Фото: спортты дамыту дирекциясынан
Тайланд астанасы Бангкокта дзюдодан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың үшінші күні ұлттық құраманың үш спортшысы қола жүлдеге таласты.
Өкінішке орай үміт артқан үш палуанның біреуі ғана жүлделі болды.
Ол 90 келіде татамиге шыққан Мейірлан Максим.
Ол кіші финалда Тәжікстан палуаны Умкджон Раджабовты қосымша уақытта (golden score) қапы қалдырды.
Сондай-ақ осы салмақта белдескен Ермахан Әнуарбеков жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған жапон палуаны Комей Кавабатадан қосымша уақытта (golden score) ұтылып, 5-сатыға тұрақтады.
Дзюдодан ел құрамасының консультант-бапкері Роберт Мшвидобадзе қазақстандық спорт арнасына берген сұхбатында палуандардың өнеріне көңілі толатынын атап өтті.
– Жігіттердің барлығы өзінің алғашқы Азия чемпионатына қатысты. 90 келіде қазақстандық финалды көрер едік. Өкінішке орай аздаған қателік кесірінен жігіттердің жолы болмады. Меніңше палуандар жақсы өнер көрсетті, – деді Роберт Мшвидобадзе.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз