Өмір ритмі өзгерген сайын оның бейберекеттеу қозғалысынан да әр түрлі жағымсыз құлақ қажытып, жүйке арытар әр алуан дыбыстар туындайтыны рас болса, керісінше қайталанбас әдемі симфониялық жаңа ырғақ, жұмсақ әуен пайда болуы бек мүмкін. Құдіретті поэзияда сол аралық сәтті сезінумен жүрек тылсым күйінің сазды ырғағынан лықси келген кіршіксіз ішкі үн болса керек. Оны дыбыстар легімен шатастырып, шайқалтып төгіп алмай, тұнық күйінде ұстау өзін сөз шебері деп сезінетін қарқарадай хас ақынның да, қаз басып осы өнерде қадымын жиілеткен жас ақындардың да мойын ұсынды борышы. Бүгінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған қалың ақындарымыз бен ақын сымақтарымыздың ара жігі ашылған емес. Мұның да бірден – бір себебі кемелді сынның өз құнын өзі өгейсітуі. Сынның жалпы әдебиеттегі мән-маңызы турасында орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкин: «Әдебиеттің деңгей дәрежесі сынның өріс-өресімен өлшенеді»,- дейді. Ал, данышпан Мұхаң, Мұхтар Әуезов:«Жауапты ойға толы сын сөзі – өсуге арналған сөз»,- деп 3 cьезді ашарда айтқаны бар еді. Ендеше, тұтас әдебиеттің өсуіне бір кісілік үлесімізді неге қоспасқа…
Осыдан бірер жылдың ары-берісі қолыма қанкүрең тысты, «пышақтың қырындай» ғана Серік Сейітман ағамыздың «Қазақтың қаны»(2010. – Алматы: «Дәуір», 80 бет) деген жыр жинағы іліккені бар. Өзіме алғашқыда ол кісінің өзі қалай таныс емес болса, поэзиясы да солай тын. Сонан бері әлденеше аударыстырып оқырман жүрегімен тәптештей қарап өтіппін. Тұтасымен мен ойлағандай бақыт пен қуаныш сазы сезілетін лирикалық жыр емес, өмір өрнегі кестеленген. Ақындық сыршылдық пен заман диалектикасына құрылған азаматтық лирика екенін парақтаған сайын пайымдап үлгердім. «Бәтіңке» атты өлеңіндегі мына бір шумағы соның айқын дәлеліндей көзіме жылы ұшырады:
«Аяқ киім бөленбес сая нұрға,
Ей, бауырым, сен оны аядың ба?!
Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы,
Мен тозайын қазақтың аяғында!»
Шынымен де, қарапайым тірлікте біз аңғара алмаған осындай ұсақ детальдар бірден адамды ой шүңетіне тастап кеп жіберетіндей. Жаңарған философиялық жанама ой да өз құдіретін бірден өлшеусіз сіңіріп тұрғандай. Демек, бұл ақынның тамаша жасампаздық қыры деуге болады. Ары қарай жылжығанымда қос бетке егіз ұйқастай жарасым тауып түскен «Жамау» мен «Тал бесік» өлеңдерінен де соны ойдың исін сеземіз:
«Қартайғаны болса дағы ағаттау,
Ана әдеті – со-о-л, инесін сабақтау.
Перзентінің бүтіндеймін деп үстін,
Ар-ұяттың жыртық жерін жамапты-ау.»
Дей келіп:
«…ұлт жыртығын жамау үшін бірақ та,
Менің анам түк бітірмес бір өзі!..»
Бұл шумақтарды оқи отырып, әуелі үнемі қарбаластап, іс тігумен айналысатын шаруақор ананың қадір-қасиетінің орасан биікке көтеріліп, шынында әлемнің мейірлі алақаны екенін мойындайсың. Тіпті, ары қарай дүниенің бар жыртығын жамаушы да сол қасиетті қолдар екенін сезінесің. Жыр желісін үзбей, келесі «Тал бесік» өлеңіне үңілер болсақ:
«Тербемейді енді мені ән әр күн,
Сағыныштан өртенермін, жанармын.
Қазір саған сыймағандай бір күні,
Жалғанға да симай кетіп қалармын!»
Шынайы өмір толғанысынан туындаған ақынның еш бүкпесіз, еш үрейсіз кезегі келгенде айтып салған ащы шындығындай. Жаны қапаға оранып, жалғыздық күйін кешкендегі шерлі үніндей.
Міне, бұл – Серік поэзиясындағы термелеп алып қолтығынан демеген азды-көпті алқарлық тұстары. Ендеше, көкейде толқи-толқи ағысын күшейткен. Таза қайырар ойдың бетін түзесек. Тілі жұтаң, қасаң ұйқастарға құрылған поэтикалық иірімі солғын ақын өлеңдеріне(жоғарыда аталғандарын ескермегенде) қарның ашады. Назар аударып көрелік.
«Жапырақтар» өлеңінде:
«Талайлары қиылып күз келместен,
Тас үстінде, жерде емес, күндер кешкен.
Әне, тордың ішінде бірі жатыр,
Көремісің, әлде сен көрмес пе едің?!»
Бұған қарап қылыштан өткір, қылдан жіңішке ақын тілінің шұрайлы тұсын таба алмай дал боласыз. Әрі қалған шумақтарында «қиылу» сөзі қайталанады. Неге орнына «үзілу» немесе басқа да мағыналас сөз қолданбасқа. Тағы бір «Көрші бөлме» деген өлең шумағында:
«Күйеуімнен алмай ақ бүгін сыйды,
Тек жатайын демейді-ау, қылымсиды.
Күніменен күңкілдеп жас келіншек,
Түніменен ыңқылдап, ыңырсиды.»
Бұл шумақты оқи отырып Қалиқан Ысқақ ағамыздың:«Қазіргі жастар поэзиясының кемшілігі де құрастыру деген ұғымның сығалап тұратыны», – дегені еске түседі. Шындығы сол. Ұйқас үшін алынған құлаққа түрпідей тиетін қарабайыр жетім ұйқастар бірден шаршатады.
«Несібеңді жұтсада доп боп қарын,
Мылтық – кедей оларға оқты атпағын.»
Адамзат баласына Алланың қалауымен келген барлық игіліктің ұлысы перезент те несібе емес пе? Ендеше, несібені несібе жұтты деу жарамас. «Несібе» сөзін «ырыс» деп қолданған дұрыс. Тағы да қадам аттаған сайын тілдік қолданыстағы қателік молдап жолығады.
«Тұлпармын»:
«Үйірі үшін басын тіккен ажалға,
Асыл тұқым азынаған айғырмын.»
Бұндағы «азынау» сөзі кейінгі шумақта да кезігеді. Бірақ бұл жерде еш уақытта азынау сөзін қолдануға болмайды. Арқыраған айғырмын деп айтқан игі. Сосын:
«Құлағымды жымқырам да
Күйлеген
Құнажынды аулақ қуып жіберем.»
Немесе:
«Текті айғырдың ұрпағымын себебі,
Бел баласы – байталына шаппаған.»
Қазақтың ең бір сүйінер қасиеті де төрт түлік малды бір-бірінен әр атауына дейін жіктеп, жеке-жеке ат қойған. Бұл тұстағы жылқы малын құнажын деп атау үлкен ағаттық болар. Осы жастағы әр түлік малды ретімен атап өтсек. Аналық үш жасар жылқыны байтал, сиырда құнажын, түйеде құнанша, қойда тұсақ десе керек емес пе? Бұл туралы Тәкен Әлімқұлов:«Поэзияның қайнар бұлағы қашанда халықта»,-дейді.
«Күндіз күнім,
Түнде медет ай маған,
Қарбаластың қазанында қайнағам.
Ешқашан да
Ешкімнен де қашқам жоқ,
Қуғанымды жетіп алып шайнағам.»
Сонда қалай? Қуғанына жетпей тұрып шайнау да бар болғаны ма?!
Мүмкін, осы өлеңі бәрін де ақтап алар деген тәтті қиялмен, өлмес сеніммен «Атарбаның мұңы» атты өлеңін бас қойып оқығаным сол:
«Қасқа атымды, арбаны және мені,
Бұдан былай қасқа жол шақырмай ма?!»
