//

Тағы да тіл туралы

1176 рет қаралды
1

Жақында интернетте «Самұрық Қазына ұлттық әл ауқат қоры» басқармасының төрағасы Өмірзақ Шүкеевтің атына «Ел» алқасынан жазылған ашық хат жарияланды. Онда Самұрық Қазына әл ауқат қоры ақпараттарын тек қана орыс тілінде тарататыны айтыла келіп, егер  бұл үрдіс осылай жалғаса беретін болса «10 миллион қазақтілді (мұның ішінде қазақтар да, қазақтілді қазақ емес азаматтар бар) қауымның адамдық құқығын аяққа таптап отырған «Самұрық-Қазына» қорын жауапқа тарту шарасына кірісетінімізді ескертеміз» делінген хатта.

Бір қызығы, қазақ баспасөзінде жекелеген министрліктер мен ведомстволардың мемлекеттік тілде сөйлемейтіндігі жайында мәлімдемелер жиі көрініс табады. Мәселе –жекелеген министрліктер мен ведомстволарда емес, мәселе – мемлекеттік саясатта екенін түсінетін кез жеткен секілді. Қазір тек қана «Самұрық Қазына» ұлттық әл ауқат қоры емес, барлық жекелеген ұлттық компаниялар, қаржы саласы, банк, министрліктердің барлығы  іс-қағаздарын орыс тілінде жүргізеді. Әрине, бұрынғыдан өзгерген бір нәрсе бар,ол – құжаттардың барлығы бұрынғыдай орыс тілінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік тілде де жүргізілетіні. Бірақ, оны жүзеге асырушылар қазақ тілін әлі күнге дейін мемлекеттік тіл ретінде мойындағысы келмейді. Біз бұған дейін Әділет министрлігінің мемлекеттік тілде сөйлемейтіндігі жайында жазған едік. Бүгінде бұл тізімге Ішкі істер және Қаржы министрлігін қосуға дайынбыз. Олай дейтініміз біз жұмыс істейтін банкілердің барлығының ресми құжаттары екі тілде дайындалған, алайда банкіде отырған менеджерлердің қазақша түсінбейтіндігі салдарынан ол құжаттарды орыс тілінде толтыруға мәжбүрміз.

Егер естеріңізде болса, Алматыдағы бір МАИ қызметкерімен қазақ журналисінің арасындағы егестің интернетке жарияланғанына көп болған жоқ. Онда МАИ инспекторы қазақша сөйлеуден саналы түрде бас тартып, мемлекеттік тілді менсінбейтіндігін танытқан болатын. Жақында сол МАИ инспекторына біздің де ісіміз түсті. Жол ережесін бұзғандығымыз жайлы хаттаманы толтырар кезде, екі тілде толтырылған дайын құжатқа орысша жазуға бұйрық берді. Мен «Неге қазақша жазбаймыз?» деп едім, «Қазақ тілінде жазуға әлі дайын емеспіз, компьютер қазақша қабылдамайды» деген жауап алдым. Дәл осындай жағдай былтыр құжаттарымды жоғалтқан кезде де басымнан өткен еді. Құжат жоғалтқаным жайлы өтінішті де Алмалы аудандық ішкі істер басқармасындағы қызметкерлер орысша жазуға мәжбүрлеген болатын.

Жақында Эйр Астана әуе компаниясынан билет сатып алған едік. Қазақша мәтінде жазылған аты-жөнімізді компанияның компьютері қабылдамайтынын айтты менеджер. Себебі олардың компьютерлік жүйесі қазақ әріптерін қолдамайды екен. Мұндай жекелеген мысалдардың тізімін бұдан да соза беруімізге болады. Бұның сыры мемлекеттік саясаттың жүйеленбеуінде, мемлекеттік тілге деген немкеттілік пен сүйей салды көзқарастың салдарынан.

Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша біз 2020 жыл  мемлекеттік тілге 100 пайыз көшуге тиіспіз. Бірақ қалай, қайтіп? Бұл жағы бағдарламада нақты көрсетілмеген. Бұның алдындағы Тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында облыстардың мемлекеттік тілге көшуі нақты көрсетілген еді. Әрине, жүзеге аспаса да, бұл бағдарламада жүйелілікті байқайтынбыз. Ал қазіргі бағдарламада кеудені соққан жалаң ұраннан өзге нақты іске жұмылдыратын күшті көре алмай тұрмыз. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілде сөйлеушілердің қатары жыл санап өскен сайын, тілге қатысты мемлекеттік саясат кері кетуде.  Мемлекеттің ұлттық рух, ұлттық саясатқа және мемлекеттік тілге деген көңілінің салғырттығынан оны насихаттау ісі де ала-құла сипат алып барады. Әсіресе, орыстілді ақпарат құралдары әлі күнге дейін орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл дәрежесін беру туралы идеяны көлденең тартып әуре.  Мәселен, «Свобода слова» былтырғы желтоқсандағы санында, оның бас редакторы Е. Рахимжанов «О союзах и языках» атты мақала жариялаған. Онда орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл дәрежесін беру туралы ой айтылады. Бұған жауап ретінде «Общественная позиция» газетінде экономика ғылымдарының кандидаты Мұхит Дербісәлиннің «Знаешь казахский  – гражданин второго сорта?» («Общественная позиция» (проект «DAT» № 14 (143) от 28 марта 2012 г.) атты мақаласы жарық көрді. Аталған мақалада «Свобода слова» газетінің бас редакторы Е. Рахымжановтың қазақ тілінде сөйлеушілерді екінші сорттағы адамдарға теңегеніне қорлана отырып, қазіргі қоғамдағы толғақты проблемаларды жайып салады. «Кедендік одаққа кіруімізге орай, қазір Ресей мен Белоруссиядан келетін еңбек күшіне енгізілетін квота тоқтатылды. Енді олар экономикалық одаққа  мүше мемлекет ретінде азаматтарының емін-еркін жүріп тұруына, лицензиясыз қызмет істеуіне мүмкіндік тудырды. Бұдан былай бұл мемлекеттерден жұмыс күші тоқтаусыз келетіні сөзсіз» дей отырып, автор Қазақстан азаматтығына алуға үміткерлердің мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы қажеттігін көлденең тартады. Қазақ баспасөзі мен қазақ зиялыларының дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып, бұл ұсынысты ту еткеніне жиырма жылдың жүзі болды. Бірақ оны елең құрлы көрген үкімет жоқ. Жалпы қазақ билігі осы жиырма жыл ішінде қазақ тілін шын мәнісінде мемлекеттік деңгейге көтеру жайлы ешқандай жүйелі қадамға барған емес.  «Общественная позиция» газетіне 22 ақпанда сұхбат берген тәуелсіз сарапшы, саясаттанушы Виктор Ковтуновский «Мәселе, Қазақстандағы орыстар әлі күнге дейін азаматтық бірегейлік тұрғысынан нақты айқындала алмай келеді. Олардың басым көпшілгі саналы немесе санасыз түрде жаңа империяның пайда болуына сенеді. Бұл қазақтар тарапынан сенімсіздік тудырады.  Екі ірі этнос арасындағы бұл сенімсіздік пердесін түретін жалғыз мәселе бар: ол елдегі барлық азаматтардың мемлекеттік тілде сөйлеуі. Меніңше, орыстар қазақ тілінде сөйлеген кезде ғана өздерінің ұлттық, мәдени құқықтарын талап етуге моральдық тұрғыдан құқылы болар еді» деген екен. Мемлекеттік тіл дәрежесіне ие бола тұрып, екінші сортты тіл деңгейінен аса алмаған тілдің көсегесін көгертудің жолдары мен тетіктері қарастырылмайынша, орыс тілінің «ресми» дәрежесін алып тастамайынша, осы бойы кете беретін түріміз бар.

 Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Компьютердің қазақша қабылдамайды дегендері таза арамдық. Басшыларында ми жоқ, системный администраторы орыстар болуы мүмкін, солар болмайды десе болды. Қазақшаны шет елде де енгізуге болады, еш қиындығы жоқ. Е. Рахымжанов деген сатқын жан ғой, елді іріткіге түсіріп жүрген.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар