Кәкен ҚАМЗИННІҢ бұл шығармасы 2008 жылы “Zher-Su” корпорациясының балаларға арнап жариялаған халықаралық әдеби конкурсының Бас бәйгесін жеңіп алған.
1
Біріне-бірі іркес-тіркес жалғанған сіріңке қораптарындай темір жол составының соңғы буыны байырғы кинохроникадағыдай ұсақтай-ұсақтай ұзай береді. Ақырғы вагон есігінен дірілдеген бозамық сұлба негативтей қарайып барып жоғалады. Бір-екі адырдың арғы жағында кәнігі темекішінің хорқорындай будақ-будақ, ұбақ-шұбақ із ғана қалады. Шөкімдей-шөкімдей сұйық түтін әлден кейін ауаға сіңіп, көгілдір аспан ажары шайдай ашылады. Тап қасыңнан бөлек бір тіршілік, өзгеше бір дүние көсіліп-жосылып өте шыққандай. Қарап кеп қалсаңыз, пойыздың алыстап бара жатқан соңғы вагонында адам баласының ет жүрегін шым еткізер мөлт-мөлт еткен мұң бар сияқты. Қайта оралмас шақтардың қызығы мен ызыңы сол бұлаң еткен вагонға жармасып, үдере-үрке қашып бара жатқандай. Ал, тоқтай қалған тепловоз – керемет, ғажап қуаныш. Шат-шадыман. Пыс-пыс етіп деміге: «мен келдім, мен келдім!» – деп, жарқын-жария шырай танытады. Төлеген сондайда алыстан алқынып келген тепловоздардың маңдайнан сипап, бетінен сүйгісі келеді. Амал не, кіп-кішкене бойы бар, бып-быртық. Темір жол стансасының бастығы болып істейтін әкесі бастабында Алматыда оқисың, ағаңның қолында тұрасың дегенде, бұл оның сөзіне онша мән бермеп еді. Енді дәміл-дәміл осы пойызбен үлкен қалаға тартады, доңғалағы дік-дік еткен осы пойызбен туған мекені – Айнабұлаққа қысқы, көктемгі, жазғы демалысында, екі-үш күндік мейрамдарда қайтып оралады. Несін айтасыз, осы күні қос қапталды болат жолдың кәнігі жүргіншілерінің бірі болып алды қаршадай ғана Төлеген. Сескенетін де дәнеңесі жоқ, мұнан шығарда шешесі ұялы телефонымен үлкен ұлына хабарлап қояды, ана жақтан қайтарда апасына Бөлеген көкесі телефон соғады немесе SMSка жібереді.
Қала тіршілігі әсер етті ме, әлде әрі-бері өткен жолаушылардың әңгіме-дүкені пісіріп тастады ма, әйтеуір, алтыншы сыныптағы кіп-кішкене Төлегеннің мінезі де өзгеріп барады. Әлден, бесіктен белі шықпай жатып-ақ байсалды, байыпты, ойлы. Шешесі: «Осы қарағымды қарғадайынан тентіретіп қалаға жібердік, өз қолымызбен жатбауыр қылдық, шөре-шөре боп қайда барып оңар екен енді», – деп орамалымен көзі мен маңдайын сүртеді. Әкесі болса: «Тентіреткені несі? Туған ағасы мен жеңгесінің қолында. Олар жаңаша тәрбилейді. Мұхамеджан Тынышбаев ағамыз сықылды барлық ғылымды қатар жеккен энциклопедист болмағаннан кейін, мен сияқты жыл – он екі ай темір жолға телмірудің қажеті не. Баланың бағын байламау керек дейтін өзің емес пе? Қазір қос мекенділердің заманы. Кенжеңнің екпіні қатты. Бұл Бөлеген секілді Мәскеудің Бауманкасымен тоқтамайды. Санкт-Петербургің де бұйым емес. Көр де тұр, Кембридж бен Сорбоннаның бірінен бір-ақ шығады. Осы бастан ағылшын, француз тілін жаттай бер, бәйбіше. «Charmant, monsieur!» – деп француздарды, «Excuse mi!», – деп саксондарды шалқасынан түсіретін боласың әлі-ақ, – деп миығынан күледі.
Бірінші кластан Алматыға бауыр баса бастаған Төлегенді ә дегенде, екі-үш орам жердегі мектебіне ағасы, кей кездері жеңгесі жетектеп алып барып жүрді. Бір айдан кейін жүріс-тұрысты, қалай барып, қалай келуді өзі де үйреніп алды, ересектердің әлсін-әлі көмегін ерсі санайтын болды. Бірақ екі-үш кластасын ата-аналары жеңіл мәшинемен жеткізіп, сабақтан кейін сол көлікпен алып кетіп жүргенін талай байқады. Олары несі екен, тым келеңсіз ғой: әлде тұратын жерлері алыс па, әлде адасып кетуден қорқа ма деп те ойлады. Өзімен қатар отыратын Жақсыбергеннен оның мәнісін сұрап еді:
– Мықтылардың мұрагерлері. Ана Кинг Конгтың әкесі кеденнің дөкейі, мына қысық көз сары Банзайдың шешесі банк бастығы. Олар балаларымызды жымқырып кетеді деп үрейлері ұшады. Кинднепинг деген пәле өршіп тұр. Ана бір жылдары «Казпотребсоюз» төрағасының немересін ұрлап кетіп, бүкіл ішкі істер қызметі аяқтарынан тік тұрған. Ондай баскесерлер қалада баршылық. Содан кейін бір миллион бакс берсең, балаңды қайтарамыз, әйтпесе оның өлігін көресің деген шарт қояды әлгілер, – деп жауап берді. – Сенің әкең қайда жұмыс істейді? Крутойлардың бірі емес пе?
– Жоқ. Әкем теміржолшы, Айнабұлақ деген жерде станса бастығы. – Төлегеннің жауабы мүдіріңкіреп шықты. Жаңа танысы Жақсыберген келемеждеп жүрмесе етті деді. Жоқ, ол күлмеді, қайта, иығынан қойып қалып:
– Статусымыз тете екен. Менің шешем көрші мектептің директоры. Ешкімнен ықпа. Осы класта мені жеңетін ешкім жоқ, біреу тиіссе – мұрнын бет қыламын. Келістік пе? Онда жолдас болайық, – деп, қарап отыр. Содан бері Жақсыберген екеуі айрылмастай дос. Алты жыл бойы бір партада отырып келеді. Сабақтан әмісе бірге шығады, Жақсыберген оны ертіп алып шешесінің мектебіне тартады. Сол жердің асханасынан тамақ ішеді, оған зауықтары соқпаса, іргедегі спорт алаңында балалармен футбол ойнайды. Жақсыбергеннің үйі де сол мектеп маңында. Ауласының балаларының барлығы дерлік осы мектепте оқиды, бәрі Жақсыбергенді біледі, ол да барлығын таниды.
Ол парталас досы Төлегенді бірінші кластан бері таңдандырумен келеді. Мектеп директоры болып істейтін шешесі қазақ емес, әзірбайжан. Әкесі физкультура институтында проректорлық қызмет атқарыпты, ертеректе, бұның алты жасында жол апатынан қайтыс болыпты. Қазір мамасы, қарындасы – үшеуі бірге тұрып жатыр. Шешесі орыс мектебінің директоры. Жақсыбергеннің айтуынша, әкесі көзі тірісінде ұлымды міндетті түрде қазақша оқытам депті. Әкесінің сол өсиетін шешесі бұлжытпай орындапты.
Бүгін де екеуі оңаша келе жатыр. Тротуарда жем теріп жүрген торғайларды үркітеді, гүр-гүр еткен көгершіндерге шекілдеуік шашады. Қысы-жазы бір орнынан тапжылмай, не өспейтін, не қыбыр етпейтін нәрестесін құшақтап отырған қайыршыға бұлар қазір тіптен назар аудармайды. Бастабында Төлеген тиын-тебен тастап жүруші еді, Жақсыберген: «ендігәрі соқыр тиын беруші болма, олар жалған қайыршы, көпшілігі Тәжікстаннан келген сығандар. Өтірік мұсылмансиды. Олар бізден ауқатты тұрады», – дегенді қадап тұрып айтты.
Шиқ-шиқ етіп төртінші трамвай тоқтай қалды. Бұл жалғанның, қала транспортының жер-жебіріне жетіп, әлемдегі жұртшылықтың барлығын іске алғысыз етіп қара көзәйнекті екі кемпір түсті әупірімдеп. Оларға салса, ертеректе бәрі керемет, бәрі тұрлаулы, бәрі арзан болған. Қазіргі заман – кері кеткендердің, ұры-қарылар мен жылпостардың заманы. Қарапайым халыққа қалаулы тіршілік жоқ. Ділгерліктің кілті тек алпауыттар қолында. Әйтеуір, таусылмайтын сарыуайым, әйтеуір, төбеден төнген заманақыр, жер тақыр. Оларға мына үш-төрт айда бой көтеріп жатқан зәулім ғимараттар да, мөлдіреп аққан бұлақ та, көкке бой созған еңселі теректер де, Мұқан Төлебаев пен Мұқағали Мақатаевтың ескерткіштері де керек емес. Аттары өзгеріп жатқан көшелерге де тіксіне қарайды, бұрынғы атаулары естерінен кетпейді. Өйткені көз алдарында көкке мойнын созған қуатты крандар – судай жаңа тіршіліктің нақ өзі, өткен дәуірдің көзі емес, оларға бұл өзгеріс мүлде жат. Қазір кешегідей көсемсіп, өткендегідей өктемсіп: «ты!» – деп те тіл қата алмайды. Бірақ осы қариялардың бір уәжіне құлақ қоюға болады. Қалада қаптап кеткен жарнамадан көзің қарығады, ағылшындардың, немістердің, француздардың, қытайлардың тауар насихатынан аяқ алып жүре алмайсыз. Оны кім түсінеді, қазақ пен орыстың бәрі демде шет тілінде сайрап кетті деймісіз. Бұл қазақ тауық шақырмаса да күннің қай жақтан шығатынын жақсы біледі.
Күн де сол баяғыша шығыстан көтеріліп, батысқа барып ұясына қонады. Алашұбар бұлттар да сол ертедегідей батыстан шығысқа қарай жөңкіледі. Алматы арықтарындағы ағын су да Алатаудың етегінен төмен қарай құлдыраңдай құлайды. Арлы-берлі ағылған халық та бағдаршамнан басқаға аялдамайды, ығы-жығы, бірін-бірі жыға танымайды. Зу-зу еткен мәшине, ағыл-тегіл жөңкілген нөпір.
Кока-кола жарнамасы ілінген үйдің бұрышында екі-үш қыз портфельдерін үйіп қойып, шымқай қызыл бормен әдемілеп сызылған класс-класын ойнап жүр. Одан әріректе сақаларын сайлаған ер балалар. «Кәти, кәти!» -деген дауыстары тіптен өктем. Дауласып жатқан болу керек.
Тротуардың қақ ортасына біреу туфли қорабын лақтыра салыпты. Жақын маңдағы аяқ киім дүкенінен шыға салған әлдекім жаңа бәтіңкесін дереу аяғына іліп алған ба дерсің. Қазір қалада қоқыс көбейіп кетті, келе жатып қолындағыларын қалай болса солай тастап жүре береді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Ағасы Бөлеген айтады: ертеде Алматының көшесінде көлденең қылтанақ жатпайтын, бәрін бүлдіретін өзіміздің ағайындар. Қиыншылық жылдары ана жақтан да, мына жақтан да жұмыс іздеген халық шұбырып кеп осында топырлады.Олар озық дәстүрмен қоса, тозық мінез-құлықтарын ала келді. Әрине, қалада қазақтың көбейгені жақсы, бірақ ауылдағы күл-қоқысты, шылық пен былықты Алматыға тасудың қажеті не?
Төлеген алғашында ағасының сөзіне құлақ қойып жүрді, бәріне өзіміз кінәліміз, есіктегі құл мен күңді неге төрге шығарып, төбемізге көтереміз дегенді жақтап бақты. Келе-келе қол арба сүйретіп, нәпақа тауып сабылған, қара базардың қара жұмысына қытай рикшаларындай жегіліп, қайқаң-кайқаң еткен ағаларын көргенде, жүрегі сыздады. Нарықтың жақсылығы осы болса, бұты бес тиын. Бөлеген көкесі айта беретін Адам Смит теориясының да, Доу Джонс көрсеткішінің де атасына қырық нәлет. Қазір ол толығымен әкесінің жағында. Әкесі нарық әдісі, нарық тетігі адамға қызмет етуі керек, бізде адам нарыққа малай болып жүр. Мемлекет нарықтық жүйеге араласпаса, «көрінбейтін қол» дәнеңемді бітірмейді дейді.
Арқасындағы рюкзагын бір ырғап алып, тротуарда жатқан әлгі картон қорапшаны шіреніп тұрып теуіп кеп қалды. Аһ! Жаны көзіне көрінді. Ішіне кірпіш салып қойыпты. Оң аяғын көтеріп ойбайлап жүр. Қарап жүріп мазаққа ілікті. Ұзын үйдің іргесінен тұншыға шыққан күлкі де кімдікі екенін шамалайды. Осыны істеп жүрген – құдай біледі, Жақсыбергеннің қарындасы – Эленора. Шешесі де, ағасы да – ешқайсы бетінен қақпайды. Әбден шолжаңдатып жіберген.
– Я вас развела. Мен сені қатырдым, Төлеген. Аңқау, аңқау Төлеген! Жақсыберген екеуің маңына жоламаймыз деген Кинг-Конгтың туған күніне барыпсыңдар. Сонда хореграфия училищесінің қыздарымен түні бойы билепсіңдер. Менімен бірге операға да барғың келмейді. Енді билеп көр. Сол керек өзіңе, – деп сықылықтай секеңдеп барады. Артында зілі жоқ харекетке бұл қалай ашуланар, бұдан соң Төлегеннің бір апта аяғын баса алмай қалатыны ана қыздың қаперіне қайдан кіріп-шығар.
Бар болғаны басын шайқап, саусағын безегеннен әрі бара алмаған Жақсыберген досын үйіне ертіп апарып, оның күп боп ісіп кеткен башпайына дәрі жағып, ақ дәкемен таңып тастады. Түк болмағандай ұшып-қонып қастарында қарындасы жүр.
– Ауыра ма, шын ауыра ма? – деп әдейі сұрай ма, әлде шынымен жаны аши ма – екі көзі шарасынан шығып кеткен.
– Ауырғаны несі, қытығым келіп жатыр, – дейді терісіне сыймай тырс-тырс еткен Төлеген. Үшеуі де жарыса, көздерінен жас аққанша күледі. Әшекейлі терезеден әуестене сығалаған күн сәулесі дөңгелек айнаға шағылысып, қабырғаға көлбеңдей ойнап бір кетеді. «Аққу көліндегі» кішкене аққулар құдды. Трә-трә-трә, тә-тә-тә. Мын картина америка фильмдеріндегі «life story»-ден бірде-бір кем емес. Мәре-сәре, жөн-жосықсыз жарқылдаған бұларға терезе жақтауындағы түсі суық мексика кактусы мұртын тікірейтіп, жақтырмай көз тастайды. «Өздеріңе де сол керек», – деп, Жақсыбергеннің бөлмесіндегі әйгілі салыстырымдылық теориясының иесі Альберт Эйнштейннің суреті бұларға тілін шығарады. Бұйра бас Мағжан ақын көзінің астымен мұңая да, мұнарлана қарайды. Эленора пианино пернелерін кербез басып, өзі қош көретін Кенжебек Күмісбековтің вальсін сырбаз дөңгелетеді. Төлеген мына сырқат, мына ауру тым ұзаққа созылса екен, ең болмаса, анда-санда қайталанып тұрса екен дейді. Айнадағы балбыраған өз жүзі бал-бұл жанады.
2
Жоғары кластарға қазақ әдебиетінен сабақ беретін директорлары жақында мектебімізге өзіміздің белгілі жазушылар қонаққа келеді. Телевизияның, газет-журналдардың қызметкерлерін шақырып қойдық. Ұятқа қалмайық. Орта сыныптағылар да жақсылап дайындалсын, белсене қатыссын деген еді. Содан бері мектеп мұғалімдерінде ес қалмады: күнде ала шапқын, көркем сөз оқитындарды, ән салатын вокалистер мен күйшілерді де әбден мезі қылды. Ат-тонын ала қашқан ересек балаларға әлдері келмесе, бар салмақты бұларға салады. Өздерінің әттегенайларын жуып-шайып, меймандарға, қайта, жас өскіндерді көрсеткеніміз өтімді болады деп ақталады. Өткен аптада сен не орындайсың дегенде, Жақсыбергеннің меңзеуімен бұл Пушкиннің бір шығармасынан үзінді оқимын деп айта салған. Төлегенге мұғалімдердің бәрі сенеді, қапы қалдырмайтынын біледі. Бұның бес жасында Мәскеуден каникулға келген студент ағасы Бөлеген қызық үшін ұзақ өлең үйреткен. Сол қазір де есінде, анада Жақсыбергенге судыратып оқып берген. Ол сонда бұның бетіне бажырайып ұзақ қараған. Жаңа көрген кісісіндей қадалған, сені жаңа қырыңнан байқадым деп мақтаған. Сюрприздің көкесі сенде екен ғой, мен сені қазақтың болашақ Эйнштейні ме деп жүрсем, сен физик емес, лирик екенсің ғой деп бір қағытқан. Жәй жаттап алған дүнием ғой дей салған оған.
Ақыры бүкіл мектеп күткен сол межелі күн де келді. Қас қылғандай Алматының төбесіне қарақошқыл бұлт жұмарланып, аласапыран жаңбыр құйып кеп кетті. Тозығы жеткен темір шатыр ежелгі қаңғыр-күңгіріне басты. Аспанда жын ойнақтап, әлдекімдер апан кеңірдек кернейін гүрілдетіп, арынды дауылпазын дүңкілдетіп жатыр. Малмандай су болған ақ қайыңдар жапырақтары қырық буынды күміс сырғадай төгіле салбырайды. Жылт-жылт. Тырс-тырс. Кейде жылдам, кейде баяу. Жазушыларды сыртта қарсы аламыз деген мектеп директорының нұсқауы енді жайына қалды. Бүкіл мұғалімдер мен оқушылар сипай көлкіген терезеден сығалай сыртқа қарайды. Әнеки, жеңіл мәшинеден шатыр көтерген төрт кісі түсе-түсе қалды.
Көзілдірігі қиядағыны шалатын орыс әдебиетінің мұғалімі директорға:
– Смотрите, Жалиля Жангазиевна, пожаловал сам Алимжанов! – деп жатыр екі көзі шоқтай жанып.
– Ну, что же, Гульсайра Ильясовна, как говорится, по одежде встречают, по уму провожают. Посмотрим, – деді жайбырақат қана.- Айтқандайын, қазақ жазушыларына қазақша нөмірлер, орыс тілді Әлімжанов сияқтыларға орысша шығармалар дайындағанымыз қандай көрім болған. Ол бір ауыз қазақша білмейді. Шет елден шықпайтын турист дейді ғой оны осындағы біздің жігіттер.
Мұндай қабылдауға меймандар да, қабыл алушылар да дән риза. Жөн-жөнімен, рет-ретімен ән айтылды, күй тартылды, би биленді. Тіпті джаз-бэндтің саксофоны қырық құбыла құйқылжыды.
– Қазір Төлеген Бекқожиев орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан үзінді оқып береді. Ал, Төлеген, заулат! Побольше драйва! – деді мойнындағы қызыл көбелегін түзеген Жақсыберген конферансье. Бұл тамағын кенеп, екі-үш қабат жөткірініп алды да Бөлеген ағасы үйреткен өлең жолдарын төге жөнелді.
Увы, на разные забавы
Я много жизни погубил!
Но если б не страдали нравы,
Я балы б до сих пор любил.
Люблю я бешенную младость,
И тесноту, и блеск, и радость,
И дам обдуманный наряд;
Люблю их ножки; только вряд
Найдете вы в России целой
Три пары стройных женских ног.
Ах! Долго я забыть не мог
Две ножки… Грустный, охладелый,
Я всё их помню, и во сне
Они тревожат сердце мне.
– Болды! Достаточно! Әрі қарай оқымай-ақ қой! Осыларға орыс тілін өз сорымызға үйретіппіз, – деп орыс әдебиетінің мұғалімі қолын ербеңдетіп орнынан атып тұрды. – Извините, Ануар Турлыбекович. Это я недосмотрела, это моя вина. Несносный мальчишка!
– Успокойтесь. Не надо смущаться. Это же превосходно! Классика емес пе, еш сөкеттігі жоқ, әрі қарай оқи берсін, – деп, күлкісін тия алмай, көз жасын сүрткен Әнуар жазушы. – Продолжай, пожалуйста. Но не так скоро.
Когда ж и где, в какой пустыне,
Безумец, их забудешь ты?
Ах, ножки, ножки! Где вы ныне?
Где мнете вешние цветы?
Взлелеяны в восточной неге,
На северном, печальном снеге
Вы не оставили следов:
Любили мягких вы ковров
Роскошное прикосновенье.
Давно ль для вас я забывал
И жажду славы и похвал,
И край отцов, и заточенье?
Изчезло счастье юных лет,
Как на лугах ваш легкий след.
Дивны грудь, ланиты Флоры
Прелестны, милые друзья!
Однако ножки Терпсихоры
Прелестней чем-то для меня.
Она, пророчествуя взгляду
Неоцененную награду,
Влечет условною красой
Желаний своевольный рой.
Люблю ее, мой друг Эльвина,
Под длинной скатертью столов,
Весной на мураве лугов,
Зимой на чугуне камина,
На зеркальном паркете зал,
У моря на граните скал.
Зал сілтідей тынды. Директорда өң-түс жоқ. Қыздар жағы бірін-бірі түрткілеп жымың-жымың қағады. Жазушы қауымын бастап келген, өзін Әнуар Әлімжановпын деп таныстырған адам орнынан тұрып:
– Әрине, мектеп қабырғасында, Конституция күні қарсаңында Отан, туған жер туралы жыр оқыған жарасар еді. Ондай өршіл өлеңді біздің Ғафаңдар қарша боратып жазып-ақ жатыр. Иә. Солай. Бірақ бір нәрсе естеріңізде болсын, айналайындар, Пушкин орыстың ғана ақыны емес, ол – әлемнің ақыны. Сондықтан қазақтың да ақыны деуге әбден болады. Ұлы адамның шығармасын терең білу – үлкен өнер. Сол туындыдағы ел айта алмайтын жолдарды таңдап алу – талғампаздықтың белгісі. Біз неге Венера Милосскаяны пір тұтамыз, Гүлфайруз Исмаилованың қыл қаламынан туған қазақ қыздарының бейнесін неге тамсана тамашалаймыз? Классикалық балетке неге құмармыз? Олардың бәрінде сұлулық, көркемдік бар. Өзі де көркем, сөзі де көркем Сәкен Сейфуллинде де осы тақылеттес өлең жолдары бар, керек десеңіз. Жер бетіндегі тіршіліктен әдемілік іздеу – адами қасиет Ал, сол қара жерді тық-тық басып жүрген аяқтар, әдемі аяқтар туралы өлең оқыған мына Төлеген інімізге неге ренжиміз, қайта, рахметімізден басқа айтарымыз жоқ, Эстетиканың көкесі ғой. – деп сөзін жылы жымия бітірді таза қазақ тілінде. Елдің бәрі таң-тамаша. Әсіресе директорымыз:
– Телеоператорлар жұмысын бітірсе, енді бәріміз жиылып суретке түсейік, тарихи оқиға ғой. Сіздер күнде келе бермейтін қонақсыздар, – деп ұшып-қонып жүр.
Жарқылдаған блиц, алай тұрыңдар мен былай тұрыңдардың фотосессиясы. Күлкі мен қуаныш. Аспан мен жерді көктей өткен өткінші. Бәрі де өтеді, бәрі де өзгереді. Бәрі де өткінші. Бәрі де баянды, бәрі де тұрақты.
3
Шаштараздан әлгінде ғана жасанып шыққан бикештердей бой түзеген жөке ағаштары. Хош иісі жан-жүрегіңді елжіретіп, буын-буыныңа түседі. Пошымдары да біп-бірдей. Абай даңғылындағы тротуарларды бойлап кетіп барады, қатар-қатар ұзап барады. Троллейбус терезесіне жабыса қалсаңыз, сап құрап алған сары шеріктер сияқтанады. Олар мына арлы-берлі жөңкілген халықты қалт етпей бағып тұр. Өз аялдамасынан түсіп қалған Төлеген балалар бағына қарай жаяу аяңдап келеді. Осы тротуармен қайшы алысқан елге араласып жүріп отырғанды ол, неге екені белгісіз, жақсы көреді. Көгілдір бассейндегі шымырлаған суға сүңгіп кеткендейсің. Физик мұғалімі айтқандай, броундық қозғалыстың бір түрі осы көшелердегі жүргіншілер ме дейді. Физик-оқытушының айтуына қарағанда, судың информацияны есіне сақтау, ақпаратты бір тараптан екінші тарапқа тасымалдау қабілеті жақсы екен. Әсіресе тұма суы, таулы өзен суының жады керемет. Крандағы су – өлі су. Ал, жас бала ағзасының тоқсан тоғыз пайызын су құрайды, ересектерде бұл мөлшер жетпіс пайыз, қарт адамның бойындағы су елу ғана пайыз екен. Ана Беляев деген жазушының суда да, құрлықта да бірдей өмір сүре алатын амфибия-қосмекенді адам туралы жазылған фантастикалық романы судың құдырет-күшіне негізделген. Сондықтан суы биофизикалық тұрғыдан байытылған бассейнге көбірек барыңдар. Жапон ғалымы Масару Эмотаның еңбектерін оқысаңдар, соған көздерің анық жетеді. Менің ойымша, тау суын, тұма суын ішіп өскен балалардың қабілеті ерекше болады. Бұл – менің теориям деген физик ағайлары. Онда, қала балаларына қарағанда, ауыл балаларының тума мүмкінгі көбірек қой деп ойлады Төлеген. Осыған байланысты статистикалық мәлімет бар ма екен, осы мәселені зерттеп жүрген қазақ оқымыстысы бар ма екен ендеше?
Бақ іші абыр-сабыр. Ит жетектеген егде әйелдер. Таяқтарын тық-тық еткізген қарттар. Компьтер клавиатурасының тырсылына ұқсайды… Қол ұстасқан балабақша бүлдіршіндері осы бақтан шықпайды. Тазша бала ескерткішінің бөрігіне, алшысынан тұрған алып асыққа қайта-қайта қайырыла қарап, дабырласып барады. Қарағайдың ана бұтағынан мына бұтағына өңмеңдей ұмтылған ұзын құйрық, ала қанат сауысқанның шықылығы – жоқ іздеп жүрген жолаушының назалы жалынышы.
Қаракерей Қабанбай көшесінің бойында ірілі-ұсақты көлік кептеліп тұр. Қыбыр-жыбырмен қашанға ұзайды. Азар болса, бір сағатта жиырма шақырымға жылжыр. Кинг Конг пен Банзай да осы мәшинелердің бірінде отырған болар шыртиып. Бөлеген ағасының «Лэнд крузері» де тұрған шығар осындай кептеменің бірінде. Бақтың бергі бетіне жақында ғана қойылған Тұрмағамбет шайырдың ескерткіші осы автомандарға тосырқай да тұнжырай қарап қалған. Оның тұғыр тасына сүйенген кезбе мұндар қоңырқызыл сұйықты өңешінен өткізе алмай, қақалып-шашалып әуре. Кішкене бақтағы ғаламат тіршіліктің сан қыры Төлегеннің – көз алдында, көз алдынан осылайша көлбеңдеп өтіп жатыр, көшіп жатыр.
Он минуттан кейін осы араға Жақсыберген келу керек. Екеуі Орталық стадионның қасындағы жүзу бассейніне, физиктің сөзінен кейін делебелері қозып, жазылып қойған. Денсаулығың туралы анықтамаң, ай сайынғы жарнаға ақшаң болса болғаны екен. Қазір екі сағат суда емін-еркін малтып, емін-еркін құлаштарын жазып алады. Одан кейін сабақ та сіңімді болады, оны өздері байқап жүр.
– Бізде, жүзуден, қазақтан жеңімпаз бар ма осы? Әлжан Жармұхамедов деген Өзбекстанның қазағы баскетболдан Мюнхен олимпиадасының чемпионы болған. Жақсылық Үшкемпіров Мәскеу олимпиадасының чемпионы атанды. Оны білем. – деді Жақсыберген бұған қарап. – Жүзуден тіпті Қазақстан біріншілігін жеңіп алған қазақ бар ма? Интернеттен шықпайсың. Бір білсең, сен білесің.
Бұл басын шайқады. Осы күнге дейін спорттың бұл түрінен атағы шыққан қазақ бар дегенді естіген де, оқыған да емес.
– Ендеше, сол қазағың мен боламын. Көр де тұр, әлі-ақ Жақсыберген Райбаев деген фамилияны барша газет-журнал жарыса жазып жатады, телевизиядан мен туралы репортаждар беріледі. Сен сонда бір лабораторияда имиген көзілдірігіңді түзеп қойып, бұл менің жолдасым деп шіренетін боласың. Әлде өйтпеймісің?
Төлеген күліп жіберді. Дәл қазір чемпион тұғырында тұрғандай сөйлеуін. Ең алдымен жеңіп алсыншы сол атақты. Бірақ Жақсыберген спорт шебері болам десе, болады. Айтқанынан қайтпайды. Бойындағы әкесінің қаны шығар ширықтырып жүрген. Қайсарлығында бір мін жоқ. Расында да, салған жерден елу метр қашықтықта жүзуді жаңа бастағандардың бәрінен дельфинше бұрқыратып, озып келді. Содан кейін ғой жаттықтырушылардың көзіне түсіп жүргені.
Алматы осы мезгілде бірде жабығып, бірде жадырайды. Мамыр айында масайрай кететін жаратылыс өкпешіл баладай қылт-сылт ете қалады. Кейде баяу бүркектеген жаңбырдың арты қарға айналады. Ондайда елдің біразы саяжайларына жүгіреді, гүлдеп келе жатқан өріктерін, шиелерін қымтайды. Түнімен түтін түтетеді. Бір-екі рет Төлеген де барған жиырма шақырым жердегі ағасының саяжайына. Мәшинемен қия бетке әзер шыққан. Түнімен қураған жапырақтарды бықсытып, полиэтилен жамылғылармен төрт-бес ағашты орап ағасы мүлде ұйқы көрмеді. Бұл үйге кіріп алып,таза ауада ұйқысын әбден қандырды. Таңертең тұрса, ағасы күйбеңдеп әлі сыртта жүр, екі көзі кіртиіп, қып-қызыл болып кеткен. Сонда ол ағасын қатты аяп, өз қылығынан өзі ұялған. Анадай жердегі ашаны ала салып, лып-лып маздаған жапырақтардың үстіне тағы да еселей жапырақ тастай бастаған. Сондағы ағасының бұған сүйсіне, мейірлене қарағанын ол ешқашан ұмытпайды. Жаңа да Жақсыбергенге:
– Сен чемпион болсаң, алдымен елдің алды болып мен қуанамын. Шляпамды аспанға атам. Саған қатырып тұрып пиар жасаймын. Телевизия мен газет журналистеріне сені көкке көтеріп насихаттаймын, сұхбат беремін, – дегенде, оның көзі дәл ағасының көзіндей боталап кетті. Бұрылып алып жүгіре жөнелді, алға біраз озып барып тоқтады.
Батыс жақтан желе-жортып, еңкілдей келіп қалған түйдек-түйдек бұлттың беті қатты, әбден сыздап алған. Әнтек түртіп қалсаң төгіп-төгіп жіберейін деп тұр. Төксе, төксін-ақ. Боздағы шыққан асфальттың беті жуылсын, ылғал аңсап тұрған гүлзарлар мен ағаш біткеннің мейірі қансын. Су деген жарықтық жердің де, елдің де дауасы ғой.
4
Жазға салым, каникулы кезінде Төлеген жол жөндеуші Бұқпанбайға ілесіп арлы-берлі көшіп-қонып жүруді ұнатады. Далиып жатқан жусанды даланы тілгілеп жалтыраған аппақ қос параллель өтеді. Қыр-қырдағы қызғалдақтар жел лебімен бұйралана ағып бара жатады. Будкалы мәшинемен тел жарысқан рельсті бойлап келе жатқан бұлардың басшысы Бұқаң айғайлап әнге басады. Қайда барса да қасынан тастамайтын тарғыл мысығын масаттана, мекірене маңдайынан сипайды. «Тойға барса да ертіп барады», – деп осындағылар оны сылтың қылады. Ол күй талғамайды, әнді тойда айтады, ойда да айтады. Күркіреген кең тынысты дауыстан ен дала жаңғырығады. Сом темір балдақтарды тоқпақтаған балғалардың шыңылы оған өзін сүйемелдеген сифониялық оркестрден еш кем көрінбейді. Шпалдарды қарап, рельстерді ауыстырып жүріп-ақ ол мысығымен кәдімгі адамша тілдеседі. Біз мына шаруаны бітіргенше ойнап келе ғой деп, өзі айтқандай, минижолбарысын бетімен жібереді. Бір сағаттан кейін осы жерден табылатын бол деп тағы дауыстайды. Дәп бір мысығының қол сағаты бардай. Осы кісі расында да қызық. Стансаға аялдай қалған пойыз жолаушыларына қараптан-қарап сүйкенеді, түсе-түсе қалып, қаннен қаперсіз шылым шегіп тұрған орыс жігіттерінің есін шығарады. Бірде Барнаул бағытындағы алтыншы вагоннан шыққан үрпек бас бозбалаға:
– Хлопчик, случайно, ты не мой сын? – дегені.
– Не-не, что вы, батя… – сасып қалған жігіттің аузына сөз түспей әлек-
шәлек.
– Ну-ну, смотри. А то в годы службы в Советской Армии я в Сибири порядочно наследил, – деп қарап тұр. Осы оқиғаны Төлеген әкесіне айтып беріп еді, ол көзінен жасы аққанша күлді.
– Одан шығады, одан шығады. Шешең, бәріміз бір мектепте оқығанбыз. Ол нойыс әрмиядан кейін Ноғайсібірден қайтпай қала жаздаған. Әпкесі үйге келіп жылап отырып алған соң, өзім командировка алып әдейі бардым. Әке-көкелеп әзер қайтарғанмын. Әлгі бар ғой, Шоқан Уәлихановтың Аполлон Майковқа айтып берген «Емшанының» сюжетінен бір аумайды.
