//

Лұқпан Ахмедьяров не үшін ұсталды?

381 рет қаралды

Фото: facebook.com

Кешеден бері бір оқиға ақпарат кеңістігінде халықтың басым көпшілігін, әсіресе, журналистер мен азаматтық белсенділерді алаңдатып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Ол – журналист Лұқпан Ахмедьяровтың ұсталуы. Біз де бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшалардан бақылап отырдық.

Фото: видеодан кадр

Бір күн бұрын «Просто журналистика» You Tube каналының журналисі Рауль Упоров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында каналдың авторы Лұқпан Ахмедьяровты Астана қаласында Триатлон паркінің жанында азаматтық киімдегі таныс емес адамдар ұстағаны туралы жазды. Оның жазбасында адамдардың құжаттарын көрсетпегені, өздерін полиция өкілі ретінде таныстырғаны, дөрекі болғаны айтылған. Полиция деп таныстырған адамдар Лұқпанға қылмыстық іс қозғалғанын және оны жауап алу үшін алып кететінін хабарлаған.

Кейін ол Лұқпан Ахмедьяровтың Астанадағы С.Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайындағы Полиция департаментіне жеткізілгенін хабарлады.

Фото: facebook.com

Сонымен қатар Рауль Упоров осы жерге Лұқпанды қолдауға келген адамдарды да ұстап жатқаны туралы айтты. Көп кешікпей Лұқпан жауап алудан кейін шыққанын және ертең тағы да жауап алуға шақырылғаны туралы хабарлады.

Ал бүгін 5 сағат бұрын Рауль Упоров парақшасында Лұқпан Ахмедьяровтан жауап алудың аяқталғанын және оны босатқанын жазды.

Cонымен қатар, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Лұқпан Ахмедьяровтың ұсталуына орай  мәлімдеме жасады.

«Астана қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, жәбірленушілердің өтініші негізінде ҚР ҚК-нің 274 «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған, осы істің шеңберінде тергеу жүргізу үшін 2025 жылдың 10 сәуірінде «Просто журналистика» You Tube каналының авторы Лұқпан Ахмедьяров ұсталды. Лұқпанның іс бойынша мәртебесі – қорғау құқығы бар куәгер. Журналистің айтуынша, тергеуге себеп болған әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуға мәжбүрлеп тартудың ықтимал қауіп-қатері туралы зардап шеккендердің бірінің туысынан алынған ақпарат негізінде дайындалған пост.

ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінің 180-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған кезде қозғалады. Сонымен бірге ҚР ҚК-нің 274-бабында (көрінеу жалған ақпарат тарату) таратылған ақпараттың жалғандық белгісі ғана емес, сонымен қатар қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдайтын құқық қорғау органының лауазымды адамы көрсетілген белгіні қолда бар құжаттар мен ақпаратты талдау негізінде белгілеуге міндетті екенін білдіретін хабарландыру белгісі де бар.

Егер таратылған мәліметтердің, келіп түскен өтініштің және т. б. мазмұнынан жалған ақпарат қасақана таратылған, яғни қасақана таратқан адам, адам оның жалған екеніне сенімді болған кезде, бірақ соған қарамастан оны қандай да бір заңсыз себептерге байланысты таратқан кезде, онда бұл жағдайда іс ҚР ҚК 274 баптың негізінде қозғалады. Егер ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында көрінеу жалған ақпараттың белгісі жоқ екені анықталса, іс ҚР ҚІЖК-нің 35-бабының негізінде тоқтатылуға жатады (оқиғаның не қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты).

Лұқпан Ахмедьяров пен оның қорғаушысы тергеу органдарына жағдай туралы журналистке хабарлаған адам арқылы барлық хат-хабарды ұсынды. Бұл канал авторының іс-әрекетінде көрінеу жалған ақпарат белгісінің жоқтығын растайды.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры «Заң және тәртіп» қағидатын берік ұстанып, процестің барлық қатысушысын заңды мүлтіксіз сақтауға шақырады. ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық іс барлық мән-жайларды егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін тоқтатылады деп үміттенеміз. Біз жағдайдың дамуын мұқият бақылауды жалғастырамыз».

«Мінбер» ақпарат агенттігінің ұжымы да журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты жағдайдың барысын бақылап, оқырманды хабардар етіп отырады. Біз де Лұқпан Ахмедьяровтың тағдырына алаңдаулымыз, аталған қылмыстық істің әділ тергеледі деп үміттенеміз! Заң мен тәртіптің салтанат құратынына, Әділетті Қазақстан деген сөз тіркесінің құр сөз емес, нақты іспен дәлелденетініне сенеміз!

Альфия Шамаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар