Ұлттық құрылтай: спорттағы мәселе президент бақылауында тұр

98 рет қаралды

Фото: t.me/aqorda_resmi

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші орысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футболды және басқа да спорт түрін дамытуға баса мән беру керектігін айтты. Сондай-ақ спорт саласында туындаған кейбір мәселерді де айналып өтпеді. Өз сөзінде мемлекет басшысы футболды дамыту ісіне ерекше мән беріп,  демеушілер қаржысы есебінен облыстардағы стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажеттігін  немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн екенін мәлімдеді.

– Әр облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі  әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз, – деді мемлекет басшысы.

Соңғы жылдары белең алған ойынқұмарлық жасарып бара жатқаны жасырын емес. Ондай кеселді барынша жоюдың бір жолы балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру екенін де Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда атап өтті және футболды дамытуға жауапты сала басшылығына нақты міндеттер жүктеді.

– Осы салаға жауапты министрлік, футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек. Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек, – деді Тоқаев.

Президент бұл сөзінен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырғаны байқалады. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мемлекет басшысы спортты насихаттау, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі екеніне ерекше тоқталды. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами түскен. Десе де бұл – жеткіліксіз. Сондықтан бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алатынына президент баса назар аударды. Астанада шығармашылыққа арналған үйірмелерді, жекелеген спорт секцияларын ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік балаларды дамыту орталығының ісі көпке үлгі екенін айтқан президент бұндай тәжірибені елдің басқа аймақтары да қолдануы керектігін жеткізді.

– Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын. Үш жылдың ішінде екі триллион теңгеден астам заңсыз актив елге қайтарылды. Бұл қаржының аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі,–деді Тоқаев.

Құрылтайда президент мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мен құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлейменнің жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанына алаңдаушылық танытуы жастардың соның ішінде спортты жанына серік еткен жастардың арасында мұндай жағымсыз үрдісті азайту қажет екеніне де тоқталды.

– Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды, – деді президент.

Құрылтайда спорт саласына қатысты айтылған мәселелердің біразы оның инфрақұрлымына қатысты боғанымен осы күні спортшылардың рухани саулығы да көпті алаңдататын сыңайлы. Сол себепті кей азаматтарды алаңдатқан, алдағы уақытта барша елдің мазасын қашыруы мүмкін мәселені шешуге де назар аударылу қажет екенін мемлекет басшысы баян етті.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар