18 сәуір күні Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасын тапты. Кешегі сот отырысында жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынды.
Үшінші сот отырысында не айтылды?
Бұл жолы жәбірленуші тарап, яғни марқұмның жақындары сөйледі. Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова, әкесі Қаржаубай Нұрымов және анасы Гүлбара Бейшембиева қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Сонымен қатар, куәгер ретінде шақырылған Эльмира Нұрбекова мен марқұмның досы Мирас Сейсенбай да өз жауаптарын берді.
Еске сала кетейік, алдынғы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясымен таныстырған еді, бірақ айыпталушылардың көбі өз кінәсін мойындамады.
Әжесі Жұмабике Қадырованың жауабы
Сотта бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова сөз сөйледі. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні оған Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов хабарласқан. Осыдан кейін Шерзаттың әжесі мен анасы дүкеннің маңына дереу жеткен.
«Мен таксиден түсе салысымен, жан-жағыма қарап, Шерзатты іздедім. Бірақ оны таппадым. Мен Нұрғанатты да, Қаржаубайды да іздемедім. Онда осынша көп адам топ болып, үйіліп тұратынын білмедім. Немерем біреуді ұрып қойса, не де болса, кешірім сұрайын деп ойладым. Бірақ Шерзат жеткен адамның жағасына жабысатын бала емес. Ол боксқа қатысатындықтан өзінің ар-намысын қорғай біледі. Бәлкім, біреу артық кетіп, ол қол жұмсаған шығар деп ойладым. Егер осынша адам топ болып, пышақпен келетінін білгенде жедел жәрдем шақырып, милицияға хабарлайтын едім», – деді марқұмның әжесі.
Жұмабике Қадырова жиналған топ Шерзатты ұра бастаған кезде немересін көргенін айтты. Бірақ оған жете алмаған, себебі айыпталушылардың бірі оны итеріп, құлатып жіберген.
«Мен тұра алмай жатырмын, бірақ балаларыма қарасам, Шерзатты сол жерге барған адамның бәрі ұрып жатыр екен. Оған қол көтермеген, аяғымен теппеген бір адам қалған жоқ. Осылай жасайтындай менің балам оларға не істегенін түсінбеймін. Шерзат түнде жүретін бала емес. Ол үйде жатқан бала еді, жай ғана қуаттағыш үшін дүкенге шыққан болатын, қаңғырып жүрген бала емес. Бірақ оны өлтіру үшін барғандары анық. Себебі үш машинамен, дайындалып келген топ болды», – деп қосты әжесі.
Әжесі жауап бергеннен кейін залдан шығып кетті. Ақпарат құралдарының жазуынша, ол есінен танып қалып, жедел жәрдем көлігі алып кеткен.
Анасы Гүлбара Бишімбиеваның жауабы
Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева да сол түні болған жайтты егжей-тегжейлі баяндады. Ол оқиға болған күні енесімен бірге дүкен алдына келген кезде топтасып тұрған 10-15 адамды көргенін айтты. Оның сөзінше, алдымен Шерзат айыпталушылардың бірімен төбелесіп қалған. Кейін топ Шерзат пен Нұрғанат Ғайыпбаевқа жабылған.
Гүлбара Бишімбиева ұлына жетуге тырысқанын, бірақ айыпталушылардың екеуі қолынан ұстап, жібермей қойғанын жеткізді. Біреуі оған “сені де өлтіреміз” деп қорқытқан.
«Мен жұлқынып, Шерзат жаққа жүгірдім. Сол кезде Шерзат артқа шегініп барып құлады. Оның аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Жетіп барғанымда, ол “мама, мына жағыма қарашы” деп сол жағын көрсетті. Қарасам, пышақ сұғылған екен. Бұл кезде Нұрғанатты да топ ұрып-соғып жатты. Оны ұрып, тепкілеп болғаннан кейін бізге қарай бет алды. Шерзаттың ауыр халде жатқанын көріп тұрса да, үш-төрт рет желке тұсынан ұрды. Мен қанша айқайласам да, ешкім назар аудармады», – дейді анасы.
Сондай-ақ, ол оқиға орнында екі қыз болғанын айтты. Алайда олардан көмек сұрағанымен, не жедел жәрдем, не полиция шақырмаған, тек қарап тұрған.
Гүлбара Бишімбиева ұлы мен Нұрғанат Ғайыпбаевқа пышақ сұққан адамның нақты кім екенін білетінін, бірақ есімін шатастырып алуы мүмкін екенін ескертті.
Әкесі Қаржаубай Нұрымовтың жауабы
Соттағы үзілістен кейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жауап берді. Ол оқиғаның қалай басталғанын баяндады. Оның айтуынша, ол 3 қазан күні кешкі сағат 21:00-22:00 шамасында дүкенге көмектесуге барған. Сол кезде айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай мас күйде келіп, сыра мен темекі сатып алады.
Осыдан кейін дүкенге ұлы Шерзат пен оның досы Ахмет Махмет келіп, қуаттағыш пен құлаққап алатындарын айтқан. Шерзат досының Үрімшіге оқуға кететінін, оны шығарып салғысы келетінін жеткізеді.
Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, осы уақытта Дархан Әскентай дүкенге қайта кіріп, Шерзаттың көзінше, Нұрымовпен дөрекі сөйлескен. Бұдан соң Әскентай сыртқа шығып кеткен, оның соңынан Шерзат та ілесе шыққан.
«Терезе ашық болатын. Екеуінің жоғары дауыспен сөйлесіп жатқанын естіп қалдым. Артынан айналып бардым. Шығып үлгергенше, балам оны ұрып жіберді. Екеуін ажыраттым, яғни Дарханды шетке алып кеттім. Балама ескерту жасадым. Кейін дүкенге қайта кіріп, Дарханнан кешірім сұрадым. Мен оған “Жүр, ауруханаға апарайын, емін жасатып беремін, шығыныңды төлеймін. Қаласаң, ішімдігіңді алып берейін” дедім. Бірақ ол “Кешірмеймін, балаларды шақырамын. Балаң жауап береді, ол денсаулығын қойып берсін (денсаулығынан айырамыз)” деп қоқан-лоқы көрсетті», – деді Қаржаубай Нұрымов.
Досы Мирас Сейсенбайдың жауабы
Сотта марқұм Шерзат Полаттың досы Мирас Сейсенбай да куәгер ретінде сөйледі.
Оның айтуынша, сол күні достары Ахметті Қытайға оқуға шығарып салмақ болған. Бірақ кейін Шерзат Ахметке қоңырау шалып, дүкенге келуін сұраған. Олар барған кезде Шерзаттың өзі болмаған. Ал дүкеннің жанында Шерзаттың ағасы Нұрғанат пен әкесі Қаржаубай сотталушылармен қол алысып, татуласуға тырысқан.
«Ерегескен жігіттер кешірім берген соң, Нұрғанат аға “Шерзатқа хабарласыңдар, келіп кешірім сұрап кетсін” деді. Біз оған хабарласқаннан кейін бір көлік келді», — дейді Мирас.
Біраздан соң Mercedes көлігі келіп, ішінен түскен жігіттер Мирас пен Ахметке жұдырық ала жүгірген. Мирас төрт адамда пышақ болғанын айтты.
«Біреу “Қашыңдар” деп айқайлады. Біз қаштық. Шерзатқа қоңырау шалдық, телефон көтермеді. Уайымдап, қайта бардық. Дүкеннің алдында апасы отырған. Ол кісімен сөйлесе алмадық, бізге жауап беретіндей жағдайда болған жоқ. Біз оны дүкенге кіргізіп, су беріп, жедел жәрдем шақырдық», — деді ол.
Куәгер Эльмира Нұрбекованың жауабы
Осы іс бойынша аты аталған екі қыздың бірі Эльмира Нұрбекова сотта куәлік берді. Оның айтуынша, оқиғаға дейін екі күн бұрын айыпталушылар Абзал, Нұрқияс және Равиль оның құрбысы Данамен танысқан. Ал қалған жігіттерді танымайтынын айтты.
«Равиль маған жазып, кездесуді ұсынды. Мен оған кешке дейін жұмыста болатынымды айттым. Кейін Дана маған “Равиль кездескісі келіп жатыр” деп жазды. Біз мейрамханаға бардық, сол жерде жігіттер отыр екен. Біз Данамен бірге биледік, кейін солармен бір үстелге отырдық. Онда Нұрқияс, Равиль, Абзал, Азамат және Тоқтаубаевтар болған. Үстелде ішімдік те тұрды», – деді ол.
Куәгердің сөзінше, мейрамхана жабылған соң барлығы сыртқа шыққан. Ол үйге қайтқысы келгенін, алайда жігіттердің “дүкенге кіріп шыққан соң апарып тастаймыз” деп уәде бергенін айтты.
«Мен үйге қайтамыз дегенде, Нұрқияс пен Равиль “Біз өзіміз апарып тастаймыз, тек бірінші дүкенге барамыз” деді. Дүкен алдына келгенде, жігіттер көліктен түсіп, дүкенге беттеді. Біз алғашында Данамен көлікте қалдық, кейін темекі алу үшін дүкенге кірдік. Іште біз танымайтын екі ер адам тұрды. Біз “Темекі сатыла ма?” деп сұрадық. Олардың бірі “Жоқ, дүкен жабық. Шығыңдар, әйтпесе қаруымды шығарып, ата бастаймын” деді. Осы кезде біреу есікті іштен теуіп, дүкеннің алдында Нұрқиясты ұрып жіберді», – дейді Нұрбекова.
Осы сәтте күтпеген жағдай орын алып, белгісіз ер адам ауаға оқ атқан.
«Сол кезде сақалы мен бас киімі бар ер адам дүкеннің жанынан жүгіріп шығып, екі рет аспанға оқ атты. Мен Равильге “Қойыңдар, төбелеспеңдер” деп тоқтатуға тырыстым. Бірақ ол тыңдамай, төбелеске қосылып кетті. Біз Данамен шетке шықтық», – деді куәгер.
Оның айтуынша, дәл осы кезде әйел адамның айқайын естіп, ес-түссіз жатқан баланы көрген.
«Әйел адамның көмек сұраған айқайын естідік. Жерде ес-түссіз жатқан баланы көріп, есеңгіреп қалдым. Атыс даусынан кейін бәрі дүкеннің артына қарай жүгіріп кетті. Шынымды айтсам, жүрегім аузыма тығылып, қозғала алмай тұрып қалдым. Біреу қолымнан тартып, көлікке қарай жетелеп алып кетті. Кім екенін көрмедім.»
Куәгер кетіп бара жатқанда бейнежазба түсіріп тұрған әйелді көріп, жедел жәрдем шақыруын сұрағанын айтты. Кейін қыздар жігіттермен бірге тауға қарай кеткен.
«Бір әйелдің бейнежазбаға түсіріп тұрғанын көріп, “жедел жәрдем шақырыңыз” деп айтып үлгердім. Кейін көлікпен тауға қарай жол тарттық. Жолда бір жерге тоқтадық. Жігіттер “Көлікте күтіңдер” деп шығып кетті. Артынша қара джип көлігі келді, біз соған отырып, төмен қарай беттедік. Содан соң полиция тоқтатты.»
Эльмира Нұрбекова оқиғадан кейін ауаға оқ атқан ер адамды жәбірленушілермен беттестіру кезінде танығанын мәлімдеді.
«Кейін жәбірленушілермен беттестіру кезінде ауаға оқ атқан, сақалы бар, басында бас киімі (кепкасы) болған ер адамды бірден таныдым.»
Сот барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев Эльмираның тергеу кезінде берген жауабын оқып берді.
Ол кезде Нұрбекова «Баланың анасы “көмектесіңдер, баламды өлтіріп жатыр” деп айқайлады. Ары қарай мен де жүгіріп барып, арасындағы қара түсті күрте киген адамды тартып алдым. Бір кезде қарасам, мылтықты алып шыққан бала үсті қан болып, жерде жатыр екен. Бала ішімен жатқан кезде Абзал қолындағы пышағымен арқа жағынан ұрып жатқанын көріп, “қойыңдар” дедім. Сол сәтте Равиль мені көлік жаққа апарып, “көлікте отыр” деп, кетіп қалды» деп жауап берген.
Алайда сотта Нұрбекова бұл сөздерін жоққа шығарып, басқаша жауап берді.
«Мен ол кезде есеңгіреген күйде едім және жауапты орысша бердім. Видеоны көрсетсеңіз болады», – деді куәгер.
Адвокат одан “сізге қылмыстық жауапкершіліктің бары жөнінде ескертілді, сонда осы жауаптан бас тартып отырсыз ба?” деп сұрады.
«Мен жауабымнан бас тартпаймын. Мен шындықты айтып отырмын. Қалай болды, солай айттым», – деп жауап берді Нұрбекова адвокаттың сұрағына.
Айта кетейік, судья Ержан Жанұзақов келесі сот отырысын 28 сәуір сағат 10:00-ге тағайындады. Бұдан соң 29 сәуір, 5 және 6 мамыр күндері сағат 10:00-де өтеді. Соттың күндері мамыр айындағы демалыс күндеріне байланысты өзгерді.
Парақшамызға жазылыңыз