////

Іле ауданындағы емхана: кезек күткендер де, көмек күткендер де шаршады

195 рет қаралды
фото: ЖИ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі халыққа тегін медициналық көмек көрсету үшін енгізілген. Бірақ Іле ауданында бұл жүйенің пайдасын көріп отырғандар аз. Эпилепсия және басқа созылмалы аурулары бар науқастар қажетті дәрі-дәрмектерін өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр. Ал мүгедектік мәртебесін ала алмағандар сақтандыру жүйесі арқылы тегін қызметке қол жеткізе алмайды. Оған қоса, дәрігер қабылдауына жазылу үшін ұзақ кезек күту мәселесі де қиындық туғызады. Емханаға келген науқастар өз құқықтарын пайдалана алмай, қос мәселемен бетпе-бет қалып отыр.

Әрбір науқасқа уақытылы әрі сапалы медициналық көмек алу маңызды. Бірақ Іле ауданындағы емханаға жүгінген тұрғындар үшін бұл қарапайым қажеттілікке қол жеткізу оңай емес. Көптеген мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен созылмалы аурулары бар науқастар қажетті дәрі-дәрмектерді өз қаражаттарына сатып алып, мүгедектік мәртебесін ала алмай жүр. Тегін қызмет көрсетуі тиіс МӘМС жүйесі іс жүзінде азаматтардың сенімін ақтамай келеді. Сонымен қатар. емхана пациенттері дәрігер қабылдауына талон алу үшін бірнеше күн, тіпті апта күтуге мәжбүр. Кезекке алдын ала жазылу жүйесі толыққанды жұмыс істемей, науқастар уақытылы көмекке қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселелердің туындауына аудандық емханалардың мүмкіндіктерінің шектеулі болуы да әсер етуі мүмкін. Үлкен қалалардағы заманауи медициналық жабдықтар мен мамандардың көптігіне қарағанда, аудандық емханаларда қажетті ресурстар жеткіліксіз. Тегін дәрі-дәрмектің жетіспеуі, талон тапшылығы және мүгедектікке шығу процесінің күрделілігі – медициналық жүйедегі ұйымдастырушылық кемшіліктердің көрінісі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты соңғы статистикалық мәліметтер:

  • Халықтың қалта шығыстарының төмендеуі: МӘМС енгізілгеннен кейін қазақстандықтардың медициналық қызметтерге жұмсайтын жеке шығыстары 5,4%-ға азайды. 2017 жылы бұл шығындар денсаулық сақтау бюджетінің 33,1%-ын құраса, 2022 жылы 27,7%-ға дейін төмендеді.
  • Медициналық қызметтердің қолжетімділігінің артуы: 2019 жылы 20 миллионға жуық консультация және диагностикалық зерттеу жүргізілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 142 миллионға дейін жетті, яғни 7 есе өсті. Стоматологиялық қызметтер саны 3 миллионнан 13 миллионға дейін, шамамен 5 есе артты.
  • Өмір сүру ұзақтығының өсуі және өлім-жітімнің төмендеуі: Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 74,4 жасқа жетті. 2019 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы жалпы өлім-жітім 8,8%-ға төмендеді.
  • Сақтандырылмаған азаматтар саны: 2023 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша, 3,3 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Бұл негізінен жұмыссыздар немесе тұрақты табысы жоқ, әлеуметтік мәртебесі расталмаған азаматтар.
  • МӘМС-ке шағымдардың өсуі: 2023 жылы МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына қатысты шағымдар саны 2022 жылмен салыстырғанда 14%-ға артты.

Графиктен көріп отырғанымыздай, МӘМС жүйесіне ең көп жарна жұмыс берушілерден түседі (331,5 млрд теңге). Бұл медициналық сақтандыру жүйесінің қаржыландырылуы негізінен жұмыс істейтін халықтың есебінен жүзеге асатынын көрсетеді. Яғни қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын жарналар олардың табысына байланысты есептеледі. 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, қызметкерлер өздерінің айлық табысының 2%-ын МӘМС жарнасы ретінде төлейді.

МӘМС БАР, КӨМЕК ЖОҚ

Кеңпейіл есімді 29 жастағы Іле ауданының тұрғыны соңғы төрт жылда денсаулығына байланысты жұмыс істеу қабілетінен айырылды. Ол 2016 жылдан бері “бауыр циррозы” диагнозы бойынша бірнеше рет Іле ауданындағыі емханаға барып, қажетті ем-дом қабылдаған алайда, жағдай жақсармады. Ал 2021 жылдың қысында ішкі қан кетумен 10 күнге комаға түсті. Қазір Кеңпейіл жұмысқа жарамсыз. Анасы  мүгедектік мәртебесін алу үшін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жүгінген. Алдымен дәрігер қажетті диагностикалық және емдеу шараларынан өткізген, бірақ соңында сіздің жағдайыңыз тұрақты, сондықтан МӘС-ке өтініш берудің қажеті жоқ,” – деп жауап береді. Бірақ төрт айдан кейін, денсаулық жағдайы тұрақты түрде нашарлағандықтан, дәрігерлік-консультациялық комиссия Кең пейілді МӘС-ке жіберді. Алайда, МӘС комиссиясы оның мүгедектік мәртебесін растаудан бас тартты, себебі олар оның жағдайын жеткілікті дәрежеде ауыр деп санамады.Сонымен қатар, Кеңпейілдің ресми жұмыс орны болмағандықтан, ол МӘМС жүйесіне жарна төлемеген. Бұл оған тегін медициналық қызметтерді алуда қиындықтар туғызып келеді.

– 2021 жылдың қыста сіз комаға түстіңіз. Содан бері үш жыл өтті. Қазір денсаулығыңыз қалай?

– Жағдайым айтарлықтай жақсарған жоқ. Күн сайын әлсіздік сеземін, басым айналып, тез шаршаймын. Қарапайым тұрмыстық істердің өзін қиындықпен орындаймын.

– Қазіргі денсаулық жағдайыңыз сізге жұмыс істеуге мүмкіндік бере ме?

– Жоқ, мен ұзақ уақыт тік тұра алмаймын, аздап жүргеннің өзінде демалуым керек. Бірақ сырттай қарағанда “өздігінен жүре алады” деп ойлайды. Бұл – қате түсінік.

– Сіз мүгедектік алу үшін өтініш бердіңіз, бірақ ол қанағаттандырылмады. Комиссия қандай себеп айтты?

– Олар менің қозғала алатынымды алға тартып, мүгедектік санатына жатқызудан бас тартты. Бірақ қозғалу мен жұмыс істеу – екі бөлек нәрсе. Менің жағдайымда тұрақты жұмыспен айналысу мүмкін емес.

– Денсаулық сақтау жүйесінен қажетті көмекті алып жүрсіз бе?

– Өкінішке қарай, менің ресми жұмысым жоқ, сондықтан медициналық сақтандыру жүйесіне кірмеймін. Тегін дәрігерге жазылу үшін ұзақ күту керек, ал жекеменшік клиникаларға баруға жағдайым жоқ. Сондықтан денсаулығым сыр бермесін деп барынша сақтануға тырысамын. Бірақ ауырып қалсам, не істейтінімді білмеймін.

– Сіздің ойыңызша, бұл мәселеге қандай шешім қажет?

– Ең алдымен, науқастың нақты жағдайын ескеретін жүйе керек. Адамның жүре алуы – оның еңбекке жарамды екенін білдірмейді.

Медицина сарапшысы Даулет Смайлұлының айтуынша, қазіргі жүйеде науқас өздігінен жүре алса, ол еңбекке жарамды деп саналады. Алайда, бұл оның толыққанды жұмыс істей алатынын білдірмейді. “Жүйені қайта қарау қажет,” – дейді сарапшы, науқастардың нақты жағдайын ескеретін әділ бағалау тетіктерін енгізу керектігін атап өтіп.

МҮГЕДЕКТІК АЛУ НЕГЕ ҚИЫН?

Бұл тек Кеңпейілдің басындағы жағдай ғана емес. Осындай қиындықтарға тап болған азаматтар өте көп. Бұл мәселе бойынша Іле ауданындағы невропатолог дәрігерінен пікір сұраған болатынмын.

“ Мүгедектік қазіргі таңда тек өздігінен орнынан тұра алмайтын, дәрі-дәрмектері көмектеспейтін, емханаға өз аяғымен келе алмайтын адамдарға ғана беріліп жатыр. Ал дәрісін өзі келіп алып кетуге шамасы барларға мүгедектік тағайындалмайды. Маман ретінде, мүгедектік беру жүйесінде әділеттілік болуы керек. Егер адам орнынан тұра әалмайтын жағдайда болса, оған 1-топ мүгедектік берілуі тиіс. Ал мүгедектіктің 3-сатысына жататын пациенттерге 3-топ міндетті түрде берілуі керек. Сонда ғана олар “Мен жұмысқа жарамсызбын”, “Ауруым жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді” деген сұрақтарды қоймайтын болады. Өйткені шынымен де 3-сатыдағы науқастарға жұмыс істеу мүмкін емес.Мысалы, бізде бір пациент болды – эпилепсиямен ауырады, бірақ мүгедектік ала алмады. Себебі қазіргі талап бойынша, оған мүгедектік тағайындау үшін ұстамалары айына 3-4 рет болуы керек. Ол дәрілерін қабылдаса да, жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ. Себебі кез келген жұмыс орнында бір рет ұстама қайталанса, оны жұмыстан шығарып жібереді, “Алдымен емделіп келіңіз” дейді. Ал мүгедектіктің 3-тобын алу үшін науқастың қабылдап жүрген дәрілері мүлде көмектеспейтін жағдайда болуы керек. Оның өзінде бұл жағдай тіркеліп, нақты дәлелденуі тиіс.

-Шыны керек емханада МӘМС-тен де бөлек проблема жетіп жатыр.

-Мысалы?

– Мысалы, қарапайым маман тапшылығы. Қарап тұрсам, менің сақтандыруым бар, бірақ ауырып тұрған кезде ауруханаға қаралуға келсем, мен қаралуым керек маманның қабылдауында адам көп, бір аптаға дейін бос уақыт жоқ. Бұл – тағы да сол талон мәселесі. Мен дәрігерден кеңес алуым керек, бірақ не болады? Мен қалаған уақытымда келіп, қарала алмаймын. Ондай жағдайда не істеуім керек? Тіпті терапевтке кіру үшін де талон керек. Көріп тұрсыз ба, бұл дұрыс емес!

Сосын мен не істеймін? Шұғыл көмек көрсету бөліміне барамын. Жақсы, ол жақта маған қандай көмек көрсете алады? Бір дәрі салып береді де, қайта жібереді. Ал дәрігерім “Алдымда адамдар бар” деп, қайта қабылдамайды. Сонда мен не істеуім керек? Өз өмірім қымбат болғандықтан, ақылы ауруханаға барамын, қыруар ақша төлеп емделемін. Бірақ мен МӘМС-ке төлеп жатқан салығымды қайтемін? Мен сақтандыруға не үшін айлығымнан ақша төлеп отырмын, егер тегін медициналық көмекке жүгіне алмасам? Проблема ма? Проблема!”

Қазіргі денсаулық сақтау жүйесінде науқастардың сапалы әрі уақытылы медициналық көмекке қол жеткізуі – өзекті мәселе. Бұл жағдай тек Іле ауданында ғана емес, ел көлемінде байқалады.

Мәселе тек қаржыландыру деңгейіне емес, жүйенің ұйымдастырылуына да байланысты. Кейбір азаматтар қажетті медициналық көмекті уақтылы ала алмаса, басқалары ақылы қызметтерге жүгінуге мәжбүр. Бұл медициналық инфрақұрылымның жүктемесіне, мамандар тапшылығына және сақтандыру жүйесінің тиімділігіне қатысты сұрақтар туындатады.

Денсаулық сақтау саласының қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін медициналық көмекті ұйымдастыру тетіктерін қайта қарау қажет. Әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, ресурстарды тиімді бөлу, сақтандыру жүйесін жетілдіру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту – бұл мәселені шешудің ықтимал жолдары болуы мүмкін.

Лаура Маркарждарова, 

SDU University, “Журналистика” мектебінің І курс студенті

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар