Түркияда Ыстамбул мэрі әрі оппозиция өкілі Экрем Имамоғлу тұтқындалғаннан кейін, басталған жаппай наразылық жалғасып жатыр. Толқу кезінде ұсталғандар мыңнан асып, арасында журналистер де бар екені хабарланды.
Оқиғаға себеп
19 наурызда Экрем Имамоғлы ұсталды. Оған және оның 100-ден астам жақтасына түрлі айыптар тағылды. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық, қызметті асыра пайдалану, террористік ұйымдармен байланыс сияқты айыптаулар бар. Ол Ыстамбұл мэрі қызметінен уақытша шеттетілді. Имамоғлының өзі барлық айыптауларды жоққа шығарды. Осы жағдайдан кейін елдің ірі қалаларында наразылықтар басталды.
Наразылықтар барысында қамауға алынғандар саны 1133 адамға жеткен. Бұл туралы 24 наурыз, дүйсенбі күні, кешке Түркияның ішкі істер министрі Али Ерлыкая мәлімдеген. Түркияның Медиа және құқықты зерттеу қауымдастығының (MLSA) мәліметінше, ұсталғандар арасында 10 фотограф пен журналист бар.
Жергілікті Disk-Basin-Is БАҚ қызметкерлерінің кәсіподағы жаппай ұстау әрекеттерін «баспасөз бостандығына және халықтың шындықты білу құқығына жасалған шабуыл» деп мәлімдеді.
24 наурыз кешінде Ыстамбул мен Анкарада мыңдаған адам тағы да көшеге шығып, үкіметтің отставкасын талап еткен.
Түркия президентінің реакциясы
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған демонстрацияларды қатаң сынап, оларды «зорлық-зомбылық қозғалысы» деп атады. Ол наразылық толқынына оппозициялық Халық-республикалық партиясын (ХРП) кінәлады. Бұл партияның құрамында Имамоғлу да бар.
Түркияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 19-23 наурыз аралығында елдегі наразылықтар кезінде 123 полиция қызметкері зардап шеккен.
Бұған дейін ХРП қамауға алынған Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоғлуды президенттікке ұсынған. Партия ішілік праймеризге 15 миллион адам қатысып, оның 13,2 миллионы Имамоғлуды қолдаған. Ол жалғыз үміткер болған.
Түркиядағы қазақстандық студенттер
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Түркияда тағылымдамадан өтіп жатқан 25 қазақстандық стипендиат қауіпсіз жерде екенін хабарлаған.
23 наурызда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қазақстандықтардан наразылық акцияларына қатысудан аулақ болуды және адамдар көп жиналатын орындарға бармауды сұрады. Сондай-ақ «наразылық туралы ақпарат пен болып жатқан оқиғаларға қатысты пікірлерді әлеуметтік желілерде таратпауды шақырды.
Елшіліктің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қатты сынға ұшырады.
Сонымен қоса, дипломатиялық өкілдіктердің байланыс нөмірлерін жариялады:
ҚР Елшілігі (Анкара): +905352734496
ҚР Бас консулдығы (Ыстамбул): +905012621465
ҚР Бас консулдығы (Анталья): +905394400522
ҚР Бас консулдығы (Измир): +905530998789
Түркияның шетелдік жастарға арналған Türkiye Bursları бағдарламасы арқылы оқып жатқан қазақстандық студенттер саны әзірге белгісіз. Бағдарлама аясында жылына бакалавриат, магистратура, докторантураға 5000 студент қабылданады.
Парақшамызға жазылыңыз