19 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде ерекше экологиялық-танымдық шара – «Жаңару күні» өтті. Бұл бастама табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілікті арттырумен қатар, студенттердің жауапкершілік, ұжымдық рух және дәстүр сабақтастығы сияқты маңызды құндылықтарын қалыптастыруды мақсат етті.
Іс-шара аясында «Аударма ісі» мамандығының 1-курс студенттері факультет аумағында алма ағаштарын отырғызды. Бұл – қоршаған ортаға деген жанашырлықтың айқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар университет қабырғасында білім алып жатқан жастардың болашаққа қалдырған ізі, жас ұрпаққа жолдаған аманаты. «Ағаш ексең, аялап күт, жемісі ұрпаққа мирас болсын» деген халық даналығы осы шараның мән-мағынасын ашып тұрғандай.Табиғатқа құрмет – келешекке қамқорлық.Ағаш отырғызу – тек экологиялық бастама ғана емес, бұл – өмірдің, жаңа тыныстың, жаңарудың белгісі. Осы алма ағаштары студенттердің білім жолындағы өсуімен бірге жайқалып, тамырын тереңге жаяды деп сенеміз.
Іс-шараға белсенді қатысқан студенттер мұндай игі бастаманың олардың жан дүниесін байытып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырғанын айтты. Біз оны тек табиғатты көркейту мақсатында жасаған жоқпыз, бұл – біздің факультетке, университетімізге деген құрметтің белгісі. Бірнеше жыл өткен соң осы ағаштар гүлдеп, жеміс берген кезде, біз осы жерге келіп, бүгінгі сәтті жылы еске аламыз, – деп өз ойымен бөлісті 1-курс студенті.
Жастардың мұндай бастамалары қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға деген оң көзқарасты нығайтуға ықпал етеді. Университет аумағына отырғызылған әрбір ағаш – білім мен еңбектің, жаңарудың және жасампаздықтың белгісі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – тек сапалы білім беретін оқу орны ғана емес, сонымен қатар студенттерге азаматтық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіретін орда. Университет қабырғасында жүргізілетін осындай шаралар студенттердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, оларды қоғамға пайдалы істерге жетелейді.
Осы отырғызылған алма ағаштары жас ұрпақтың табиғатты аялау мен оны қорғау жолындағы маңызды қадамдарының бірі болмақ. Бұл игі дәстүр жыл сайын жалғасын тауып, университет жастары өздері оқыған білім ордасын жасыл желекке айналдыруға өз үлесін қоса береді деп сенеміз.
Шараны ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан Дипломатиялық аударма кафедрасының эдвайзерлері Тастанова Раушан Беркеновна, Мұратбек Назия Дәулетқызы және кафедраның аға оқытушысы Карипбаева Гульнар Алипбаевна студенттерге экологиялық мәдениеттің маңыздылығын түсіндіріп, табиғатты аялаудың тек бүгінгі емес, болашақ ұрпақ үшін де аса қажет құндылық екенін атап өтті.
Отырғызылған ағаштар студенттердің білімімен бірге өсіп, биіктерге талпына берсін!
Мұратбек Н.Д.
Тастанова Р.Б
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультеті,
“Дипломатиялық аударма” кафедрасының оқытушылары
Парақшамызға жазылыңыз