///

«ҚАСІРЕТ КЕРЕГЕСІ» – Ашаршылық құрбандарына арналады

1796 рет қаралды
1

Қазақстан қазаққа қатысты тақырыптардың барлығын жиі жауып қойып, әлемдік, жаһандық проблемалармен айналысып кетті. Қазақтың бұған дейінгі қасіреттеріне шынайы, тарихи баға беру де көршілеріміздің қитығына тиетін болғандықтан, мемлекеттік тұрғыдан саяси баға беруден жалтарып келеміз. Билік – 555 жылдығы аталып өтуі тиіс Қазақ хандығын әспеттеуге, қазақтың тұңғыш хандары Керей мен Жәнібектің атын болашақ ұрпақтың жадында жаңғыртуда, «Алаш» үкіметінің, Алаш қайраткерлерінің қазақ тарихындағы орнын айқындауда, оларды ұлықтап, ұлт жаршысына айналдыруға, 1932-1933 жылдарғы аштық зардабын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құпия құжаттарын жариялап, оларға тиісті деңгейде бағасын бере алмай келеді. 20 жыл бойы 32-33 жылғы аштық қасіретіне Украина «Голодомор» деп айдар тағып, оны КСРО геноциді ретінде бағалауды бүкіл әлем алдында талап етуде. Жақында Тәжікстанның тарих оқулықтарында да аштыққа саяси баға беру жөнінде мәселе көтерілген екен. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатуды мақсат еткен Астана қаласы әкімшілігі дизайнерлер мен сәулетшілер арасында арнайы байқау ұйымдастырған. Алайда байқау нәтижесі бойынша, Президент сая бағына орнатылуға тиісті ескерткіштің орны бірнеше рет өзгерген екен. Аталған байқау жеңімпазы Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Орал Әлібаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді:

Орал мырза, Ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнату мақсатында жарияланған байқау қашан және қайда өтті?

– 2011 жылы наурыздың 26-сында «Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке» қатысты жабық конкурс болды. Оған Шота Уәлиханов басқаратын «Нарыс» жеке кәсіпкерлігі, Қазақстан дизайнерлер одағы, Н. Нарынова жеке кәсіпкерлігі, Астанадан «Сонар» дизайнер үйі және дизайнер Н. Қондыбаева, Қарағандыдан «Парадокс» ЖШС-і шақырылды. Мен 7-ші болып конкурстан тыс қатыстым. Бақытыма 0арай бұл байқауда менің ұсынған жобам үздік деп танылды. Кейін бұл жоба белгісіз себептермен бір жылға тоқтатылды. Мен биыл да жүзеге аспайтындығы туралы ақпарат естігем. Өйткені оған арнайы қаржы бөлінбеген екен. Бірақ жақында аяқ астынан оны биыл орнату туралы нұсқау түсіпті. Сөйтіп іске кірісіп жатырмыз.

Естуімізше ескерткіштің орны бірнеше рет өзгерген көрінеді.

– Байқау жарияланған кездегі ескерткіштің орны Президент саябағы болды. Ол Жұмабаев пен Момышұлы (бұрынғы 13-магистраль) көшелерінің қиылысында орналасқан, көрінісі өте әдемі алаң еді. Бұл жерде көше жаққа қараған үшбұрышты саябақ бар. Ескерткішті осы алаңда тұрғызу мақсатында, байқау жарияланды. Алайда биыл оны орнататын орын өзгеріп кетті. Технопарктің жанында Республика көшесінде, Автопаркке қарама-қарсы сквер бар еді. Онда кезінде А. С. Пушкиннің мүсіні болған. Қазір ол жоқ. Сол жерге қоямыз деп шешкен-тұғын. Кейін ол орын да аяқ асты өзгеріп, бүгінгі нақты шешкен орны Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысқан жеріндегі Абай қонақ үйінің жаны. Жанында банк және Тұрмыс қажетін өтеу орталығы орналасқан. Ол жерде Абай ескерткіші бар еді. Бүгінде ол ескерткіш те өзге алаңға көшірілген. Сол алаңға мемориалды орнату көзделіп отыр. Дайындық жұмыстары басталып та кетті.

Болашақ ескерткіштің орны көңіліңізден шықты ма?

– Шынымды айтсам бұл жер менің көңілімнен шықпай тұр. Меніңше, мұндай мемориал қонақ үйлер мен тұрмыс қажетін өтеу орындарының қасында тұрмауы керек. Мен өз ойымды айтып, басқа орындарды ұсындым, өкінішке қарай, менің ұсынысым қабылданбады. Өзім қаланы аралап, бір-екі жерді ұнаттым. Біреуі – Республика даңғылы мен Тәшенов көшелерінің қиылысында бір сквер бар. Аржағында Есіл өзені ағып жатыр. Өзен жағында Ататүріктің ескерткіші орналасқан. Сол алаңда бос орын да бар екен. Екіншісі –Тәшенов көшесін бойап келе жатқанда, Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне жетпей, өзенге жақын тағы бір орын бар екен. Мен осы екі орынға жобамды жайғастырып, ұсынысымды Астана қаласының сәулет және құрылыс басқармасына тапсырдым. Әрине олар мақұлдамады.

Ескерткіштің идеясы жайында не айтасыз? Оның көрінісі қалай болмақ?

–Ең алғаш ескерткіш Президент саябағындағы Жерұйық алаңында орналасуы тиіс болған кезде, мен ескерткішті екі бөлімнен жасадым. Бір бөлімі көшеге қарай үшбұрыштанып шығып тұрады да, екінші бөлімі саябақтың ішіне қарай орналасады. Ол осы тақырыптың мазмұнын аша түсетін мұражайға айналса дегенмін. Бұл мемориал соның кіреберісі сияқты болуын қаладым. Алайда өкінішке қарай, әкімшілікке сол екінші бөлімді көрсетпеді де, тек бірінші бөлімді ұсынды. Онда радиусы – 53 метрден тұратын доға бейнеленеді. Биіктігі он метрге жуық еді. Негізгі идеясы шаңырағы ортасына түсіп, уығы күйреп, керегесі жалаңаштанған қазақ ордасы – киіз үй. Бұл аштықтың зардабынан қаңғырып далаға босып кеткен қазақтың тағдырын бейнелейді. Қазақтың жартысына жуығының шаңырағы ортасына түсті ғой сол кезде. Кереге қара тастан жасалады да, арасы ашыла түседі, сол алаңаймен мемориалдың екінші бөліміне өтіп, мұражайға тап боламыз. Бірақ бұл идеямның жұрнағы қалды десем де болады, мемориал екі есеге дейін кішірейді. Әрі арасынан өтетін жолды жауып тастадық. Оның атын «Қасірет керегесі» деп атап отырмыз. Қабырғасына «Зұлым саясаттың жазықсыз құрбаны болған, 32-33 жылдары ашаршылық жалмап кеткен миллиондаған отандастарымызға» деген жазу жазылады. Мемориал мамыр айында тұрғызылмақ.

Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Қазақтың ұлттық тарихына қатысты ұлттық жәдігерлердің қаланың көрнекті жерлерінен аластатылуы бір бұл емес. Бұған дейін «Қазақ Елі» монументінен орын алуы тиіс Қазақтың тұңғыш хандары Керей мен Жәнібектің ескерткіші көп дау-дамайдан кейін, «Хан шатыр» ойын сауық орталығына орналастырылғаны мәлім. Астана орталығында он жыл тұрған Репрессия құрбандарына арналған ескерткіш 2008 жылы Астана қаласынан 30 шақырым қашықта жатқан Малиновка ауылына көшірілген. Ал Алаш қайраткерлеріне тұрғызылуы тиіс ескерткіш әлі де бой көтермей келеді.

 Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Алаш, аштық, ату-жазалаудың барлығы орыс елін қатысы төтенше болғандықтан айтылмайды да, еленбейді. негізі осындай материалдай күн құрғатпай беріліп тұруы керек. біртіндеп ұрпақ жадына сіңе береді. Ол рухты оятады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар