Қазақстанда автокөлік сатып алушылар жиі қиындықтарға тап болады. Жаңа көліктерде ақау анықталса да, сатушылар көбінесе өз жауапкершілігін толық орындамайды. Кепілдік мерзімі ішінде ақау шыққан жағдайда көлікті ауыстыру немесе жөндеу міндетті болғанымен, кейбір автосалондар бұл талаптарды орындаудан жалтарады.
Мұның нақты бір мысалы – Қарағандыда болған көлік өрті оқиғасы. Сатып алынған жаңа автокөліктің техникалық ақаулары салдарынан өртенгені анықталса да, автосалон жауапкершіліктен бас тартқан. Мұндай жағдайлар көлік иелеріне айтарлықтай қаржылық және моральдық қиындықтар тудыратыны мәлім.
Қарағандыдағы көлік өрті оқиғасы
Қарағандылық көлік иесі 30 қараша күні “Aster” автосервисіне келіп, көлігінің электр сымдарында қысқа тұйықталу барын хабарлаған. Алайда сервис орталығы көлікті небәрі 15 минут тексеріп, еш ақау таппағанын айтып, қайтарып жіберген. Арада екі күн өткен соң, 3 желтоқсан күні көліктің қозғалтқыш бөлігінде өрт шыққан. Иесі бұл жағдайға автосалонды кінәлап, сотқа арыз берді. Бірақ сот істерінің ұзаққа созылатынын ескеріп, халықтан ақпаратты таратуды сұрады.
Видео: Мұрат Әбенов, Instagram
“Бүгін 20 желтоқсан. 3 желтоқсан күні көлігім өртенді. Мен 30 қарашада осы жерге, сервистік кепілдікке келіп, көлікте ақаулар бар екенін хабарладым. Электр сымдарында қысқа тұйықталу бар деп ескерттім. Бірақ олар ешқандай шара қолданбады. Тек диагностикаға кіргізіп, 15 минуттай қарап шықты да “бәрі дұрыс” деп қайтарып жіберді. Арада екі күн өткен соң көлікте өрт шықты. “Aster”, Қарағанды тас жолы. Біз оларды сотқа бердік. Бірақ өздеріңіз білесіздер, сот істері ұзаққа созылады. Сондықтан, ақпаратты барынша таратып, қолдау көрсетулеріңізді сұраймын!”, – дейді автокөлік иесі бейнежазбада.
Бұл оқиға Қазақстанда көлік сатып алушылардың құқықтары қаншалықты қорғалатыны туралы мәселені қайта көтеруге себеп болды.
Автокөлік сатып алушылар неге өз құқығын қорғай алмайды?
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде автокөлік иелерінің қиындықтары туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, қазіргі заң нормалары көлік сатып алушылардың мүддесін толық қорғай алмайды.
Көлік алдыңыз, бірақ ол ақаулы болса ше? Кез келген тауар кепілдік мерзімі ішінде бұзылса, оны ауыстыруға немесе ақшасын қайтарып алуға болады. Бірақ бұл ереже автокөліктерге келгенде жұмыс істемейді. Мұрат Әбеновтың айтуынша, бұған “техникалық күрделі тауар” деген заң нормасы себеп. Бұл түсінік бірнеше жыл бұрын енгізілген және автосалондар мен өндірушілерге көлікке толық кепілдік бермеуге мүмкіндік береді. Егер сіздің жаңа көлігіңіз бұзылса, оны ауыстыру немесе ақшасын қайтарып алу мүмкін емес. Оның орнына, сіз:
- Оны өз қаражатыңызбен сатушыға жеткізуіңіз керек.
- Оның ақаулы екенін өзіңіз дәлелдеуге тиіссіз.
- Ақаудың зауыттық екенін көрсетіп, ұзақ тексерісті күтуіңіз керек.
Ең сорақысы, ақау расталса да сізге ақшаны қайтармайды. Оның орнына, айлап қосалқы бөлшек күтесіз немесе ұзақ жөндеуге жібересіз.
Қазіргі заң автокөлік сатушылар мен өндірушілердің ғана мүддесін қорғайды. “Отандық автонарықты қорғаймыз” деген желеумен қабылданған бұл норма шын мәнінде тұтынушылардың құқығын шектейді.
Құқық қалай қорғалмақ? Қазір Мәжілісте “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау” туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Онда:
- “Техникалық күрделі тауар” деген түсінікті алып тастау ұсынылған.
- Басқа тауарлар сияқты, көлікке де толық кепілдік берілуі тиіс.
Егер бұл өзгерістер қабылданса, сатушылар көліктің сапасына толық жауап беруге міндетті болады. Ал сатып алушылар ұзақ жөндеуге күтіп, ақшасын қайтара алмайтын әділетсіз жүйенің құрбаны болмайды. Әбеновтың сөзінше, бұл өзгерісті Үкімет пен депутаттар қолдап отыр. Бірақ автосалондар мен өндірушілерге жаңа “жеңілдіктер” жасап, осы заңды әлсіретуге тырысатындар әлі де бар.