Төлеген қашанда әкесіне тәнті. Бұл дүниеде білмейтіні жоқ. Қай салаға салсаң да қиналмай сөзге араласа кетеді. Айтқанда, мөрін айқындап, қисынын келтіріп жібереді, кісіні иландырмай қоймайды. Енді, міне, он тоғызыншы ғасырдағы орыс ақынының жусан туралы балладасын алға тартып сөйлейді. Ал, тап қазір жоғары математика, сопромат, теориялық физика жайында бір нәрсе сұрай қалсаң, оған да жауабы дайын. Транспорт академиясын ғана бітірген станса бастығының өткен жолы орыстарға Пушкиннің «Станционный смотрителін» әңгімелеп отырғанын Төлеген өз құлағымен естіген. Дулат Бабатайұлын, Абайды, Әубәкір Кердеріні түгелге жуық жатқа біледі десе, тіптен қателеспейді. Оның және бір құп көретіні: орта мектепті ғана бітірген әйелінің – Бөлегені мен Төлегенінің анасының сөзін өмірі жерге тастамайтыны. Бірде Төлеген тұрып:
– Тәте, сен неге әкем секілді оқымағансың? – деп сұрай қалсын.
– Қарағым-ай, екеуміз де балалар үйінде өстік. Қолтықтан демейтін ағайын-туған да аз. Сондықтан ол оқысын деп, мен мектепті бітірісімен қара жұмысқа араластым. Кейін Бөлеген туды, оның алдындағы екі баламыз шетінеп кетті көші-қонның әуресінен. Одан соң кең Құдай бізге сені берді. Оқу қайда қашады деп жүргенде, уақыт шіркін зымырап өте шықты, – деп бұған салмақты жауап берді. Содан бері Төлеген шешесін онан сайын жақсы көріп кетті, әкесінің анасын неге өбектеп күтетінін жанымен де жүрегімен де ұқты…
Міне, бүгін де теміржолшыларға ілесіп Төлеген Сарыөзеке қарай тартып келеді. Сарала киімді жігіт-желең саймандарын тиеген қорапты мәшине үстінде гу-гулесіп отыр, ал тарғыл мысығын бауырына басқан Бұқпанбай әдеттегідей өз орнында, кабинада. Жүз елу бірінші шақырымдағы тозған рельс пен шпалдарды ауыстыру керек. Бұл бұрын мүлде назар аудармапты, қазір түзу жолдың бәріне бетон шпал төселеді екен де, ал бұрылыстар мен иіндерді қара май сіңген ағаш шпалдармен бекітетін көрінеді. Оның мәнісін жолшылар бригадирі Бұқпанбайдан сұрап еді, ол:
– О-о! Ол үлкен проблема, – деп сұқ саусағын шошайтты. Бұлтиған өндіршегін бір сипап қойып, – Экономика, так сказать. Қазақстанда ағаш материал аз, бұл – біріншіден. Екіншіден, бұрылыстардағы шпалдар пойыз өткен сайын ары-бері қозғалысқа түседі. Ондай деформацияға бетон шыдамайды, жарылып кетеді, ал ағаш төзімді болады.
Төлеген Бұқпанбайдың білгірлігне қайран қалды, сондай қарапайым нәрсеге миым жетпегені ме деп іштей өзін сөгіп-мінеп алды. Ондай кезде міншіл жанға Бұқпанбайдың әуенінен өткен ем жоқ. Әсіресе қазақтың халық әндерін әуелеткенде, оның өзі де, әні де мына кең далаға сыймай кетеді. Маңғаз сақара оның Салғараның «Жиырма бесін» «жалған-ай!» деп, күңірене қопарғанына елітіп, мүлгіп қалады. Шырқау биікте жағы сембей безілдейтін бозторғай бейшара қанатын кеңге жаза алмай, бір орнында ноқаттай қатып, үн шығара алмайды.
Межелі жерді діттеген кезде ызғытып келе жатқан мәшине де ыздия тоқтайды, барлығы лып-лып етіп түсе-түсе қалады. Сар даланың ауасы қандай. Сіміре бергің келеді, жұта бергің келеді. Аласа бойың биіктегендей болады, аспанға қыран құстай самғай ұшқың келеді. Құрыс-құрысын жазып, керіліп-созылған Бұқпанбай да мысығына әдеттегідей:
– Нурик, тышқан аулап келе ғой. Бір сағаттан кешікпе, – деп бұйрық береді де, жұмысқа кірісіп кетеді. Станциямен сөйлесіп алған соң, жігіттерге бүлінген төрт-бес шпалды алғызып, оның орнына жол бойында үйіліп жатқан бетон шпалдарды бекіттіреді. Жапырылған рельсті келесі пойыз өткенше оның бригадасы автокранмен алып та, салып та үлгереді. Сонан кейін барып, рельс арасын өлшейтін арбашаны екі-үш рет жүгіртіп алады. Осының бәрін Төлеген әр келген сайын көрсе де, қолдары қолдарына жұқпай лыпылдаған жігіттердің әбжіл қимылынан әсте жалыққан емес. Цирктегі сиқыршылардың фокустарынан мыналардың ісі бірде-бір кем емес, әлде бұған солай көріне ме, қайдам.
Шаруаларын тәмәмдаған бригада құрал-саймандарын жинастырып, түгендеп алғаннан кейін көк шалғынға тамаққа жайғасады. Бұқаң барлық құрал-жабдықты тізім бойынша сан қайтара тексереді. Оныңыз қалай деп бұл тағы сұрайды.
– О-о! Ол үлкен проблема, – деп тельняшкасының жеңін түріп, манағы сұқ саусағын шошайтады. – Мына біздің жұмысымыз адамға операция жасайтын хирургтің жұмысынан артық болмаса, сынық сүйем кем емес. Ол мүлт кетсе, мисалы, адамның ішінде скалпель қалып қойса, бір адам жан тапсырады дейік. Ал, біз қателесіп, алда-жалда жол бойына темір құрал тастап кетсек, жүздеген адам мерт болады. Әне мәселе қайда жатыр. Сондықтан мұндай жауапты учаскеге анау-мынауды басшы ғып қоймайды.
Қаужаңдап отырған жолшылардың барлығы да бастарын шұлғиды. Бастықтарының беделін көтергендері ме, әлде жұмыстарының аса күрделі екенін тағы бір рет сездіріп өту ме – ол арасы бимәлім. Осындай жаппай қостаудан кейін Бұқаң және бір жаңа әңгімесін маздатады.
– Мына жастар білмейді, білгісі де келмейді. Білсін деп айтып отырмын. Мен анау жылдары Ібір-Сібірде службада болдым. Ракетчикпін ғой. Частьіміз Новосибирьде тұрды. Сақ жүресің, әсіресе шет елдің шпиондарынан абай болу керек. Қыстың күні увольнениеден қайтып келе жатқам. Апақ-сапақ. Ол жақта ымырт ерте үйіріледі. Аязы қатты. Жылдамдатып келем. Ойламаған жерден:
– Бука, Бука, помоги! – деген ту сыртымнан біреудің жан дауысы шықты. Бұл кім болды екен, бұл қалада мені танитын жан-пенде жоқ еді. Іле-шала:
– Ойбай, Бұқашжан, қайдасың?! – деген қазақы айғай құлағыма шақ ете қалды. Тани кеттім. Өзіміздің Өмірзақ. Ол сол кезде Новосибирьдегі академқалашықта Марчук деген академиктің қарамағында жұмыс істейтін. Екі-ақ ырғып қастарына жетіп бардым. Ұзынтұра Өмірзағымды екі бандит алқымынан алып, езгілеп жатыр екен. Екеуін екі қаққаннан қалдырмадым. Жұлындай ұшырдым. Ол кезде қылшылдаған жігітпін, каратэмен айналысам, қара белбеудің иесімін.
– Өмірзағым қай Өмірзақ? – деді Төлеген қарап отырмай. Ол жақтырыңқырамағанси Төлеген жаққа алара екі қарады. – Қай Өмірзақ болушы еді, қазақта бір ғана Өмірзақ бар, ғылым академиясының президенті болған кәдімгі Сұлтанғазин Өмірзақ. Академик, математик. Бөтен елде қазақ бір-біріне туыс боп кетеді, сол жерде жүргенде танысқанбыз. Мен қашанғы қасыңнан табыла кетем, енді, ізінәр, бейсауат жүрме дедім. Айтқандайын, сені осы есеп-қисапқа жүйрік дейді ғой, апарып таныстырайыншы. Адам боп кетесің, – деп Бұқпанбай Төлегенді бір жарылқап тастады.
– Ойбай, Бұқа, мысығыңыз зытып келеді, – демегенде жұмысшының бірі, ол әлі талай әңгіменің басын қайырар еді. Барлығы апыр-топыр орындарынан қарғып-қарғып тұрды. Расында да тарғыл мысық бұта-бұтаны сағалап құйғытып келеді. Нақ төбесінде қанжардай тырнақтарын арбитқан құладүн қайқаң етіп олай шығады, қайқаң етіп былай шығады. Ала алмай жүр. Кенет шалқалай жата қалған тарғыл мысық тағы құсты тырнағымен шауып жіберді, ана бейшараның кеудесіндегі мамығы бұрқ-бұрқ ете түсті. Қалбаң-қалбаң еткен құладүн басымен қайғы болып, жайына кетті. Есі енді ғана кірген Бұқпанбай:
– Әне, көрдіңдер ғой. Бүркітке бой бермеді. Ол тәсілді өзім үйреткем. Ана әңгімені аяқтай алмай қалғаным-ай. Бұл мысық па, бұл мысық сұмдық мысық, сирек кездесетін тұқымнан. Уссури жолбарысының сарқыты. Қай бір жылдары ғарышқа ұшырмақ болған екеудің бірі. Осыны маған Өмірзақ досым берген, – деп көз алдарында болған алабөтен оқиғаны өткен тарихпен әп-сәтте жымдастырып жіберді. Әңгіме тігісін әдемілеп жатқызып тастады..
Қас қарайып барады. Құбыладан қылпылдап самал еседі. Айнабұлақтың шуылдақ бақалар капелласы дүрілдей бас көтеріп, до, ре, миге басады. Қос мәшине фараларын сіберлетіп Айнабұлақ қайдасың деп тартып келеді. Мұндайда мәшиненің де жүрісі өнеді, заты темір болса да, ол да үйреншікті гаражын сағынантын шығар. Жансыз демесең, жанды жаратылыстан несі кем. Әбден қалжыраған Төлеген осыны еміс-емістей отырып көзі ілініп кеткенін де, Бұқпанбайдың озін көтеріп әкеліп төсегіне жатқызғанын да сезбейді. Оның түсіне жер апшысын қуырып келе жатқан тепловоз, аспаннан көгілдір парашютпен ағып түсіп, тұрпаты жаман құбыжықпен аяусыз айқасқа түскен тарғыл мысық кіреді. Гүл жайнаған маң даладағы үлбіреген сарғалдақтар қолтықтаса ырғала әсем әнге басады. Жап-жасыл пойызға мінген Төлеген алыс сапарға, сырлы да сымбатты бір қиырларға аттанып барады.
5
Өмірі шаруасы шаш етектен, НАНОтехнологиялар бизнесіне бел шеше кіріскен Бөлеген ағасы мен қаладағы оныншы емхананың жетекші терапевті Шағи жеңгесі сәлем-сауқаттарын сықап берген. Екінші Алматының вокзалына әкеліп салып тұрып ағасы мен жеңгесі бұған баяғы бірінші кластағыдай:
– Абай бол, жүктеріңе ие бол, – деп сан тапсырады. Пойыз орнынан қозғалып кеткенше перронда қыдырыстап жүріп алады. Әрине, Төлегеннің шешесінің тапсырысы дейік-ақ, бірақ Төлеген десе, ағасы мен жеңгесі ішкен астарын жерге қояды. Соңынан ерген жалғыз інісі боғандықтан ба, қатты еркелетпесе де, өмірі маңдайынан шертіп көрген емес. Кіші ұлын анасы әлі ойын баласы санайды, әлденеге алаңдап тиісті стансасынан жазатайым өтіп кете ме, күтпеген жерден бір пәлеге ұрынып жүре ме – ана жүрегі секемшіл, екі-үш сағатқа жетер жетпес жолға шыққан баласын тосып, станса басына екі барып, екі қайтады. Дегбір таппайды. Станса ішіндегі кабинетінде Төлегенінің әкесі отырғанын да ұмытады.
Екі-үш күндік мейрамда елге барып қайтайын, әке-шешеме көзайым болайын, Бұқпанбай бастаған жол жөндеушілерге сәлем берейін деген Төлегеннің өзінің де ниеті бар еді. Жол алыс емес – бір жарым сағатта зыр етіп, жетіп барады. Купедегі көршілері – ерлі-зайыптылар да тыныш, биязы жандар сияқты.Байқап отыр, келіншектің аяғы ауыр. Осындай мезетте, күздің қара суығында жолға шығып несі бар дейді іштей. Тоңдырып алса қайтеді. Ата-анасының өздерінен бұрынғы екі баласы осындайдан шейіт болыпты ғой.
Пойыз доңғалақтары тық-тықтап келеді. Ақырын-ақырын ырғала шайқалады. Анда-санда тепловоз көмекейден самарқау үн шығарып ыңыранып-ыңыранып алады. Іште май тоңғысыз болса, терезе сырты шыңылтыр. Қарып түседі.
Жолаушы жігіт бұның осы ойын анық сезгендей. Жолсеріктен барып екі жылы көрпе сұрап алып келді де, әйелін қымтап тастады. Онан соң бұған қарап:
– Бауырым, атың кім? Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс. Қайда барасың? – деді қара мұртын бір сипап қойып.
– Атым Төлеген. Айнабұлақтан түсем. Жақын қалды.
– Айнабұлақ, Айнабұлақ. Қай жерден құлағым шалып еді? Бір жерден естігенім анық. Біз, жалпы, пойызбен жүрмеуші едік. Автобуспен қатынайтынбыз. Мына жеңгеңнің аяғы ауыр болған соң, жұмсақ вагонға жалындық.
Купе терезесінен тоңазып жатқан кең далаға, қаққан қазықтай қаздиған бағандарға, сонадайдан қылаң берген жатаған төбелерге көз жіберіп отырған ол:
– Айнабұлақта Түркістан – Сібір теміржолы түйіскен. Мұхамеджан Тынышбаев салған шойын жолды айтам. – деді әкесінен естіген мәліметтерін жайып салып. – Ана Ильф пен Петров деген орыс жазушыларының «Алтын баспақ» деген романындағы оқиғалардың бірен-сараны менің стансамда өткен.
– А-а… Иә. Енді есіме түсті. Қазіргі балалар Гарри Поттерді ғана оқиды деп жүрсем, сен өзің пәле екенсің. Мұхамеджан Тынышбаевты қайдан білесің? Жаңа сен айтқан Илья Ильфің мен Евгений Петровың бұл жерге маңайлаған да жоқ. Сырттай жаза салған. Олар қайдағы бір шөлейт даланы, Түркменстанның құмдарын суреттейді. Қазақтың жеріндей қайдан болсын. Ал, Мұхамеджан ағамыз қайталанбас керемет тұлға ғой – ол кісіні білгенің жақсы. – деп Төлегенге іш тарта қарады.
– Ол кісі менің атамның жақын туысы. Біз де байырғы теміржолшымыз, – деді Төлеген әңгімені жалғастыра түскісі келіп.
– Ә-ә, анау болдым де. Мен де сол анаумын. Туған жерге ат ізін салмағалы не заман, Шығысқа тартып барамыз.Айтпақшы, менің атым Жобалай. Жеңгеңнің қыз кезіндегі аты Толғанай, мен Ай деймін.Институт бітіргеннен кейін Қызылорда жақта тұрақтап қалдым, мамандығым гидрогеолог. Ана қапшықтағы домбыраны көрдің бе, қол жалғап жіберші. Азды-көпті термешілікті сол жақтағы ағайындардан үйрендім.
– Уай-уай-ей! – деп Жобалай өз құлағын өзі бұрап-бұрап алды. Құлжабас шанағын қағып-қағып жіберіп, «Қыз Жібектегі» мына термені сапарлас боп келе жатқан Төлегенге арнадым деді:
Найзасы аумай қолынан,
Желі тұрып оңынан,
Ай мүйізді қошқардың
Бөрі тартар қоңынан.
Төлеген сонда жөнелді
Кеткен Жібек соңынан.
Тұлпардан туған Көкжорға ат
Орқояндай секірді.
Қаршығамен ілесіп,
Атқа қылды өкімді.
Ертеңгі күн бесінде
Жібек қыздың ізімен
Келе жатқан секілді, – деп домбырасын тастай салды. Оны лып еткізіп қағып алған Төлеген жыраулар мәнеріне салып, оң құлағын бұрап-бұрап жіберіп: «Уай-уай-һей!» – деп алды да:
Алмас қылыш сартылдап,
Алтын жүген жарқылдап,
Көқжорға тұлпар қырланды
Екі көзі жалтылдап.
Өмілдірік сом алтын
Омырауда алқылдап.
Солқылдайды қара жер,
Көкжорға ат басса былқылдап.
Төрт тұяқтан шыққан от
Шақпақ тастай жылтылдап.
Құлақ салсаң, дауысы
Тау суындай сылқылдап.
Қолтығынан аққан тер
Тебінгіде сылпылдап, – деп, домбыраны сүйей салды. Жобалай мен келіншегі бұдан көз айырмай қарап қалыпты. Жолаушы жігіт орнынан атып тұрып, Төлегенді бауырына басты:
– Бар бол, бала, бар бол, бауырым! Алдыңнан жарылқасын. Күдер үзгендей едім, сенбеуші едім. Қазіргі жастардың ортасы өзгеріп, оңға бет түзеп келеді екен. Сенің мәнерің пойыздың ырғағына сай келіп тұрғанын байқадың ба? Ризамын. Біз Аякөзге, Баян сұлудың еліне кетіп барамыз. Ер жеткенде сол жақты бір аралап шық, біздің жұртта әлі де талай Баяндар бар. Маңдайынан шертіп жүріп алып қайтасың. Мына жеңгең Бари Алибасовтың жақын қарындасы, біліп отырсың ғой. Білесің. «На-На» тобы.
– Мен он бес минуттан кейін түсем, аға. Жолдарыңыз болсын. – деді Төлеген жүктерін ыңғайлай беріп.
– Төлеген, айналайын, мен саған бір сыр айтайын. Осы өліарада Қызылордадан Аякөзге не іздеп бара жатырмыз?.. Оның үлкен себебі бар. Әлбетте, мен Қызылдорданы жат санамаймын. Бірақ менің өндірім өзім туған жерде дүниеге келуі керек. Сонда ғана ұрпақ үні үзілмейді, сонда ғана ол кіндік кесіп, кір жуған жерін аңсап тұрады. Осыны көкейіңе түйіп ал. Ал, саған қатты разы болдым. Сондықтан мына домбыраны саған тарту етем, қолымды қайтарма. Ағаңның көзіндей көр. Әлі талай кездесеміз, – деген Жобалайлар вагон ішінде қалды, сәлден кейін Күншығысты бетке алып олар да тартып кетер-ау.
Қолына қаптамалы домбыра ұстап, артынып-тартынған ұлын станса перронында шешесі күтіп алды. Әкесі аяқ астынан Астанаға жиналысқа кетіпті, қазір темір жолды асты-үстіне түсіріп тексеріп жатыр дейді. Мың жерден тексере берсін, әкесінің сүттен ақ, судан таза екенін басқа емес, Төлеген жақсы біледі.
Сәл-пәл аялдаған состав шақұр-шұқыр етіп жылжып кетті. «Машинист әлі тәжірибесіз, жұлқа тартады, мұндайда баппен жылжу керек, – дейді Төлегеннің әкесі. – Ақырын жүріп, анық басқандардың басына ғана бақ құсы қонады. Жақсылық та соларды жебеп-желеп жүреді». Төлегеннің әкесінің айтқаны келсе, кесапаттың ғұмыры ұзаққа бармайды, жер-жаһанды тек жақсылық жайлайды, тек Жобалай сияқты ақжүрек азаматтар мына шарапаты кең дүниеде алшаң-алшаң басып жүреді…
6
– Сен ғылым акедемиясын білесің бе? – деді қала математика олимпиадасынан шыққаннан кейін Жақсыберген бұған қулана қарап. – Бұл жарыстан бірінші орын алдың. Математикалық мектептердің де алдына түсіп кеттің. Енді күндеушілер көбейеді. Сондықтан саған білікті менеджер керек. Ол менеджер мына мен боламын. Әзірше ақысыз-пұлсыз жұмыс істеймін. Алда-жалда данышпандардың қатарына қосылып кетсең, еңбегімді процентімен қайтарып аламын.
Жақсыбергеннің ойыны қайсы, шыны қайсы – тап басып, ажырата алмайсың. Төлеген, әйтеуір, оқушылар сарайына жолдасын қолдап келгеніне дән разы. Соның өзі неге тұрады.
Бірге оқитын жиырма төрт баланың ішінен жалғыз өзі келіп, комиссияның қорытындысы шыққанша есік аузынан тапжылған жоқ. Жолдас деп осыны айт.
Енді бұдан академияның қайда екенін сұрап тұр. Өзі де жақсы біледі, әдейі сүйтеді. Оны қайтеді екен? Қазір төмен қарай кез келген автобусқа мінсең, ғылыми орталықтың қасынан түсіріп тастайды. Ана бір кезде ойда-жоқта Медеуге сүйрелеп апарды. Жаздың күні мұз айдынында сырғанақ тебеміз деп. Көгілдір қарағайлары нақ төбеңнен сүзілген стадионда жексенбі күні таңертеңнен кешке дейін сырғанақ тепті, ана жерден де, мына жерден де асамалап майлы кәуап жеді. Осы Алматыдағы шашлык сататын курдтар мен әзірбайжандарды Жақсыберген түп-түгел білетін боп шықты, араларына судай сіңіп, тастай батады. Олар да бұны көргеннен-ақ:
– А, Жак, кел мұнда, кел мұнда! – деп құрақ ұшып жатады. Бұлардың барлығын қайдан танисың десең, шешемнің бауырлары ғой деп ұяңдау жымияды. Конькиді де ақысыз-пұлсыз алады – оны да өзінше түсіндіреді: барлығы әкесінің жора-жолдастары немесе шәкірттері.
Төлегенге Медеудің мұзынан гөрі ауасы жақты, жатып алып шөміштеп ішкің келеді. Ылас қаланың жөні бір басқа, мына таулы аймақтың жөні бір бөлек. Алматының тамам халқы демалыс күндері шыршасы мен қарағайы, шоқ-шоқ қайыңы қаптай өскен қайқаңдарға неге асығады десе, осындай қасиеті бар екен ғой. Төлегеннің сонда ойға түскісі келмегені-ай. Енді, міне, тағы құлдилап келеді. Жарыстан кейін әбден зықысы шыққан Төлегенді Жақсыберген ғылым академиясына несін сүйреп барады? Әйтеуір, Төлегеннің білетіні – қасында Шоқан Уәлихановтың ескерткіші бар зәулім ғимарат. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қаныш Сәтбаев салдырыпты. Енді ол кісінің өзі де техникалық университеттің алдында мәңгілік ескерткіш болып тұр.
Көздеген жері – Шевченко көшесіне жеткен кезде екеуі автобустан түсе-түсе қалды. Жақсыберген тумысынан қалада өскен, қалтарыс-бұлтарысты жақсы біледі, үй-үйлердің арасымен Төлегенді қолынан ұстап, жетектеп келеді.
– «I have a dream», – дегенді көп айтушы ең, сенің арманың осының ішінде. Сен, әрине, Мартин Лютер Кинг емессің, бірақ сені одан еш кем де санамаймын. Алға! – деп қояды Жақсыберген. – Ұрпақтарым, күндерің не болар екен деп Шоқан атамыз қарап тұр біз жаққа. Ұлы бабамыздың аруағы жебесін бізді.
Шаһарда жаңа бой түзеп жатқан он алты, жиырма бір қабатты үйлерге қарағанда, жатағандау, ескі, классикалық стильде салынғаны болмаса, айбынды, қияпатта екен мына ғимарат. Адамды сұсы басады. Мұнда тек алтын бастылар жұмыс істейтін шығар. Есігінің өзі сом алтындай.
Есік аузында отырған күзетші кіріп келген бұларға:
– Қайда барасыңдар? Бүгін палеонтологиялық музей жұмыс істемейді, – деп бұларды ызбарлана қарсы алды. Жақсыберген сасқан жоқ, қасына барып оның құлағына бірдеңе деп сыбыр ете түсті. Мундирлі кісінің жүзі жылып, ондай болса, үшінші қабаттағы кабинетке көтеріліңдер деп жікжапар болып жатыр.
Асқақ та зерлі баспалдақтармен көтерілген бұлар көздеген жерлеріне де жетті. «Қабылдау бөлмесі» деген есікті Жақсыберген еркін ашты. Бұл араға күнде келіп-кетіп жүргендей. Хатшы қыз жылы жымиып орнынан атып тұрды:
– О, Жак, жәй келдің бе? Сәл отыра тұрыңдар, ол кісіде академик Абдуллин отыр, сол ағамыз шыға салысымен, сендерді кіргізем. Мына журналға жазып қояйын: не жұмыспен келдіңдер? Мінеки, Жақсыберген Райбаев және кім?
– Ресми шаруа деңіз. Болашақ ұлы математик Төлеген Бекқожиев және оның менеджері Жақсыберген Райбаев десеңіз болғаны, – Жақсыберген журналға осылай жаздыртты. Төлеген ұялғанынан жерге кірейін деп отырса, ол айылын жияр емес. Тура көкесінің үйіне келгендей аяғын айқастырып тастаған.
Қолына әдемі таяқ ұстаған бурыл басты, көзілдірікті адам ізетпен бас изеп шығып кеткен соң, хатшы қыз бұларды ішке шақырды. Абдуллин деген академик осы кісі болу керек. Ішке аттай беріп, төр жақтағы ұзын үстөл басында отырған адамға Жақсыберген:
– Ассалаумағалүйкүм аға, – деп сәлем берді. Төлеген де дауысын шығарып амандасты. Бойы екі метрге жуық көзілдірікті кісі жедел орнынан тұрып келіп, бұлардың қолын алды.
– Жак мырза, ресми келіпсің, бұрын бүйтпеуші едің. Шаруаңды айта отыр. Қазір кофе мен кәмпит алдырамын, – деді ұзын бойлы адам.
– Өмірзақ аға, кофеңізге рахмет. Бірақ біз кәмпит жейтін жастан өтіп кеттік. Қазір алтыншы класта оқимыз. Мына жолдасымның аты Төлеген. Мықты математик. Физика мен математика есептерінің халықаралық компьтерлік бағдарламасын жасауға қатысқан. Әдейі сізге алып келдім. Осы жаңа ғана қалалық математиктер олимпиадасында бірінші орын алды, – Жақсыберген өз қатарымен сөйлесіп отырғандай үлкен адамша тіл қатты.
Үлкен кісі сылқ-сылқ күліп алды да:
– Сенің өсіп қалғаныңды ескермеппін. Күні кеше ғана емес пе еді, марқұм әкең барлығымыз сенің апыл-тапыл басқаныңды тойлағанымыз. «Қолда өскен құлынның тай болғаны білінбес», – деген осы. Сендей кезімізде академик тұрмақ, ғылым кандидатының үстіне батып кіре алмайтынбыз. Әр ұрпақ өзінше жол салады. Сол дұрыс шығар, – деді салалы саусағымен қара шашын бір қайырып тастап.
Кабинет қабырғасы кітаптан көрінбейді. Бір жақты тұтастай Қазақстанның экономикалық картасы алып тұр. Глобустың өзі екі түрлі: бірі кәдімгі жердің моделі, екіншісі аспан жұлдыздарының үлгісі. Терезе перделерінің өзінен де тарихтың иісі аңқып тұрғандай. Қазіргі ысырмалы жұқа переделер емес, крахмалданған ақ бәтес перделер. Дәстүр жалғастығы осындай ұсақ-түйектен де аңғарылады. Қол созым жердегі вазадан жарты құлаш георгин гүлдерінің басы қылтияды. Мана байқамаған екен, кіре берістегі сол бүйірге көк тақта ілініпті.
– Ана тақтаның қасына бар, қолыңа бор ал. Есептің мысалын жаз. Болдың ба? Жарты сағат уақыт берем, шығарып үлгер, – деді Өмірзақ деген кісі енді Төлегенге назар аударып.
Төлеген көк тақта тылсымының ішіне кіріп қана кетер еді, боры да тақылдайды, жүрегі де лүпілдейді. Өзі білетін амалдарды әрі қолданды, бері қолданды, бірақ есебі құрғыр икемге келер емес. Қай жерінен мүлт кетті? Терлеп-тепшіп әбден әлекке түсті. Бәрі бітті, енді шығара алмайтын шығар. Кофе ішіп отырған бойшаң кісі тақта жаққа әлсін-әлсін қарап қояды, шәкірт баланың қатты қиналғанын сезсе керек:
– Новичоктардың барлығы интегралдан сүрінеді. Колмогоровтың формуласын қолданып көр. Білуші ме едің? – деді де Жақсыбергенмен әңгімелесіп кетті.
Білмегенде ше? Бөлеген ағасына рахмет. Оған қоса нағыз математиктің өн-бойы, пиғылы таза болу керек, сонда ғана есептің беті бері қарайды деп үйреткен. Үсті-басын қағып тастаған Төлеген төте жолы табылған есепті енді зырылдатып қағып тастағанын өзі де сезбей қалды.
– Тұп-тура жиырма жеті минут. Мұндай есепті жоғарғы курс студенттеріңнің өзі шығара алмайды, кейде аспиранттардың өзі малтығып, әуре-сарсаңға түседі. Сенің мына жолдасыңда дарынның ұшқыны бар екен. Бәсе, Жак тегін адамды маған әкелмесе керек-ті. Бауырым, атың кім дедің? Мына кітабыма саған қолтаңба жазып берейін. Мәнеки, академик Өмірзақ Сұлтанғазиннен.
Төлегеннің буын-буыны құрып, көз алды қарауытып, денесі дірілдеп кетті. Құдай бар екен. Сұрай салсам ба деп бір оқталды. Бір көрген кісіге пәленді білесіз бе деп жабысып жату да ыңғайсыз шығар. Ал, Бұқпанбайдың кейде лепіртіп жіберетіні де өтірік емес. Қолындағы қалың мұқабалы кітаптың бетін сипағаны болмаса, ашып көруге де именіп отыр. Есесіне жағы сембей Жақсыберген сөйлеп отыр.
– Өмірзақ аға, жаңа өзіңіз айттыңыз, мен көрінген қазақты сіздің алдыңызға әкелмеймін. Осы Төлегенге көз қырыңызды салыңыз дегім келеді. Алда республикалық олимпиада бар, одан өтсе, халықаралық деген сықылды. Біреуді әдейі құлатып, досыма жүлде алып беріңіз де демеймін. Тек біреулер қараулық жасап жүрмесін дегенім ғой.
Төлегеннің екі беті шоқтай жанып барады. Біреуге жалпылдап жалынғанға, шаруамды істеп бер дегенге оның отбасы әманда құлықсыз еді. Енді Жақсыберген досы көпе-көрнеу арандатып отыр. Бұл қолын ербеңдетіп, ернін жыбырлатып қарсылығын білдіріп жатыр. Оған қарайтын Жақсыберген бе, қайтсе де сөзін өткізбек.
– Рас, бізде арғымақтың орнына жабы түсіп жатады.Тілегіңді теріс дей алмаймын. Өсіп, ержетіп қалыпсың – көрініп тұр. Үлкен проблема көтеріп отырсың, жас таланттарды қолдау, қорғау керек. Сенің әкең, жаңылмасам, Ақтөбе жақтың қазағы емес пе еді? Ешкімді жат санамайтын. Батыспысың, шығыспысың, теріскеймісің, түстікпісің. Әкеңе аумай тартыпсың. Соған қуанып отырмын. Дегенмен мына жігіт қай жақтыкі? Жерлесің емес пе? Өзі көп үндемейді, ұялшақ па?
Осы жолы тіл қатпаса, осы жолы үндемей қалса, өзін-өзі өмір-бақи кешірмейді. Оның үстіне Жақсыберген де Төлегенді көзімен қузап отыр.
– Әкем темір жолда істейді. Транспорт академиясын бітірген. Өзі Талдықорғанның Сарқант деген жерінен, өзім мына Айнабұлақ стансасында туыппын. – деді Төлеген қысыла-қымтырыла. – Өмірзақ аға, айып етпесеңіз, бір нәрсе сұрайын.
Орнынан тұрып терезе жаққа таяған академик балалар жаққа бұрылып басын изеді. Сұрай бер дегендегісі.
– Өмірзақ аға, Сіз Бұқпанбай деген кісіні білесіз бе?
Даңғарадай терезе алдындағы ұзынтұра адам жалт қарап, күлімдеп қоя берді.
– Буканы, Бұқашжанды ма? Білмегенде ше, білгенде қандай. Арынды жастық шақты Новосибирьде бірге өткізгенбіз. Ол – армияда. Мен – доктарантурада. Бар ма өзі? Ептеп бөсіңкіреп алатыны бар еді. Бірақ қара күшке келгенде, алдына жан салмайтын. А-а, мына тұрған Айнабұлақта тұрады де. Өзім барып сәлем беріп шығам, оған солай де. Сен өзің ақжолтай бала екенсің, көптен көрмеген, сағынып жүрген жолдасымнан хабар айттың. Жатсынбай келіп тұр. – Беделді де белді мекеменің есігінің аузына дейін шығарып салған академик бұлардың арқасынан қақты. Жақсыберген дәнеңе болмағандай үйреншікті әуенінен айнымай, әр нәрсені айтып, күнделікті қылжағына басып келеді.
Несін айтасыз, Төлегеннің төбесі көкке екі елі жетпей қалды. Мұндайда досқа не деуші еді. Аузына жөнді сөз де түспейді. Көкке бір, жерге бір қарайды. Әбден езіліп қалыпты.
Шоқан ескерткішінің қасындағы орындықтарда әңгіме-дүкен құрып, несібелі күндеріне малданған қарттардың отырысы қандай тамаша. Көкке шапшыған фонтан суынан себездеген әсем бір әуен тарағандай. Аспанда акробаттардай аударылып-төңкерілген көгершіндер қалықтайды, қара жерде қаз-қаз басып, балабақша бүлдіршіндері қырықаяқтай қыбырлап барады. Аймалай соққан қылтың-сылтың самалға екі дос беттерін тосады, тротуарға сыймағандай иық қағысады, кітап толы рюкзактарымен бірін-бірі қойғылайды.
Мына қызығы мол кең дүниедегі бүгінгі той, бүгінгі қуаныш тек Төлегендікі сықылды.
Парақшамызға жазылыңыз