///

Экологиялық стартап, экосана және пластиктің екінші өмірі

1829 рет қаралды

Экология министрлігінің дерегінше, елде жыл сайын 4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады, оның 16%-ы – пластик қалдықтары. Пластик қалдықтарының көлемі жылдан-жылға артып жатыр, бірақ оны өңдеу әлеуеті әлі де жеткіліксіз. Алматы тұрғыны, әлеуметтік кәсіпкер Данияр Бакимов пластик өңдеудің тиімді шешімін тапты: оның Rocket plastic жобасы пластиктерді қабылдап, өңдеп, жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдарға айналдырады. Былтыр жоба аясында 20 тоннадан астам пластик қайта өңделді.

ROCKET PLASTIC ЖОБАСЫ ҚАЛАЙ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ?

Алматыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында аяғы мен тіреуіші қызыл, ал арқалығы мен беті түрлі түсті ұзын орындық бірден көзге түседі. Саябақта тізіліп тұрған кәдімгі ағаш орындықтан оны түсі ғана емес, материалы да ерекшелеп тұр. Бұл – жаңбырға да, қарға да, күнге де төзімді, ұзақ жылға шыдайтын материал – пластиктен жасалған орындық. Мұндай бір орындықты жасау үшін шамамен 30 келідей пластик керек. Бұл  туындының авторы – Rocket plastic жобасының жетекшісі Данияр Бакимов. Саябақта мұндай 20 шақты орындық бар. Бакимовтің Rocket plastic жобасы пластик қалдықтарын өңдеп, одан жиһаз бен тұрмыстық бұйымдар жасауға арналған. Бастаманың мақсаты – пластик қалдықтарды өңдеу арқылы экологияға тигізетін зиянды азайтып, бұл материалды кәдеге жарату.

Елде пластик қалдықтарының көлемі жылдан-жылға артып келеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің біздің сұрауымызға берген ресми жауабына қарағанда, Қазақстанда жыл сайын 4,5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады, оның 16%-ы –  пластик қалдықтары. 2022 жылы пластик қалдықтарының көлемі 250 мың тонна болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 300 мың тоннаға жетті.

Пластик бастапқыда берік әрі ұзақ қолданылатын материал ретінде танылды. Алайда уақыт өте келе ол бір рет қана пайдаланылатын өнімге айналып, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіре бастады. Бүгінде супермаркеттердегі барлық өнім пластик қаптамада сатылады. Пластикке балама материалдар бар, бірақ олардың бағасы жоғары.

Қазақстанда пластик қалдықтарының көлемі артып келе жатқанымен, оны қайта өңдеу әлеуеті әлі де жеткіліксіз. Қазіргі уақытта елімізде пластикті өңдейтін кәсіпорындар саны жеткіліксіз. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, «Шығыс Қазақстан (қажеттілік – 41,7 мың тонна), Ұлытау (8,6 мың тонна) және Жетісу (8,1 мың тонна) облыстарында пластикті қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ».

«Бұл мәселені шешу жолдарының бірі – шағын және орта бизнестің пластикті қайта өңдеумен айналысуына жағдай жасау», – дейді Rocket Plastic жобасының негізін қалаушы, алматылық әлеуметтік кәсіпкер Данияр Бакимов.

Жоба Бакимовтың Алматы марафонына қатысып, жүздеген жүгірушінің жол бойына лақтырған пластик бөтелкелердің көптігін байқағанынан басталды. Ол пластикті өңдеу жолдарын зерттеуге кірісіп, Алматыда мұндай кәсіпорындар аз екенін анықтады. Сөйтіп, Нидерландыда пластик қалдықтарын ұнтақтап, түрлі бұйымға айналдыратын Precious Plastic жобасы туралы оқып біледі.

«Іздену барысында пластикті қайта өңдейтін зауыт ашу үшін үлкен инвестиция қажет екенін білдік. Дегенмен, Нидерландта Precious Plastic атты халықаралық жоба бар екенін анықтадық. Бұл жоба арқылы қажетті құрал-жабдықтарды өзің жасап, пластиктен жаңа өнім шығаруға болады. Біз осы идеяны зерттеп, жүзеге асыруға шешім қабылдадық. Әрі Алматыда мұндай жоба экологияға оң әсер ететініне сендік», – деп еске алады Данияр.

Осылайша Бакимов Rocket plastic жобасын 2018 жылы шағын шеберхана ашып, пластик қалдықтарын қайта өңдеуден бастады.

PRECIOUS PLASTIC: КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ ПЛАСТИКТІ ӨҢДЕЙ АЛАДЫ

Бакимовтың Rocket plastic бастамасына түрткі болған Precious Plastic – әлемдегі пластик қалдықтарын азайтуға бағытталған жаһандық экологиялық жоба. Бұл бастаманы 2013 жылы голландиялық дизайнер Дейв Хаккенс (Dave Hakkens) іске қосты. Жобаның басты ерекшелігі – өз технологиялары мен білімін ашық және тегін таратуы. Бұл кез келген адамға өз аймағында қайта өңдеу шеберханасын ашуға мүмкіндік береді. Бұл – зауыттарда қолданылатын үлкен құрылғылардың ықшамдалған нұсқалары. Оларды шағын инвестициямен жасауға болады.

«Экология десе көбіміз Жапония мен Швейцария сынды ел аузында жүрген елдерді елестетеміз. Бірақ жобаны бастағанда біз озық елдерге ғана емес, өзіміз үшін оңтайлы шешімдерге назар аудардық. Осы тұрғыда Precious Plastic тәжірибесі бізге үлкен көмек болды», – дейді Данияр Бакимов.

Precious Plastic миссиясы – пластик қалдықтарын азайту, ұраны – кез келген адам пластик өңдеушіге айнала алады. Дэйв Хаккинс пен оның қырық адамнан тұратын командасы пластикті өңдейтін машиналарды құрастырып, әлемге таныстырып жүр. Әзірге Precious Plastic пластикті өңдейтін үш түрлі машинаны ұсынды. Біріншісі – пластикті үйде өңдеп, шағын бұйымдар жасауға және басқа адамдарға оны үйретуге арналған қарапайым машина. Екіншісі – плсастик өңдеу бизнесін бастауға мүмкіндік беретін, сағатына 20 кг пластикті өңдейтін кәсіби деңгейдегі станоктар. Үшіншісі – пластик қалдықтарын өңдеу бойынша қауымдастықтар ұсынатын инструменттер мен машиналар.

2012 жылы басталған Precious Plastic жаһандық жобасы әуелі бірінші нұсқадағы бастауыш деңгейден басталса, 2020 жылы 4-деңгейге өтті. Оған әлемнің үздік университеттері қосылды. АҚШ-тағы Texas университетінің бір топ студенті, Индиана штатындағы DePauw университетінің қоршаған орта бойынша зерттеу бағдарламасының студенттері мен Австралиядағы UNSW университетінің студенттері осы жоба бойынша бастамаларды іске асырып жатыр.

Precious Plastic сияқты пластик қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған экологиялық жобалар әлемнің түрлі елдерінде бар. Кейбірі осы бастамадан шабыт алып, өздерінің жергілікті жағдайларына бейімдеп дамытып жатыр.

Осындай жобалар:

  1. Plastic Bank (Канада) – әлеуметтік және экологиялық мақсаттарды біріктіретін жоба. Бұл бастама дамушы елдердегі адамдарға пластик жинап, оны қайта өңдеуге тапсыру арқылы табыс табуға мүмкіндік береді.
  2. EcoBricks (әлем бойынша) – пластик бөтелкелерге тығыздалып салынған қалдықтарды құрылыс материалдары ретінде пайдаланатын жоба. Ол Оңтүстік-Шығыс Азияда, Африкада және Латын Америкасында кең таралған.
  3. The Ocean Cleanup (Нидерланды) – мұхиттар мен өзендерден пластик қалдықтарын жинауға бағытталған ірі жоба. Оны голландиялық инженер Боян Слат 2013 жылы құрды.
  4. Plastic Odyssey (Франция) – теңіз арқылы әлемді шарлап, дамушы елдерге пластикті қайта өңдеудің инновациялық әдістерін үйрететін жоба.
  5. RePlast (Ямайка) – пластик қалдықтарын қайта өңдеп, олардан құрылыс кірпіштерін жасайтын экологиялық жоба.
  6. ByFusion (АҚШ) – пластиктен экологиялық таза құрылыс материалдарын (ByBlock) жасайтын инновациялық жоба.

Эколог Пакизат Сайлаубектің айтуынша, пластик пен микропластик — ұзақмерзімді экологиялық қатер. «Бір ғана үйдің қоқысын алсақ, оның 60 пайызы — құрғақ қалдықтар, ал солардың басым бөлігі — түрлі пластиктер. Бұл — күн сайын көбейіп жатқан проблема. Микропластик су, тұз, косметика мен ыдыс арқылы адам ағзасына өтіп кетеді. Ол шірімейді, табиғатта мыңдаған жыл сақталады. Сондықтан ең тиімді шешім — пластикті азайту, сұрыптап, қайта өңдеу. Rocket Plastic сияқты жобалар аз болғанымен, үлкен үлгі. Осындай бастамалар әр өңірде болса, нәтижесі де ауқымды болар еді», — дейді ол.

ROCKET PLASTIC ҚАНШАЛЫҚ ТАБЫСТЫ?

Бакимовтың айтуынша, Rocket plastic жобасы бастапқыда небәрі 5000 доллар инвестициямен басталды. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар жасалып, алғашқы өндіріс іске қосылды. Кейін әртүрлі гранттық конкурстарға қатысып, қосымша қаржы тартылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Rocket Plastic айналымы 38 миллион теңгеге жетті. Ал 2024 жылы жоба аясында 20 тоннадан астам пластик қайта өңделді. Бүгінде Rocket Plastic тәжірибесі негізінде Астана мен Қырғызстанның Бішкек қаласында шеберханалар жұмыс істеп жатыр.

«Біздің негізгі мақсатымыз – адамдарға пластик қоқыс емес, қайта өңдеуге болатын құнды шикізат екенін көрсету. Көпшілік қоқысты жинап, контейнерге салған соң, оның ары қарайғы тағдыры туралы ойланбайды. Ал біздің жобамызда олар бүкіл процесті өз көзімен көре алады: қоқысты жинау, сұрыптау және одан жаңа өнім жасау», – дейді Данияр.

Пластик 7 түрге бөлінеді және әрқайсысының өзіндік белгісі бар. Rocket Plastic олардың төртеуін қайта өңдеуге қабылдайды. Негізінен, бұл – адамның күнделікті өмірінде пайда болатын тұрмыстық пластик. Rocket plastic қайта өңдейтін пластикті тұрғындардан жинайды әрі кәсіпорындардан сатып алады. Дұрыс тәсіл қолданылса, пластикті 6-7 ретке дейін қайта өңдеуге болады екен.

Пластик түрлерін кодтау жүйесі алғаш рет 1988 жылы АҚШ-та Пластмассалар өндірушілер қоғамы тарапынан жасалған. Бұл жүйе пластик қалдықтарын қайта өңдеуді оңтайландыру мақсатында енгізілді. Кодтау жүйесіндегі сандар пластиктің қайта өңделу дәрежесін көрсетеді:

  • 1 – ең оңай қайта өңделетін пластик түрі;
  • 6 және 7 – қайта өңдеуге ең қиын пластик түрлері.
Пластик түрі Құрамы Қолдану саласы Ерекшеліктер
1 Полиэтилентерефталат (ПЭТ) немесе ПЭТФ Қышқыл мен спирт. Су, газды сусындар, сүт, май үшін түбі қырлы бөтелкелер. Бір рет қолданылатын тамақ контейнерлері (мысалы, стакандар). Қайта пайдаланғанда фталат бөледі.
2 Төмен қысымды полиэтилен (PEHD (HDPE) немесе ПНД) Этилен газы. Канистрлер, бөтелкелердің қақпақтары, косметика мен тұрмыстық химия флакондары, пластикалық пакеттер, тамақ контейнерлері, орау пленкасы (мысалы, скотч немесе пузырчатая пленка). Түссіз пластик. Қайта қолдануға болады, бірақ бір жылға дейін. Жылытқанда формальдегид бөлуі мүмкін, ол тыныс алу органдарына, теріге және жүйке жүйесіне теріс әсер етеді.
3 Поливинилхлорид (ПВХ немесе VC) Тұзды ерітіндіден алынған хлор мен этилен. Блистерлер, таблетка, торт және ірімшік орамдары, термоқаптамалар, косметика флакондары, медициналық қолғаптар мен маскалар. Тамақ өнімдерімен байланыста қолдануға болмайды, жоғары уытты. Бисфенол А (рактан туындаған токсин), фталаттар және кадмий бөледі. Жану кезінде зиянды диоксиндер шығарады, репродуктивтік және иммундық жүйеге теріс әсер етеді, гормондық бұзылыстар мен қатерлі ісіктерге әкелуі мүмкін. Қайта өңдеуге қабылданбайды. Ыдырау өнімдері жоғарғы тыныс жолдарын және көздің шырышты қабықтарын тітіркендіреді.
4 Жоғары қысымды полиэтилен (PELD (LDPE) немесе ПВД) Этилен (этен), оттегі. Пакеттер (соның ішінде қоқыс пакеттері), орау қағазы, тамақ контейнерлері. Тамақ өнімдеріне қауіпсіз, формальдегид бөлмейді.
5 Полипропилен (ПП немесе PP) Бөтелке қақпақтары, шелек, йогурт стакандары, линзаларға арналған орау, шұршық пластик орамасы, медициналық шприцтер, сору түтіктері, таблеткалар үшін блистерлер мен банктер. Адам ағзасына теріс химиялық немесе токсикалық әсер етпейді, бірақ кейде формальдегид бөлінуі мүмкін.
6 Полистирол (ПС немесе PS) Стирол Ұлпаланған: жұмыртқа контейнерлері, ет пен тағамның орауыштары. Жылтыр: йогурт стакандары, бір рет қолданылатын ыдыстың барлық түрлері. Қайта пайдалануға ұсынылмайды. Жану кезінде улы стирол бөледі. Қайта өңдеуге қабылданбайды.
7 Басқа полимерлер түрлері (Other) Түрлі полимерлер қоспасы (полиокарбонат, полиамидтер, басқа пластмассалар) Түрлі пластмассалардың қоспасы немесе жоғарыда көрсетілмеген полимерлер. Мысалы, ірімшік, кофе, үй жануарлары үшін азық орамдары, бір рет қолданылатын ашық қасықтар, шанышқылар мен пышақтар. Жиі қыздырғанда немесе жуған кезде бисфенол А немесе луорен-9-бисфенол (BHPF) бөледі, бұл мидың, репродуктивтік және эндокриндік жүйелерге теріс әсер етеді. Қайта өңдеуге қабылданбайды және қайта қолдануға ұсынылмайды.

Қазақстанда полистирол (6-код) және аралас полимерлер (7-код) қайта өңделмейді. Бұл пластик түрлері әлем бойынша қайта өңдеуге ең қиын материалдар қатарына жатады.

Мемлекеттік қолдау және нарық мәселесі

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, бүгінгі таңда пластикті қайта өңдеу бойынша Астана және Алматы қалалары мен 12 облыста 50 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаттылығы 115 мың тонна пластикті қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда пластикті қайта өңдеу әлеуеті жылына 400 мың тоннаға дейін жетеді. Қазақстан үкіметі пластикті қайта өңдеуді дамыту мақсатында жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын қарастырып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бізге берген жауабына сәйкес, пластикті қайта өңдеуге арналған қуаттылығы 76 мың тоннадан асатын 12 жоба қарастырылып жатыр.

Дегенмен, ең үлкен мәселе – дайын өнімді өткізетін нарық. Экологиялық өнімдер Алматы мен Астанада сұранысқа ие болғанымен, басқа қалаларда бұл нарық толық қалыптаспаған. «Қосымша табыс көзі мен энтузиазм болмаса, салада ұзақ жұмыс істеу оңай емес. Себебі тұрақты табыс жоқ», – дейді Даниярдың өзі.

Қазір Rocket Plastic дайындаған өнімдерді Алматыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында, Fika кафесінен көруге болады. Мысалы, Горький саябағында Coca-Cola компаниясымен серіктестікте пластик бөтелкелерден қайта өңделген жиырма орындық орнатылған болатын. Осындай ел көретін жерлерде пластик қалдықтарынан қайта жасалған өнімдерді қою арқылы адамдардың қоқысты сұрыптауға және соның нәтижесінде пайда болатын заттарды өз көзімен көруге мүмкіндік бар.

Бүгінде жобаның монетизациясы үш негізгі бағытқа бөлінеді:

  1. Қайта өңделген пластиктен жасалған өнімдерді сату.  Бұл бағытқа қызығушылық жоғары, өйткені нарық әрдайым ерекше және креативті өнімдерді іздейді.
  2. Пластик өңдеуге арналған жабдықтарды сату. Алғашқы желіні жасау кезінде кейбір бөлшектерді шетелден сатып алуға тура келген екен, бірақ бүгінде барлық бөлшек толықтай отандық ресурстарды пайдаланып жасалады. Алдағы уақытта бұл жабдықты өңірлерге сатуды жоспарлап отыр. Себебі пластикалық қалдықтарды қайта өңдейтін шеберханалардың ашылуы қосымша жұмыс орындарын құрыпқалдықтарды жинау жүйесін жақсартады.
  3. Мастер-класстар мен дәрістер. Экологиялық мәселелерге, әсіресе пластик қалдықтарына қатысты халықтың хабардарлығын арттыру үлкен күш пен ақпараттық жұмыс жүргізуді талап етеді. Түрлі алаңдарда қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңыздылығы туралы баяндамалар жасап тұрады. Бұл – жобаның әлеуметтік миссиясы.

«Мемлекеттік бағдарламалар бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан біз ең алдымен нарықпен жұмыс істеуді үйренуіміз керек», – дейді Даниярдың өзі. Сұраныс болғанда ғана әлеуметтік кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндіктері болады. Оның пікірінше, мемлекет тарапынан жасалатын басты қадамдар – инфрақұрылымды дамыту, білім беру жүйесіне экология сабақтарын енгізу және мектептерде пластикті қайта өңдеу шеберханаларын ашуға атсалысу.

Пластик қалдықтарын қайта өңдеу мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдаумен қатар, халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру маңызды. Әрбір азамат пластик қалдықтарын сұрыптауға және қайта өңдеуге өз үлесін қоса алады. Бұл – қоршаған ортаны қорғау және тұрақты дамуға қадам жасаудың маңызды жолы.

 «Ал қолдағы бар білім арқылы Rocket Plastic тәжірибиесін кез келген аймақта жеңіл енгізуге болады», – дейді Данияр Бакимов. «Пластик мәселесі тек біздің елде емес, бүкіл әлемде өзекті, сондықтан біз оны шешуге өз үлесімізді қосуды жалғастырамыз».

Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың қызығушылығын арттыру үшін қосымша қолдау шаралар мен механизмдерді қарастырып жатқанын жеткізді. Ведомство «Rocket Plastic компаниясының жобасы министрлік атына келіп түскен жағдайда, министрлік осы жобаны қарастыруға дайын» дейді.

Әйнел Әмірхан,

Подкастер-журналист

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.
Сондай-ақ, Данияр Бакимовпен сұхбатты OY-DETOX подкасының YouTube арнасынан көріп, барлық подкаст платформалардан тыңдай аласыздар.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар