14 сәуірде Черногорияда қазақстандық құқық қорғаушы, «НеМолчи.kz» қорының негізін қалаушы Дина Тансари (шын есімі — Динара Смаилова) қамауға алынды. Оған саусақ іздері алынып, тіркеліп, Подгорица қаласындағы уақытша ұстау изоляторына (ИВС) қамалды. Қамауға алу туралы қаулының нақты негіздері әлі күнге дейін белгісіз.
Сот отырысы 15 сәуір күні таңертең өтеді деп күтілуде. Сотта оның Қазақстанға экстрадиция мәселесі қаралады. Қамауға алынар алдында Тансари өзінің Telegram-арнасында бейнеүндеу жасап, не себепті ұсталғанын түсінбейтінін айтып, қолдау сұрады.
“Дина Тансари бұл жайында өзі көп айтпайды, бірақ ол ауыр сырқатпен ауырады. Екі жыл бұрын Грузияда оған жоспарлы операция жасалады деп жоспарланған еді. Осы медициналық жағдаймен Қазақстандағы тергеу изоляторында оның денсаулығы нашарлап, сотқа дейін жетпей қалуы мүмкін деген үлкен қауіп бар. Бұл – қазіргі ең басты алаңдаушылық”, – деп Telegram арнасында жазылған.
Мәліметтерге сәйкес, Дина Астана уақытымен шамамен сағат 18:00-де ұсталған.
Қазіргі уақытта Қазақстан билігі бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Қазақстанда Тансариға қатысты алты қылмыстық іс қозғалған болатын. Оған қайырымдылыққа жиналған қаржыны жымқырды деген күдік тағылып, халықаралық іздеу жарияланған. Бұл істер Алматы, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.
Дина Тансари барлық айыптауларды жоққа шығарып, өзіне қарсы қозғалған істердің саяси астары бар екенін айтады. Ол шетелде тұрып жатқан кезінде саяси баспана сұраған.
Парақшамызға жазылыңыз