Алматы қаласы Шаңырақ шағынауданында орналасқан 2 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 1 адам қаза болды. Үй жалға берілген. Жалдамалы пәтерде үй иесін қоса санағанда 14 отбасы, 36 адам тұрған. Зардап шеккендердің айтуынша, тілсіз жаудың қалай тұтанғаны белгісіз. Оқиға орнынан экспертиза алынып, өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.
Өрт түнгі сағат 21:40 шамасында шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 25–45 минут шамасында келіпті. Тілсіз жау кезінде үй ішінде ерлі-зайыпты екі кісі болған. Әйелі ауруханада, күйеуі кеше 2 күннен кейін қайтыс болды.
«Ол кісіні өрттен алып шыға алмады. Ұйықтап қалған екен. Бір әйел кісі терезеден секірген, мұрны сынып кеткен. Ол кісі қазір ауруханада, бүгін ота жасап жатыр», – дейді тұрғын Азиза Тоқтарбаева.
Айгүл Алиповна, пәтер иесі:
«Өрттің неден, қалай шыққанын білмеймін. Өйткені ол кезде біз жұмыста болдық. Осы пәтерлердің бірін жалдап тұратын тұрғын маған хабарласып, өрттің иісі шығып жатқанын жеткізді. Жылдам өрттің алдын алыңдар десем, есік жабық тұр деді. Мен үйге келем дегенше, 30 минуттай уақыт өтіп кетті. Келсем, бәрі жанып кеткен, мені өрт сөндірушілер сыртқы есіктен кіргізбей қойды. Енді экспертиза нәтижесін күтіп отырмыз».
Пәтер иесінің айтуынша, бұндай оқиға бұрын болған емес. Өртке оранған пәтер газ, жарық т.б. бойынша әрдайым тексерістен өтіп тұрған.
«Бізде ең қиыны – бір адам қаза болды. Ол кісі далаға шығып келе жатқан екен. Құжаттарым қалып қойды деп, артынан қайтып кірген. Қайта шығамын дегенше, от лапылдап, денесінің 80% күйік шалып кетті. Сыртқа тірі шыққанымен, ауруханада қаза болды».
Алаяқтар осы оқиғаны пайдаланып, халықтан жиналған ақшаны жеке басына жаратып отыр деген сыбыс бар. Қаншалықты рас? Осы уақытқа дейін қайырымдылық қорынан немесе белгілі бір адамнан көмек болды ма?
– Кейбір адамдар біздің көмек сұрап түсірген видеомызды пайдаланып, өзінің Kaspi банк есебіне қаржы жинап, алаяқтық жасап жатыр деген ақпараттар бар. Осы пәтерде тұрған тұрғындардың бірі сондай алаяқтық жасаған адамдардың үстінен арыз жазды деп те естідік. Бірақ нақтысын білмеймін, өзім көзбен көрген жоқпын. Бізге осы уақытқа дейін «Шаңырақ» және «Қарасу» қорлары келіп, жиналған қаржыны 14 отбасыға теңдей етіп бөліп берді. Оларға алғыс, Алла разы болсын! – дейді пәтер иесі Айгүл Алиповна.
Гүлзира, тұрғын:
«Біз жұмыста болдық. Он бірлер шамасында жұмыстан келсек, бәрі лапылдап жанып кеткен. Ешқандай дүниеміз қалған жоқ. Әкімдік сол күні келіп, жарақат алған үш адамды ауруханаға алып кетті. Қалғанымызды қонақ үйге апарып жайғастырды. Қонақ үйді үш күнге жалдап берді. Бүгін түскі сағат он екіде босатасыңдар деді, босаттық. Енді қазір баратын жеріміз, ауыстыратын киіміміз де жоқ», – дейді тұрғын Гүлзира ханым.
Оның айтуынша, қайырымдылық қорлары 80 мың, кейін 99 мың теңге ақшалай көмек көрсеткен. Тұрғындар қосымша «Қарекет» қайырымдылық қорына көмек сұрап жүгініпті. Алайда бұл қор: «Сендер ешқандай санатқа жатпайсыңдар, мүгедек не жетім балаларың жоқ. Біз өрттен зардап шеккендерге ешқандай көмек бере алмаймыз», – деп көмек көрсетуден бас тартқан.
«Қайырымдылық қорлардың берген ақшасы 3 күнде ішіп-жеумен, балаларға жөргек алумен кетті. Ал бүгін квартираға төлейтін ақшамыз жоқ. Жаңадан пәтер жалдаған күннің өзінде, көрпе-төсек жамылып жататын ештеңе жоқ. Көмек көрсетуге ниетті адамдар, қорлар, кәсіпкерлер болса, бізге көмектессе екен. Бізге баспана керек, балаларымыз сабақтан қалып жатыр. Мен жалғыз басты анамын, бір қызым бар. Бас сауғалайтын жер жоқ».
Әкімдік тарапынан қандай да бір көмек болды ма?
«Әкімдік «Өжеттен» балаларды киіндірді, басқа ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Бізге 10 күнге тұруға болатын жатақханаларды ұсынды. Бағалары 100–120 мың теңге. Біз ондай ақша былай тұрсын, елу мың төлеуге шамамыз жоқ. Кеше әкімнің орынбасары келіп, бізден басқа ештеңе күтпеңдер деді. Осындай жағдай болған кезде әкімдік қорында ақша болуы керек қой. Соны бөліп берсеңші, бір-екі ай пәтер жалдап тұрайық деп айттық. Бізге ондай ақша бөлінбейді, ешқандай ақша жоқ», – деп жауап берді.
Анара Суранбаева, тұрғын:
«Жұмыста болдым, қалай болғанын білмеймін. Өзім дәрігер болып жұмыс істеймін. Басқа баратын пәтерім жоқ, барлық затым жанып кетті. Көмек бергендер аз. Жұмыстан 22 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді. Әкімдік: «Мұндай жағдайға қалғандар көп, бәріне бірдей көмектесе алмаймыз», – дейді. Зардап шеккендер жиналып, сағат 9-да әкім ғимаратына барайын десе: «Әкім бүгін болмайды, келмеңдер», – деген жауапты естідік».
«Мен 15 жылдан бері пәтер иесімен көрші болып тұрамын. Ешкім ешкімге қастандық жасамайды. Бұл жерде пәтерді жалдап тұрған адамдарға да қиын болды. Тіпті аяқтарына киетін шұлықтары да жоқ. Осындай кезде телеарналар, қайырымдылық қорлары келіп түсіріп, көмек көрсетсе екен. Адамдар дымсыз қалды, бәрі өртеніп кетті. Өртенген үйді бұзып, қоқысты шығаруда ақша тұрады. Әкімдіктен, үкіметтен қаржылай көмек сұраймыз. Жағдай өте ауыр. Тіпті оқиға кезінде есімнен танып қалдым. Еліміз бай, халқын далада қалдырмайды деп сенемін», – деді Асангүл Анарбековна «Мінбер» тілшісіне берген сұхбатында.
Зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек, уақытша баспана мен қаржылай қолдау қажет. Әкімдік пен тиісті органдар осы жағдайдан сабақ алып, қайғылы оқиғалардың алдын алуға нақты қадам жасайды деген үміттеміз…
Жадыра Әділбекқызы
Фотолар автордікі
Парақшамызға жазылыңыз