Қоғамдық, әлеуметтік тақырыпты да жиі жазасыз, ол тақырыптардың арасынан жоғарыда шешімін тапқан мәселелер болды ма?
Жауап:
Қай кезде екені есімде жоқ, осы «Түркістан» газетінде жұмыс істей бастаған жылдары болатын. Менің жолдасым «Әскери билет» алмақшы болып әскери комиссариатқа барды. Сөйтсе оған сонау КСРО-дан қалған қызыл билетті беріпті. Қазақстан тәуелсіздік алғанының 10-15 жылдығы қарсаңы болатын. Бұл мен үшін төбемнен жай түскендей оқиға болды. Сосын жаңағы билетті суретімен газетке «Әскер де СССР-ді қимайды екен» деген тақырыпта беріп жібердік. Апта өткен жоқ, сол кездегі осы салаға жауапты бір генералдан хат келді. Олар хатында ақталыпты, қағаз жетпей жатқанын, Қазақстанның өзінің билеттерін жасауға уақыт болмай жатқанын жазыпты. Содан апта өткен жоқ әскери комиссариатқа қайта шақырып, қызыл билеттерді беруді тоқтатқанын, оның орнына уақытша ақ қағаз беріп жатқанын айтты.
Екіншісі, Қазақстанға Рим папасы ресми сапармен келіп кеткеннен кейін сол кездегі Сыртқы істер министрі Қазақстанның белді бір орыстілді ақпарат құралына сұхбат беріп, «Рим папасының сапарынан кейін, Қазақстанда католик дінін қабылдаушылар көбейді» депті. Осыған орай, «Тоқаевтың сүйіншісі» деген мақалам шықты. Тоқаев мақалам шығысымен, бұл мақалаға өзі жауап қатты.
Үшіншісі, 2003 жылы «Білім берудің 2004-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы» туралы жиі талқылап, ҰБТ-ының артықшылықтары мен кемшіліктері жайында көп мәселе көтердім. Сонымен бірге, қазақ мектебінің түлектерінің жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, мемлекеттік оқу гранты неге 50*50 пайыз деңгейінде бөлінетіндігін жиі әңгіме еттім. Нәтижесінде, Жақсыбек Құлекеев (сол кездегі Білім және ғылым министрі) қабылдауына шақырып, арнайы сұхбат берді және сол жылы мемлекеттік білім гранты 60*40 пайыз үлесімен, қазақ түлектерінің пайдасына артатынын жеткізді. Бұл аз да болса, қазақ мәселесінің шешімін табуға жасаған қадамдарым деп ойлаймын. Жалпы, әлеуметтік проблемаларды өте жиі көтердім, бәріне дер кезінде жауаптар берілді, өз деңгейінде шешімін тапқандары да, таппағандары да жетіп артылады.
Сәлеметсіз бе, сіздін саяси талдауларыңызды «Түркістан» апталығында оқып тұрамын. Талдауларыңыз маған ұнайды. Жалпы, қазақ баспасөзінде экономика, саясат тақырыбында қалам тербейтін журналистер аздау. Сіздің ойыңызша, саясат тақырыбында терең талдай алатын, жан-жақты журналист болуүшин қалай машықтану керек? Сіз өзіңізді қалай жетілдірдіңіз?
Жауап:
– Тәжірибелі мамандарды көп тыңдау керек деп ойлаймын. Оның сыртында, көп іздену қажет және жалықпаған жөн. Сараптама дегеніміз, кабинетіңде отырып, көпіріп ой айту емес, сол оқиғаға қатысты адамдарды әңгімеге тарту. Сондықтан оның еңбегі ауыр. Қазір журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Соларды тыңдап, қатысып жүрсе, үнемі ізденісте болса деймін. Егер, орта жолдан «мен жеттім, толдым» десе, оның тоқырағаны.
Оралман деген атауға қалай қарайсыз?
Жауап:
– Қазақта ортақ идеяға жұмылудан гөрі, бөліну басым болып барады. Жүзге бөлінетініміз аздай, қалалық қазақ, далалық қазақ, орыстілді, қазақтілді болып бөлінеміз. Оның сыртында діни көзқарасымыз үшін бөлінеміз. Оған жергілікті, оралман деген бөлінушілік пайда болды. Жалпы, қазақты бөлуге бағытталған мұндай атаулар маған түрпідей естіледі.
Елге қашан келдіңіз?
– 1990 жылы. Сол кездегі М. Киров атындағы, бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Көш легі әлі басталмай тұрған кез еді, алайда біздің Атамекенде, Алматыда оқуға деген ықыласымыз ерек болатын. Сол арманымыз орындалғанда, көкке төбеміз екі елі жетпей қалғандай сезінгеніміз бар.
Жазған мақалаңыз үшін жауапқа тартылып көрдіңіз бе?
– Болды. Бірақ, сотқа жеткізбей өзара келісіммен аяқталғаны рас. Мемлекеттік тіл туралы жазған бір мақалам үшін шенеуніктің артымнан шам алып түскені де бар. Дегенмен, әділдік менің жағымда болды.
Саламатсыздар, менің сауалым: жалпы, Қазақстандағы көші-қон процестерін өте жүйелі түрде және жиі көтеретініңізді білеміз. Қандай да бір мәселенің шешілуіне мұрындық бола алдыңыз ба?
– Көші-қон мәселелерін мен әлі күнге дейін назарымнан шығарған емеспін. Алғашқы жылдары қордаланған проблемалар өте көп болды. Ол – азаматтық алу мәселесіне тікелей тіреліп жатты. Сол кезде осы проблеманы көтеріп қана қойған жоқпыз, Парламент депутаттарына проблемаларды жиі қойып та жүрдік. Нәтижесінде 2001 жылы «Азаматтық туралы» заң қабылданды, сөйтіп, оралмандардың азаматтық алуы жеңілдеді. Былтыр Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға келу үшін виза рәсімдеу мәселесінің қиындап кеткені жайында жаздық. Үрімжіге әдейілеп ат басын бұрып, ондағы Паспорт және визалық бөлімге барып, виза мәселелерінің қалай орындалып жатқанын көзімізбен көрдік. Қазір ол мәселе де бір жүйеге түсті. Терещенко үкіметінің кезінде «№791 Қаулы» деген болды. Ол Қаулы бойынша шеттен келген ұлты қазақ азаматтар Қазақстан азаматтарымен бірдей деңгейде жеңілдіктерге ие болды. Алайда ол Қаулының күші көп Қаулымен бірге жойылып кетті. Осы мәселені жиі әңгіме ете жүріп, №525 Қаулының қабылдануына түрткі болдық. Ол Қаулы бойынша, оралман куәлігіне ие болған әрбір азамат азаматтығын алмаса да, зейнетақы рәсімдеуге, РНН және СИК алуға, түрлі жәрдемақыларын алуға мүмкіндік алды.
Былтыр «Азаматтық туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға орай, оралмандар Қазақстан Республикасының азаматы атануы үшін келген елінің азаматтығынан шыққаны туралы анықтама талап етілетін бап енгізіліп кетті. Нәтижесінде бір жылға жуық оралмандар азаматтыққа құжат өткізе алмады. Біз осы мәселені тағы да қайта қайта қоңыраулата бердік. Ақыры, Президенттің арнайы жарлығымен бір жылға жетпей аталған баптың күші оралмандар үшін жойылды. Демек еңбегіміз еш болып жатқан жоқ деген ойдамын.
Баянөлкедегі қандастардың тағыдырынан алаңдауға негіз бар ма? ұлттық құндылықтарын енді қанша уақытқа дейін сақтай алады?
– «Баян-Өлгий аймағы,
Бұзылмаған қаймағы» деп кезінде марқұм Мұрат Бұшатайұлы жырлағандай, бұл өлкеде қазақтың жеке бір отауы қалыптасып, қазақ мәдениетіне, руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Баян-Өлгий аймағы 1940 жылы ұлттық аймақ ретінде ашылғанда қазақтардың саны 33 000-ның айналасында болған екен. 1990 жылы Баян-Өлгийде 200 мыңға тарта қазақ болды. Солардың 100 мыңнан астамы Қазақстанға қоныс аударды. Әзірге Баян-Өлгийдегі статистикалық мекемелердің есебі бойынша онда әлі 150 мың қазақ өмір сүреді. Нарық кезеңінде материалдық қиындықтардың туындағаны, руханияттың дағдарысқа ұшырағаны анық. Қазақы тәрбиемен сусындатып, бойыма ұлттық рухты дарытқан осы бір киелі өлкенің болашағы алаңдатады, әрине. Біз соңғы рет онда 2008 жылы болдық. Сол кездегі сапарымыз жайында жазған «Бай-өлкеден көш келеді» атты мақаламда ондағы ұлттық мәселелер жайында егжей-тегжейлі жаздым. Сол кезде біз мектеп бітірген кезеңмен салыстырғанда, Өлгий көшелерінде моңғол тілінің көбірек естілетінін және ата-аналардың қазақ мектебінде оқу сапасын төмен дегенді желеу етіп балаларын моңғол мектебіне көбірек бере бастағанын жаздым. Мәселен, біз оқыған І он жылдық деп аталатын Ікей Мәзімұлы атындағы мектепті 1990 жылы 1000-ға жуық түлек тәмамдаған болатын. Сол жылдары бәсекелестік те жоғары еді. Сонда қаладағы жалғыз моңғол мектебін небәрі 250 бала тәмамдаған. Қазір сол ІІ онжылдықта оқитындардың саны мен І онжылдықта оқитындардың саны теңесіпті. Ал рухани құндылықтардың жұрнағын баянөлгийлік зиялылар сақтап қалуға, дамытуға күш салуда. Дегенмен, бұрын «Жаңа өмір» атымен шығып келген «Жаңа дәуір» газетінің, «Шұғыла» журналының таралымы да, мерзімділігі де азайған. Ол жерде тұрақты түрде күніне бір сағат хабар тарататын жергілікті радио ғана моңғол бюджетінен қаржыландырылады. Ол жалпы Моңғолияда дотацияда отырған жалғыз ақпарат құралы. Қалғандары жекеменшікке өткен. Оның сыртында Баян-Өлгийдің тыныс-тіршілігін баяндайтын www.baiоlke.com сайты бар. Бұрын Кеңес одағы кезінде дотациямен жаздырып алатын қазақстандық мерзімді басылымдар бұл күндері Баян-Өлгийге жетпейді, есесіне, «Хабар» мен «Қазақстанды» өлгийлік көрермен көріп отыр. Алайда, ол тек Өлгийдегі 30 мың халыққа ғана жетеді. Ал ауылдарда тұрып жатқан қазақтар бүгінде ақпараттық вакуумде өмір сүріп отыр. Осы проблемаларды тізбектей отырып, мен бірнеше мақалалар тізбегін жаздым. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Баян-Өлгийдің жетпіс жылдық мерей тойын үнсіз, елеусіз өткізіп жіберуге болмайтыны жайында ой қозғадым. Алайда, қоғам қайраткерлері оған көмек қолын созуға даяр болғанмен, билік үнсіз. Меніңше, Қазақстан Баян-Өлгийге өзінің бір жырақтағы отауы ретінде қол ұшын созғаны абзал. Олай етпеген жағдайда ондағы қазақ руханиятының жағдайы мүшкіл.
Жазғанн мақалаңыз үшін жауапқа тартылған кезіңіз болды ма?
Бұған жауап бердім-ау деймін.
Дін талаптарын қаншалықты орындайсыз?
– Әлхамдулла, мұсылманбыз. Алайда, бес уақыт намаз оқып, мұсылмандықтың барлық шарттарын орындаймын деп өтірік айта алмаймын.
Түркістанда көп жүрдіңізғой, шаршамадыңыз ба ол жақтан?
– «Түркістан» өзіндік бет-бейнесі бар, қазақтілді басылымдар ішінде таралымы да, ықпалы да ерек басылымдардың бірі. Әрине, онда жұмыс істегеніме он жылдан асты. Бірақ, «Түркістанда» қызмет ете жүріп, ВВС, Азаттық секілді халықаралық радиода жұмыс істеуге, www.tarlan.kzсайтының жауапты редакторы болуға мүмкіндік алдым. 2009 жылдан бері «Мінбер» жобасын қолға алып, интернетте қазақтілді контенттің көбеюіне ат салысып жүрмін. Сондықтан, «Түркістан» газетіне және оның басшыларына рахмет айтамын, қолымдағы басқа да мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік бергені үшін.
Қыз балаға тілші болу қаншалықты дұрыс, менің де тілші болғым келеді? Бірақ, ағайым, тілші болуды мұрат етпе, қыз балаға жараспайтын жұмыс деді, бұл туралы не ойлайсыз?
– Кезінде қоғамда қыздан журналист шықпайды дейтін түсінік басым болған. Алайда, қазіргі журналистердің басым көпшілігі қыздар. Оларды басшылық қызметке жібермесе де, айтулы журналистер көп. Сондықтан ол қызға жараспайды деуге өз басым келісе қоймаймын. Алайда, қыздың басты міндетті – жар сүю, ана болу екендігін ұмытпау қажет. Күйеуге шыққаннан кейін, оны арықарай жалғастыру-жалғастырмауды қабырғаңызбен ақылдаса жатарсыз.
Қазақ көші-қонының тоқтауына не себеп деп ойлайсыз? Жалпы, оралмандарға деген дұрыс көзқарас қалыптасты ма?
– Көш тоқтады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бұған жоғарыда отырған басшылардың дұрыс ықпал етпеуі және жемқорлық тікелей әсер етті. Меніңше, жоғарыдағы шенеуніктердің тоқсан пайызының қанында ұлтшылдық жоқ. Олар сонау кеңестік жүйеден қалған көзқараспен, «ұлтшыл» деген сөзден өлердей қорқады. Сол себепті де қазақ мәселесіне қырын қарайды. Біз бұған дейін қоғам санасын түбегейлі өзгерту үшін отарсыздандыру саясатын жүргізуіміз керек еді. Біздің қоғам өзін әлі күнге дейін Ресейдің бір бөлшегі ретінде сезінеді. Тәуелсіз сананы қалыптастырмай тұрып, оралманға деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру қиын. Әрине, жекелеген саясаткерлер «оралманды» өз бауырынан бөліп қараудың қателік екенін түсінеді. Және оны ашық айтып та жүр. Мәселен, осы «Қамшы» сайтында онлайн конференцияда болған, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин болашақта бұл көзқарастың түбегейлі өзгеретінін айтыпты. Мен де осыған қосыламын. Қазақ мәселесі шешілген кезде, оралман проблемасы да шешіледі.
