//

Шерзат Полат ісі: Кезекті сот отырысында не айтылды?

197 рет қаралды
Сот залындағы сурет: zakon.kz | Коллаж: minber.kz

17 сәуір күні Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Сот отырысы барысында сот-медициналық сараптаманың қорытындысы ресми түрде жария етіліп, прокурор Дана Сәрсенбай оқиға хронологиясын толық баяндап берді.

Бұған дейін 10 сәуірде алғашқы тыңдалым өткен болатын. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл іске байланысты сот процесі ашық түрде, қазақ тілінде жүргізілуде. Процесті судья Ержан Жанұзақов жүргізіп отыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Ержан Құрақбаев пен Дана Сәрсенбай.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берілмейді

Іс қоғамның жіті бақылауында болғандықтан, процестің ашық өтіп жатқанына қарамастан, судья Ержан Жанұзақов тараптарға БАҚ өкілдеріне сұхбат бермеуге кеңес берді.

«Сот ашық түрде өтіп жатыр. Ақпарат құралдары қатысып отыр, тың тікелей эфир арқылы да таратылуда. Жалған ақпарат таралмауы үшін, сотқа қысым болмауы үшін процестің қатысушыларынан БАҚ-қа сұхбат бермеуді сұраймын», – деді судья отырыс басында.

Сонымен қатар, процеске қатысушыларға қоғамдық пікірге әсер етпеу туралы ескерту жасалды. 

Сот орнын ауыстыру туралы өтініш қабылданбады

Сот отырысында екі тарап та істі Алматы қаласында немесе Алматы облысында өткізу туралы тағы бір мәрте өтініш білдірді. Олар жолдың қиындығын, шығынның көптігін алға тартты. Алайда судья бұған дейін Қарасай ауданында тергеу изоляторының жоқ екенін ескертіп, бұл жолы да өтінішті қанағаттандырмады. Оның шешімі бойынша, іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қарала береді.

Прокурор оқиғаның қалай өрбігенін баяндады

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай Шерзат Полаттың өліміне себеп болған оқиғаның мән-жайын тергеу материалдарына сүйене отырып, толық баяндап берді.

«Іс бойынша жүргізілген №173 сот медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып, кесілу нәтижесінде дамыған ауыр қан жоғалту нәтижесінде болды. Өлім 2024 жылдың қазанында, сағат 01:30 шамасында Талғар орталық ауруханасының стационарында расталды», – деп мәлімдеді Жетісу облыстық прокуратурасының прокуроры Дана Сәрсенбай.

Прокурордың баяндауынша, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында болған оқиға барысында Абзал Шынасыл Шерзат Полаттың жүрек тұсына пышақ сұғып алған. Шерзат қашуға тырысқанымен, 50 метрден кейін жарақаттан әлсіреп, құлап түскен. Осы сәтте Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов және басқа да күдіктілер оған жүгіріп барып, ұрып-соғып, суық қарумен шабуыл жасаған. Белғожаев Шерзаттың басынан тепкілеп, пышақтың сабымен бірнеше рет ұрған, ал Ілиясов мылтықтың дүмімен оның басынан соққан. Артынша, Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа да шабуыл жасалған. Прокурор бұл әрекеттердің барлығы алдын ала келісілген және аса қатыгездікпен жасалғанын атап өтті.

Сот залындағы ауыр ахуал

Процесс барысында Шерзат Полаттың анасы мен әжесі өздерін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырылды. Түстен кейінгі сот отырысына марқұмның әжесі мүлде қатыса алмады. Сондай-ақ айыптау актісі қайта оқылып жатқан сәтте Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов залдан шығып кетті.

Қылмыстық іс

Іс бойынша тергеу 2025 жылдың қаңтарында аяқталып, 62 томнан тұратын қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу аясында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған.

Бүгінде сот алдында 9 адам жауап беруде. Оларға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, соның ішінде “Адам өлтіру”, “Адам өлтіруге оқталу”, “Ұрлық”, “Бұзақылық” және “Қылмыс туралы хабарламау” баптары бойынша айып тағылған.

Айыпталушылардың бірі — кәмелетке толмаған, ол 17 жастағы мектеп оқушысы. Сондай-ақ, төрт айыпталушының бұрын да түрлі қылмыстар бойынша сотталғаны белгілі болды.

Айыпталушылар туралы

Оқиға желісі

Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар ауданындағы дүкен маңында болған қайғылы оқиға барысында Шерзат Полат пышақ жарақатынан қаза тапты.

Алайда бұл қайғылы жағдай мұнымен аяқталған жоқ. Шерзаттың өлімінен бір апта өткен соң, оның отбасы тұратын үй өртке оранды. Сол түні үйде ешкім болмаған, себебі отбасы Шерзаттың атасының үйінде ас беруге дайындалып жатқан. Полиция бұл өрттің қасақана ұйымдастырылғанын айтып, күзетті күшейтті, алайда өртке қатысты күдіктілер әлі анықталған жоқ.

2024 жылдың қарашасында тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев Азат ауылының сыртында өлі күйінде табылды. Полиция оның суицид жасағанын хабарлағанымен, туыстары бұған сенбеді. Ғайыпбаевтың жаназасы кезінде Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жүк көлігінің үстіне шығып, қолына пышақ алып, ұлы мен інісінің өлімін әділ тергеуді талап етті. Бұл әрекеті үшін оған ҚР ӘҚБК 434-бабы бойынша айып тағылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Кейіннен оған қарсы ҚР ҚК 202-бабы (Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар