Қазақстанда Magnum супермаркеттер желісіне қарсы бойкот бастамасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, мемлекеттік тілдің ахуалына қатысты пікірталасқа ұласты.
Бұл бастаманың туындауына Magnum-да курьер болып істейтін жігіттің өз клиентінен қазақ тілінде сөйлеуді сұрағаны үшін жұмыстан шығарылғаны себеп болды. Оқиға TikTok пен Instagram желілерінде кең таралып, қоғамда резонанс туғызды. Пікір білдірушінің көбі бұл шешімді әділетсіз деп бағалап, компанияға бойкот жариялауға шақырып жатыр.
#magnumбойкот хэштегімен жарияланған жазбаларда қолданушылар Magnum-нан бас тартуға үндеп, компанияның ресми парақшаларын жаппай белгілеп жатыр. Әлеуметтік желілерде белсенді азаматтар осы жағдайды мемлекеттік тілге деген салғырт көзқарастың айғағы деп санайды.
Magnum басшылығы дауға байланысты ресми түсініктеме беріп, қызметкер жұмыстан тілге бола емес, клиентпен сөйлесу әдебіне байланысты босатылғанын айтты. Алайда бұл мәлімдеме көпшіліктің көңілінен шықпады. Қоғам қайраткерлері Шыңғыс Мұқан, Дос Көшім және басқа да танымал тұлғалар бойкотты қолдап, өз ұстанымын ашық білдірді.
МАГНУМ ШЕШІМІ КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАЙШЫ
Белгілі журналист Серік Әбікенұлы компанияның Конституция нормасын бұрмалағанын айтады:
Белгілі журналист, медиа менеджер Серік Әбікенұлының айтуынша, Magnum Конституция мәтінін өз ыңғайына бейімдеп алған. «Конституцияның 7-бап 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»- делінген. Соған магнумдықтар «және ұйымдарда» деген жалған тіркес қосып алыпты. Яғни ешбір сауда дүкеніне біздің Заң орысша сауда жасауға рұқсат бермейді. Оны қолдануға басқа актілер рұқсат етеді. «Магнум» парламент, министрлік, әкімдік емесі анық», – дейді ол.
ЕКІ ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ТҰРМЫСТЫҚ ДАУ?
Оқиғаға қатысты үкімет те пікір білдірді. Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тіл мәселесін әлеуметтік желіде талқылағанда сақ болуға шақырды:
«Қазір қазақ тіліне бар жағдай жасалынған. Бұл – екі жеке тұлғаның арасындағы тұрмыстық дау. Бірақ бұл бізге үлкен сабақ. Ондай тіл мәселелерін, ұлттық мәселелерді әлеуметтік желіде талқылағанда, жазғанда абай болу керек. Елімізде 20 млн халық тұрады. Қазақтар «ауылы араластың, қойы қоралас» деп айтады ғой. Енді бізге не керек? Қарапайым қазақтардың басы аман болсын. Одан басқа ештеңе керек емес», — деді министр Мәжіліс кулуарында.
Magnum-ға қарсы бойкот мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнына қатысты кеңірек пікірталасқа жол ашты. Көпшілік ана тілін қадірлеуге шақырып, мемлекеттік тіл саясатына нақты өзгерістер қажет деп санайды.
Бағдат Сұлтанқызы
Парақшамызға жазылыңыз