Қазақ ұлттық мемлекетін құру жолында біз неден ұтылып жүрміз, неде ұттық?
– Бұл сұрақтың жауабын алдыңғысынан табуға болатын шығар деп ойлаймын. Біз жас ұрпақтың санасына тәуелсіздіктің құнын сіңіре алмадық. Айталық, біз Қазақ хандығының 555 жылдығын, Абылайханның 300 жылдығын, Алашорданың 90 жылдығын тойлауды ұмытып кеттік. Тәуелсіздіктің символы болатын Хан Кененің тұлғасын зорайта алмадық. Керісінше, шенеуніктеріміз Алматыны отаршылдықтың таңбасындай Алма-Ата деп атауды көксеп жүр, Петропавл мен Павлодарды қазақы атаумен атауға құлық таныта алмай келесіз. Жақында Петропавлға жолым түсті, стратегиялық обьектілердің бірі болып саналатын Петропавл вокзалының әлі күнге дейін Ресей қолында екенін естігенде жағамды ұстадым. Сондықтан, ең басты ұтылғанымыз деп ұлттық рухты сіңіре алмай отырғанымызды айтар едім, ұтқанымыз – шекарамызды бекемдегеніміз.
Сіз басқаратын «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы соңғы жылдары интернеттің дамуына үлес қосып келеді. Ол қалай ашылды және қандай мақсатты көздейді?
– «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы 2009 жылдан бастап істеп келеді. Мақсатымыз қазақ интернетінің дамуына аз да болса үлес қосу. Сол мақсат жолында біраз істер тындырған секілдіміз. Оның бағасын өзгелер берсін.
Есенгүл Кәпқызы!
Сізді мен қазақ журналистикасындағы жаңа медиатехнологияларды дамытушы ретінде таныймын. Жалпы бүгінгі күніқазақ тілді сайттардың даму қарқынына қандай баға бересіз?
– Интернетті энтузиазистер дамытып жатыр. Мемлекет тарапынан жүзеге асқан сәтті жобаны айта алмаймын. Қазір «Самұрық Қазына» қазақша уикипедияны дамытуға қол ұшын созуда. Ал алысқа бармай-ақ қазір бәріміз хат алысатын, агентте бір-бірімізді іздейтін «Мой мир» секілді әлеуметтік порталды дамыту қолға алынбай келеді. www.nur.kzпорталы www.mail.ru-ді алмастыруды көздейді. KZ доменінде демесең, ол қазақ тілінде жасалмағандықтан, оның «Мой мирден» айырмашылығын көре алмай отырмын. Қазақтілді жекелеген сайттар дамып келеді. Әсіресе, «Абай» сайтының қазақы қоғамдық сананы қалыптастыруда орны ерекше. Қазір kz. доменінде 70 мыңға жуық сайт тіркелген, соның 700-і ғана қазақ тілінде. Яғни небәрі 10 пайызы. Ал сол 700 сайттың барлығы бірдей қызмет етіп тұр ма, ол жағы тағы күмәнді.
Сіздің ойыңызша бүгінгі күнгі ең өзекті проблема?
– Жас ұрпақты ұлттық рухта, заманауи деңгейде тәрбиелеу. Данияр Әшімбаев деген саясаттанушы қазақ елі тек қана қазақ тілінде сөйлесе ХҮІІІ ғасырға қайта барамыз деп қорқады. Шын мәнісінде өзінің ұлттық бет бейнесін сақтай отырып, замана көшінен қалып қоймай, өркениетке қол жеткізіп отырған ел аз ба? Сондықтан, ұлттық рухы мықты, жаңа технологияларды шебер меңгерген ұрпақ керек бізге.
Есенгүл апай, қалыңыз қалай?
«Мінбер» қоры алдағы уақытта аймақтарда қай жерлерде тренинг өткізеді журналистерге арналған? Осы турасында айтып өтсеңіз.
-Сәлем, Мақпал, рахмет!
Алда Атырауда семинар-тренинг өткізу жоспарланып отыр. Сонымен биылғы жоспарымыз тәмам болмақ.
Қазіргі жастардың бойында қандай қасиеттер жоғалып барады деп ойлайсыз?
– Өз еліне, өз руханиятына деген құрмет азайып бара ма деп қорқам. «Өзіңді өзің сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді қазақ. Біз сол өзімізді өзіміз сыйлауды ұмытып барамыз.
Журналистика саласында арты шуға ұласқұан қайдай материалыңызды айта аласыз? Немесе журналистік зерттеуіңіз бәлкім есіңізде шығар
– Жақын арада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрамындағы Көші-қон комитетінің төрағасы болған Қабылсаят Әбішевтің бір дөңгелек үстелде «Моңғолиядан келетін мамандардың 90 пайызы сауатсыз» деген мәлімдемесіне орай, «Түркістан» газетінде атын ұмытып отырмын оған қарсы уәж айтып мақала жаздым. Содан кейін Қабылсаят Әбішев «Хабар» арнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасы арқылы дүйім жұрттан кешірім сұрады. Бұл туралы тек мен ғана емес, «Алматы ақшамы» газеті, «Жас Алаш» газеті шу көтерген болатын. Демек, қоғамдық пікірді туғызу үшін және шенеуніктерге ықпал ету үшін үнемі бірге шу көтеріп отыру қажет.
Ассалаумағалайкүм, жеке өміріңіз туралы ой бөлісе отырсаңыз?
– Тұрмыстамын, бір балам бар. Жолдасым Бақытбек Бәмішұлы қазақтың белгілі ақыны, публицист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Қазір Алматы метросында инженер. «Қазақ Елі» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімде танысып, отбасын құрдым. Өзі шығармашылық адамы болғандықтан болар, мені үнемі қолдап, түсіністікпен қарайды.
Есенгүл, айналайын! Қазір жас журналистерді дайындап, білім берудегі еңбегің ерен! Өзің әдебиет саласының маманысың, жолдасың Бақытбек инженер. Бірақ, екеуің де мықты журналист, публицист екендіктеріңе оқырман көз жеткізген. Сонда жалпы журналисті қабілетпен ғана меңгеруге болады екен. Ендеше, қаптаған журфактардың не керегі бар?
– Қазір көптеген оқу орындарындағы журналистика кафедралары бүгінгі талапқа сай болмағандықтан, жабылып жатыр. Дәл осы мәселе өткенде теледидардағы бір бағдарламада да әңгіме өзегіне айналды. Мысалы, Германияда журналистика мамандығын оқытатын факультеттер жоқ екен. Бірақ, журфактарды мүлдем жауып тастауға болмайды. Олардың сапасын арттырып, біліктілікті жоғарылату керек. Сол секілді журналистиканы екінші мамандық ретінде оқытуды қолдаған абзал. Мәселен, экономика факультетін бітірген жастардың арасында журналист болуды көксейтіндер аз емес, оларды журналистикаға баулып жіберсе, жақсы экономист журналист шығар еді. Саны бар, сапасы аз журфактардан гөрі сапалы бір қадам ойлап тапқан жөн секілді.
Мен сіздердің Мінбер сайттарыңыздың тұрақты оқырманымын. Әрқашан жақсы жаңалыққа қуанып, ойлы жазбаға күрсініп жүремін. Сіздер Мінбер жобасын не үшін арнаулы қолға алып, соңына түсіп дамытпайсыздар? Бұл ойда жоқ па? Мінберде сізден басқа кімдер жұмыс істейді?
– Әрине, ойда бар. Бірақ, шығармашылық және материалдық мүмкіндік жол бермейді. Шама шарқымызша сүйреп келеміз. «Күш қазандай қайнайды, белдесерге дәрмен жоқ» дегендей ой көп, қаржы жоқ. «Мінбердің» күн өткен сайын қатары молайып келеді. Бақытбек Бәмішұлы, Асхат Еркімбай, Мейіржан Әуелхан, Бақытгүл Салыхова, Талғат Байназаров, т.б. кәсіби мамандар біздің мүшеміз.
Мінбер жайлы Мейіржаннан көп естиміз. Әрқашан жолдарыңыз ашық болсын! Ұлттың сөзін сөйлер, сойылын соғар сойлы жазбаларыңыз молайсын! Шеттегі ағайынның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген игі үрдістеріңіз дами берсін. Сұрағым, Сіздер қаржыны қайдан аласыздар?
– Рахмет! Тұрақты қаржы көзі жоқ. Түрлі жобаларға қатысамыз, гранттар ұтып аламыз. Сонымен ойға алған жобаларымызды жүзеге асырамыз. Көбінесе халықаралық қорларға иек сүйейміз.
Түркістан газетінің артықшылықтары жайлы не айта аласыз?
– «Түркістан» өзіндік бағыт бағдары қалыптасқан, сарабдал сарапқа жақын, кез клеген мәселеде асығыстық танытпайтын басылым. Қазір «Нұр медиа» медиатобының құрамында.
Қазақ журналистикасы жайлы сөз болса болды ылғыи ләппәйшіл, өз көлеңкелерінен өздері үркіп жүретін қорқақ бас редакторлар мен көшірмешіл, іздену үрдісі болмайтын және жалақысы төмен, баспанасыз қаңғырып жүрген журналистер елестейді. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Билік саусақпен санап аларлық қазақ журналистерін неге осынша сорлатып қойды? Әлде бұл ұлтты құртудың мыңнан бір амалдарының бірі ме?
– Қайталап айтайын, бұның бәрі биліктің қазақ мәселесіне деген қырын қарауының кесірі. Бұл ұлтты құртудың амалы деген ойдан аулақпын. Текқазақтың проблемасына мұрнын шүйіріп үйренген әдетімізден жазбай келеміз. Мысалы, «Время» газетінің мемлекеттік тапсырыстан алатын қаржысы біздің газеттен әлденешеге артық. Алайда, олардың редакциялық саясатына билік араласып отырған жоқ қой. Егер, араласып отырса, «Время» дәл бүгінгідей еркін жаза алмас еді. Ал қазақ газеттеріне беретін нәпақасы азғана, бірақ олардың әрбір жазғанына шүйлігіп, еркін қимылдатпайды. Меніңше, қаржы бөлінсе де, ақпараттық саясатын еркін жүргізуге мұрсат беру керек.
Мінбердегі жазбалардан, блогдардан қарап отырсақ сіз ылғи да іссапарда жүресіз, жұмыспен әр тарапты шарлап жүргеніңіз. Сіздің отбасындағы аналық орыныңыз, бала тәрбиесі, жанұядағы таусылмас күйбең тіршілік дегендей… бұларды қалай ретке келтіресіз? Жалпы, ана, болашақ ана болатын жас қыздар кәсібі мен отбасылық өмірін қалай ұштастырса болады деп ойлайсыз?
– Жалпы, іс-сапарларға аз шығуға тырысам. Жылына бір-екі рет дегендей. «Мінбердің» аймақтарда семинар өткізіп жатқаны биыл ғана. Бұған дейін Алматы, Астана қалаларында өткен еді. Әрі төрт қалада төрт семинар өткізуді мойнымызға алып отырмыз. Баламды қазір бақша тәрбиелеп жатыр. Келесі жылы мектепке барады. Сол кезде проблема басталатын шығар. Жақындарым көмекке келеді. Жалпы, бұл ретте болашақ отбасылардың өзара түсіністігі көп рөл ойнайды. Айтарым, сіздің ең басты борышыңыз ана болу, жар сүю екенін ұмытпасаңыз екен.
Ресми органдар тарапынан немесе жеке(белгісіз) адамдар жағынан қорқытып-үркітулер болды ма журналистік өміріңізде? Болса оларды қалай біржақтылы еттіңіз?
– Болды, әрине. Кім біледі, Алла көмектескен шығар?!
Сіз қазақ еліндегі оралман тақырбын көтеріп жүрген қарымды қалам иелерінің, журналистердің бірісіз. сонда осыншама жыл алысқанда сіздерге осы оралман туралы қалың қазақ еліндегі тұрғылықты жұртқа дұрыс таным-түсынік қалыптасыруға мүмкіндік болмады ма? Оған не кедергі? Билік сірә неден қорқады?
– Бәлкім, билік қазақтың қара ормандай көбеюінен қорқатын шығар. Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы 70 пайызға жетсе, қазақ мәселесі өзінен өзі шешілетін болады деген еді. Содан бері екі құрылтай өтті, қазақтардың ресми саны 63 пайызға жетті. Бұған оралмандардың қосқан үлесі көп. Оралман тек қазақтың санын көбейтіп ғана қойған жоқ, сонымен қатар қазақтың руханияты мен мәдениетіне орасан зор үлес қосты. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанға ат басын бұрған отбасылардың сәбилері жиырмадан асты. Бір буын ауысты. Олар жергілікті халықпен бірге орыс, ағылшын тілдерін де еркін меңгерген және түрлі салаларда еңбек ете бастады. Журналистер, әсіресе, орыстілді журналистер оралмандардың Атамекеніне бергенін саралағанда, осы бір факторды ұмытып кете береді. Қазір миллионға жуық қазақ келді дейміз, ал олардың атамекендегі өсімін санап жатқан кім бар? Айта алмайсыз? Демек, салиқалы, сарабдал сарап жоқ. Даурығу басым.
Атқарған әрбір жұмысыңызға әрқашан табыс тілеймін. Деніңіз сау, бала-шағаңыздың игілігін көріңіз! Сіз сияқты ұлттың, ұлыстың, қалың қазақтың қамын ойлар азаматтар көбейе берсін!
Рахмет!
Сәлеметсізбе, шеттен келген қандастардың, әсіресе осында ЖОО бітіріп шыққан оралман қандастардың оқуын тамамдап шыққаннан кеін, орыс тілін білмеуі салдарынан жұмысқа орналасуы қиынға түсіп жүргені жасырын емес. Осы мәселе жөніндегі өзіңіздің жеке көзқарасыңызды білгім келеді.
– Орыс тілі бәрімізді де қинағаны белгілі. Әзір де қинап келеді. Бұл біздің биліктің орыстілді билік екенінің көрінісі. Бізден өзге мемлекеттерде мемлекеттік тілді білмегендерге нан тауып жеу қиын, ал бізде, керісінше, мемлекеттік тілді білмей-ақ, карьера баспалдағында өсе беруге болады. Ал орыс тілін білмейтіндер мемлекеттік қызметке сығалай алмайды. Парадокс. Басқа айтарым жоқ. Өз құндылығын өзі құрметтемеген елдің ертеңі не боларын кім білсін!
Сәлеметсіз бе Есенгүл апай. халыныз қалай ? Сізден білгім келетіні қазақ қызынан қандай инабаттылықты күтесіз? Ел жұрт қазақ қыздарының жағымсыз жақтарын көп айтады. келісесіз бе сол пікірлерге?
– Қыз ұятты да білуі керек, батыл болғаны да жөн. Қазіргі ортада инабатты, иманды жастар да, бетпақтар да көп. Сондықтан, ел ішінде бәрі бар дегім келеді. Қазақ қызы қазақ деген киелі елдің бетіне таңба болмаса екен.
Есенгүл апай ер азаматтарымыз әйелдердің журналист болуына көп жағдайда қарсылық білдіріп жатады?сіздің пікіріңіз қандай ???
– Бұған жоғарыда жауап бердім-ау деймін!
Саламатсыз ба? Сіз өз салаңызға қатысы болса да бірнеше қызмет атқарасыз. Соның бәріне уақытты қалай табасыз, қалай үлгересіз?
– «Түркістан» апталық газет. Оның мақалаларын сәрсенбіге дейін бітіруге тырысам. Бейсенбі мен жұма өзге шаруаларға арнағым келеді, «Мінбердің» шаруаларын реттеймін. Сенбі, жексенбіні отбасына арнаймын.
Қазақстандағы журналистердің әлеуметтік жағдайы жайында пікіріңізді білдірсеңіз…
– Былтырғы журналистер күніне орай, сол кездегі депутат Жарасбай Сүлейменов ағамыз журналистерді мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру жайында ой тастады. Мәртебесін сөз етті. Сонда «Алаш айнасы» газеті менен пікір алған еді. Менің айтқаным, журналистерді мемлекеттік қызметкерлерге теңестірсек, олардың сөз бостандығына нұқсан келтіруіміз мүмкін. Алайда шетелдердегідей оларға өзгеше бір статус берген жөн сияқты. Қазір жасыратыны жоқ, биліктің сойылын соғатын журналистердің жағдайы жақсы. Керісінше, оппозициялық басылым қызметкерлері биліктің жақсылығынан гөрі, қудалауына көбірек ұшырайды. Қазіргі журналистің көбі баспанасыз жүр, шетелдегідей тапқаны бір басынан асып жығылмайды. Тірліктің күйбіңінен аса алмауда. Сол себепті де журналистердің жағдайы жақсы дей алмаймын.
Есенгүл апай, саламатсыз ба? Сіздің азаматтық тұлғаңызды құрметтейміз. Жаңа медиа саласында да елеулі істер атқардыңыз. Тоқтап қалған қазақ көші туралы сұрағым келген. Алайда, көшке қатысты біраз сұрақтар қойылған екен. тұщымды жауап аламыз деп сенеміз. бірақ мені мазалайтын басқа жайт: алыс-жақын жақын шетелден көшіп келген қазақтар арасында қалам ұстап, БАҚ көшінде жүрген азаматтар көп екен. Сөйте тұра сырттан келген оралман қазақтар туралы жағымды көзқарас қалыптаспады. Әлде қалыптастыра алмадық па?
– Қоғамның тілдік тұрғыдан екіге жарылуы тағы да бұл мәселеде басты рөл ойнап тұр. Қалам ұстап жүргеніміздің бәрі қазақтілді. Қазақ аудиториясына оралманның үнін жағымды тұрғыдан жеткізе алдық. Қалыптастырып та үлгердік. Ал орыс аудиториясына, керісінше, орыстілді әріптестеріміз, оралманның келуіне қарсы әріптестеріміз кері ықпал етті. Ал қоғамға қоғамдық пікір тудыру жағынан орыстілділердің дәурені жүріп тұр. Әсіресе, жоғары билікке ықпал ету тұрғысынан. Мен кінәні осыдан іздеймін.
Құрметті Есенгүл Кәпқызы!
Сіздің қаламыңыздан шығып жүрген ұлт мүддесі төңірегіндегі жанайқай мақалаларыңызды әсіресе мың жасағыр «Түркістан» атты басылымнан оқып риза боламыз.
Тілерім, қаламыңыз мұқалмай ұлт жанашыры болып жүре беруіңізге Алла қолдау берсін деп тілеймін.
Енді менің бір сұрағым, қазақ қоғамында алфавитті ауыстыру жайында оқтын-оқтын мәселелер көтеріліп жүр. Мәселен, Латын қарпіне ауыстыру мәселесі де көп айтылады. Әзірге таразының екі басында отырғандар итжығыспен келеді. Бірі қаріпті латынға тез арада ауыстыру керек десе, енді бірі ол тіптен болмайды деген сыңайда. Осыған Сіз не айтар едіңіз?.
Әрине, бұл мәселеге менің де өз айтарым бар. Бірақ артынан.
С-н Тельман
– Латын әліпбиіне көшу арқылы біз санадағы рухани тәуелділіктен құтылар едік. Төл әліпби – сіздің жеке ел екеніңіздің тағы бір символы. Грузиндердің, армяндардың кезінде өз әліпбиінде қалуы, өзбектер мен әзірбайжандардың бірден латын әліпбиіне ауысуы – сол ұлттық ерекшелікке ұмтылудың белгісі. Египетке, Александриядағы кітапханаға барғанымызда оның қабырғасында әлемдегі әліпбилердің үлгісімен біраз жазу жазылған екен. Осы жазулар арасынан көне түркінің руна жазулары оттай басылғаны. Ұлттық мақтаныш сондайда көкірегіңді кернейді екен. Қызығы, орыстілді журналистеріміз оның біздің төл жазуымыз екенін бізден естіп білді.
Сұрарым, қазақстан үкіметті қытайдағы барша қазақ қандастардың тағдырына көңіл бөлеме? Немесе біз қайтуымыз керек?
– Қытайдағы қандастарымыздың қайтуы керектігі біздің де басымызды ауыртады. Мен «Қытайдағы қазақтан айырылып қалмайық десек» деген тақырыпта бірнеше мақала жаздым. Әр мақалам Қытай басшысы мен Қазақ басшысы арасында стратегиялық әріптестікке орай жасалған әрбір келісім-шарт қарсаңында жазылып отырды. «Азаттық» радиосының сайтында да «Қытайдағы қазақ көші тоқырап тұр» деген тақырыпта біраз әңгіме көтердім. Өкінішке қарай, одан қандай да бір нәтиже шығарған үкіметті көрмедім.
Сәлем Есенгүл әпеке!
мен сізді ең алғаш блогкер ретінде таныдым. неше жылдың алдында wordpress тағы жеке блогыңыз арқылы сіз жөніндегі алғашқы мағұлматқа болған едім. одан бері сіз жөнінде де естіп келемін.
енді сізден сұраиын дегенім- бұгінгі таңдағы қазақ интернет дамуын қаи деңгеиде бағалаисыз? жазу ұлгісінің әр тұрлі болуы интернет дамуымызға бөгеттіктер жасап отыр деп бағамдаисыз ба?
дұнэ қазақтарының алдында тұрған ең басты проблема не деп санаисыз..?
Дүние қазақтарының алдында тұрған басты проблема – әр мемлекетте тарыдай шашылып жүргені. Әлемдегі 15 миллион қазақтың бір тудың астында жинала алмауы. Кейінгі кезде дүбірлі көштің саябырсығаны, Қазақстандағы қазақтардың кейбірінің ана тілінен, өз қағынан әлі жеріп жүргені, Қытайдағы қандастарымыздың ондағы тілдік саясатқа байланысты қытайланып бара жатқаны, Ресейдегі миллион қазақтың қазақтық рухының қалмауы, Өзбекстан қазақтарының елге келе алмауы, Баян-өлгийдегі аттөбеліндей қазақтың рухани ордасының құлдырау алдында тұрғандығы. Қазақ интернетінің дамуына жазудың ала құлалығы үлкен кедергі келтіреді, әрине. Оның дамуы жайында жоғарыда айтып өттім.
Есенгүл апай? Жаңа медианың өкілі ретінде Моңғолиядағы Қазақ тілді БАҚ-дың күйіне аландайсыз ба? Онда қазақ тілді сайттар бар ма?
– Бұл туралы да жоғарыда айтып өттім. Онда www.baiolke.com сайты жұмыс істейді. Басқа сайтты білмейді екем.
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз
Жақсы, жағымды, байсалды жауап берілген екен. Қазағы үшін шын ниетімен шырылдап жүрген адамдар бізде аз болмауға керек. Бірақ, соларды үкімет неге көрмейді? Әуелі басты тазаламайынша көп көсем көшеде өтер-ау деймін.
Мен түсінбеймін біздің билік неге осындай адамдардың кеңесіне жүгінбейді екен?
Есенгүл апай, сіз сияқты журналистеріміз көп болса екен!!!
Рахмет. Мен қойған сұрақтарға орынды жауап берген екенсіз.
Бұл қоғамға торпақтар мен қорқақтар керек.
“Ертең бәрі жақсы болады, бүгін шешілмеген мәселе ертең шешіледі, ертең қазақ боламыз”. Барлығының айтатыны осы. Неге бүгін емес? Бізге кім, не кедергі? Кедергіні құрту үшін неге ертеңді күту керек? Сол ертеңге өзіміз-ақ жете алмай қалсақ ше? Бүгінгі күннің түріне қарасам, ештеңеге таңданбаймын. Біз ұлт ретінде құрдымға бара жатырмыз. Ертеңгі бүгіннен шықпай ма? Қазақтар ертеңді күтіп отырғанда, мәңгүрттер қазақылықты бүгін-ақ жойып жіберетін түрі бар.