Соңғы апталарда Қазақстан ақпарат кеңістігінде ресейлік Sputnik.kz порталына қатысты дау қызу талқылануда. Бұл дау ресейлік БАҚ-та жарияланған материалдың агрессивті үгіт-насихат, экстремизм мен терроризмді ақтау, сондай-ақ Қазақстан заңнамасын бұзу белгілеріне ие екендігіне байланысты шықты.
Не болды?
2024 жылғы 22 мамырда «Sputnik Қазақстан» ақпарат агенттігі Украинадағы Ресей жағында соғысқа өз еркімен кеткен қазақстандық туралы материал жариялады. Бұл оқиға «арнайы әскери операция» аясында ерлік мысалы ретінде ұсынылды. Алайда Қазақстанда шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу – қылмыстық құқықбұзу ретінде бағаланады.
Журналист және құқық қорғаушы Лұқпан Ахмедьяров Facebook парақшасында бұл жарияланымды қатты сынға алды:
«Бұл медиа агрессивті соғысты ашық насихаттап отыр. Одан да сорақысы – Қазақстаннан шыққан жалдамалы адамды қаһарман ретінде көрсетеді. Бұл ретте біздің Қылмыстық кодексте жалдамалылық, шетелдік қақтығыстарға қатысу және соғысты насихаттау үшін жауапкершілік қарастырылған. Неліктен ешкім реакция білдірмейді?» – деп жазды ол. Сондай-ақ, «Sputnik Қазақстан» ҚР заңдарын бұзып отырғанына қарамастан, ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Sputnik.kz жайлы
Sputnik.kz – ресейлік Sputnik медиахолдингінің еншілес құрылымы. Агенттік Қазақстанда жұмысын жалғастырып келеді, бірақ оның Ресейдің Украинаға қатысты агрессиясын насихаттаудағы рөлі жиі сынға ұшырайды.
Sputnik Қазақстан Украинадағы соғысқа байланысты материалдарды тұрақты түрде жариялайды және олар ресейлік көзқарасты ұстанады: сайтта тіпті “арнайы әскери операцияға” арналған бөлім бар. Үш жылдан бері болып жатқан Украинадағы соғысты дәл осылай атайды.
Сайтта күн сайын Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметтері, «талдамалық» мақалалар мен пікірлер жарияланады. Әрине, материалдарда тек Ресей билігінің көзқарасын ұстанатын, Украина мен оның билігі мен әскери күштеріне қатысты насихаттық тіл қолданады.
Министр не дейді?
Осы жағдайға байланысты Үкімет отырысында журналистер Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сұрақ қойды.

«Заң тұрғысынан бұл мәселені жан-жақты қарастырамын. Мұндай жағдай болмауы керек. Сондықтан біз Sputnik агенттігіне ескерту жібереміз. Естеріңізге сала кетейін, Sputnik – бұл шетелдік БАҚ. Біз бұл мәселені құқықтық саладағы тиісті мамандармен талқылаймыз. Содан кейін министрлік заң аясында қажетті шараларды қабылдайды», – деді министр. Сондай-ақ министр Sputnik.kz сайтына қатысты ескертулер жіберілетінін атап өтті.
Сарапшы не дейді?
«Правовой медиа-центр» қоғамдық қорының заңгері, ұлттық және халықаралық медиа-құқық саласындағы жетекші сарапшы Гульмира Біржанова Minber ақпараттық агенттігіне сұхбат берді.

Сарапшының айтуы бойынша, бірнеше жыл бұрын ресейлік Роскомнадзор ұйымы қазақстандық ақпарат құралдарына ескерту хаттарын жолдап, егер олар өз материалдарынан “соғыс” сөзін алып тастамаса, бұғатталатынын хабарлаған. Оған дәлел бола алатын бірнеше мысал да бар.
«Ал біздің жағдайда мемлекеттік органдардың мұндай материалдарға деген реакциясы мені таңғалдырды. Қазақстанның заңнамасы бұл мәселелерді жеткілікті түрде нақты реттейді. Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей, экстремизмді насихаттауға немесе өшпенділікті қоздыруға бағытталған материалдар пайда болған кезде құқық қорғау органдары қажет болған жағдайда тез арада әрекет етеді. Яғни, біз мұнда іріктемелі көзқарасты байқап отырмыз», – дейді сарапшы.
– Sputnik.kz порталында жарияланған бұл материалда соғысты насихаттау белгілері бар ма?
«Менің ойымша, бұл – соғысты ашық түрде насихаттау, экстремизм мен терроризмді ақтау. Біздің мемлекетте бұл жағдайға қатысты ресми ұстаным заңнамада нақты көрсетілген. Терроризм ұғымы – бұл күш қолдануды насихаттау идеологиясын да қамтиды. Ал экстремистік әрекеттер – бұл экстремистік мақсаттарда жасалатын әрекеттердің тікелей іске асуы, оған ашық түрде шақыру, насихат жүргізу, сондай-ақ экстремистік ұйымдардың символикасын жария түрде көрсету жатады.
Осындай контентті Мәдениет және ақпарат министрлігі өз мониторингі аясында анықтайды, оған қоса құқық қорғау органдары да кіріседі. Егер заңбұзушылық расталса, Байланыс туралы заң негізінде материал бұғатталады. Бірақ алдымен редакцияға оны өшіруге мүмкіндік беріледі. Бұл – заңмен бекітілген тәртіп».
– Егер медиада а) соғысты агрессивті насихаттау және оған шақыру; ә) жалдамалылық; б) шетелдік қарулы қақтығысқа қатысу сияқты жағдайлар анықталса, қандай жауапкершілік қарастырылған?
«Егер контент заңға қайшы деп танылса, онда бұл БАҚ туралы заң негізінде сол медианың қызметін уақытша тоқтатуға, кей жағдайларда – толығымен жабуға негіз болады. Аталған заңда “насихат” ұғымы да нақты көрсетілген.
Ал Байланыс туралы заңның 41-1-бабына сәйкес, заңбұзушылық анықталған жағдайда, мемлекеттік орган ең алдымен редакцияға материалды жоюды ұсынады. Егер бұл орындалмаса – сайтты бұғаттау шарасы қабылданады».
Айта кету керек, осыған дейін Cabar.asia зерттеуінде де 2023 жылы Қазақстанның цифрлық егемендігіне қатысты мәселе қозғалды. Онда шетелдік платформалар мен ықпал топтарының елдің ақпараттық тәуелсіздігіне тигізіп отырған қысымы туралы нақты мысалдар келтіріледі. Қазақстанда ресейлік ақпарат көздерінің ықпалының күшеюі – тек медиалық емес, саяси тәуелділіктің де белгісі ретінде қарастырылады.
Азаттық Радиосы 2022 жылы жариялаған зерттеуінде Қазақстандағы ресейлік медиа ықпалына тоқталып, Sputnik.kz және басқа да платформалардың ресейлік мүддеге сай ақпарат таратып отырғанын жазған болатын.
Парақшамызға жазылыңыз