Осыдан бес жыл бұрын тіл жанашыры, кәсіби аудармашы, редактор әрі медиа маманы Назгүл Қожабек «Калькасыз қазақ тілі» атты Telegram арнасын ашты. Бүгінде бұл бастама қазақ тілінің тазалығын сақтауды мақсат еткен ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды десек, артық айтқандық емес. Арна қазақ тілін калькадан арылтып, табиғи қалпына қайтаруға бағытталған . Осыған орай Назгүл Қожабекпен сұқбаттасып, тіл мәселесінің тамыры мен беталысы тұрғысынан кеңінен әңгімелестік.
ЕШ САЛАДА ҚАЗАҚ ТІЛІ ТАБИҒИ ӘРІ САУАТТЫ ТҮРДЕ ҚОЛДАНЫЛЫП ЖАТЫР ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН
– «Калькасыз қазақ тілі» телеграм арнасын ашуға не түрткі болды? Бұл идея қалай туды?
– Мен кәсіби аудармашымын, сонымен қатар талай жылдан бері медиада еңбек етіп келе жатқан редактор, тіл маманымын. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасында істедім, қолымнан сансыз мәтін өтті. Менің негізгі бағытым – мәтін өңдеу, редактура. Өзім де филолог болғаннан кейін, 2002 жылдан бері аударма, редактура, медиа саласында жүргеннен кейін қазақ тіліне дендеп ене бастаған калька үрдісі мен құбылысын зерттеу өзіме қызық болды.
Калька мәселесімен алғаш рет тереңірек айналыса бастаған кез журналистика саласында жүрген шағыммен тұспа тұс келеді. Журналистер мен аудармашылар тілінің біртіндеп орысша құрылымға ауып бара жатқанын байқадым. «Бұл не құбылыс? Неге тіл мамандары сөздің табиғи қалпынан алыс кетіп, бұрмалап жатыр?» деген сұрақтар мені мазалады.
Сөйтсем, калька – жай қате ғана емес, аударматанудағы бір тәсіл болып шықты. Калька дүниежүзі тілдерінде бар тәсіл. Бірақ бізде ол әдіс емес, қате аудару үрдісіне айналып кеткен. Сол құбылыстың тереңіне үңілген сайын оның тамыры отарлық санадан енгенін түсіне бастадым. Осылайша, мұның тек тіл мәселесі емес, сана мәселесі де екеніне көзім жетті. Осыны өзгертуге болатынына сендім. Сол сенім мені арна ашуға жетеледі.
Карантин басталған кезде жұмыссыз қалғаннан кейін, уақытым болды. Жылдар бойы жиған-тергенімді, іште жүрген ойды сыртқа шығаратын уақыт сол кезге сәйкес келді. Сөйтіп, «Калькасыз қазақ тілі» арнасын ашуға бел будым, аштым. Басында «бір-екі айда айтатын нәрсе таусылады» деп ойлап едім, керісінше, күнде бір дүниенің шығып тұратынын аңғардым. Сөйтіп жүріп, бес жыл да өтіп кеткен екен.
Өз басым ешкімнің соңынан қалмай, «қате іздеп» жүрмеймін. Өзім қатарлы әріптестер осыны түсінсе екен деймін. Бар игі ойым – құнарлы, бай қазақ тілін өзінің биігіне қайта шығару. Ақпарат кеңістігінде жүрген соң, мәтіннің дұрысы да, бұрысы да көзіңе түседі. Кездесіп қалса түзеп өтемін. «Мына сөзді былай жазса, ертең біреулер қайталап жібермесін» деген оймен ғана арнаға жазып қоямын. Кейде бір сөздің әсері болады, кейде әсері аздау болып жатады. Біртіндеп қазақ тілі өзінің табиғи қалпына келер деген үміт оты сөнбейді. Өйткені халықтың өзі бұл мәселеге баса назар аудара бастады.
– Калькамен күрестің нәтижесін қалай бағалайсыз? Қоғамдық санада қандай өзгерістер байқалады?
Мәселен, «Халық банктің» қосымшасындағы және хабарландыруындағы қатені жазып едім, олар сол олқылықтың орнын толтырып, қатені түзеді. Жұрттың беті бері қарай бастағаны – кезінде «мерекеңмен», «туған күніңмен» деген сөздердің қате екенін айтып жүрген кезде, маған қалыптасқан қағиданы бұзбай тыныш жүруімді көп адам айтқан. Ал қазір жұрттың ойы жақсы жаққа өзгеріп келе жатқанын әлеуметтік желідегі тіл тазалығына байланысты жазған-сызған пікірінен көруге болады. Сөздің шыны керек. «жаңалықпен бөлісу», «сүтпен шай ішу» сынды калькаланған сөздерге шамам әлі жетпей жатыр. Қазақ тілінің бұрмаланбауына, қазақ тілінің тазалығына мән беріп, осының қате екенін айтып жатқан адам көп.
– Бүгінгі қазақ тілі медиада, мемлекеттік құрылымдарда, ғылым мен технология салаларында қаншалықты табиғи әрі сауатты қолданылып келеді?
– Еш салада қазақ тілі табиғи әрі сауатты түрде қолданылып жатыр деп айта алмаймын. Иә, ақпарат айдынында, әсіресе журналистикада, қазақ тілінің төл табиғаты әлі де сезіледі. Себебі ол жақта ауызекі тілдің, сөйлеу дағдысының үлесі бар. Бірақ соның өзін «журналистік стиль» деп бөліп алып, қалған барлық саланы: ғылым, медицина, заңнама, әкімшілік тілін – бір бөлек кеңістікке шығарып тастадық.
Ғылыми стильде, ресми стильде жазуды місе тұтып, қазақ тілінің заңдылығы мен реттілігі ескерілмегендіктен, мүлде бөлек бір жасанды құрылым пайда болды. Сөйтіп, шын мәнінде қазақ тіліне еш ұқсамайтын, тіпті қарсы келетін тілдік формаларды қолдан жасап алдық. Бүгінгі ресми тіл – қазақ тілінің өзінен алшақтап кеткен бөлек бір «мемлекет» сияқты.
Мұның себебі біреу: біз – отар елміз. Қаласақ та, қаламасақ та, бізде отарланған тіл бар. Оның табы тілдік жүйеде ғана емес, ойлау жүйесінде де жатыр. Баяғы Совет кезінде бақылау күшті болса да, тіл сақталды. Қазақ тілінің табиғи қалпын сол кездегі тіл мамандары қалай сақтай, қорғай алғаны – өз алдына бір феномен. Бірақ ол кездің адамдары тілдің тазалығын, тұнықтығын сақтап қала алды. Ал 90-жылдардан бері біз сол тұнық тілді қолданудан қалдық. Жартылай орысша, жартылай қазақша – аралас-құралас, бірдеңеге айналдырдық. Қазір қолданылып жүрген қазақ тілі – шалағай дүние.
Бүгінгі 30, 40, 50 жастағылар – біз осы мәселенің бетіне тура қарауға тиіс буынбыз. Өйткені осыны түзеп кетпесек, бізден кейінгілер түзете алмайды. Себебі біз тоқтата алмай отырған нәрсе – оларға лас күйінде барады. Ал лайланған дүниені тұтас тазарту үшін, біріншіден, күш керек, екіншіден, ықылас керек. Келесі ұрпақ лас дүниені толығымен жуып-тазарта алмайды. Болмаған соң – қолын бір сілтейді. Сөйтіп тілден де, санадан да айырылып қалу қаупі бар деген тоқтамға келемін.
Біздің міндет – сол шалағай дүниені бір қабат болса да тазартып кету. Мүмкін, біз бәрін түбегейлі өзгерте алмағанымызбен, тілдің табиғи заңдылығын, ойлау формасын сақтап, оны аманаттап кете алсақ – ұтылмағанымыз.
Кейде қызық нәрсеге тап боламын. Жақында бір жас ғалымның дәрісін тыңдадым. Ойын ашық айтады, тіл байлығы мол, әдемі сөйлейді. Бірақ сондай жақсы, таза сөйлейтін ғалымдардың еңбегін оқысаң – шошисың. Қарапайым сөз тіркестері жоқ. Тек сықырлаған «ғылыми стиль» ғана бар. Қазіргі уақытта еліміздегі ғылыми ортада «ғылыми стиль» ұғымы белгілі бір қалыптасқан стереотиппен шектеліп отыр.
Бұл стереотип – ғылыми мәтіндердің, әсіресе заңнамалық және ресми құжаттардың, тек бір ғана тілдік үлгіде жазылуға тиіс деген түсінікке негізделген. Яғни, «заң тілі осындай болуы керек» деген тұжырым ғылыми тілдің жалғыз дұрыс жолы ретінде қабылданып жатыр. Мұндай біржақты көзқарас ресми-іскери стильдің қазақ тіліне етене, табиғи түрде бейімделу мүмкіндігін шектейді. Алайда бұл тілдік үлгінің қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына, сөз саптау ерекшеліктеріне, мағыналық құрылымына қаншалықты сай келетінін талдап жатқан мамандар аз.
Қазақ тілінің синтаксистік құрылымы, лексикалық байлығы мен стилистикалық икемділігі заң тіліне бейімделу үшін мүлде басқа тәсілді қажет етуі мүмкін. Дегенмен қазіргі таңда мұндай тілдік сараптама жүргізілмей, қалыптасқан норманы бұлжытпай орындау ғана талап етіледі. Бұл жағдай қазақ тілінің ғылым тілі, заң тілі ретінде дамуына белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді. Ғылыми стиль мен заң тілін қалыптастыруда тілдік құрылымын, тарихи даму жолын, ұлттық ойлау жүйесін ескерудің маңызы зор. Сондықтан ғылыми ортада бұл мәселе арнайы зерттеліп, тілдің табиғи мүмкіндіктері негізінде балама үлгілер ұсынылуы қажет.
ТІЛ ТАБИҒАТЫНАН АЛЫСТАП, ҚАСАҢ АУДАРМА ТІЛІНЕ КӨШТІК
– Қазақ тілінің тазалығына шек келтіріп тұрған қай сала: аударма, оқулық әлде медиа ма?
Қазіргі аударма тәжірибесінде қазақ тілінің табиғи болмысы мен лексикалық байлығы жиі ескерілмей жатады. Соның бір айғағы – синоним мен ононим қатарын қолдануға мүмкіндік бермей, әр шет тіліндегі сөзге қазақшадан бір ғана балама сөз таңып қоюға тырысатын үрдіс. Мұны тіл еркіндігін шектейтін, қазақ тілінің икемділік қабілетін тежейтін көрініс деп айтуға болады.
Бұл үрдістің қалыптасу себебі тереңде жатыр. Қазақ тілінің мағына иірімдерін, контекстіге сай өзгеретін тіркес құрылымдарын толық түсініп, түйсіне алатын тіл мамандары мен аудармашылардың қатары азайып келеді. Соның салдарынан аударма барысында «бір сөз – бір балама» қағидасына жүгініп, мәтінді нақты, әрі жалғыз мағынада беруге ұмтылыс күшейді. Бұл, бір жағынан, «келесі бір адамға түсіну қиын болмасын» деген қауіптен туындайтын сақтық іспетті.
Мысалы, қазақ тілінде әрекеттің реңктерін білдіретін түрлі грамматикалық амалдар бар. Әсіресе көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы әрекетке уақыт, қимыл тұрғысынан не эмоциялық реңк беріледі. «Бардым» – негізгі етістік қана. Ал «барғанмын», «барып келдім», «бара саламын», «барып қойдым» сияқты тіркестер – әрекеттің уақытын, дәлдігін, аяқталғанын немесе алдын ала жоспарланғанын білдіреді. Бұл – қазақ тілінің ішкі құрылымына тән табиғи ерекшелік.
Ал дәл осы мағыналық реңктің барлығы, мысалы, орыс тілінде бір ғана сөз – «пришел» арқылы беріле салады. Осыған қарап, аудармашылар түпкі мағына мен контексті жоғалтып, бәрін «бардым» деп аударады. Нәтижесінде күрделі мағыналар бір сөзге сығымдалып, мәтін кедейленіп қалады. Бұл – қалыптасқан аударма стереотиптерінің бірі. Аудармада «дәлдікке» ұмтыламыз деп, тілдің байлығынан, шынайы көркемдігінен айырылып бара жатырмыз. Мәселе де осыдан туындайды.
Тағы бір мысал – тұрмыстық тілде қалыптасқан «қолды сабынмен жу» тіркесі. Орыс тілінен тікелей ықпал еткен бұл үлгі қазақ тілінің сөйлеу мәдениетіне сіңіп кетті. Ал, шын мәнінде қазақша «қолды сабындап жуу» деп айтылады емес пе?!. Бір қарағанда айырмашылық жоқ сияқты көрінуі мүмкін, алайда бұл – қазақ тілінің әрекетті дәл сипаттауға бейім екенін көрсететін айқын дәлел. Осы сияқты түртіп қалсаң, қате шығатын сөздер мен сөз тіркестері қазіргі қазақ тілінің лексикалық кеңістігінде жиі кездеседі.
Мәселенің түп-төркіні – біз қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін ескермей, оны басқа тілдің, әсіресе орыс тілінің, құрылымына икемдеп жібердік. Қазақ тілінің өзіне тән образды ойлау жүйесін, әрекетті бейнелі түрде жеткізетін синтаксистік құрылымдарын, көп мағыналылыққа құрылған контекстуалдық икемділігін кейінгі кезде назардан тыс қалдырдық. Осылайша тіл табиғатынан алыстап, қасаң аударма тіліне көштік.
Бұл – тек тіл мамандарына ғана емес, қоғамның барлық мүшесіне ортақ мәселе. Өйткені тіл – ұлттың таным әлемі. Тілдің шұрайынан, тазалығынан ажырау – ұлттық ойлаудың, ұлттық идеологияның әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан қазақ тілінің ішкі логикасына сай тіркестерді қайтару, синонимдер мен көмекші етістіктердің мүмкіндігін пайдалану – тек лингвистикалық емес, мәдени қайта жаңғырудың да бір қадамы болмақ.
– Аударма саласында кальканың алдын алу үшін аудармашылар қандай қағидаларды басшылыққа алуға тиіс?
– Аударма саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – кальканың (яғни басқа тілден сөзбе-сөз көшіріп аудару) кең етек жаюы. Калька тек сөздік деңгейде ғана емес, тұтас синтаксистік құрылым мен стильге де әсер етіп отыр. Мұндай тенденция қазақ тілінің табиғи дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан бұл мәселеге тек техникалық тұрғыдан емес, жүйелі, құрылымдық көзқараспен қарау қажет.
Ең бірінші реформа – олай істеуге болмайтынын түсіну және оны мойындау. Реформаның көкесі сол болар еді. Алайда, өкінішке қарай, бұл шындықты мойындайтындар өте аз. Оның өзіндік себептері де жоқ емес.
Біріншіден, калькаға жол беруді қалыпты деп есептейтін, санамызға сіңіп кеткен түрлі стереотиптер мен кәсіби кедергілер бар. Бұл стереотиптер жүйелі түрде өзгермейінше, санада серпіліс болмайды. Екіншіден, тіл саясатын жүзеге асырып отырған құрылымдардың өзінде де жағдай мәз емес. Мемлекеттік органдар мен тіл басқармаларында филология мамандығын бітірген, бір-бір дипломы бар қызметкерлер отыр. Бірақ, диплом – кәсіби шеберліктің кепілі болмай отыр.
Қазақ тілін дамыту, мемлекеттік тіл саясаты, ресми құжаттар мен жарнама мәтіндерін аудару ісі – аударма саласының маңызды бір бөлігі. Алайда бұл салада сапаға емес, формализмге негізделген жүйе қалыптасқан. Мәселен, ірі компаниялар аудармамен айналысатын агенттіктерге тапсырыс береді. Ал аудармада қате кеткен жағдайда, сол агенттіктен жауап ала алмай қалатын кездер болады. Неліктен? Себебі компаниялар мөр басылған келісімшартты алға тартады. «Біз ақысын төледік, дипломы бар маман аударған» деп жауап береді.
Агенттік басшылары да дәл осылай: «Қызметкерлер – филолог, дипломы бар, квалификациясы түгел», – деп өз жауапкершілігін шектеп, барлық сенімді қағаз жүзіндегі формалдыққа сүйеніп ақталады. Ал тапсырыс беруші кімге ақша төлесе, соған сенеді. Себебі сенімсіздік таныту – даулы жағдайларға, ақшаны қайтару процедурасына, күрделі әкімшілік әрекеттерге апарып соқтырады. Одан да сол қатені көрсеткен «Назгүлге» қарсы уәж айтып, оның бетін қайтарған жеңілірек.
Аудармашылар калькадан арылу үшін, ең алдымен, тілдің табиғатын терең түсініп, мәтіннің мағынасы мен стилін сақтай отырып, қазақы сөйлем құрауға ұмтылуға тиіс. Аудармада мағынаның болуы абзал. Сондықтан аудармашының ең басты қағидасы – мәтінді көркем әрі қазақ тілінің логикасына сай жеткізу болуы керек.
БҮГІНДЕ КӘСІБИ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ АУДАРМАШЫЛАРДЫҢ ТІЗІМІ ЖОҚ
– Назгүл ханым, аудармашыларға арналған этика немесе кәсіби стандарт қажет сияқты…
–Қазақ тіліндегі аударма сапасына қатысты мәселе – қоғамда көптен бері көтеріліп келе жатқан, алайда шешімін таппай тұрған өзекті тақырыптардың бірі. Бұл салада ең басты кемшілік – талап пен жауапкершіліктің нақты стандарттарының жоқтығы. Тәжірибемізде аудармада кеткен қателікті ашық айту – біреудің еңбегін жоққа шығарумен, «жеп отырған нанын тартып алумен» байланысты қабылданғандықтан, жағдай көбінесе аудармашының қатесін көрмеумен аяқталады. Ал шын мәнінде, бұл – мемлекеттік тілдің қадірін түсіретін, кәсіби этиканы бұзатын әрекет.
Аудармашы қате аударған мәтінді редакторлардың үнсіз түзетіп отыруы – бүгіннің қалыпты тәжірибесіне айналып кеткен үрдіс сияқты. Қате түзетілмесе, жүйе түзелмейді. Қате мәтінді қайта-қайта жөндеп, бүкіл жауапкершілікті редакторға арту – кәсіби салада өзара тәуелділіктің бұрмаланған көрінісі секілді. Бұл бір жағынан «қателесуге болады, артынан біреу түзетіп алады» деген немқұрайлылықты қалыптастырса, екінші жағынан, нағыз мамандардың қажып, әбден шаршауына әкеліп соқтырады.
Бүгінде кәсіби, жауапкершілігі мол аудармашылардың тізімі жоқ. Бұл тізім тек жақсы мамандарды ғана емес, қате аудармаларымен көпшілікті әуре-сарсаңға салған «қара тізімдегі» мамандарды да қамтуға тиіс еді. Өйткені сапасыз жұмыстың зардабын шеккен редакторлардың, тапсырыс берушілердің тәжірибесі өзгелерге ескерту болар еді. Үндемей қала беру – әділетсіздікке жол беру. Өйткені дәл сол маман ертең тағы бір редакторды, тағы бір тапсырыс берушіні тығырыққа тіреуі мүмкін. Бұл – жүйелі қасіретке айналған мәселе.
Қазір көптеген аударма агенттіктері, мемлекеттік мекемелердің тіл бөлімдері, жеке компаниялар – барлығы аударма қызметіне тапсырыс беріп жатыр. Бірақ тапсырысты кім орындайды? Дипломы бар, бірақ кәсіби сауаты күмәнді, жауапкершілігі төмен мамандар. Олардың кейбірі мәтінді Google Translate немесе Яндекс аудармашы арқылы өткізіп, оны өңдемей, тексермей тапсыра салады. Мұндай сәттерде өз жұмысыңды ғана емес, өзгелердің де ар-намысы мен жүйкесін қорғау үшін ашық сын айту – борыш, парыз.
Редакторлар, тіл мамандары, контент жасайтын адамдар бір ғана сауатсыз аудармашының артынан бүкіл мәтінді қайта жазып шығуға мәжбүр. Бұл – кәсіби тұрғыдан әділетсіздік, адами тұрғыдан қиянат.
Шешімі қандай дейсіз ғой. Шешім – мойындаудан басталады. Әр маман өз қателігін мойындап, түзелуге ұмтылуы тиіс. Кәсіп иесі болу диплом алғанмен шектелмейді, ол – күнделікті еңбек, ізденіс, жауапкершілік пен кәсіби адалдықтың нәтижесі. Қазір түрлі пабликтерде, курстарда, марафондарда тілдік сауаттылыққа байланысты сабақтар, кеңестер, тәжірибе алмасулар жүріп жатыр. Бірақ ең бастысы — құлақ асу, қабылдау, илану, үйренуге дайын болу. Осы қасиеттер болмаса, кез келген оқыту бос әуреге айналады.
– «Калькасыз қазақ тілі» – соңғы жылдары тіліміздің тазалығы мен табиғи болмысын сақтауға бағытталған, кең аудиторияны қамтыған қоғамдық қозғалыс деуге болатын ерекше жоба. Бұл бастама ұлт санасын оятуға, тілді қасаң құрылымнан арылтып, шынайы, өміршең қалпына қайтаруға бағытталған жүйелі жұмыс. Ендігі сұрақ, осы қозғалыстың келесі кезеңі қандай болмақ?
– Бірінші қадам – кітап жазу. Қазірдің өзінде бұл болашақ еңбек 500 бетке жуық көлемге жетуі мүмкін, тіпті одан да көп болары анық. Себебі жиналған материал, талдау, мысалдар аз емес. Бұл кітап қазақ тілінің құрылымына, стильдік табиғатына, синтаксистік заңдылықтарына қатысты терең танымдық еңбек болмақ.
Екінші жоспар – синтаксис курсы. Бұл қажеттілікті автор соңғы уақытта ғана түбегейлі түсінгенін айтады. Себебі күнделікті жазылып жатқан материалдарды сараптап, жүйелеу барысында мынаны аңғарған: калька тек жеке сөз деңгейінде емес, ең ауыр соққыны синтаксиске тигізіп отыр. Қазақ тілінің матасу, меңгеру, қабысу, жанасу, қиысу сияқты синтаксистік байланыс формаларының құрылымы бұзылған. Әсіресе меңгеру – калька әсерінен ең көп зардап шеккен құрылымдардың бірі. Қазақ тілінде мағыналық байланыстар нақтылы тіркес арқылы берілуі керек болса, қазіргі аудармада ол тек орын тәртібімен шектеліп, сөздер бір-біріне логикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да дұрыс жалғанбай қалып жатады. Осыдан келіп туындайтын маңызды қорытынды – қазақ синтаксисін бұрынғы табиғи қалпына қайтару керек. Ол үшін қазақша ойлау логикасын, бейнелі сөйлеудің ішкі заңдылықтарын үйрететін терең әрі практикалық курс қажет. Бел буып отырғаным – дәл осы бағыттағы жаңа деңгейдегі оқыту форматын жасау. Курс тіл үйренушілер мен кәсіби жазушыларға ғана емес, аудармашыларға, редакторларға, журналистерге, ең бастысы, тілінің тазалығына жаны ашитын әрбір адамға арналған болады.
Қорыта айтқанда, «Калькасыз қазақ тілі» арнасының келесі даму кезеңі – көлемді кітап пен қазақ тілінің синтаксисін жүйелеуге бағытталған тереңдетілген курс арқылы жалғасын табады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат Сұлтанқызы