Қазақтың қарымды қаламгері неміс нәсілді Герольд Бельгер 19.10.04 ж. күнделігінде былай деп жазыпты: Қош, мен сонда неге шетелдік қазақтарды тарихи Отаны – Қазақстанға тезірек қайтару керек деп есептеймін? Мені мұндай идеяға жетелеген көптеген өзге халықтардың тағдыры екенін жасыра алмаймын.
Гитлердің он екі жылдық сойқанынан кейін бұрын Германиядан қуылған немістер (әсіресе шығармашылық және саяси саладағы зиялылар) Отанына оралғанда (біреу батыс, біреу шығыс бөлікке), бөтенси қабылдаған жергілікті немістер оларға тыжырына қарап, салқын қабақ танытты, қоқилана тұлданды, менсінбестік, сенімсіздік білдірді. Біздер қиналған кезде бұлар Мәскеу, Швейцария, АҚШ, Латын Америкасы, Данияға барып бас сауғалап, жан сақтады, енді түк болмағандай қайта келді және бізге беттері бүлк етпей ақыл үйреткісі келеді деп күстаналады. Иә, мұндай да болған.
Немесе кәрістерді алсақ. Қазіргі Қазақстан мен ортаазиялық кәрістер (дұрысы олардың ата-бабалары) Корей түбегінен Ресейдің Қиыр Шығысына сонау 19 ғасырда қоныс аударған. Кейін Қазақстанға күштеп әкелінді. Біздің кәрістер «коре сарам» деп аталады. Оңтүстіктің кәрістері «ханчук сарам», солтүстіктің кәрістері «часон сарам» делінеді. Яғни, «біздің» кәрістердің бірнеше ұрпағы мен негізгі кәрістердің арасында едәуір өзгешелік пайда болып, аражіктері ажырады. Сөйтіп, коре сарам іс жүзінде ана тілінен айырылып, өздерінің байырғы ұлттық тілі олар үшін қытай, жапон тілдері сияқты шет тілдерге ұқсайтын болады. Қазір «біздің» кәрістерде бәрі басқаша. Ежелгі қандастарымен генетикалық этномәдени және тарихи тұрғыдан ғана жалғастық бар. Оның өзінде де болар болмас. «Біздің» кәрістерді қазір олардың ежелгі отанындағы солтүстіктің де, оңтүстіктің де кәрістері мойындамайды. Тіпті, керек те қылмайды. Өздерінің жат, қажетсіз, қай жақтан да ешқандай бәсекеге жарамайтынын түсінетін «біздің» кәрістер ол жақта баяғы ата-бабалары құсап өмір сүре алмайды, өйткені байырғы атамекенінен барынша алыстаған, жеті-сегіз ұрпақ алмасу кезінде ұлттық бейнеден жұрнақ та қалмаған.
Шамамен, о бастағы ата-қонысымыз деп Ресейге көшіп жатқан «біздің» орыстар да дәл сондай ахуалға ұшырауда. Онда олар мүлдем бөтен, құшақ жайып қарсы алып жатқандар жоққа тән, кей аймақтарда, тіпті, отырса опақ, тұрса сопақ етіп, «қазақ», «өзбек», «азиат», «кулак» деп кемсітеді. Ал «біздің» орыстардың ұлттық сипаты ол жақтағы орыстардың болмысынан едәуір өзге екені айдан анық. Ұрыс-керіс, кикілжіңнің көбі содан туындайды.
Қош, мен бұларды неге айтып отырмын? Дәл сондай күйге қазақтар да ұшырауы ықтимал немесе ұшырап жатқан да болуы ғажап емес. Бүгіннің өзінде там-тұмдап болса да отандарына оралған шетелдік қазақтардың мұндағы туыстармен әмпей-жәмпей боп жатқандары шамалы. Қалайда, араларында әлдебір айырмашылық білінбей тұрмайды, әрі ол нәрсе уақыт өткен сайын дендеп, бөліну мен жатсыну ушыға түсері де сөзсіз. Солайша, түптің түбі ортақ аспанның астында бірлесіп, ғұмыр кешу қиынға соғып жүрмесе неғылсын. Сондықтан жоғарыда ащы болса да ашық айтқандай, бұл мәселені енді ұзын сонарға сала бермей, осы бүгін, тап қазір шешу керек деген пікірімді орынды деп есептеймін. Темірді қызған кезде соқ дегендей, әзірге қазақ халқы қалайда өзін шетелдік бауырларынсыз селдір сезініп отырған шақта қимылдап қалу керек. Әйтпесе, бүгінгі табиғи көштің алда ешкім күтпеген кедергілер мен кесапаттарға тап болуы түк те қиын емес.
(Герольд Бельгер айтқаны айдай келді. Нұрлы көш тоқтады. Бұл кесапат емей немене?). Үзінді «Түркістан» газетінен алынды.
Парақшамызға жазылыңыз
Осы шал қай қазағыңнан да артық.
Нұрлы көштің сорлы көш болып тоқтайтынын, оралмандардың шетқақпай көретіндігін 1992 жылы мамыр айында Монғолияның “Ил товчоо” газетінде Монцамэ агенттігінің сол кездегі тілшісі Қуандық Шамахайұлы “Казахстан бурхны орон биш” деген мақаласында осыдан жиырма жыл бұрын жазып қойған. Кім мықты көріпкел?
Нұр отонды ұрғаным бар.
Жиырма жыл бұрын жазғаны,
Өзгелерден оның озғаны.
Айтқанының дәл келгені,
Озық ойлы жан болғаны!
Шамахайұлы қазір Астанада тұрады