///

Тұздыбастаудағы жол мәселесі: 2019 жылғы уәде қайда қалды?

401 рет қаралды

Тегіс, сапалы асфальт – тек әдемі көрініс пен жайлылық емес. Ең алдымен – қауіпсіздік кепілі. Бірақ кейбір аудандарда жол мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Бұл әсіресе ауылдық жерлер мен ескі көшелерде өзекті мәселе. Шұрық тесік жолдар көлік қозғалысын қиындатып, жаяу жүргіншілер үшін де әбден қиындық туғызып отыр. Жыл сайын жөндеу жүргізіледі деп уәде берілгенімен, кей жерлерде жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Ендеше, уәде етілген жол қашан төселмекші?

Алматы облысы, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы Бокин және Базарбай көшелері де дәл осындай жағдайда. Қыс пен көктем мезгілінде бұл көшелерде батпақ болса, жазда көліктер өткен сайын шаң-тозаң көтеріледі. Әсіресе, бұл жағдай жаяу жүргіншілер, мектеп оқушылары мен қарт кісілерге қиындық келтіреді. Тұрғындар балшық жолмен қатынауға мәжбүр, ал қыста еріген қар қайта қатып, жолды мұз басады, бұл егде жастағы кісілер үшін үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан бұл жағдай – осы көшелерде тұратын жүздеген халықтың ортақ мәселесіне айналып отыр. Бірақ жағдай биылдан бастап шешілуі мүмкін бе?

Жылдар бойы шешілмеген жол  мәселесіне тұрғындар не дейді?

Көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе бойынша “Мінбер” тілшісі ауыл тұрғындарымен қысқаша сауалнама жүргізді. Тұрғындардың басым көпшілігінің жол сапасына көңілдері толмайды. Олар тек асфальтттың жоқтығына емес, жолдағы су жиналатын шұңқырларға да наразылығын білдірді.

Тұрғындар пікірі:

Талғат, жүк көлігі жүргізушісі:

– Жолдың болмауы көліктер үшін үлкен қиындықтар туғызады. Шұңқыр жолдармен жүру көлікке зиянын келтіреді, жөндеуге қосымша қаражат шығындалады.

Арзыгүл, Бокин көшесінің тұрғыны:

– Балалардың аяқтары үнемі балшық, шылқыған су болып келеді. Көшенің тұрғындары болып бірнеше рет жиналып, арыз жаздық. Тіпті өз қаражатымызға жерді тегістеуге тырыстық. Бірақ нәтиже жоқ. Ендігі үміт – жаңа сайланған әкім.

         Сара, зейнеткер:

– Мына тайғақ жолда жүру мүмкін емес, өте қауіпті. Балаларым болмаса, көшеде өз бетімше жүріп – тұрудың өзі қиын.

Жергілікті халық осылайша пікір білдірді.

Бұл шағымдар әкімнің назарынан тыс қалған жоқ. Ол өз қызметіне кіріскен бойда, ауыл жолдарын аралап, көше тұрғындарының наразылығын тыңдап, алдағы уақытта тиісті шаралар қолдануға уәде берген. 2023 жылы Тұздыбастау ауылына жаңа әкім тағайындалды.  Ол бұл мәселені басты назарға алып, тұрғындардың үмітін қайта оятты. Әкім ауылдың жол инфрақұрылымын жақсартуға нақты жоспар құрып, ауылдағы ескі көшелерге басымдық берілетінін мәлімдеді. Бұл өзгерістердің қандай болатынын білу үшін әкімді әңгімеге тарттық.

Халық алдыңғы әкімге бірнеше рет арыз жолдаған болатын. 2019 жылы жол төселеді деген уәде берілгенімен, мәселе сол күйі шешілмей қалды. Ал Тұздыбастаудың жаңа әкімі бұл жол мәселесінің өзектілігін түсінетінін және оның шешімін созбайтындығын айтты. Оған көше жағдайына қатысты бірнеше сұрақ қойылды.

 Ауыл әкімі: «Жолдың жағдайын көріп, тұрғындардың жан айқайын естіп отырмын»

– Көшеге асфальт төсеу жұмысына нақты кім жауапты?

– Әрине, ауыл әкімі болғандықтан ең бірінші жауапты мен боламын. Дегенмен мұндай шешімдер жеке әкімнің қолында ғана емес. Бұл мәселеде қоғамдық кеңес, депутаттар мен «Аманат» партиясының өкілдерімен бірлесіп ақылдасып, қаражат бөлу реті анықталады.

– Биыл жөндеу қай көшелерге жүргізіледі?

– Былтырдан бері қоғамдық кеңес пен әкімдік ауылдың ескі көшелеріне басымдық беруге уәде еткен еді. Себебі бұған дейін қаражаттың көбі жаңа ықшамаудандарға (новостройкалар) бөлініп, олардың жолдары жөнделіп келді. Мысалы, Шығыс пен Арман ықшамаудандары жаңа аймақ ретінде асфальтталған. Ал Бокин, Розыбакиев, Амангелді, Мақатаев сынды ескі көшелер жөндеуден тыс қалып қойды. Сондықтан біз бұл әділетсіздікті түзетіп, ендігіде қаражатты ең алдымен ескі көшелерге бөлуге шешім қабылдадық.

– Бокин және Базарбай көшелеріне асфальт төсеу қашан басталады?

– 2025 жылы бұл көшелерге сметалық құжаттама жасалған жоқ. Алайда жыл соңына қарай қаражат үнемделіп, мүмкіндік туса, бұл көшелерде жоспарға енгізілуі мүмкін. Егер биыл қаржы жетпесе, онда 2026 жылы тиісті құжаттар дайындалып, асфальт төсеу басталады.

– Асфальт салынғанша, балшық пен шаңды азайтуға қандай шаралар қолданылады?

– Бұның алдын алу үшін биыл 2025 жылы көшеге тас төселеді. Бұл тұрғындар үшін қуанышты жаңалық. Егер биыл тас төселсе, келесі жылғы асфальт төсеуге дайындық кезеңі деп есептеуге болады.

– Тас жазда төселе ме?

– Жоқ, бұл жұмыс күзге жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық құжаттар облыста қаралып жатыр. Егер облыстан қаражат бөлінсе, жұмыс белгіленген мерзімде басталады.

Осылайша әкім жол мәселесін одан кейінге шегермеуге тырысатынын айтты. Егер тұрғындар мен әкімдік бірлесе жұмыс істесе, мәселе тезірек шешілуі мүмкін.

Кейбір ауылдарда жол мәселесін шешу үшін тұрғындар бастама көтеріп, жергілікті кәсіпкерлерді де жұмылдырған. Мемлекеттік бюджеттен қаражат жетпеген жағдайда демеушілердің көмегімен көшелерге қиыршық тас төселген. Бұл тәсілді Тұздыбастауда да қолдануға болады.

  Тұзыдыбастаудағы жол мәселесі – тұрғындардың күнделікті өміріндегі  басты мәселенің бірі. Әсіресе Бокин және Базарбай көшелеріндегі жағдай тұрғындар үшін тек жайсыздық емес, қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін факторға айналып отыр. Жаңа әкім бұл мәселені басты назарға алып, егер де үнемделген қаражат болса, осы көшелерді  жоспарға қосамыз деп уәде берді. Алайда жолдың толықтай жөнделуі қаржыландыруға, тиісті жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындауына байланысты.

Аружан Мәсімбай, 

SDU, Журналистика мектебінің І курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар