді өзінің басты жауы деп санайды, ал Израиль Иранның ядролық қару жасауы мен аймақтағы ықпалын өзінің қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептейді. Иран Израильдің жойылуына бағытталған декларацияларды бірнеше рет жариялаған болатын. Соған  орай, АҚШ Иранға қарсы көптеген экономикалық санкциялар енгізген, соның ішінде мұнай өндірісі мен экспортын шектейтін санкцияларда  бар. Бұл Иран экономикасына ауыр соққы болып, халықаралық сауданы қиындатты. Осы тұрғыдан АҚШ-тың Иранмен бір мәмілеге келуі күрделі процесс.

АҚШ-тың Оңтүстік Корея және Жапониямен стратегиялық қарым-қатынасы Солтүстік Кореяға қатысты маңызды рөл атқарады. Бұл елдер АҚШ-тың осы аймақтағы басты одақтастары болып табылады және Солтүстік Кореяға қарсы бірлескен әскери және экономикалық бағдарламаларды қолданады. АҚШ Солтүстік Кореяға қарсы көптеген экономикалық санкциялар енгізді, бұл елдің экономикасын қатты қиындатып қана қоймай, халықаралық сауда мен сыртқы инвестициялардың шектелуіне себеп болды. Қазіргі таңда, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы мен адам құқықтарының бұзылуына байланысты санкциялар күшейтілген.

Демек, жоғарыдағы факторларға сүйене отырып, Дональд Трамп – Ақ үйдің және АҚШ-тың мүдделік ұпайын түгендеу мақсатында Ресеймен геосаяси байланысты мүлдем үзіп жібермейтіндігін анық аңғаруымызға болады. Трамптың саяси командасының қазіргі таңдауы Ресей мемлекетімен келісімге келу болғанымен, Қытай немесе Иран билігімен орнатқан ашық әрі жасырын мүдделік келісімшарттар  кез келген уақытта әлем саясатының стрелькасын 180 градусқа өзгертіп жіберері анық. Алдағы келіссөздер алаңында міндетті түрде АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропалық Одақ арасында ортақ мәмілеге байланысты көптеген кездесулер мен ұсыныстар болуы бек мүмкін. Осы орайда, Украина жұртының тағдыры қалай шешілмек деген сауал менмұндалайды. Егер Украина елі Донецк, Луганск, Херсон және Запорож облыстарын қайтарып алып, 2022 жылғы территориялық тұтастығын қалыпқа келтіре алса, және Америка бастаған батыс елдерінің нақты кепілдік шарттары негізінде олардың сауда серіктесі саналып, маңызы бар ірі компанияларды Украина жеріне көшіре алса, Украина НАТО-ға қосылмаса да, үлкен жеңіске жеткен болар еді…..

Ертұран Жұмаханұлы

Дереккөз :

  1. “Өркениеттер қақтығысы және әлемдік тәртіпті қайта құру” “Алматы кітап” баспасынан 2003 жыл.

2. Әлемдік саясаттың жаһандануы: Халықаралық қатынасқа кіріспе . Рухани жаңғыру 2017 жыл.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Менің қазағымның ханымдары

Менің қазағымның ханымдары! Оңтүстік азияның күңдеріндей етегін сүйретіп именшіктемеген… Таяу шығыстың әйелдеріндей келбетін жасырып төменшіктемеген… Батыс