Жолы мен мектебі жоқ ауыл: Шаған елді мекенінің болашағы қалай шешілмек? – Мінбер – Ақпарат агенттігі
///

Жолы мен мектебі жоқ ауыл: Шаған елді мекенінің болашағы қалай шешілмек?

539 рет қаралды
2

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қаспан ауылдық округі құрамындағы Шаған елді мекенінде тек бастауыш сыныпқа арналған мектеп жұмыс істеп келген. Алайда 2024-2025 оқу жылында оқушы санының аздығына байланысты мектеп жабылды. Енді бастауыш сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларымен бірге 7 шақырым  жердегі көрші ауылға автобуспен қатынап оқуға мәжбүр. Онымен қоса ауылдағы жол бұрын соңды жөндеу көрмеген. Бірде-бір рет асфальт төселмеген, тек ұсақ тастар мен топырақтан тұратын жолдың жағдайын жақсартуға кім жауапты?

«Қаспан ауылының әкімшілігі» бас маманы Жанар Умарованың айтуынша Шаған ауылындағы мектептің жабылуы түбегейлі шешім емес. Егер бала саны көбейсе, қайта ашу мүмкіндігі бар.

– Мектеп жабылуына әрине бала санының аздығы әсерін тигізді. Бірақ бұл шешім республика деңгейінде қабылданды. Дәлірек айтсақ, біздің аудан бойынша тек Шаған бастауыш мектебі жабылған жоқ, бала саны аз мектептердің 7-уі жабылды. Қайта ашу мәселесі бойынша айтарым, түбегейлі шешім емес деп ойлаймын. Егер бала саны көбейсе, қайта ашу мүмкіндігі бар, – дейді Жанар Умарова.

 Ауылдағы оқушы саны – 16 болса, оның 11-і жоғары сыныпта, 5-уі бастауыш сыныпта оқиды. Мектеп жабылған кезде бала саны алтау болған.

Мектеп ашылуына келер болсақ Жанар Умарова тек «мүмкіндігі бар» деп пікір білдіргенін айтты. Ал мектептің қайта ашылу мәселесін нақты білім басқармасы біледі. Біркақ 20-25 оқушыға жетсе мектеп ашылуы мүмкін.

Қазір ауылда 92 тұрғын, 20 үй бар.

Жергілікті тұрғын Майра апайдың айтуынша бастауыш пен жоғары сынып оқушыларының сабақ уақыты әр түрлі болғанына қарамастан автобус бір рейс жүреді. Таңғы сағат 8-де мектепке алып кетсе, түскі сағат 13.30-да қайтып келеді. Бастауыш сынып оқушыларының сабағы 13.30-дан ерте бітсе де күтуге мәжбүр. Ал кейде керісінше жоғары сынып оқушыларының сабағы ол уақытта бітпеуі мүмкін. Сонымен қатар оқушылар үйірме мен қосымша сабақтарға қатыса алмайды. Қыста сабаққа бару қиын, қар қалың жауып, боран соғып жолды жауып тастаса балалар мектепке бара алмайды. Онымен қоса автобуста орын жетіспейді.

Елді мекендердегі мектептердің маңыздылығы тек оқушылардың білім сапасына емес, сонымен қатар ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына да әсер етеді. Gimenez және т.б. (2018) зерттеуі бұл мәселенің маңыздылығын былай деп атап өткен.

«Білім беру саясаты өзінің назарын кеңейтіп, күш-жігерін тек мектепке емес, сонымен бірге мектеп орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық сипаттамаларына да бағыттауы керек». Blundell және т.б. (1999, 92-б) оқушының жергілікті ортасы мен тұрғылықты жеріндегі мектептердің сапасы білім деңгейіне әсер етеді деп санайды.

Ауылдағы такси жүргізушісі Серік ағайдың айтуынша, жол мәселесінің ұзақ уақыт шешілмеуі мәселені ешкімнің елеп-ескермеуінде. Осы уақытқа дейін әкімшілікке айтқан өтініш бойынша жолға ұсақ тастар төсеп берген.

Шаған ауылының жолы биыл жөнделеді. Қазіргі уақытта техникалар әкелініп, күн жылып, қар ерісе іске кіріседі.

– Шаған ауылының аумағында «Біріктірілген құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС үлкен шахта ашайын деп жатыр. Шахтаны ашу үшін ең алдымен жол мәселесін шешу қажет. Қаржы бөліп отырған компания – «Біріктірілген құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС, – деп жауап берді Ж.Умарова.

Бас маман жолдың уақтылы аяқталуына ең басты кепілдік келісім шарт екенін атап өтті.

– Егер келісім шарттағы белгіленген мерзімдер орындалмаса, мердігер сенімсіз деп танылады. Ал келешекте жұмыс жасаймын деген компаниялар, ондайға жеткізбеуге тырысады, – деп ойлаймын.

Тұрғындардың айтуынша бос қалған мектеп ғимараты қазіргі уақытта жол құрылысын жүргізіп жатқан жұмысшыларға уақытша баспана ретінде берілген.

Біз мақалада айтылған мәселелер бойынша Алматы облысы, Кербұлақ ауданы әкіміне, осы ауданның Қаспан ауылдық округінің әкіміне және Алматы облысы, Кербұлақ ауданы бойынша Білім бөліміне сауалдар жолдаған едік. Сауалымыз 7 сәуірде жолданды, 9 сәуірде жауап алдық.

Сауалымыздың жауабы N09.04.2025 №ЗТ-2025-01107144 нөмірімен жолданған екен. Үш мекеменің жауабы біреу әрі үш мекеме де ауыл тұрғындарының пікірін жоққа шығарады: “Кербұлақ ауданы Қаспан ауылдық округына қарасты Шаған ауылында бейімделген ғимаратта орналасқан Шаған бастауыш мектебі 1991 жылы 20 орынға арналып бастауыш мектеп болып ашылған. Мектеп ғимаратының жұмыс алаңы –129 кв.м. Мектепте спорт алаңы, асхана, акт залы көзделмеген.

2023-2024 оқу жылында 6 оқушы 1-4 сыныпты аяқтады. Шаған бастауыш мектебі 2024-2025 оқу жылында оңтайландыру жүйесі арқылы өз жұмысын тоқтатты. 2024-2025 оқу жылынан бастап Шаған ауылының жалпы 16 оқушысы (бұған дейін тасымалданып отырған 5-11 сыныптың 10 оқушысын қоса алғанда) ауылдан 10 км шақырымда орналасқан Қаспан орта мектебіне тасымалданып оқуда. Олардың 5 оқушысы 1-4 сыныпта, 11 оқушысы 5-11 сыныпта оқиды.

Балаларды тасымалдауды жеке кәсіпкер Тогуреков «Mersedes Bens-208D» маркалы 16 орындық автобуспен жүзеге асыруда. Оқушылар бір ауысыммен оқитын болғандықтан балалар бір рейспен барып, сабақ аяқталу мерзіміне байланысты екі рейспен қайтады. Қазіргі таңда, оқушылар толыққанды білім алып, кітапхана, спорт алаңы, акт залдарын пайдаланып, заңға сәйкес ыстық тамақпен қамтылған. Ата-аналар тарапынан үйірме мен қосымшаларға қатыстыру туралы өтінімдер түспеді, өтінімдер түскен жағдайда рейс саны көбейтіліп, үйірме мен қосымшаларға қамту жұмыстары жүргізіледі. Мектепте кезекшілік ұйымдастырылып, тиісінше кезекшілер тасымалдау барысын бақылауға алуда. Қысқы уақытта жол тұрақты түрде тазаланып тұрады, бұл мәселе ауыл әкімшілігінің үнемі бақылауында” делінген жауап хатта.

Шағын ауылдарда жабылып жатқан немесе жабылу алдында тұрған мектептер саны көптеп өсуде. Керісінше ірі қалаларда балалар оқитын мектептер тапшы. Үш ауысымды мектептердің санын “Жайлы мектеп” бағдарламасы түбегейлі шешеді дейді. Бірақ оның да мәселенің шешімі болатындығына да күмән бар. Өйткені ауыл тұрғындары жайлы орын іздеп қалаға ағылуын тоқтатар емес. Ауылдар қаңырап бос қалуда, қалалардың инфрақұрылымы қарқынды урбанизацияға төтеп бере алмай отыр.

Айдана Батырәлі,

SDU журналистика мектебінің І курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Керемет жазылған мақала. Ең маңызды мәселені атап өтті.

Айсана жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар