Фото: Дженнифер Лопес жеке парақшасынан
Үкіметтің кезекті отырысында оқиғаларға қатысты туризмді дамытудан күтілетін экономикалық нәтиже ұсынылды.
«Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Үкімет отырысында оқиғалық туризм саласындағы жоспарланған жобалар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, 2025 жылы оқиғалық туризм саласында үш ірі жоба жоспарланған.
Биыл шамамен 1 миллион адам дрон-шоуын тамашалай алады. «Aspan Galaxy» компаниясы Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп 2025 жылы демеушілік негізде 20-дан астам жарық дрон-шоуын өткізуді жоспарлап отыр.
Ал 13 шілдеде «Астана Арена» стадионында хедлайнер Крейг Дэвидтің және Ресей мен Қазақстанның бірқатар үздік өнер жұлдызы қатысатын Alem Fest ашық форматтағы музыкалық фестивалі өтеді.
Отырыста Alem Fest Comic Con Astana фестивалінің шарықтау шегі болатыны да айтылды.
Күтілетін экономикалық нәтиже қандай?
Сырттан келетін туристер саны 5 мыңнан астам болса, олардың қала экономикасына жалпы үлесі – қонақ үй, мейрамхана, көлік, бөлшек саудалардан 2 миллиард теңге. Концертті өткізуден түсетін тікелей салық түсімі – 120 миллион теңге.
1 тамызда «Астана Арена» стадионында коммерциялық негізде әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтеді.
Мәлік Хасеновтің айтуынша 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп күтіліп отыр.
«Дженнифер Лопестің келуі – Астананың «А» санатындағы жұлдыздардың гастрольдік картасына ресми түрде енуінің маңызды белгісі болады. Бұдан бөлек, басқа елдер үшін туристік пакеттер әзірленеді. Біз 15 мыңнан астам шетелдік туристер келеді деп күтудеміз, олардың жалпы қала экономикасына қосқан үлесі – қонақүй, мейрамхана, көлік, бөлшек саудадан 6,5 миллиард теңге. Концертті өткізуден түсетін тікелей салық түсімі – 400 миллион теңге», — деді продюсер Мәлік Хасенов.
Дайындаған: Динара Насыр
Парақшамызға жазылыңыз