Қандай жұтаңдық! Бұл жанұяда бар жоғы үш адамды қонаққа шақырған жағдайда сәбидің аузынан шығар сөз емес пе? Тура былай айтар еді:«Әкемді, шешемді, және мені шақырды» демес пе? Әрине, бізді деуге ол шорқақ.
«Қасқа айғырдың қиын-ақ сорлағаны,
Ал мен алдым қалаға жолдаманы.
Жауын шашын шірткен атарбаның,
Жапырайып жылап тұр доңғалағы,
Мендік мұңдай мұң бар ғой онда дағы!»
Оқырманды жалықтырып алатын осынау жансар шумақтан кейін ары қарай оқығың да келмейді. Сөз құдіретінің осынша төмендеп, солғын тартқанына қарап Тұрсынбек Кәкішевтың:«Қазақтың мақтанары, моралдық та, тіпті материялдық байлығы, көзге көрсетіп қолға ұстатары да – сөз» дегені осы тұста өз құнын жоғалтып алғандай сезіледі. «Арғымақ» деген өлеңінде «құба жалың» деп салмасы бар ма! Асылы, қаба жал деп айтылса керек. Осы тұсқа дейін талығып әрең жеткен маған ең соңғы монологтай мына бір өрескел логикалық қателікті атамай өту қиянат сияқты. Серіктің «Көк серке» өлеңіндегі:
«Кер ешкінің сенен туған лағы бар,
Лақ та болса күжірейген жалы бар.»
Қой бастаған серке малының лағы болатынын естігенім де осы, соңы да осы болса керек! Әдебиетте өсу жолы – күрес жолы екенін ескерсек автордың әлі де ізденуінің ауадай қажет екені өзіне ғана емес, жұртқа да аян екенін ұмытпағаны жөн дейміз. Қазақтың көбіне қара өлең үлгісімен жазатын Серік ағамызға танымал ақын Жәркен Бөдешұлының мына бір сөзі сабақ болар деп ұғамыз:«Қазақтың қара өлеңі маған басы қатты, ділі тәтті, тұяғы жұмыр, екпіні дауылдай сұрапыл тұлпардай болып елестейді» деп түйіндеген. Ендеше төтелеп салса, омбылай қар бұзатын тұяғы жұмыр қара өлеңнің қазан аты «белдеуіңізге» байлансын деп тілеймін!
Қозыбай ҚҰРМАН,
ҚазҰУ студенті
Парақшамызға жазылыңыз
Орынды сөз. Кейде ақыл айтып кететіні болмаса, өлеңдегі олқылықтарды нақты көрсеткен. Шынымен де Серік бауырымыздың аталған кітабында бұдан да басқа кемшіліктер жетіп артылады.
әдемі жазылған,ақын өлеңінденгі кемшіліктер ашып,анық көрсетілген.менше Серік ағамыз осы ойлы пікірге құлақ асса қазақ поезиясындағы бағдарын дұрыстап,не жазарын бағамдап,қазақ сөзінің қадірін жете түсінер еді деп ойлаймын!!!
Жақсы жазылған дүние, ал Секең қаламы қалыптасып, төселген танымалы ақын, анау “Бәтіңке”, “Қырсық қызға қол таңба” өлеңдері қандай жақсы, ал “Қазақтың қаны” ілікке алғысыз деуге болмас, айтылған жеке пікірлер өлеңге деген ізгі көңілден туған жақсы ниет шығар…
Қозыбай Секеңнің шығармашылығына белгілі бір деңгейде баға берген екен. Қаламың мұқалмасын Қозыбай. Мақаладағы емле қателіктерін түзету керек. Сын садағын тек нысанаға тигізе бер. Бұған Секең не дейді екен?
Осындай немелерді кокке котеруди койындаршы осы…
Серікте жалаң ұлтшылдық байқалады. Ақындығы далбаса.
«Сын – шын болсын, шын – сын болсын», – деп кезінде М.Әуезов айтып кеткендей, сыни мақалаң жақсы жазылған. Бастысы, біржақты мақтау, я болмаса түбіне түсіріп даттау емес, екіжақты салыстыра отырып айтар ойын анық жеткізген. Әдебиеттің өсуіне сын аса қажет. Қаламың қарымды болсын, Қозыбай!