//

Полицейлерге бес-жеті жыл аралығында жаза кесілді

679 рет қаралды
1

Бүгін Ақтауда Жаңаөзен оқиғасына байланысты айыпталған бес полицейге қатысты сот үкімі шықты. Қорғаушы тарап үкімге қатысты аппеляция беретінін мәлімдеді. Ал оқиға кезінде жараланған азаматтар «тас лақтырған адам да, адам өлтірген полицей де 7 жылға сотталып отыр» деп кейиді.

Сот үкімі бойынша, полиция полковнигі Қабдығали Өтеғалиев – 7 жыл, полиция подполковнигі Бекжан Бағдабаев – 6 жыл, полиция майоры Ерлан Бақытқалиұлы  –  6 жыл, полицияның аға лейтенанты Ринат Жолдыбаев – 6 жыл, полиция капитаны Нұрлан Есбергенов – 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ҚАРСЫ «ЖАЛҒАН КУӘ ТАРТЫЛДЫ»

Сот сонымен бірге Өтеғалиевтің мүлкін тәркілеу туралы үкім еткен. Барлығы жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
Қорғаушы тарап сот үкімінің әділетсіз болғанын, сотта көптеген нәрселер ескерусіз қалғанын айтты.

Судья Гүлмаржан Әділсұлтани полицейлерге қатысты сот үкімін оқып тұр. Ақтау, 28 мамыр 2012 жыл

​​
– Аппеляцияға міндетті түрде береміз. Сотта ешқандай дәлелдеме болмады. Ол жөнінде толықтырылған ештеңе жоқ. Дәлелдеме жалпылама түрде болды. Жалған куәлар тартылды, –  дейді екі айыпталушының адвокаты Смағұл Атенов соттан кейін Азаттық тілшісіне.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде жараланған азамат Нұрлыбек Нұрғалиев сот үкіміне қатысты былайша пікірін айтады.

– Сот үкіміне толықтай қанағаттанбаймын. Кешегі Шетпе сотында тас лақтырған адамға сегіз жыл береді де, ал адам өлтірген полиция сотында ең үлкен жаза ретінде 7 жыл беріп отыр. Мен бұнымен келіспеймін. Бұл әділетсіз сот. Біз әлі қуғымыз келеді, – деді Нұрлыбек Нұрғалиев.

СОТТЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ

Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен «полицейлер ісіне» қатысты сот сәуірдің 27-і күні басталған еді. Бұл іс бойынша сот процестері өткен жұма күні ғана аяқталған-ды.

Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылар мен полиция қақтығысып, оның соңы полицияның қарусыз адамдарға оқ атуына ұласқан еді.

Ресми орындар желтоқсанның 16-17 күндері Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе темір жол бекетінде болған оқиғалар кезінде 17 кісінің қаза болып, жүзден аса адамның зардап шеккені туралы хабарлады.

Полицейлер сотына қатысушылар. Ақтау, 28 мамыр 2012 жыл.

​​
Қаңтар айының аяғында Жаңаөзен оқиғасына қатысты ресми мәлімдеме таратқан Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев оқиға кезінде полицейлердің «бейбіт тұрғындар мен өздерінің өмірі мен денсаулығына шынайы қауіп-қатер төну жағдайында негізінен заңды әрекет еткенін» айта келе:

– Алайда «кейбір жағдайларда полиция қызметкерлері тарапынан қару-жарақ пен арнайы құралдар лайықсыз қолданылған, шабуыл жасаушылардың әрекеттеріне реакция туындаған қауіп-қатерге сәйкес болмаған. Соның салдарынан олар өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қаруды құқыққа қайшы қолданған, ол адам өлімдері мен жарақаттарына әкеп соққан, – деген еді.

Мұның ізінше жоғарыда аттары аталған бес полицейге «адамдар өліміне душар еткен қару-жарақ қолданып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра қолданды» деген айып (қылмыстық кодекстің 308-бап 4-бөлім «Б» пункті) тағылғаны туралы белгілі болды.

Мақпал Мұқанқызы

Дереккөз: “Азаттық”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. сонда адам құны 5-7 болғаны ма? соттың әділеттілігі қайда? бұлар адам өлтіруге ықпал жасағандар емес пе? құның көк тиынға татымады ғой сорлы қазақ!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар