Фото: pixabay.com
Депутат Еділ Жаңбыршин жануарлар туралы заңға иесіз иттерді ұйықтату керек деп енгізуді ұсынып отыр. Яғни, эвтаназия әдісін пайдалану керек дейді. Оған себеп – соңғы жылдары бұралқы иттердің адамға шабуылдау фактілері жиілеп кеткен. Ресми мәліметтерге сүйенсек жылына 40 мыңнан астам адамға иттер шабуыл жасаса, оның ішінде 38 мыңын талап тастайды ( күніне 104 адам итке таланады деген сөз).
Қаңғыбас иттердің көзін құртуға қолданыстағы заң кедергі. Заңнама аясында бұралқы иттерді ұстап, оларға стериллизация, екпе жасап, қайтадан бос жіберу қарастырылған. Ит асыраушылардың жауапкершілігін арттыру үшін 2023 жылы үй жануарларын таңбалау міндеттелген еді. Алайда ресми тіркеуден өтпегені көп. Статистикаға сүйенсек, бастапқыда 28 мың үй жануары тіркелсе, кейіннен бұл көрсеткіштің саны 900-ге қысқарған. Яғни, міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін қаңғып жүрген иттер керісінше артқан. Сәйкесінше бұралқы иттерден зардап шеккендер саны да көбейіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 44 мың адамды ит қапқан. Оның ішінде 17 мың адамның 14 жасқа толмаған бала екені анықталған.
– Өткенде ғана Маңғыстау өңірінде болған оқиға барша ата-ананың уайымын күшейтті. Өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар, 16 жастағы бала итке таланып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Біреулер «қазір ештеңеге таң қалуға болмайды, онда тұрған не бар?» деуі мүмкін, бірақ мәнісіне терең үңілсек, бұл оқиға бірнеше қоғамдық проблеманың бетін ашып берді… Соңғы кезде балаларды қойып, бұралқы иттер ересектерге шабуыл жасаған оқиғалар да көбейіп кетті. Сонда бұралқы, аш иттерді тыя алмасақ, жас бала мен қорғансыз кәрілерді олардан қорғай алмасақ, біз кімбіз?! Бұралқы иттер туралы сөз болса, жануарлар құқығын қорғаушы кейбір ұйымдар өре тұрады. Түсінеміз, олар ЮСАИД сияқты батыстық ұйымдардан алған гранттарының ақшасын ақтауы керек болар. Бірақ жануарлар құқығы Адам құқығынан жоғары болғаны ма?! Адамның қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Бұралқы иттерді арнайы үй-жайларда ұстап, оларды күтіп-бағуға мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша бөлінеді. Есептеп көріңіздер, мектепте бір баланы тамақтандыруға мемлекеттік бюджеттен күніне 840 теңге бөлінеді, ал бір итті стерилизация, вакцинация, чип және операциядан кейін күтіп ұстауға 20 мыңнан 40 мыңға дейін қаржы керек екен. Әділет қайда? Адамға деген жанашырлық қайда? ‑ деді Е. Жаңбыршин премьер министр Олжас Бектеновқа жолдаған сауалында.
Алайда «Amanat» париясының республикалық эклогиялық кеңесінің кеңес мүшесі Сергей Снегиревтің айтуынша, малға бөлінген ақша мен балаға бөлінген ақша салыстырмалы шығындар емес. Бұл – манипуляция. Өйткені жануарлардың шығындары бірден бірнеше қымбат процестерді қамтитын аулау, ұстау кешенінде талқыланады. Мысалы, ұстау шығындарына тоқталайық. Жұмысшыларға төленетін еңбекақы, көлік, су тазарту қондырғысын пайдалану шығындары, техникалық қызмет көрсетудің өзі, кейінгі эвтаназияға арналған ветеринариялық препараттардың құны және басқа да ұсақ-түйектер. Ал содан кейін, балалар туралы тек тамақтану тұрғысынан айтылды. Егер біз балаларды жануарлар сияқты, жиынтықта санасақ, онда сандар, қайталап айтамын, салыстыруға келмейтін болады. Бәрі дұрыс болу үшін, екеуінің де тамақтануын ғана есептейік. Астананың мысалын қарастырайық. Ол жерден итке арналған астың бір келісін 300 теңгеден сатып алады. Ит күніне 250/300 грамм, яғни 100 теңгеге тамақ жейді. Дұрыс салыстыру тек тамақтандыруға негізделген екен, балаларға 800/850 теңге, малға 100 теңге. Сонымен қатар жануарлардың жалпы құны реттеу мақсатына сәйкес төмендейтін динамикасы бар айнымалы мән. Тиісінше, экономикалық контексте шартты салыстырмалы кестедегі бұл 2 мән қарама-қарсы бағытта қозғалады және экономикаға теріс әсер етпейді.
Оның айтуынша, иттер басынан бастап өміршең емес. Біріншіден, эвтаназия (жою) олардың санын реттемейді. Бұған Қазақстанда 30 жылдан астам баспанасыздарға қатысты осындай саясат жүргізіп келе жатқаны және оның нәтижесі дәлел бола алады. Екіншіден, түзетулерде ұсынылған эвтаназия әдісі тиімді деп есептесек, онда біз басқа мәселені қарастырамыз. Ұсынылған реттеу әдісі үшін инфрақұрылым жоқ. Яғни, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу үшін келесі алгоритм ұсынылады: оларды көшеден ұстау, уақытша ұстау изаляторына қамау, содан кейін сұранысқа ие еместерді эвтанизациялау. Бірақ қазір Қазақстанның 80 пайызында уақытша ұстау изоляторы жоқ. Тиісінше, жануарларды ұстау қажеттілігі реттеу алгоритмінен алынып тасталады. Яғни, ұсталған малды апаратын жер болмағандықтан, сол жерде бірден көзін жояды. Бұл заңды емес екендігіне қоса, тиімсіз екенін ескерген жөн.
– Осындай заңсыз және келеңсіз оқиғалар туындамас үшін бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау керек. Бұл жағдай көлеңкелі бизнесмендер мен жемқор шенеуніктерге тиімді. Яғни, бюджеттегі ақшаны иесіз иттердің санын ұжымдық түрде азайтуға тиісті алгоритмдерге бөледі. Алайда жергілікті жерлерде қаржы жымқырылады немесе басқа мақсаттарға жұмсалады. Сондықтан процестерде тиімділік жоқ. Ақшаны қатаң бақылау барлығын өз орнына қояды және жұмыс мақсатты әрі нәтижелі болады, ‑ деді сарапшы Сергей Снегирев.
«Егер эвтаназия 30 жыл бойы нәтиже бермеген болса, Қазақстанға қандай халықаралық тәжірибені енгізу керек?» деген сұрағымызға:
– Қаңғыбас жануарлар мәселесін шешуге бағытталған кешенді шараларды қарастыру керек. Яғни барлық үй жануарын міндетті түрде тіркеу, оларды қараусыз қалдыру және бақылаусыз серуендету үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ жануарларды бақылаусыз көбейтуді қатаң қадағалау қажет. Қажетсіз ұрпақтың пайда болуын болдырмау үшін – стерилизация жүргізу. Ал қазірдің өзінде көшеде жүрген жануарларға қатысты: Агрессивті және ветеринарлық көрсеткіштер бойынша ауырған жануарларға – аулау және гумандық эвтаназия жасау керек. Қалғандарына стерилизация, вакцинация жасап, табиғи мекеніне қайта жіберу тиімді. Бұл әдіс гуманды, өйткені табиғи азаю процесі жүреді. Сонымен қатар әсіресе ауылдық жерлерде, бұралқы иттер жаңа қаңғыбас жануарлардың көбеюінің алдын алады. Жабайы жануарлар (түлкі, қорқау қасқыр, енот және т.б.) арқылы құтырма сияқты аурулардың таралуына тосқауыл қояды, ‑ деп жауап берді «Amanat» партиясының республикалық экологиялық кеңесінің кеңес мүшесі, сарапшы Сергей Снегирев.
Мәселені шешу жолдарын ұсыну үшін, халықаралық тәжірибелерді қарастырған жөн:
Түркия: Бұл елде қаңғыбас иттерді өлтіруге заңмен тиым салынған. 17 баптан тұратын заңға сәйкес 2025 жылға дейін Түркия аумағындағы барлық иттер мен мысықтарға электронды чип егілуі керек. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер 2028 жылға дейін иесіз иттерге арналған арнайы орталықтар салуы тиіс. Бұл баптарды орындамаған шенеуніктер 6 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда бұралқы иттерді аулауға және олардың санын реттеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Алайда нақты сандар мен өңірлер бойынша бөлінген қаржы туралы мәліметтер ашық дереккөздерде шектеулі. Сондықтан бұралқы иттерді аулауға бөлінген қазіргі бюджет туралы нақты ақпарат алу үшін жергілікті әкімдіктердің немесе ветеринариялық қызметтердің ресми сайттарына жүгініп көрдік.
ҚАҢҒЫБАС ИТ‑МЫСЫҚТЫ АУЛАП, ҰСТАУҒА БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ
Бұл мәселеге қатысты қоғам не дейді? Көпшіліктің пікірін білу үшін, тұрғындардың арасында шағын сауалнама жүргізіп көрдік:
Бұралқыдан мезі болған бұқара бірден «келісемін» жауабын белгілейді ме десек, нәтиже басқаша болды. Сауалнамаға 200‑ге жуық Алматы қаласының тұрғындары қатысып, оның 93‑і келісемін жауабын белгіледі. Ал қалған 110 адам эвтаназияны жануарға жасалған қатыгездік деп санайтынын жеткізді. Сауалнамада «келіспеймін» деген жауапты таңдағандардың басым көпшілігі жеке үй тұрғындары болып шықты. Сәйкесінше «келісемін» жауабын таңдағандар көпқабатты үйлердің тұрғындары екені анықталды.
– Жеке үйлер жақта иттер көп жүреді. Балалар көшеде жалғыз жүруге қорқады. Қызым мектептен қайтқанда «мына жақта иттер жүр, қорқамын» деп әлі күнге дейін телефон шалады. Кейде қаңғыбас иттер аш болады, жейтін нәрсе іздеп ары‑бері жүгіреді. Жалғыз кетіп бара жатқан бала мұны түсінуші ме еді? Мені қапқалы келе жатыр екен деп қорқып қашады. Бұралқы иттерді былай қойғанда иесі бар иттер де адамға шабуылдайды. Иелері қаңғыбас ит құсатып, бос жіберіп қояды. Таңертең көшеге серуендеуге шығамыз. Сол кезде иттер үйдің қақпасының астынан шығып үреді, көшеде жалғыз жүре алмай қалдық. Сол үшін санын көбейтпей, бақылауда ұстау керек. Барлығы сарапталып, итке де, адамға да зияны жоқ оң нәтиже шығады деп ойлаймын. Жалпы жан‑жануарға басқа қарсылығым жоқ, ‑ дейді Ақжар ықшам ауданының тұрғыны Мейрхан Нұрхайдарқызы.
– Адамды да хайуанды да жаратқан Құдай. Адам да хайуан да тіршілік үшін жүреді, қоректенеді, қорғанады, ойланады, өледі! Ал адамның одан артықшырығы саналық деңгейде ғана. Енді сұрақ: адам неге өзімен бірдей жаратылысты көзін құрту қажет? Қауіпті ме? Адамның өзі ше? Хайуаннан бетер емеспе?! ‑ деп ашынды қала тұрғыны Жолдасбек Айтжан.
Тақырыпты жан‑жақты сараптау үшін тараптарды тыңдап көрдік.
Тележурналист, жануарлар туралы «Планетадағы көршілер» бағдарламасының авторы, Қарағанды қаласы, «Қайырымды қала» қоғамдық қорының жетекшісі, зооқорғаушы Наталья Уголькова:
– Міндетті түрде айтып өту керек. Егер қазір депутаттар ұсынған түзетулер қабылданса, қаза тапқандар мен ит шабуылынан зардап шеккендердің саны айтарлықтай артады. Себебі бұл түзетулер ит иелерінің жауапкершілігін толықтай алып тастауды көздейді. Көріп отырғанымыздай, ауыр жарақаттардың басым көпшілігін үй иттері салады, ал оларды ұстау ережелері жиі бұзылады. Егер иелерінің жауапкершілігі мүлде алынып тасталса, мұндай заң бұзушылықтардың саны сөзсіз өседі. Шабуылдардың басым көпшілігін иесі бар иттер жасайды. Жауапкершілікті күшейту шараларын қабылдаудың орнына, депутаттар қаңғыбас жануарларды өлтіруді ұсынып отыр, ал иелерінің жауапкершілігін мүлде алып тастағысы келеді.
Жануарларды қорғау ұйымдары бұралқы иттерді эвтаназиялау ұсынысына қарсы қандай да бір шаралар жасап жатыр ма?
Парламентаризм институты, заңгерлер, ғалымдар, биологтар және экономистер бірлесіп, жануарларды қорғаушылар әлемдік үздік тәжірибелерді ескеріп, балама заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасында:
- Иттер мен мысықтарды көбейту мен айналымын міндетті бақылау;
- Ит иелерінің жауапкершілігін күшейту;
- Халықпен ақпараттық жұмыс жүргізу, жануар иелерін оқыту, мектептерде білім беру бағдарламаларын енгізу;
- Қаңғыбас жануарларды жаппай вакцинациялау және кастрациялау қарастырылған. Осы шаралардың көмегімен «артық» жануарлар мәселесі бірнеше жыл ішінде шешіледі.
Сондай‑ақ Наталья Уголькова өзінің instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында осы мәселеге қатысты пост жариялаған. Автор онда былай деп жазған:
– Елімізде иттердің шабуылынан қанша адам қайтыс болды деген сауалға ресми жауап нүкте қоюы керек. (Ресми жауаптың суретін жүктеген) Иттердің шабуылы нәтижесінде 2024 жылы бір ересек адам, 2023 жылы бір адам қайтыс болды. Бір жыл ішінде екі адам ит тістеуінен алған жарақаттары және медициналық көмекке мұқтаж ауруханаға түсті. Осы уақытта:
- 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 112 бала өз-өзіне қол жұмсаса, күн сайын 10 ересек адам өз-өзіне қол жұмсайды.
- 2023 жылы отбасылық жанжалда 108 адам, соның ішінде балалар қаза тапты.
- 2024 жылы жол апатынан 2500 адам, оның ішінде жүздеген бала қайтыс болды.
Ондаған бала ата-анасының салғырттығынан терезеден құлап, суға батып кетті… Неліктен бізді иттер қорқытады? Неліктен оларды өлтіру үшін олар көбірек миллиардтарды талап етеді? Неліктен олар нақты және қорқынышты мәселелерді назардан тыс қалдырады. Сұрақ тек депутаттарға ғана қатысты емес. Жаппай дүрбелеңді қолдап отырған – БАҚ, теледидар, блогерлер және басқалар, олар ойланбастан «балаларды құтқаруға» ұмтылып, жалған ақпарат таратып, қайдан алынғаны белгісіз сандармен манипуляция жасайды. Ал тастанды және зардап шеккен жануарлар – біздің елде бір нәрсенің дұрыс еместігінің тағы бір дәлелі. Адамдардың қатыгездігі мен немқұрайлылығын өлтіру арқылы шешу мүмкін емес. Бүгін, шүкір, қаза тапқан немесе «ауыр жарақат алған» балалар жоқ. Бірақ егер Жанбыршиннің түзетулері қабылданып, иелерінің жауапкершілігі мүлдем жойылса, құрбандардың, соның ішінде балалардың саны еселеп артады, – делінген жазбада.
Жадыра Әділбекқызы
Парақшамызға жазылыңыз