СЫБЫЗҒЫСЫН СЫЗЫЛТА СЫРДАН АУҒАН…

1167 рет қаралды

(Сындарлы сыбызғышылар және Тотай Сауыржанұлы)

30-1Той 118Жау айдаған жылқыны жалқы жігіт сыбызғының үнімен қайтарып алып келген. Ботасы өлген боз інгеннің боздаған зарлы үні, ағыл-тегіл моншақтаған көз жасы сыбызғының күйімен тыйылған. Қорқыттың қобызының құдіретімен дария толқығанын тоқтатып, Ықыластың күйімен нар иіген болса аңырап, еңіреген сыбызғының сырлы әуені жойқын дарияның арғы жағасынан бергі жағалауына жетіп, өріп бара жатқан төрт түлік мал тоқырап тұрып тыңдаған екен.

Сыбызғының үні мұңлы келеді. Сондықтан шер тарқату, көңіл ашудың кілті. Асау Ертістің ағынын ғана ол тоқтата алмаған. Енеміз Ертістің өзі мұңлы дария. Ана дарияға, сол мұңы “Ертістің толқыны” болып сыбызғының күйіне түскен. Қуғын көріп мекенінен ауып, баласын арқасына салып Ертістен өткен аю екеш аюдың зары “Жорға аю” болып сыбызғының күйіне жазылған. Алтай, Сауырдың сақарасын кезген керей сабасын пісіп, сары қымызын сапырып ішіп, сарығын басқаннан кейін Сарыарқа мен Сырын еске ала сан қилы әңгімелер шертіп, сыбызғының сазына құлақ түрер еді. Айбынды батыр, адуынды билер ғана емес атақты сыбызғышылар да ел есінде қалыпты. Ертеректе Шығыс Қазақстан жерінде арғын Қобай, Шығыс Түркістанда жәнтекей Мұқамәди, Ырымбай, Сәйпіжамал, Шалап, Дүзбенбай, Жылмасбай, Ералы, Моңғолияда Делдал, Қалмақ, Ыбырай, Шоға, Марқалық, Әбеу, Мініс, Жиренше қатарлы дәулескер күйшілер өткен.

Шеруші Дөленбай ұлы Рахым Аққол сұмынының алғашқы әкімі, керемет сыбызғышы болған екен. Сол кісі 1938 жылы саяси нәубетке тартылғанда абақтыдан қашып шығыпты да Сайыр жоталарында саялап безіп жүреді. Бір күні жайылып жатқан қойдың ішінен бір серкешті шап беріп ұстап алып, бақыртып бауыздап жатқанда қойшы бала Құмақай жетіп келіп, ұстап алады. Сонда Рахым “мені көргеніңді тіс жарып ешкімге айтпа”, – деп жалынып, өсіп тұрған қурайды жұлып алып, жонып, тесіп, сыбызғы жасайды да оны қалай тартатынын қойшы балаға үйретеді. Қойшы бала да зерек екен, лезде ұғып алады. Сөйтіп Рахымға күн сайын келіп, әр күйді үйренген сайын бір серкеш, не бір тоқты беріп тұрады да, ең соңында ат мінгізеді. Күйші Рахым күндерде бір күні сол атпен Алтайдың күн бетіне асып кетеді. Ал әлгі Құмақай Шамғынұлы (1904-1954) “далада ұйықтап жатқанда аузына әулие түкіріп өнер дарыған” сыбызғышы атанады. 1941 жылы Улаанбаатарда өткен өнер байқауына қатысып бас бәйге алса, 1944 жылы Өр алтай қазақтарының Шығыс Түркістан азаттығы жолындағы ерікті партизандар отрядының құрамында күреске қатысып жүріп, бір тойда сексендей сыбызғышымен сайысқа түсіп, ең соңында әйгілі күйші Құрышты “Жалғыз жігіт” күйімен жеңіп, Оспан батыр Исламұлының қолынан қасқыр ішік киген екен. 1946 жылы Халық төңкерісінің 25 жылдық тойында тағы да Улаанбаатарға барып, палуан Әбдіғажы Терлікбайұлы піл атағын алғанда Құмақай тағы да өнер бәйгесін жеңіп алып, олжалы оралады.

Құмақаймен қатаралса осы ботағара әулетінен Кәбетай, Жұмайхандар туып шығып, өнерімен жұртқа танылады. Қожаханұлы Сақарияның (1898-1947) өзі “Құдірет торғай”, “Боз інген”, “Сарып құла”, “Ақсақ аю” қатарлы күйлер шығарған.

Құмақайдың өнер мирасын баласы Кәлек жалғастырады. 1958 жылы Баян-Өлгий аймақтық Музыкалық Драма театрдың артисі болып қызметке тағайындалған оның домбырашы Ахметпен қосылып орындаған тәтті күйлері аймақтық радионың алтын қорында сақталып келеді.

Құмақайұлы Кәлек 1990 жылы Алматыға барып 30 шәкіртке сыбызғы өнерін үйреткен әйгілі ұстаз. Сол кезден бастап Қазақстанға қоныс аударған, қазір Зайсанда тұрады.

Күйші Тотай Сауыржанұлы осы Кәлектің аталас туысы, әрі замандасы. Күйші 1959 жылы Моңғолия жастары мен студенттерінің Ұланбатырда өткен алғашқы өнер фестивалына, 1980 жылы астанада өткен қазақ концертке, Қобда қаласында өткен фольклорлық байқауға қатысып алтын медаль таққан. Бірнеше рет шақырғанымен театрға артистікке барудан бас тартқан ол өзінің айтатынындай “мініскер” сыбызғышы ғана емес, “мініскер” домбырашы, әнші, құсбегі, әрі қаламгер де еді. 1964 жылы 31-желтоқсан кешіндегі шыршатойда мен ол кісіні Дэлүүн сұмыны клубының сахнасынан алғаш рет көрдім. Домбыраға қосылып “Құлыбай бай” әнін керемет шырқады. Қоңыр дауыс. Сәл ырғалады. Асып-таспайды. Нақышына келтіре әдемі орындады. Ду қол соғылды. Бір дүркін… бес дүркін! Ол кезде Тотыкең отыздар шамасында, сұмын-бірлестікте кілтші, клубтың ерікті өнерпаздарының бірі. Клуб меңгерушісі Қалым, ұйымдастырушысы Қайрошұлы Моңғолхан болатын.

Жас кезінде, қартайғанда қарапайым, бұйығы бір қалпынан аумайтын Тотай 1980 жылы аймақ орталығы Өлгийге көшіп келіп, баспа өндірісіне кілтші болып тағайындалды да аз уақыттан кейін “Маған осы орын қолайлы екен” деп қарауыл болып орналасты. Қарауыл үш кезек. Жылы орында кейде 24 сағат, кейде 8 сағат жұмыс жасайды. Арақ пен темекіге зауқы жоқ. Ешбір адаммен қатты сөзге келмейді. Бірде қатты ренжіп отыр екен. “Тотыке, не болды сізге?” дедік. “Қабдайдың сөзіне” дейді. Ақын Қабдай Мысаханұлы ол кезде газет тілшісі еді. Кейін Қазақстанда тұрып қайтыс болды. Қызу бір әңгіме үстінде Қабаң өзінің әзілкеш мінезіне салып жасы жетпістен асып қартайғанда әкесінің жас тоқал алғандағы “ерліктері” туралы әңгімелеп бізді ду күлдірген еді. Тотыкең соны ерсі көріп, ұятқа санап, керемет ренжіпті. “Оған несіне ренжисіз, Қабдай қалжыңбас жігіт қой” деп тоқтау айттық.
1983 жылы мен “Жалын” баспасының шақыруымен Алматыға бардым. Сол сапар алдында маған “Бегімберді”, “Сары атан”, “Жорға аю”, “Бөкенжарғақ”, “Ертіс толқыны” қатарлы бес алты күйді сыбызғымен орындап, үнтаспаға жазып беріп аттандырды. Үнтаспа менде әлі де сақтаулы. Бұрын алтындаған, бүктемелі жез сыбызғылар болыпты. Сыбызғышы Бегімбердінің күйін естігенде үш жыл сал болып төсек тартып жатқан Керейдің атақты биі Қара Оспан орнынан түрегеліпті дейтін.

1987 жылы Үрімжіден маған “Шұғыла” атты журналдың бір данасы келді. Онда белгілі азаткер, алғашқы қазақ генералы Дәлелхан Сүгірбайұлы туралы қызы Сәулештің жазған үлкен естелігі бар еді, соны араб-төте жазудан Тотай аға маған бір апта оқып беріп, жаңаша қазақ-кирилл хатына түсіріп алдым. Сонымен қатар ол кісі маған Ахмет Байтұрсыновтың төте жазу әріптерін үйретті. Аз-ақ күнде араб жазуларын еркін игердім.

1990 жылы қараша айында өзінің тартып жүрген көне сыбызғы аспабын таңбалап, ескерткіш белгісін салып менің қолыма ұстатты. Осы сыбызғы ең адал жиһаздарымның бірі болып күні бүгін төрімде тұр. Және сол жолы маған сыбызғы аспабын жасау әдісін де үйретті. Әжептәуір жонатын болдым. Ағаштың ішін ойып үңгисің де қайта желімдейсің. Әуелі 10 см тастап бір, одан соң 6 және 5 см тастап 3 тесік шығарасың дейтін.

Бірде Тотыкей екі өлең алып келді. “Жарай ма екен, жарамаса ұят болады, алып кетейін” деді. Жақсы өлең. Біреуін “Жаңа өмір” газетіне жариялап жібердік. Оқырмандарға ұнады. Тағы да бір өлеңін “Шалқар” газетіне жолдадық. “Алғашқы әсер” атты 100-ден астам жол өлеңі 1990 жылғы Қазан айындағы санына басылып шықты. Өлеңнің жанында үкілі сәукеле, оюлы мешпеті бар қазақ аруының суреті. Тотыкең сонда қандай қуанды дер едіңіз!.. Өлең ол кісінің сыбызғы өнерін алғаш қалай үйренгені туралы екен:

“…Айтқан сөз, тартқан күйі ойда қалды,ТулбаДелу 018
Құштар ғып оятқандай бойда барды.
Артынан сол жігітке ұқсаймыз деп
Шығардық Солтан болып ойнағанды.
Жоқ едік ермек таппай еріккен біз,
Болсақ деп біз де солай еліккенбіз.
“Ұқсап бақ, болмасаң да” деген бар ғой,
Тістеп ап бір-бір қурай “желіккенбіз…”
Болыпты содан бері қырық жылдай,
Көрмедім сыбызғышы жанды мұндай.
Кең тыныс, күміс көмей сол серінің,
Зердемде күйі қалды ұмытылмай.
Солтандай болсаңшы деп дауыл-нөсер,
Деуші едім “ағаға ұқсап іні де өсер”.
Үйрендім содан бастап сыбызғыны,
Менен де бірер ұрпақ алды әсер”, –

деп аяқтайды естелік толғау:

Мейлінше қарапайым, мақтан сүймейтін сабаз. Керейше қауқар-пұшпақ тымақ, өзінің жайшылықта киетін қара барқыт шапанын киіп, бір шыққанында омырауында бес-алты медаль тұрған. Бейпіл отырыстарда Тотыкең “Жалайыр-Шора” деп көп айтатын. Қыран бүркіт туралы әңгімелейді. Сөйтсек “Жалайыр-Шора” құсбегіліктің пірі екен. “Көкте жүрсем қанатым талады, жерде жүрсем Жалайыр Шора алады”, – деп қыран құстың зарлайтыны сол екен. Он бес жасынан өз әкесі, әйгілі бүркітші Сауыржанға еріп құс салып аң аулапты. Театрға кірмейтін себебі – қансонарда еркін кетіп бүркіт салады. “Құр әңгіме айта бергенше дәл қаз-қалпында жазып әкеліңізші” дедім. Бірер күннен кейін “Құс төресі, Қарагер” деген әңгіме жазып алып елді. Мұхтар Әуезовтің кең тынысты еркін көсілген кербез сарыны. «Тағы жазыңыз, тәтті екен» – дедім. Асықпай оншақты әңгіме жазып шықты. Кітап шығаратын болдық. Парткомнан, Ғылым академиясынан рұқсат алынуға тиіс болды. Менің бірер әріпті түзеткенімнің қажеті жоқ, Ғылым академиясының аймақтық бөлімшесінің бастығы “редакторы” болып қол қоюға тиіс екен, оны да орындадық. Көп өткелектен өткеннен кейін “Құсбегілік” атты шағын кітап Өлгийде басылып шықты да кешікпей-ақ кітап дүкенінің сөрелерінен “ұшып” кетті.

1992 жылы күзде Тотыкең өз қалауымен зейнет демалысына шықты. Денсаулығына дімкестік пайда болды. Өлгийде Қобда өзенінің сұғымындағы үйіне бір күні мені дәм татуға шақырды. Бұл қалайша береген болып кетті десем “Дәм тартса біз…” деп ақырын ғана сөйлеп, күліп қойды. Қазақстанға атамекенге қоныс аудармақ екен. Жайлы отырып, жақсы әңгімелестік. Арғы ата-бабалары Сарыарқа, Сырдың бойынан сыбызғысын беліне қыстырып, сырласа, мұңдаса келген екен. Енді сол мұраны үш ғасыр араға салып, ежелгі мекеніне жеткізбек. Жыласып қоштастық. Амал не, ұзақ жыл халық дәулетін жауаптағанда қыл бүлдіргені пайда көрмеген, бір де бір адамға қылдай қиянат жасамаған, жан пендені ренжітпеген, манделин, гармонь, баянды да жеттік игерген «Арман», “Бозторғай”, “Көнекөз”, “Денсаулық” атты төл тума күйлерін шығарған теңдесі жоқ таланты мен тамыры терең өнерін жұрттан жасыра жүріп, жұрағатына үйреткен сегіз қырлы, бір сырлы Тотай ақсақал көп ұзамай Көкшетауда көз жұмыпты деген қаралы хабар естіп қайғырып қалдық. Біржанның жерінде, Ақанның елінде, Абылайдың төрінде!.. Топырағың торқа болсын қайран аға! Алтынның сынығы Сәкен қайда екен? Сәкен Тотайдың ұлы. Әп-әдемі, уыздай жас жігіт. Әкесінің оған жібектей мінезі де, өресі биік, өрнегі мол сыбызғышылық өнері де дарыған ғой, қасиетті мұраны қастерлеп ұстап жүр ме екен?!

30-1Той 107…Абақ керей ұрпақтары күмбірлей күңіренген үрлемелі аспап сыбызғыны Көк байрақтың аясына қойып, тәуеп етіп жүрсе екен деймін. Өйткені Бегімбердінің күйімен Қабанбай батырды жігерлендірген сыбызғының жұрнағы сарқылып кетпей осы тайпада, яғни қазақтың өзінде қалған. Өкініштісі сол екі жылдың алдында Моңғол радиосынан Тотайдың сыбызғы күйлерін Бұйынтыдағы пәленбай деген урианхайдың өнері деп берді. Ішің ашиды, арсыздар-ай. “Ауыл – үйдің моншағын күндіз тығып, түнде таққан”. Ал жуырда егемен елімізде теледидардан берілген бір хабарда Кәлектің сыбызғы күйлері тартылғанымен авторы айтылмай қалды? Сыбызғы қазақ халқының, ал Тотай мен Кәлек те қазақтың баласы ғой, олардың аты айтылмағанда кімнің қанша атан, неше жамбылық шығыны шығады?!…

Шынай Рахметұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар