2022 жылдан бері еліміздің үздік спортшы оқушылары ISF U-15 жазғы мектеп гимназиадасына қатысып келеді.
Талабы таудай өрендеріміз осы аралықта халықаралық аренада өз орнын тауып, өздерін болашағынан зор үміт күттіретін команда ретінде таныта алды.
Биыл жазғы гимназиада Сербияның Златибор қаласында өтті.
Сәуірдің 4-14 күндері жалауы желбіреген оқушылар додасында ел намысын 23 өрен қорғады.
Республикалық іріктеуден сүрінбей өткен мықтылар дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат сынды төрт спорт түрінде бақ сынады.
Қорытындысында жас спортшылар ел қоржынына 11 медаль салды. Әдеттегідей боксшылар ерледі. Әйбек Садық, Шыңғысхан Макаров, Нұртас Әлімбай, Сайлауқазы Сымбат және Нұрболат Әмір гимназияда чемпины атанса, Әлихан Смағұл қола медаль иегері атанды.
Дзюдошылар екі медаль иеленді. Ерасыл Қалмаханбет қола жүлде еншілесе, Бақдәулет Серікәлі ел қоржынына алтын салды. Еркін күрес спортшылары да намысты қолдан бермеді. Висхан Арашов – күміс, Мансұр Ақылбай мен Нұрқожа Қалыбек – қола жүлде еншіледі.
Озық ойлы спортшылар да гимназиада барысында өздерін тек жақсы қырынан көрсете алды. Олтинай Алғаппарова мен Жанат Нұрым әділ ойын ережелерін сақтап, жоғары деңгейдегі спорттық мәдениетті көрсеткені үшін Халықаралық адал ойын комитетінің арнайы марапатына ие болды.
Айта кетейік, ISF U-15 жарысы 13 пен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған ең ірі халықаралық спорттық дода. Биылғы гимназиадаға 65-тен астам елден 3000-ға жуық жас спортшы қатысты.
Келесі гимназиада келер жылы өтеді.
Түгелбай Бисен,
Фото: Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығынан